Тікелей эфир

Лондоннан – Созаққа. Сумен қамту саласына серпіліс әкелген жас маманмен сұхбат

Сурет wikipedia.org сайтынан алынды
Сурет wikipedia.org сайтынан алынды
Сумен қамтамасыз ету саласында автоматтандыру мен цифрландыру процесі қарқынды түрде жүріп жатыр, дейді сала маманы.

Биыл әлемді жаулаған коронавирус дерті небір мықты азаматтарды арадан алып кеткені мәлім. Әр салада табысты қызмет етіп жүрген көптеген маман өмірден озды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында коронавирус жұқтырған 11 адам қайтыс болған. Солардың бірі – ғұмырын агрономия мен сумен қамту саласына арнаған Қайрат Тастыбаев. Соңғы 15 жылда ол кәсіпорынның Түркістан филиалының Созақ өндірістік бөлімшесінің басшысы болды. Саланың қыр-сырын білетін азаматтың орнын кім басады деп жүргенде үлкен қаладағы табысты ісін тастап, шетелде оқу бітірген жалғыз ұлы бұл қызметке келді. Бүгін оқырманға қызмет жолындағы жоспары күрт өзгерген Қанат Тастыбаевпен сұхбатты ұсынамыз.

Қанат Тастыбаев Лондондағы Брунел университетінде экономика және каржыландыру мамандығы бойынша білім алған. Қаржы министрлігінде, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында тәжірибеден өтіп, "Astana Capital Advisors" акционерлік қоғамында жоба менеджері қызметін атқарған. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің су ресурстары кафедрасында қашықтан білім алуда.


Қанат Тастыбаев

Қанат Тастыбаев / Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасының тоқырауы және одан шығар жол

– Қанат Қайратұлы, сумен қамтамасыз ету саласына келуіңізге не себеп болды?

– Әкем Созақ ауданындағы су саласында ұзақ жыл жұмыс істеген, ауданның ауыл шаруашалығына қосқан үлесі көп азаматтардың бірі еді. Өкінішке қарай, қауіпті індеттің көлеңкесі біздің отбасына да түсті. Әйтпесе әкемнің осы салада атқарар істері әлі де көп еді. Оның тікелей басшылығымен ауданда суармалы жерлер артып, шаруа қожалықтары түрлі дақылдарды егу мүмкіндігіне қол жеткізген. Әкем 12-13 жасымнан бастап "сен де осы елге қызмет ететін азаматтың бірісің" деп қырға да, суға да қасынан тастамай алып жүретін. Шыны керек, мен ол кезде көп нәрсені толық түсінбедім. Бірақ, көзбен көрген дүние адамның есінде қалады екен. Сол себепті әке мақсатын орындап, алға қойған жоспарын және ізін жалғастыру мақсатында туған өңірге қызметке келдім.

– Сумен қамтамасыз ету мамандарының немен айналысатынын көпшілік біле бермейді. Бұл жұмыстың маңызын түсіндірсеңіз.

– Біздің ауданда қысқы-көктемгі жауын-шашыннан түскен суды су қоймаларына қажетті деңгейде жинап, жазда суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ететін жалғыз мекеме – Қазсушар. Су мамандары шаруалардың еккен дақылдарынан лайықты өнім алуы үшін суды жүйелі түрде жеткізеді. Сонымен бірге көктемде жиналған су жаздың ыстығында шаруаларға жеткілікті болуы үшін әрі су қоймасына қауіп төнбеуі үшін үздіксіз іс-шаралар атқарылады. Көктем-жаз айларында шаруаларға су жеткізумен қарқынды түрде айналыссақ, күз-қыс мезгілінде су қоймалары мен каналдарды келесі науқанға дайындау, яғни механикалық тазалау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қысқаша айтқанда, су мамандары жыл он екі ай су қоймаларының өз деңгейінде жұмыс істеуін қадағалайды. Су қоймалары аудан орталығынан 80-200 км қашықтықта орналасқан.

Салада қандай жұмыстар жолға қойылған? Сумен қамту ісі егіншіліктің дамуына қалай ықпал етуде?

– Созақ өндірістік бөлімше теңгерімінде 7 су қоймасы және 1 магистральды канал бар. Қазіргі таңда барлық нысандар күрделі жөндеуден өткен. Президент жарлығына сәйкес, электр желілері тартылып, автоматтандыру жұмыстары әкем Қайраттың бастауымен жүргізілді. Ол Шу суының ауданға тұрақты келуіне тікелей ықпалын тигізді. Бір айта кетерлік жайт, осыдан 5-6 жыл бұрын судың жеткіліксіз болуынан Шу, Жуантөбе елді мекендерінде жем-шөп азайып, халық тұрғылықты жерлерінен көшуге мәжбүр болған. Сол кезде әкемнің бастамасымен Созақ өндірістік бөлімше ұжымы су деңгейін жоғарылату мақсатында көп жұмыс атқарып, су жеткілікті мөлшерге жеткізілді.


Қайрат Тастыбаев

Қайрат Тастыбаев және кәсіпорын қызметкерлері / Суретті Қанат Тастыбаев ұсынды


Соның арқасында егіншілік те, мал өсіру де қолға толық алынды. Созақ ауданының жері сұр топырақты, құнарлығы төмен. Қысы өте суық, жазы ыстық. Бос жатқан тастақ жерді баққа айналдыру ауқымды еңбекті талап етеді. Бірақ, әкемнің агрономия саласындағы біліктілігімен қазіргі таңда "Гүлғайша" алма бағында жалпы көлемі 25 гектар жерде алма өнімінің 3 түрі, алмұрт, алхоры және шырынды жұмсақ жемістер өсіріліп жатыр. Созақ халқының жылда табиғи, химиялық тыңайтқышсыз өнім алатын жалғыз ғана бағы – осы "Гүлғайша". Кейде сырттан келген қонақтар бақты Созақ ауданының "оазисі" деп те атайды.

Оқи отырыңыз: Ауыл қалай жекешелендірілді?

– Өңірде қазір сумен қамтамасыз ету саласында қандай мәселелер бар?

– 2018 жылы Созақ ауданы коммуналдық жекеменшігінен Созақ өндірістік бөлімшесіне 5 магистральды канал өткен болатын. Олардың әбден тозығы жетіп, пайдалануға жарамсыз болып қалған. Осы себепті Созақ ауданы бойынша бекітілген егістік жердің 62 пайызы ғана су алу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда ақау актілері толық түзеліп, облыстағы басшылармен бірлесе ағымдағы жөндеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Егер ісіміз сәтті жүзеге асса, егістік алқабын толық қамтимыз.

– Орталық Азия елдерінде биыл жауын-шашынның аз түсуі әсерінен су тапшылығы орын алды. Мұның қандай қаупі бар?

– Биыл жауын-шашынның аз болуына байланысты біздің теңгерімдегі Біресек магистральды каналының су денгейі секундына 300 литрге (300 л/с) төмендеп, су тапшылығы орын алды. 31 шаруа қожалық иелері, яғни, жалпы көлемі 600 гектар егістік алқабы кезекпен және нормадан аз су алуға мәжбүр болған. Тамыз айында арна бойында күрделі механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, қосымша бұлақ көздерін аштық. Есесіне, су денгейін секундына 620 литрге (екі есе мөлшерге) көбейтіп, шаруа қожалықтарға тиесілі норма мөлшерінде су жеткіздік. Сөйтіп, егінді уақытылы орып алуға ықпал еттік.

– Салада жас мамандар аз болуы да өзекті мәселе. Жастардың бұл кәсіпке қызықпауына не себеп?

– Қазіргі заман – инновация заманы. Біздің өндірістік нысандарда соңғы жылдары жас та білікті мамандардың тапшылығы қатты білінді. Себебі, халықты сумен қамтамасыз ету процесі де серпінді түрде автоматизацияға көшуде. Су шаруашылығына қарасты нысандар автоматтандырып, жүйелерін дамыту және іске қосу жұмыстары іске асырылып жатыр. Су қоймаларын видеобақылау құрылғыларымен қадағалау, су босату шлюздерін автоматты түрде компьютер құрылғыларымен ашып-жабу және ағын су көлемін арнайы датчикпен орталықтан өлшеп, қадағалауға болады. Бұл су саласына цифрландыру келді деген сөз. Қазір cу қоймалары мен магистральды каналдар да пилоттық режимде осы құрылғылармен жабдықталған.

Су саласы дегенде көпшілік көзіне қолында күрек-шелегі, аяғында резенке етігі бар маман елестеуі мүмкін. Алайда, біздің мекемеге жас, көзі ашық бағдарламалаушы, автоматика саласындағы мамандар әбден қажет. Әзірше бізде ауылдың екі жас маманы келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Жасы 21-22-де, бірі IT маманы, бірі электрик. Жақында тұрғылықты жұмысқа аламыз. Қазіргі жастардың ойы озық, бойында қуат көп. Менің бір байқағаным олар осы потенциалын толық қолданғысы келеді. Сондықтан жастарға мүмкіндігін толық ашуға еркіндік беру керек деп санаймын. Сосын оларды ауылда ұстап қалу үшін инфрқұрылымды жетілдіре түсу қажет. Су құбыры, үздіксіз электрмен қамту, газ, жол салу, ғаламтор, спорттық және мәдени нысандар тәрізді ең қарапайым мәселелер шешімін тапса, елді мекендерде де мықты жастар еңбек етуге дайын.

Серіктестер жаңалықтары