"Аса ірі көлемде ақша жымқырып, алаяқтық жасады" деген күдікке ілініп, басы дауға қалған "Алматыметроқұрылыс" АҚ компаниясының басшысы бүгін өзінің кінәсіздігін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан тергеудің әділ өтуіне араласуын сұрады. Әрі бұл қылмыстық істің ақ-қарасын айыру үшін тергеу материалдарын білікті заңгерге тексертуге өтініш жасады. Қайрат Реимов метро құрылысының жұмысы кез-келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, әзірге "Алматыметроқұрылыс" компаниясының шоттары ашық. Алайда тергеуші тарапынан есепшотты бұғаттау туралы шешім шықса, құрылыс дереу тоқтайды. Сәйкесінше компанияда қызмет етіп жүрген мыңнан астам адам жалақысыз қалуы мүмкін.
"Жұмысшылардың алаңдауы өте орынды. Қазіргі уақытта компанияның акцияларына шектеу қойылған. Енді есепшот бұғатталса, ешқандай қаржылық операциялар жүзеге аспайды. Демек, жұмыс бірден тоқтап, қызметкерлердің еңбекақысы төленбейді. Жуырда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев метро құрылысы қандай жағдай болмасын тоқтамайтынын және жұмысшыларға жалақы төленетінін айтты. Алайда мен бұл мәлімдемені түсінбедім. Әкім метроның мәселесін білмегендіктен айтқан болар. Өйткені, Қазақстанда біздің мекемеміз ғана метро құрылысымен айналысады", – деді Қайрат Реимов.
Күдіктінің үстінен "ДК-Инвестмент" ЖШС басшысының шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бастапқыда ол "Алматыметроқұрылыстың" қаржылық жағдайын жақсартуға 1,5 миллиард теңге ақша құйған көрінеді. Алайда кейіннен сол қаржыны "Реимов жеп қойды" деп құзырлы органдарға шағымданған. Дегенмен күдіктінің қорғаушылары бұл айыппен келіспейді.
"Шындығында Қайрат Реимов ол ақшаның бір тиынын да жаратқан жоқ. "ДК-Инвестмент" ЖШС басшысы қаржыны "Алматыметроқұрылыстың" 39 пайыз акциясын сатып алуға құйған. Қайрат Реимов кәсіпкерге бағалы қағаздарды беруге дайын екенін сан мәрте айтқан. Бірақ ол акциялардан бас тартып, өз балансына қабылдамады. Ал қылмыстық іс "құнды қағаздың 80 пайызын қайтарып бермей, алаяқтық жасады" деп қозғалды. Екі мекеме арасында мұндай келісімшарт жасалмаған, сондықтан бұл негізсіз қозғалған іс", – деді адвокат Әлімжан Оралбай.
Қайрат Реимов өзіне қатысты қылмыстық іс "тапсырыспен қозғалды" деп есептейді. Ал оның адвокаттары іс азаматтық-құқықтық сипатқа ие екенін алға тартты.
Айта кетейік, Қайрат Реимов 27 қараша күні Алматы қалалық полиция департаментінің ғимаратында қамауға алынған болатын. Дәл сол күні кешке "Алматыметроқұрылыс" компаниясының жүзге жуық жұмысшысы "Сарыарқа" бекетінің кіре берісіне жиналып, наразылық білдірді. Олар басшылары Қайрат Реимовтың қамауға алынғанына алаңдаушылық білдіріп, "жаңа жыл қарсаңында жалақысыз қаламыз ба?" деп күдіктенген еді.
Оқи отырыңыз: "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін аяқтау мерзімі шегеріледі. Оның басты себептері қандай?
1 желтоқсанда Қайрат Реимовке қатысты бұлтартпау шарасы кепілдікке ауыстырылып, ол қамаудан 25 миллион теңге төлеп босады. Реимовтың өзі бүгіннен бастап жұмысқа шыққанын жеткізді. Десе де, бұл аты шулы істің соңғы нүктесі емес. Қалалық прокуратура мен "ДК-Инвестмент" ЖШС өкілдері тарапынан Реимовты сотқа дейін қамауда ұстау туралы шағым түсіпті. Тараптардың арызы бойынша апелляция 4 желтоқсанда қалалық сотта қаралады.
4 желтоқсанда қалалық соттың апелляциялық алқасы тараптардың шағымын қарап, Қайрат Реимовты қайтадан қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Енді Реимов сот басталғанша дейін екі ай мерзімде тергеу изоляторында отырады.