Тікелей эфир

Жалған анықтама бизнесі базарда ауру мал етінің сатылуына жол ашып тұр (видео)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Елімізде ет қымбат. Ал қып-қызыл ақшаңызға сатып алғаныңыз сау малдың еті болмауы әбден мүмкін. Базарда бақылау аз. Ал алыпсатарлар заңға пысқырмайды.
Бұрын ет жегенде қазақ қасқырдан кейін екінші орындамыз деп мақтанатын. Бүгіндері бағасы көкке шарықтаған сайын етке қолы жетпей бара жатыр. Оның үстіне тапқан-таянғаныңызға сатып алған малдың еті, басқаны айтпағанда, санитарлық талаптарға сай емес. Тіпті індет жұқтырған малдың еті еместігіне кепіл жоқ.

Жел қайдан соқты?

"Су тасқыны кезінде қырылған малдың етін базарларға өткізіп жатыр, ет алмаңыздар" деген дақпырт әлеуметтік желіні кезіп жүр.

Авторға ватспақа келген хабарламаның скриншоты
Авторға ватспақа келген хабарламаның скриншоты / Сурет informburo.kz

Жұрттың дүрлігуі бекер емес екен. Оған Астана базарларына еттің келу жолдарын анықтағанда көзіміз жетті. Жеп отырғаным өлексе еті емес пе деген күдік көңілге ұялады.

Базар маңындағы бассыздық. Анықтама ашық сатылып жатыр

"Әлем" сауда орталығының маңында таңғы төрттен қарбалас – ет саудасы басталады. Айналадағы базарлардың алыпсатарлары осы жерде жан-жақтан келетін еттерді көтеріп сатып алады. Олар Астана қаласының ет сататын орындарының 70 пайызға жуығын етпен қамтып отыр. Ал ауылдан сойылып келген малдың еш ветеринарлық анықтамасы жоқ, дейді ұзынқұлақ. Сонда астаналықтардың қазанына түсетін қандай малдың еті? Белгісіз.
Мәселені өз көзімізбен көру үшін таңмен таласа базарға бардық.

Заукпар
"Ет дегенде беттері жоқ" сатушылар / Фото informburo.kz

Алып-сатушылар анықтамасы жоқ, тасымалдау талаптары орындалмаған, тазалығы талапқа сай емес көлікпен әкелінген етті емін-еркін сатып ала береді екен. Ешкімнен жасырынып-қымтырылмайды. Тек қолымыздағы фотоаппаратты көрген кезде сасып қалды...

Көшпелі базадағы саудагерлер
Жабайы сауда қызып тұр / Фото informburo.kz

– Суретке түсірме! Құқығың жоқ, менің рұқсатымды алуың керексің, – деп былапыт араластыра жекиді.
Арасынан біреуі қолындағы анықтамасын әкеліп, "арнайы мұздатқышы бар көлігім жол ортасында сынып қалып, осы көлікпен әкелдім" деп ақталғысы келгені сол-ақ еді, біздің кім екенімізді білмейтін бір азаматтың өтіп бара жатқан көліктен басын шығарған: "Ей, справка керек пе?", – деп айқай салғанынан мәселенің мән-жайы түсінікті болды.
Осыдан-ақ анықтаманың ашық түрде сатылатыны көрініп қалды.
Әрі қарай анықтау үшін мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық қадағалау жұмыстарын жүргізетін зертханаға жол тарттық. Бірақ алдымызды базар әкімшілігі орады:
– Бұл жекеменшік аумақ, рұқсатсыз базар ішін түсіре алмайсыз. Ал жолдың арғы жағындағыларда шаруам жоқ!
Ол сілтеген жолдың арғы бетіне қайта өттік. Мұндағылар өз әрекеттерінің дұрыс екенін дәлелдеуге кірісті. Ауылдарда арнайы мал соятын орын жоқ. Кей ауылдарда ветеринардың өзі де жоқ. Бекітілген ветеринардан барып анықтама алу үшін жүздеген шақырым жол жүру керек. Одан да осы жерден сатып ала салған оңай.
Бейнежазбадан ашық түрде анықтама сатылатынын, оның бағасы 4500 теңге, анау-мынауымен 6000 теңгеге шығатыны анық естіледі.
Осылайша, сіз бен біз қып-қызыл ақшамызға сатып алып жүргеніміз, сау малдың еті ме, өлексе ме, ешкім кепілдік бере алмайды.

Қауіпсіздікті "қарап отырмыз"

Былай қарасаң, базарларға ет еш бақылаусыз өтіп жатқан жоқ. Әкімшілік тарапынан қауіпсіздікті бақылап отырған адам бар. Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Назерке Жұмаділдинова ет қабылдап алғанда ветеринарлық-санитарлық қадағалау жұмыстарын жүргізеді.

Назира Жумадильдаева Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы
Назира Жұмаділдинова Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы / Фото informburo.kz

Жұмыс орыны "Әлем" сауда орталығының ішінде. Зертхана да осы жерде. Мұнда әкелінген еттердің құжатын тексеру, транспорттық тексеру, мүшеленбеген мал етінің құжаттарға сәйкестігін анықтау міндетіне жатады. Анықтамасы бары да жоғы да, талапқа сай сойылғаны да, арам өлген малдың еті болса да оның қолынан өтеді.
– Басты мақсатымыз күмәнді, жіліктенбеген еттің ішке кірмеуіне мән береміз. Күмәнді деп құжаты жоқ, шыққан жері белгісіз, мөрі жоқ, мүшеленбеген етті айтамыз. Ондай ет арнайы тіркелген зертханаға жіберіледі, – дейді ол.
Назеркенің айтуынша, бір қарап еттің сапасын оқыған маман да айта алмайды. Сондықтан қандай жолмен алынбасын "анықтамасы" бар, "мөрі" басылған ет "күмәнсіз" деп сатылымға өтіп кетуі де мүмкін.

Ресми таза анықтама небәрі 25-35 теңге тұрады

Мал арнайы орындарда сойылса, сол жерге бекітілген маман құжат береді. Ауылдық жерлерде ара қашықтыққа байланысты мал сойғысы келетін адам ветеринар-дәрігерді шақыруы керек.
Анықтама алғанда мемлекетке 25-35 теңге баж төлейсіз. Сондықтан анықтаманы сырттан сатып алудың қажеті жоқ деген Назерке Жұмаділдинова:
– Етті жеңіл көлікпен әкелсе, шара қолданамыз. Мен іште бақылау жүргіземін. Сыртта бұйрықпен бекітілген арнайы қызметкерлеріміз бар. Оларды ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің инспекциясы және ауыл шаруашылық басқармасы қадағалайды, – дейді ол.

Жабайы "соғым" базары. Қуып кетіре алмайсың, іздеп таба алмайсың...

Назерке Жұмаділдинованың айтуынша, бұлар заңсыз көшпелі "соғым базары", бұрын ескі базар аумағында жүретін. Ойларына келген жерде 70-80 машина болып шоғырланып алады. Қудалана келе көше бойын жағалап, қуыс-қуыстарда тығылып сата бастаған.
"Олар салық төлегісі келмейді, сылтаулары көп. Қайта-қайта қудалап, штраф салғаннан не түседі? Әйтеуір "Әлемнің" маңында жүргеннен кейін базардың басшылығымен келісіп, бақылауды жеңілдету үшін сол жерге шоғырландырылды. Ең болмағанда күнделікті түрлерін көріп отырайық, бұзылған ет болмауын бақылау үшін бастарын біріктірдік", – деп түсіндірді жағдайды Назерке...

цуакперн
Осындай саудаға үйренген / Фото informburo.kz

Айтуынша, "Әлем" базарының басшысы амалсыз келіскен, олардан көк тиын пайда көріп отырған жоқ. Ал әкімдік қосымша бақылауды күшейтпекші-мыс.
"Олар – баяғыдан бері заң бұзып келе жатқан адамдар. Криминалдық полиция, экологиялық полиция, ішкі істер департаменті, жергілікті полиция қызметі, Астана қаласының әкімдігі, ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитеті – бәріміз соларды қуумен жүреміз".

Сонымен, Астанаға ет қайдан келеді?

Астана қаласын етпен негізі Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қостанай облыстары қамтамасыз етеді. Ал Жамбыл мен Шымкенттен ет әкелуге тыйым салынған.
Ол жақтарда бұрын қауіпті ауру тіркелген. Құзырлы мекемелер ет тасымалына шектеу қойған.

Жабайы базар несімен жабайы?

Бұл жерге келген ет мұздатқышсыз, ашық-шашық, санитарлық гигена нормалары сақталмаған көлікпен тасылады. Тіпті тыйым салынған аймақтардан да әкелуі әбден мүмкін. Суға кеткен аймақтағы өлген мал еті болса да бір құдайға,әкелушіге аян нәрсе, оны анықтау қиын. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ.


Қайдан әкелінгені белгісіз еттер / Фото informburo.kz


Ол аздай, ашық-шашық тұрған еттің бетіне көліктен шыққан улы газ, қара түтін, көшенің бұрқыраған шаң-тозаңы қонады. Жазда шыбын-шіркейі тағы бар. Мұның бәрі ашық тұрған етті бүлдіреді. Мамандар көше саудасының адам ағзасына тигізетін зардабы мол екендігін ескерткенімен, елегісі жоқ. Ал, жабайы "базарда" білгендерін жасап тұрғандардың өзінің тазалығын тексеру керек, оларды санитарлық сертификат болмайтындықтан, сатып алушының сол жердегі қай сатушы сатқан өнімнен ауру жұқтырғанын дәлелдеу қиын.

Түйіндейтін болсақ...

Астана базарына ет әр аймақтан әр түрлі мөлшерде келеді. Қала бойынша тек бір айдың ішінде шамамен 300 мың тонна ірі қара мал еті, 650-670 мың тонна жылқы еті, 100 мың келіге жуық қой еті сатылымға түседі.
Ет әкелушілер де әр түрлі. Біреуі талапты орындап, салығын төлеп, заң аясында ет сатып күнін көреді. Екіншісі заңды елемейтін, базарда білгенін істейтін, алып-сатушы делдалдар. Ет малшыдан келіп, бірден сөреге топ етіп түсе қалмайды. Осындай 7-8 делдалдың қолынан өтеді. Әрқайсысы ортада пайда көріп қалуды көздейді.
Арада делдалдың көп болуының кесірінен ет тұтынушыға қымбат бағамен жетеді. Олар әкелген еттің сапасына, малдың ауру-сауына мән бермейді. Бағасына келіссе болды, анықтамасын да, мөрін де өздері үйлестіре салады.
Осылай адал ақшаңызға сатып алған етіңіздің қандай екенін бір құдай ғана біледі. Ол өлген малдың еті, не болмаса қауіпті індет жұқтырған малдың еті болуы әбден мүмкін екенін Назерке Жұмаділдинова да жоққа шығармады. Базардағы зертханалар да, мамандар да оны анықтауға қауқарсыз.

Алған етіңіз күмән тудырса не істеу керек?

Базардан алған еттен күмәндансаңыз, шағымдануға болады. Ол үшін азғана ет кесіп алып, суға қайнатып көресіз. Сорпасы мен иісінен бұзылған ет екенін аңғарсаңыз, сегіз сағат ішінде базардың зертханасына келіп, кері тексеруді сұрап, шағымыңызды айтасыз.
Ол жерде сатушының құжаттары мен еттері қайта сарапталады. Егер бұзылған ет екені расталса, ақшаңызды қайтарып береді. Сатушыға шара қолданылады. Айыппұл салынып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, алты айдың үшінде қайталанған жағдайда ол ет сату құқығынан айырылады.
Бұл жерде тек делдалдар мен сапасыз етті базарға жеткізгендер жазасыз қала береді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары