Сәкен Ділдәхмет: Киіктерден бөлек қасқырлардың азаюы үлкен мәселе болып отыр

Сурет: @sakendildakhmet
Сурет: @sakendildakhmet

Қазақстанда қасқырлар популяциясы соңғы 20-30 жыл ішінде күрт азайған.

Тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдәхмет киіктер санын атудан бөлек жолмен реттеуге болатынын айтады. Осы орайда, маман бірқатар ұсынысын бөлісті. Айтуынша, экодуктердің салынбауы, жануарлар арасындағы аурудың зерттелмеуі, үкімет тарапынан тиісті қаражаттың бөлінбеуі киіктер мәселесін тығырыққа тіреп отыр. 

– Киіктерге қатысты мәселенің туындауына не себеп болып отыр? 

– Бүгінгі күні киікті атуға, оның санын реттеуге қарсымын. Себебі, елдегі киіктер популяциясының саны әлі реттеу деңгейіне жеткен жоқ. Қазақстанда киіктердің үш популяциясы бар. Бұл – Орал, Үстірт және Бетпақдала. Ал жалпы әлемде 5 популяциясы бар. Бірі – Моңғолияда, екіншісі – Ресейде. Дәл қазір Қазақстандағы киіктер популяциясының саны 1 млн 318 мың басты құрайды. Бұл әлемдегі киіктердің 99 пайызы Қазақстанда мекендейді деген сөз. Орал популяциясындағы 80 мың бас киікті ату – біржақты шешім. Өйткені, соңғы 10 жыл ішінде киіктердің миграциялық, төлдейтін жерлері қысқарып, көптеген жер ауыл шаруашылығы үшін берілді. Бірінші кезекте үкімет осы мәселені шешуі керек еді. Екіншіден, жануарлардың жүретін жолының қысқаруына теміржолдардың түсуі себеп болып отыр. Теміржол түскен кезде экодуктер салынуы тиіс еді. Өкінішке орай, Қазақстанда бірде бір экодук жоқ. Айналып келгенде барлығына киіктерді кінәлі етіп отыр. Киіктер мекен ететін жерлер ауыл шаруашылық және т.б. мақсатта берілген. Бізде жер мәселесі бойынша комиссиялар отырысы өтіп жатыр. Соның аясында үкімет космомониторинг жүргізіп, Қазақстан ғарыш сапарының қызметін қолданып, киіктерге қажет миграция жолдарын қалпына келтіруі қажет. Ешбір ғылымның негіздемесінсіз салынған тасжолдарға қайта зерттеу жүргізіп, арнайы экодуктер салынуы керек. Бұл экодуктер тек киіктерге емес, басқа да жабайы аңдардың көшіпқонуына жағдай жасайды. Жалпы киіктердің миграциялық жолдары Қазақстанның 10 облысын қамтиды. 

– Бұған дейін бірнеше миллион киік емін-еркін жайылып жүрді. Неліктен ол кезде мұндай проблема болмады?

– Ауыл шаруашылығында киіктерге қатысты үлкен проблема туындап отыр. Кеңес өкіметін алатын болсақ, 30-40 млн малдың ішінде 3-4 млн киік емін-еркін жайылып жүрді. Олар жайылымдық жерге де, егістікке де түспеді. Себебі, ол уақытта олардың миграциялық жолдары болды. 


Оқи отырыңыз: Тәуелсіз экошолушы: Киіктерді атуға мораторийді 2025 жылға дейін созу керек


– Киіктер санын оларды атпайтындай қалай реттеуге болады?

– Жыл соңында киіктер санын реттеу бойынша мараторий аяқталады. Сол мараторийді кем дегенде 2025 жылға дейін созу қажет. Екіншіден, киіктердің миграциялық жолдарын қалыпқа келтіру. Үшіншіден, киіктер мен өзге де жануарлар облыста емін-еркін көшіп жүруі үшін экодуктар салу. Төртіншіден, киіктер арасында жаппай таралатын ауруларды зерттеу және алдын алу. Қаражаттың жеткіліксіздігі себебінен киіктер ауруы зерттеліп жатқан жоқ. Ертең пастереллез ауруы қайталанатын болса, онда осы бір миллион бас киіктен бір күнде-ақ айырылып қаламыз. Сондай-ақ, жылдан жылға экологиялық ахуал нашарлап келеді. Әсіресе, қуаңшылық салдарынан өзен-көлдер кеуіп, бары ластанған. Фермерлер киіктердің мал суына ортақтасатынын айтып жатқандықтан, киіктер жүретін жолға су қоймалары салынуы керек. 

– Киіктерге қатысты проблеманың туындауына қандай да бір табиғи фактор әсер етуі мүмкін бе?

– Бізде бұдан өзге тағы бір үлкен мәселе бар. Қазақстанда қасқырлар популяциясы соңғы 20-30 жыл ішінде күрт қысқарды. Қасқыр – табиғаттың санитары. Ауру мал мен жабайы жануарлар өлексесін жеп, табиғатты таза ұстауға көмектеседі. Қасқырлардың азаюы себебінен бүгінде БҚО, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында киіктер саны табиғи жолмен реттеліп жатқан жоқ. Өкінішке орай, аңшыларымыз қасқырларды жаппай атып, оны әлеуметтік желіге салып жатады. Бұл орынсыз. Елде 80-жылдардың аяғында 60 мыңнан астам қасқыр тіркелді. Бүгін олардың саны 14 мыңға әрең жетіп отыр. Ал Солтүстік Қазақстанда мүлдем жоқ. Ақмола облысында 30-ға жуық, Қарағанды облысында – 40-50, Батыс Қазақстан облысында 800-ге жуық қана қасқыр қалды. Бұл мәселеде қасқырлардың рөлі зор болып отыр. 

– Қандай жағдайда біз киіктер санын жасанды жолмен реттей аламыз?

– Киік бізде Қызыл кітапқа енгізілмеген жануар және аңшылық түрге жатады. Бірақ Қазақстандағы 1 млн 318 мың бас киіктің белгілі бір санын реттеуге құқығымыз жоқ. Санын жасанды жолмен реттеп, өндірістік мақсатта қолданғымыз келсе, онда олардың санын кемінде 2-3 миллион бастап асырып алуымыз керек. Сөйтіп кеңес үкіметіндегідей кешенді түрде өндірістік мақсатта қолдануға болады. 


Оқи отырыңыз: 3 ит пен 100 мысыққа пана. Елордадағы жануарлар үйінен фоторепортаж


– Болашақта киіктер санын жасанды жолмен реттеуге рұқсат беріп жатса, бұл жемқорлыққа, т.б. проблемаларға әкелмей ме?

– Міндетті түрде мемлекеттік монополия болып, киік санын реттеумен экология министрлігіне қарасты арнайы жауапты мекемелер айналысуы керек. Киіктердің еті, мүйізін де нарыққа жіберу мәселесімен де өздері айналысуы керек. Әйтпесе, жемқорлық фактісі орын алуы мүмкін. Мысалы, сырттан келген аңшылар 100 бас киікті атып, оның отызының ғана санын көрсетіп, қалған жетпісін сатып жіберуі мүмкін. Ал мемлекеттік меншік болса, онда табыс міндетті түрде мемлекетке келіп түседі. Екіншіден, бұл жұмыстарға сол жердегі жергілікті халықты тарту қажет. Олар заңсыз жұмыстың орнына, өз нәпақасын заңды жолмен табатын болады және киіктің нақты санын көрсетеді.

– Министрлік өз тарапынан қосымша тағы қандай шаралар қолдана алады?

– Киіктер айналымынан түскен ақшаны киіктер арасында таралатын ауруларды зерттеу жұмыстарына жұмсау қажет. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан бұл мақсатта ешқандай қаржы бөлініп отырған жоқ. 
Мараторий 2025 жылға созылғаннан кейін бірінші кезекте экология министрлігі нормативтік-құқықтық актілерді реттеуі керек. Екіншіден, халықаралық СИТИЕС конвенциясының отырысына қатысып, киіктер санын реттеу бойынша белгілі бір квотаны бекітіп алу қажет. Бізде қазір нөлдік квота бекітілген. Ал оны үш жылдан кейін өтетін отырыста өзгерту үшін ғылыми негіздеме әзірлеуіміз керек. Сол кезде ғана біз киіктер арқылы ел экономикасына пайда әкелеміз. 


Оқи отырыңыз: Ерейментауда итін зират маңына жерлеген азаматқа айыппұл салынады


 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Бөлісу:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары