Тікелей эфир

"Оған кешірім жоқ". Қызын зорламақ болған күйеуін сотқа берген Анар Боранбайдың сұхбаты

Ол түрлі зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға тегін психологиялық көмек беретін қоғамдық қор ашуды көздейді.

Күйеуінің үстінен шағымданып, жиырма жылға түрмеге қаматқан жеті баланың анасы Анар Боранбай 31-арнаның "Ащы да болса, ақиқат" бағдарламасында журналист Ирина Советжанқызына сұхбат берді. Анар Боранбайдың жауабының өзекті тұстарын ықшамдап ұсынып отырмыз. 


Қысқаша түсініктеме: Анар Боранбайдың карантинге дейін жеке жылжымайтын мүлік агенттігі болған. Бірінші заңды некеден екі баласы бар. Күйеуімен ажырасқан соң 2012 жылы басқа ер адаммен кездесе бастаған. Некелеспей тоғыз жылдай бір шаңырақта тұрған. Басқа әйелден қызы бар екенін бес жыл өткен соң ғана білген. 2014 жылы ортақ баласы дүниеге келген. Одан кейін тағы төрт баланы өмірге әкелген. Төрт жасар қызын зорламақ болған азаматтық некедегі күйеуіне Қылмыстық кодекстің №121 "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабы бойынша айып тағылды. 


Тоқтаусыз ішкілікке салынды

Күйеуіммен жалдамалы пәтерде тұрдық. Соңғы үш жыл тоқтамай іше бастады. Егіздер дүниеге келгеннен кейін "балаларға қараймын" деген соң мен ғана жұмыс істедім. Балабақшаға апарады, егіздерді қыдыртады. Таңертең балаларды мектепке, балабақшаға таратып, сосын жұмысқа кетемін. Кешке келсем, үнемі мас. Үйде не бар – бәрін сата берді. Карантинде агенттік жабылғаннан кейін кеңсеге барсам, ештеңе жоқ, бәрін сатып жіберіпті. 

Пәтерден көшіп жатқан кезде төрт жасар қызым ойыншығын аламын деп қолын көтергенде футболкасы ашылып қалды. Денесі көкпеңбек. Шақырып алдым да, не болғанын сұрадым. "Папа соқты" дейді. Не үшін ұрғанын білмейді. Әкесі балаларға айқайлағанымен бұлай ұрып-соқпайтын. Кешке "НеМолчи" жетекшісі Дина Тәңсәріге "не істеймін?" деп хабарластым. Сотқа беруге кеңес берді. Келесі күні учаскелік полиция келіп, "үш күнге отырғызамыз" деді. Күйеуім 18 мың теңге айыппұл төлеп кетіп қалған.

Бір айдан кейін балаларды көруге келді. "Сенімен тұрамын" деп балалардан, менен кешірім сұрады. Бір рет күйеуден қайтқан қызбын. Екінші рет қайтып келген қыз деген сөз болмасын деп бірге тұра бердім. Жаз бойы ішетін. Тек сол қызға ғана кәмпиттер әкеледі. Дина Таңсәрі мұны классикалық қылмыстық іс белгісі деді: бірінші баланы соғады, кейін балаға тәтті, керек нәрсесін алып беріп жұбатады, сосын ғана өзіне қажетін істейді. Бұл ойды миыма жолатпадым. Ішкілікті тастайды деп үміттендім.

Қызымның үстіне мініп алған

19 қазанда баламды босандым. Әкесі балаларымен үйде қалды. Үш күннен соң нәрестеммен үйге келдім. Сол кезден бастап балаларым құшақтап, жанымда қысылып-қымтырылып жата бастады. Сағынған шығар деп ойлайтынмын. Төрт жасар қызым жабысады. 4 қарашада күйеуім сау келді, көп ішпеген. Үйге кіріп-шығып жүрді. Балаларды ұйықтатайын деп жатқан едім, бір кезде қарасам – қызым жоқ. Баламнан қайда деп сұрасам, "папа көтеріп алып кетті" деді. Қолымдағының бәрін тастап жүгіріп шықтым. Есік жабық. Бірнеше рет соғып, итеріп есікті әзер аштым. Стресс, шок алып, көргенімді айта алмадым. Бір ай бойы ұйықтамадым. Есіме түссе, дірілдей бастаймын. Қызымның үстінде әкесі тыр жалаңаш жатқанын көрдім. Итеріп, тепкілеп, қызымды шығарып алып, асүйге қарай жүгірдім. Қызым "мама" деп көзі бақырайып, айта алмайды. Дірілдеп тұр, көкпеңбек болып кетті. Бірінші Дина Таңсәріге, кейін 102-ге хабарластым. Тек қана жеке куәлігін алып, есікке қарай жүгірді. Күшім қалай пайда болғанын білмеймін, 95 келі еркекті балконға көтеріп апардым. Есімді кейін жинадым. Аяғын салбыратып, балконға асып қойдым. Оны полиция шығарып алды. Ойымда тек қана қызымды ренжітті деген ой болды. Қанша күн есімді жинай алмадым. Бала босануға кеткенде сондай әрекеттерді істеп бастаған, бірақ бала зорлаған жоқ.

Сот сағат онда басталды, кешкі жетіге дейін болды. Ол "менің балаларым емес, айдаладан келген балалар" деді. Адвокатым ДНҚ тест сұрады. Барлық бала өзінікі болып шықты. Туыстары қорғаушы жалдады. Кешірім сұрайтын ойы болмады. Туыстары үйіме келгенде "шығарып алсаң саған пәтер әпереміз, әлі қосыласыңдар" деді. Жолағым келмейді, маған ондай еркек керек емес. Оған кешірім жоқ. 

Көршілер "педофил отбасы" деп қарады

Мен де әйелмін, пендемін. Сүйдім, отбасы құрғым келді. Екіқабат болғаннан кейін баламды алдырғым келмеді. Карантинде көзім ашылып, шыдамым таусылды. Бауырына айтып емдетейік дедім, ештеңе жасамады. 

Ұят деген әйелді құртады. Елдің сөзінен қорықтым, балалардың тағдырын ойламадым. Мен неге шыдауым керек, балаларым неге мұны көруі керек? Динамен сөйлескен соң ғана басқа ойға келдім. "Сені ұра ма?" деп сұрағанда "жоқ" деп өтірік айттым, өйткені ұялдым. Әр ана өз баласына керек. Еркек ішкенін қоймайды. Бүгін әйеліне, ертең анасына қол көтереді. Сосын біреудің баласын өлтіреді. Бірінші өзіңді тәрбиелесең, балаң да тәрбиеге келеді. Егер бала айқай-шуда өссе, ол – отбасы емес. Бала әкесімен де, анасымен де араласуы керек. 

Қызым психологпен сөйлескен соң қалпына келді. "Әкемнің түрмеге отырғанына мен кінәлімін бе?" деп сұрағанда кінәсі жоқ екенін айтам. Тергеуші болса "әкең тұрмегене ұрлықпен отырды" дейді. Қызым еркектерден қорқады. Еректер көп жерге отырғысы келмейді. 

Қызыммен ойнайтын қыздың ата-анасы "полиция жіберемін, неге қызымды алдап әкетесіз" деп хабарласты. Мен отыратын чатта "педофил отбасы" деп жазады. Ол жақтан көшіп кеттік, жолағым да келмейді. КейбОтюасында не көрсең, айналаңа соны көрсетесің. 

Әйелдер мен балаларға тегін психологиялық көмек көрсететін қоғамдық қор ашқым келеді

Агенттікте жұмыс істегенде көпбалалы аналарға қайырымдылық көмек көрсетіп отырдым. Түрлі зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға тегін психологиялық көмек беретін қоғамдық қор ашуды көздеп отырмын. Мемлекетте тегін психолог жоқ. Іздегенде 5-10 мың теңгеден басталады. Алматыда психолог көп. Психолог сізді ойлайтын шамаға келтіріп беруі керек. Зорлыққа ұшыраған қыздар көпке дейін есін жинай алмайды, не айтып жатқанын білмейді. Психолог жәй әңгімелесіп отырып көмектесе алады. Қызымыз екеуіміз 90 күн ішінде өз-өзімізге келдік.

Әйел айта алмайды, оны тыңдамайды. Егер әйел жүрегінде жиналған сөздерін айта алатын болса басқалар оған құлақ түреді. Әрі қарай өзімен, айналадағы адамдармен жұмыс істейді. Кейбір әйелдер өз-өзін жоғалтып алады. Жұмыс, бала-шаға деп қап сияқты тып-тығыз болып жиналып қалады. Оны да ашуға болады. 

Өкінішім жоқ, Аллаға рахмет. Балаларым бар. Қалғаны уақытымен қалпына келеді. Сол күні қызымды құтқарып үлгергенім үшін Аллаға рахмет айтамын. Осы өміріме ризамын. Ендігі арманым – балалардың басын біріктіру. 

Серіктестер жаңалықтары