Тікелей эфир

Мектепте биыл да өзгеріс. Жаңа оқу жылының басты жаңалықтары

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Білім министрлігі биыл да жаңа реформа дайындап отыр. Білім де, баға да басқаша болмақ. Жылда өзгерістен шаршаған ұстаздар Үкіметке ""Ашық хат" дайындап жатыр.

Басқа министрлерді айтпағанда, қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі айналдырған бір жарым жыл ішінде (Е.Сағадиев 2016 жылдың 10 ақпанында министр лауазымына тағайындалған - авт.) біраз реформаның басын қайырып тастады. Ол өзгерістердің арасында әріптестерінен қалған бастамалар да, министр ретіндегі "жекеменшік" жаңалықтары да бар. Ерлан Сағадиев командасы биыл да ұстаздар мен оқушыларға, ата-аналарға біраз өзгерістерін дайындаған екен.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?

Жаңа оқу жылында жазу дәптер мен дәстүрлі күнделік қалмайды


Жаңа оқу жылында жазу дәптер мен дәстүрлі күнделік жойылмайды

Жаңа оқу жылында жазу дәптер мен дәстүрлі күнделік қалмайды / Фото informburo.kz


Ата-аналар әлеуметтік желі арқылы 2017-2018 оқу жылында бірнеше сыныптар арасында дәстүрлі күнделіктің қолданыста болмайтынын, сондықтан күнделік алу үшін асықпаңыздар деген ақпарат таратты. Сондай-ақ, ата-аналар биыл біраз сыныптың оқушыларына "5", "4" деген дәстүрлі бағаның қойылмайтынын, қорытынды баға ғана алады деген ақпаратты да әлеуметтік желідегі топтарда қызу талқылап жатыр. Білім және ғылым министрлігі informburo.kz тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып, осы тұрғыдағы кей ақпараттың бірін растаса, бірін жоққа шығарды.

Оқи отырыңыз: 2018 жылғы білім саласындағы өзгерістерге шолу

Министрлік өзінің ресми жауабында биыл бірнеше сынып жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ алады деп алғашқы өзгеріс туралы айтқан.

"2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім алу мазмұнына көшеді. Жаңа оқу жылында жазу дәптерлер мен күнделік өз қалпында қалады", – делінген БҒМ-ның ресми жауабында.

Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы

50% де 50% мектепке де жетті

Ал, жаңа оқу жылындағы жаңа бағалау жүйесі туралы ата-анадан бізге жеткен ақпарат расталды. Министрлік биылдан бастап оқушылардың білімін критериалды бағалаудың тәртібін бекіткен.

"Критериалды бағалау жүйесі негізгі баға (министрлік жауабында "қалыптастырушы бағалау" деп жазылған) мен жиынтық бағадан тұрады. Негізгі баға қою кезінде балл мен баға қойылмайды. Негізгі баға оқушының ата-анасына кез келген әдістің көмегімен жеткізіп отырады" – делінген министрліктің ресми жауабында.

Оқи отырыңыз: Америкада тегін оқуға ауыл баласына да жол ашық


Білім және ғылым министрлігінің ресми жауабы

Білім және ғылым министрлігінің ресми жауабы / Дереккөзі informburo.kz


Министрліктің бұл өзгеріске қатысты мәліметін ары қарай қарапайым тілмен түсіндірсек. Биылдан бастап қолданылатын жиынтық баға екі факторға тәуелді болады екен. Яғни, біріншісі,оқушы пәннің қандай да бір бөлімін немесе ортақ тақырыпты оқып бітірген соң, бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға алады. Білімі балл түрінде және дәстүрлі баға түрінде бағаланады. Ал, жарты жылдық пен жыл соңында оқушыдан сынақ алынады. Осылайша, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне қатысты балаға 50% де 50% принципі бойынша қорытынды жылдық баға қойылады екен.

500 сынып ағылшынша оқуға көшеді. Ұстаздар оған дайын ба?

Үш тілде оқыту саясатын ұстанған министр Сағадиев көптен бері айтылып жүрген бұл процесті тіпті тездеткен. 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздардың жалақысына үстемақы қосатынын мәлімдеді. Биылдан бастап Қазақстанның бар өңірінде 10-11 сынып оқушылары төрт пәнді шет тілінде оқуға көшеді. Бірақ тек бірінші қыркүйектен бастап және бәрі бірдей емес. Кезең кезеңмен.

"Жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. 2017 жыл бойы республика бойынша осы төрт пәннен сабақ беретін 12602 мұғалім тіл курстарына қатысады", – деп хабарланған министрліктің ресми жауабында.

Жалпы, Білім министрлігі ағылшын тілін мүлде білмейтін және бастапқы білімі бар мұғалімдерді (осы төрт пәннен сабақ беретін – авт.) ағылшын тіліне үйретіп жатыр. Дәл қазір осы 12 мың ұстаздың 4356-сы "Назарбаев университетінде", Назарбаев Зияткерлік мектептерінде (НЗМ), "Ustaz professional development centre" оқу орталығы мен "Өрлеу" базасында қол үзбей және ішінара ағылшынша үйреніп жатыр. Жыл соңына дейін 12 мың ұстаздың барлығы осы курстан өтуі тиіс.

Балаға салмақ салмайтын бес күндігі қайсы?

Қазақстан мұғалімдері бұл өзгерістерді жақсы біліп отыр. Биылғы жаңалықтың бірі – төрт сынып бес күндік білім алу жүйесіне өтеді. Ұстаздардың "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының мүшесі Мейіржан Темірбек жүйенің аты бес күндік болғанымен, балалар сенбі күні де мектепте жүреді дейді.

"Әрине, биылғы реформаларды естіп-біліп отырмыз. 5-7 сыныптарға жаңартылған бағдарлама енгізіліп жатыр. Методикасы оқушыларды еркіндікке, өз ойын толық жеткізуге мүмкіндік береді, білімді өзі іздеп табуға үйретеді. Ал енді кітаптарын бірінші қыркүйектен бастап көрерміз. Министрлік бұл кітаптарды талқылау үшін сайтқа салған, қарадық, ұсынысымызды білдірдік. 1, 2, 5, 7 сыныптарға бес күндік оқу жүйесі енгізілді. Менің бір түсінбейтінім, сенбі күні оқушылар таңдау сағаттарын, үйірме жұмыстарын өтеді дейді. Сонда бес күндігі қайсы?"

Көрші елдің көшірме "Күнделігі" – мұғалімнің мойнына артылатын қосымша жүк

Ілкі жоба ретінде жұмыс істеп тұрған "Күнделік" жобасы қазір 4 мың мектепті қамтып отыр. Министрліктің мәліметінше, жүйеге 2,5 миллион адам тіркелген. Ал, ұстаз Мейіржан Темірбек бұл жоба Ресейдің көшірмесі дейді.

"Күнделік" – біздің Ресейден көшіріп алған жобамыз. Ол жүйеге оқушыларды, мұғалімдерді, ата-аналарды енгізіп, жеке сабақ тақырыптарын кіргізесің. Сол жерде баға қоясың. Ата-ана үйде баласының бағасын бақылап отырады. Оқушыларға сол жерден тапсырма бересің. Жоғарғы оқу орындарындағы портал жұмысына ұқсас", – дейді ол.

Бірақ, министрлік әдеттегідей, дайындағанымен, ол реформаны жүзеге асыратын құралды сайлап қоймапты. Әрі бұл "Күнделік"– расымен Ресейдің "Дневник.ру" жобасының айна қатесіз көшірмесі. Оны мына суреттерден де оңай байқауға болады.


Қазақстан Республикасының "Күнделік" жобасы

Қазақстан Республикасының "Күнделік" жобасы



Ресейдің бізден бұрын бастаған "Дневник" жобасы

Ресейдің бізден бұрын бастаған "Дневник" жобасы / "Дневник.ру" сайтының скриншоты


"Жақсы, электронды күнделікке тіркелдік, толтырамыз. Бірақ немен? Мектеп кабинеттері жеке компьютер мен интернет желісімен жабдықталмаған. Мұғалімдер көбінесе өзінің жеке компьютерлері мен жеке интернеттерін апарып жүр. Электронды күнделік үнемі бақылауды қажет етеді. Оны кім бақылайды? Қоғамдық жұмыс ретінде мұғалімнің мойнына ілінеді. Электронды күнделік қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті жояды деген әңгіме де болған. Ол теңсіздікке жатпайды, ол бір ізге салуға жатады. Теңсіздікті жою үшін НЗМ барлық методиканы алып жатырмыз ғой. Методикамен қоса материалдық база да күшейтілуі керек. Қазақта "құрғақ қасық ауыз жыртады" деген мақал бар. Реформа басталғалы материалдық база өзгерілген жоқ, кітап дауынан арылмай келеміз. Биыл да солай бола ма деген үрей бар".

"Mektep-news" мұғалімдердің мәртебесін көтере ала ма?

Жаңа оқу жылынан бастап министрлік мұғалімдерге, мұғалімдер қоғамға жаңалық әкелмек. Мұғалім құқы мен білім саласындағы өзгерістерді талқылау мақсатында былтыр алғаш рет ашылған Mektep-news.kz сайтының видео баламасы – mektep-news.kz арнасы ашылмақ.

"Youtube желісінен әркім канал ашып жатыр ғой. Бірақ мен ұстаздардың мәртебесін көтеретін жақсы идеялар, жақсы сабақтар болса, сол жақсыны елге көрсетіп,тәжірибелермен бөлісу мақсатында ашып отырмын. Бұл каналдың ашылғанына біраз уақыт болды. Біраз видеолар түсіріп салып жатырмын. Әзірге жүргізуші іздестіріп жатырмыз", – дейді арнаның негізін қалаушы Мейіржан Темірбек.

Жоспар бойынша, youtube арнасы аптасына бір хабар таратпақ. "Жақсыны көрмекке дейді, жақсы дүниелерді жариялап отырамыз. Алматы қаласынан ұстаздар қосылып жатыр, басқа облыстардың ұстаздары да қызығушылық танытуда. Қазір сурет, текст дегендерді ел көп қарай бермейді. Қысқаша видеолар жылдам таралады. Жақсы идеяларымыз көп, ол енді болашақтың еншісінде", – дейді ұстаз.

Білім саласында бастық көп

Республикалық "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының төрағасы, жоғарғы санатты ұстаз Өмір Шыныбекұлы бұл өзгерістердің жақсы қыры да, еленбей қалған маңызды жақтары да бар дейді.

"Биылдан бастап жалпы білім беретін мектептерге енгізіліп жатқан жаңа реформа балалардың сыни тұрғыда көбірек ойлануына бағытталған. Яғни, болашақта үлкен өмірге бейімделуге, мектепте алған білімдерін болашақта қолдануға үйретеді. Бұл әрине құптарлық, қуанарлық тұсы", – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ал, ұстаздың айтуынша, пысықталмай қалған қыры – бағдарлама әзірленгенімен, мектептердегі материалдық-техникалық база жасақтамаған.


Ұстаздардың "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының белсендісі Өмір Шыныбекұлы

Ұстаздардың "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының белсендісі Өмір Шыныбекұлы / Сурет мұғалімнің жеке архивінен


"Мектептердегі ең жаңа деген интерактивті тақта 2009-2010 жылдары алынған. Ол тақталар жаңа бағдарламаны көтере алмайды". Ұстаз ретінде Өмір Шыныбекұлынан "неге қазір мұғалімдердің көбі шаршаңқы, қабақтары түюлі" жүреді деп сұрадық. "Себебі, білім саласында бастық көп", – дейді.

"Бұрын Кеңес заманынан қалған "я начальник, ты дурак" деген сөз бар. Бастық айтты, орындау керек деген сөз. Қазір біздің білім жүйесінде осы көрініс байқалады. Айтайын дегенім, бізде Министрлік бар, сосын әкімдік бар, әкімдіктен кейін жергілікті білім басқармасы, одан кейін директор. Орындамаса, әр деңгейдегі басшы қоластындағы адамға әкіреңдейді. Ал, әкімдік басқармаға, басқарма директорға, директор мұғалімге, мұғалім "ұқпадың" деп балаға айқайлайды, яғни, ең соңында зардап шегетін бала. Ең үлкен мәселе – осы. Қазір бұл проблеманы шешу үшін медиаторлық білімі бар мамандарды тартып жүр, бірақ бізге жан-жақты оқыған мамандар керек".

Жыл сайынғы реформадан шаршаған ұстаздар Үкіметке "Ашық хат" дайындап жатыр

Жаңа оқу жылының қарсаңында Қазақстан ұстаздары алғаш рет бейнеттерінің зейнеті туралы сөз қозғады. Алматылық ұстаз Сұлтан Сүлеев Қазақстан Үкіметі мен Парламентіне ашық хат жариялайды.

"Ұстаз еңбегінің қаншалықты қиын да күрделі екенін сіздерге түсіндірудің қажеті жоқ шығар!? Бірақ, қоғамның міндеті – мектепке жаңалықтар мен инновацияға ере алатын жаңашыл ұстаз тарту. Сол арқылы бәсекеге қабілетті шәкірт даярлау, қоғамның әрі қарай дамуына үлес қосу. Оны орындаудың бір ғана жолы – еңбек өтілі толық ұстаздарды демалысқа жіберіп, орнына жаңашыл, креативті жастарды тарту. Бұл бүгінгі күннің талабы.

Республика ұстаздары осы зейнет жасы туралы проблеманы бірнеше ай бойы талқылап, еңбек өтіліне байланысты сіздер қатысып отырған кеңеске төмендегідей ұсыныс жасап отыр: – жалпы 27 жыл педагогикалық өтілі бар әйел кісілерді зейнеткерлікке жіберу; - жалпы 30-жыл педагогикалық өтілі бар ер кісілерді зейнеткерлікке жіберу; – жекеленген ұстаздарға зейнеткерлікке шыққан соң да педагогикалық қызметін жалғастыруға заңды түрде мүмкіндік беру(өз қалауынша)", – делінген ашық хатта.

Ашық хат авторы Сұлтан Сүлеев informburo.kz тілшісіне сұхбат бере отырып, бұл хатты жазуына министрліктің реформалары түрткі болды дейді.

"Өзім 26 жылдан бері мектеп оқушыларына сабақ беремін. Биылдан бастап енетін жаңартылған оқу бағдарламасы көбіне бала сияқты ойлап, балалармен санасуға, оларды сыни тұрғыда ойлауға үйрету керек. Ал, 58 жасқа таяған әйел ұстаздың, алпыстан асқан ер адамның бұл реформаны игеріп, алып кетуі өте қиын. Өйткені, бұл жастағы адамдар ескіше ойлайды".

Ашық хат авторын қазір әлеуметтік желіде қолдап жатқан ұстаздар да, ата-аналар да өте көп. Сұлтан Сүлеевтің өзі биылғы республикалық тамыз конференциясына шақырылған жоқ екен. Бірақ, әріпестерім ашық хатты министр Ерлан Сағадиевтің құлағына жеткізсе дейді. Хаттың өзін алдымен Парламентке, Парламент арқылы Үкіметке жолдауды жоспарлап отыр. Бұл хаттың тағдыры оқушылармен қатар демалып жатқан депутаттар каникулдан оралған соң ғана шешіледі. Жаңа бастама министрліктің сан түрлі реформаларының біріне іліне ме, жоқ па, ол әзірге белгісіз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары