Анар Жайылғанова –Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
Тағайындауға дейін ол Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
1969 жылы Семей өңірінде дүниеге келген шенеунік әр жылдары Жоғарғы сотта судья, Әділет министрлігінде департамент басшысы қызметтерін атқарған. ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі.
Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде қайта құрылған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Алик Шпекбаев басқаратын болды. Ол бұған дейін де (2017 жылдан бері) ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған еді.
Астананың жаңа әкімі Facebook-ке тіркелді
Алғашқы жазбасында А.Көлгінов халықты әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалануға шақырды. "Тұрғындар тарапынан түскен барлық өтініштер мен ұсыныстарды міндетті түрде қарастырамыз. Бірлесе жұмыс жасауға және ашық диалог орнатуға әрқашан дайынмын. Қаламызды жайлы, мықты, гүлденген және бұдан да әдемі болуына бірге атсалысайық" деп жазды Елорда әкімі.
41 жастағы әкім Instagram-ға суреттерін салып, Twitter-ге тұрақты жазбаларын жариялап тұрады.
"Астана су арнасының" басшылары тұтқындалды
23 мамырда коммуналдық мекеменің төрт бірдей қызметкері жұмыс барысында канализациялық сорғы станциясының құбырына түсіп кетіп, қаза тапты. Осыдан кейін полиция департаменті екі немесе одан да көп адамның қазасына әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Нәтижесінде кеше, 13 маусымда, оқыс оқиғаға кінәлі коммуналдық қызметтің екі лауазымды тұлғасы уақытша оқшаулау орталығына қамалды. Елорданың полиция департаменті қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатырғанын хабарлады.
Оқулықтарда өрескел қателер өріп жүр
Мәжіліс депутаттары "Алматыкітап" басып шығарған оқулықтардың олқылықтарын атады. "4-ші және 7-ші сыныптарға арналған "Математика", "Әдебиеттану" және "Физика" пәндеріне арналған оқулықтар алғашқы бетінен бастап қатеге тұнып тұр" дейді шенділер. Білім және ғылым министрлігі халық қалаулыларының жолдаған сұрағына жауап беріпті.
Төртінші сынып оқушыларына "велосипедші мен шаңғышының ұшу жылдамдығын анықта" деп берілген тапсырмаға байланысты Министрлік былай деп жауап қайтарған: "Өткен жылы оқулықта "көбелек, қоңыз, араның ұшу жылдамдығын есептеңіз" деген тапсырма болды. Жаңа редакцияда жәндіктер спортшыларға алмастырылды. Бұл ретте "ұшу жылдамдығы" дегенді "қозғалыс жылдамдығы" деп ауыстыруды ұмытып кеткен".
Министрлік құр жауабымен кітаптың бетін жылы жаба салмай, оқулық бетінде өріп жүрген қателерді түзеуге де уәде беріпті.
Митингке қатысып, қамалғандардың халдері қалай?
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің шешімімен Астана, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарының алдын алу тетігінің ұлттық,аймақтық топтары митингте ұсталғандардың заңды құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу мақсатында арнайы 20 мекемеге барыпты. Онда мамандар заңсыз жиынға қатысып, қамалған 484 адаммен тілдескен.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі тұтқындалғандардан құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар түскенін мәлімдеді. Олар қамауға, полиция бөлімдерінде ұзақ ұстауға, оқшаулау орындарына жеткізуге, сондай-ақ заңдық көмектің шектелуіне қатысты қарсылықтарын білдірген. Мониторинг нәтижелері азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген тәртіпте шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға жіберіліпті.
Мұғалімді кемсіткендерге 252 мың теңге айыппұл салынады
Қазақстанда ұстаздарды кемсітіп, абыройына нұқан келтіргені үшін ата-аналарға 252 мың 500 теңге (100 АЕК) көлемінде айыппұл салу ұсынылды. Мұндай норма "Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту мәселесі бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында қарастырылмақ.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 127 бабын 1-1 бөліктерімен толықтыруға ұсынылған мәтін мынадай: "1-1. Кәмелеттік жасқа толмағандар мұғалімнің абыройына нұқсан келтірген жағдайда олардың ата-анасы немесе оларды алмастыратын азамат 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді" делінген заң мәтінінде.
27 маусымға дейін "Ашық үкімет" порталының сайтында жаңа заң жобасымен танысып, талқылауға мүмкіндік бар.
1$=384,05 теңге
Қазақстан қор биржасының жұма күнгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 384,05 теңгеге сатылды. Бір тәулікте доллар 0,46 теңгеге арзандады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Еліміздің бірқатар өңірінде күн бұзылады. 15 маусымда Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, тұман түседі. Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауады. Осы күні Өскемен қаласында найзағай ойнайды, бұршақ жауады. Түркістан облысының тауларында нөсер жаңбыр жауады. Қызылорда облысының кей жерлерінде солтүстік-батыстан және батыстан күшті жел соғады, екпіні - 15-20, 23 м/с.
Ktk.kz: Үш қызды қорлаған өгей шешеге қатысты сот басталды. Жетісайда үш қызды 2 жыл бойы аямай қинап келген өгей шешеге қатысты Түркістанда сот отырысы жабық түрде өтіп жатыр. Айы-күні жақындап, босанғалы отырған Жұлдыз Көбееваға қатысты 2 бап бойынша іс қозғалған. Аталмыш баптарға сәйкес ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тengrinews.kz: Елімізде ажырасу азайды. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде шамамен 28 мың неке қиылған. Негізі биыл некелесу 2018 жылға қарағанда әлдеқайде төмендеген. Биыл үйленумен қатар ажырасу да азайған. Былтырға қарағанда 2,7 пайызға төмендеген. Көбіне ажырасу қалалық жерде көп болады екен.