Тікелей эфир

Тәуелсіз экошолушы: Киіктерді атуға мораторийді 2025 жылға дейін созу керек

Қазақстандағы 2022 жылдың қорытынды санағы бойынша, киіктер саны 1 318 000 мың басты құрады.

Соңғы кезде елде ақбөкен санының көбейіп кеткені туралы жиі айтылып жүр. Ал экология министрі Серікқали Брекешов "егер ғалымдар киіктер санын реттеуді қажет деп тапса, онда бұл мәселені қолға аламыз" деп отыр. Алайда тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдәхмет дәл қазір киіктер саны реттеуді қажет етпейтінін айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Біріншіден, Қазақстандағы 2022 жылдың қорытынды санағы бойынша, киіктер саны 1 318 000 мың басты құрады. Киіктердің ең көп популяциясы Батыс Қазақстанда 800 мыңға жуық бас. Бұл сан бой көтеріп, шулайтындай дүние емес. Кезінде 3-4 миллион бас киік болып, малмен бірге ауыл ішінде, қорада да жайылды. Ондай проблема болмады. 70-80 жылдары киіктерді дәл осылай ату жұмыстары басталған кезде де халық "Түсте малға кіріп жатыр" деп дәл осылай көтерілген болатын. Бүгінгі күні шаруалар көтеріліп жатыр, оны естіп жатырмыз. Киіктердің егістікке түсіп жатқанын айтады. Бірақ, ол кісілерге жауапты мекемелер "Егістіктеріңізді қоршап алыңыздар, өздеріңіз қарап жүріңіздер" деп талай айтты", – деді Сәкен Ділдәхмет.

Ары қарай маман бүгінгі күні бар мәселенің Қазақстанда жайылымдық жерлердің қалмауына тіреліп отырғанын алға тартты. Айтуынша, қорадағы малға  да, жабайы аңға да жайылымдық жер қалмаған.


Оқи отырыңыз: 3 ит пен 100 мысыққа пана. Елордадағы жануарлар үйінен фоторепортаж


"Әрбір облыста үлкен тасжол, автомагистраль түсіп жатқанын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Түрлі бағытта теміржол түсіп жатыр. Осы жолдар түскен кезде жауапты министрлік пен ҚазАвтожол мекемесі жабайы жануарлардың көшіп-қонып жүретін миграция қарарларын ескермеген. Батыс Қазақстанда неге 800 мың бас жиналып отыр? Неге олар көрші Ақтөбе, Атырау облыстарына көше алмайды? Өте үлкен жолдар бар. Аң жабайы жануар болған соң, рефлексті түрде қимылдайды", – деп түсіндірді маман.

Сәкен Ділдәхмет бүгінгі күні киіктерді өндіріске жіберудің нақты механизмі дайын емес екеніне тоқталды. Дәлірек, құқық-нормативтік актілерге, бұйрықтарға өзгерту жұмыстары әлі дайын емес.

"Осының барлығын (құжаттарды – ред. түсіндірмесі) дайындап барып іске кірісу керек еді. Әрине, киіктердің саны да реттеліп тұруы керек. Бірақ бүгінгі күні еліміздегі 1 318 000 бас киік мұны қажет етпейді. Жоқ дегенде олардың санын 3-4 миллионға жеткізіп алуымыз керек. Биыл жылдың соңында аяқталатын мараторийді 2025 жылға дейін созуымыз керек. Киіктердің жылдық өсімі 50% екенін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішке жетіп қаламыз. Одан кейін мықты атқыштар болса, мемлекеттік органдар барлық мәселені шешуі керек – ауыл шаруашылығы мен жолдар мәселесін", – деді Сәкен Ділдәхмет.


Оқи отырыңыз: Ерейментауда итін зират маңына жерлеген азаматқа айыппұл салынады


Сондай-ақ, ол контранбанда жағдайын алдын алуға кеңес берді.

Серіктестер жаңалықтары