Тікелей эфир

"Қолымды ұлыма байлатып қойып ұрады". Зорлықшыл әкелерге тыйым бар ма?

Өз күйеуінің қолынан қайтыс болған әйелдер бойынша ресми статистика жоқ.

29 сәуір күні Түркістан облысында тағы бір келіншек күйеуінің қолынан қаза тапты. Күдікті әйелін балаларының көзінше аяусыз сабағаны соншалық, үстіне шығып секірген. Полицияға ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған қызы хабар берген.

Бұл туралы хабарлаған 31 арнаның "Сөздің шыны керек" жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын кезекті хабарына арқау етті.

Қатыгез әке

Өткен аптада балаларының көзінше күйеуі асқан қатыгездікпен өлтірген Үкілай Сартаеваның қазасы жақындарына ғана емес, бүкіл елдің де қабырғасына батып отыр. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғыны төрт баласының анасын асқан жауыздықпен азаптағаны соншалық, өкпесі мен жүрегі езіліп кеткен. Полицияға осы сұмдыққа куә болып, аналарына араша түсе алмай шырылдаған балалары хабар берген. 

"29 сәуір күні түнгі 02.45 шамасында Ордабасы полиция бөліміне жергілікті тұрғынның қайтыс болғаны жөнінде хабарлама түсті. Жедел тергеу тобы отбасылық жанжал салдарынан әйел азаматының дене жарақатынан қайтыс болғанын анықтады", – деді Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Еділ Алтынбаев.

Үкілайды 15 жыл отасқан күйеуі бұдан бұрын да соққыға жығып, таяқтап келген екен. "Балаларым үшін шыдаймын" деп ажыраспағанын марқұмның жақындары енді айтып отыр.


Оқи отырыңыз: "Мешітте қайыр тілеп, көшеде түнейміз". Көпбалалы аналарға кім көмек береді?


Шектен шыққан әлімжеттік

31 арнаға сұхбат берген Айнаш есімді (аты өзгертілген) келіншек те 20 жылдан бері күйеуінің соққысына шыдап келіп, төзімі таусылған соң Алматыдағы "Бақытты отбасы" орталығына көмек сұрай барған. Айтуынша, әкімдікте жұмыс істейтін күйеуі соңғы ретте таяқтап қоймай, үстіне мұздай су құйып азаптаған. "Ол аздай, мені ұрып-соққанда үлкен ұлым күйеуімнен қорыққанынан оған көмектеседі" дейді ашынған ана. 

"Қаштым, жуынатын бөлмеге тығылып едім, ваннаның ішіне кіргізіп үстіме мұздай су құйды. Киім-кешегіммен одан қашып шықтым. Сүлгімен қылқындырып, шыңғырмасын деп аузымның бәрін байлады. Қорыққаннан кейін айқайлаймын. Үлкен ұлға үнемі "менің айтқанымды істемесең, қатынсың" деп шыңғырады. Содан кейін ол әкесінің айтқанын істейді. "Шешеңнің қолын ұстап тұр, байлаймыз" десе байлайды", – деді Айнаш.


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


Әйелдер неге көмек сұрамайды?

Алатау аудандық "Бақытты отбасы" орталығына көмек сұрай келген әйелдердің көбі күйеуінен қорлық көрсе де, одан құтқаратын арнайы мекемелерге барудан бас тартады, дейді орталық жетекшісі Ақмарал Басирова. Оның айтуынша, мұндай аналардың қатарында күйеуі үш рет талақ айтып тастап кеткені де, күйеуі "тек қыз тудың" деп әлек салатындары да бар екен. 

Күйеуінен таяқ жеп, зәбір көрген әйелдердің есін жинап алуына мүмкіндік беріп, олардың құқығын қорғап жүрген "Араша" дағдарыс орталығының жетекшісі де өзінің үстінен әйел алып, ол аздай кемсітетін, оған көнбесе, соққыға жығатын ерінің талабына көп әйелдің көндігетінін айтады. 

"Неше түрлі тағдыр бар. Мәселен, басқа әйел алып келіп, осы әйелмен тұрамын деген әңгіме болған соң бізге баспаналауға келіп, алайда содан соң үйіне қайта барған әйел болды. Бұл әр әйелдің көңіліне тиетін жағдай ғой. Қандай әйел оған көнеді? Бірақ, соған қарамастан балаларым, ата-енем бар, мен жақсы келінмін деген принциппен отбасына оралып жатыр", – дейді Маргарита Өскембаева.

Заңгер Қамиша Есмұхамбетқызы болса, заң бойынша ер адамның екінші әйел алуына ешқандай тыйым жоқ, бірақ бірінші әйелінен туған балаларын баға алмай отырып әйел алғыш еркектердің жауапкершілігін күшейтетін заң талаптары керек екенін айтады. Ол өз-өзіне қол жұмсайтын әйелдердің өліміне қатысты күйеулері міндетті түрде сұралып, жауапқа тартылуы тиіс деді. 


Оқи отырыңыз: "Оған кешірім жоқ". Қызын зорламақ болған күйеуін сотқа берген Анар Боранбайдың сұхбаты


Қанша әйел өз күйеуінің қолынан қайтыс болды?

Бұл сауалға арнайы жүргізілген ресми статистика жоқ. Зорлық көрген әйелдердің құқығын қорғайтын "Не молчи" қозғалысының мәліметі келесідей:

  • Нұр-Сұлтан қаласы. 2020 жылдың 28 сәуірінде 28 жастағы Надежданы бұрынғы күйеуі аңдып жүріп сегіз мәрте пышақ жарақатын салып өлтірген. Күйеуі 12 жылға сотталған.
  • Шымкент қаласы. 2020 жылдың 29 шілдесінде 29 жастағы Гүлзар қайтыс болды. Жақындары келіншектің суицидтен қайтыс болғанына сенбеді, себебі денесінде көптеген көк іздер болған, төрт қабырғасы сынған. Күйеуі 4,5 жылға сотталды.
  • Алматы облысы. 2020 жылдың 13 қарашасында 34 жастағы Светлана қайтыс болған. Күйеуі киллер жалдап, әйелін бір жастағы баласының көзінше өлтірген. Күйеуі 15 жылға, жалдамалы адам өлтіруші 13 жылға сотталды.
  • Нұр-Сұлтан қаласы. 29 жастағы Сымбат 2020 жылғы 10 желтоқсан күні өз-өзіне қол жұмсады. Сол әрекетіне дейін әлеуметтік желіде күнделік жүргізіп, онда күйеуінен қорғауды полициядан сұрағанымен, құқық қорғау органының әрекетсіз екенін жазған. 
  • Орал қаласы. 2021 жылғы 19 сәуір күні 30 жастағы Айнагүл қайтыс болды. Әйелінің денесіне 30 мәрте пышақ жарақатын салған күйеуі 15 жылға сотталды.

"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы

Серіктестер жаңалықтары