Тікелей эфир

Ауыл қалай жекешелендірілді?

Фотоколлаж informburo.kz
Фотоколлаж informburo.kz
Қазақстан тарихындағы бірінші жекешелендіруге биыл 25 жыл. Экономистер ауылдан қалаға бет алған көшке де себеп болған осы науқан дейді.

Соңғы 10-15 жылда ауылын тастап қалаға көшiп кеткендердің саны 1,5-2 миллионға жеттi дейдi мамандар. Алдындағы азды-көптi жерiнен айырылған соң шаруалар қаңыраған ауылдарын тастап, қаланың жұмыссыздары мен баспанасыздарының қатарын көбейтiп жатыр. Қазiр ауылға бара қалсаңыз, әр түтiндi күзетiп, көштен қалған кемпiр-шалды ғана көретiн күнге жеттік.

Мұның бәрін саясаттанушылар күні кешеге дейін нарықтық қатынастарға бiржақты қарап, жекешелендiрудiң солақай жүргiзiлгендiгiнiң салдары деп түсіндіріп келген еді. Ал бүгін сол саясаттың астарын ашып айта бастады.

1994-2015 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған экономист Мырзакелді Кемел ТМД елдерінде бір мезгілде жүргізілген бұл науқанға халықаралық қаржы ұйымдары мүдделі болғанын, тіпті шет мемлекеттердің қысымымен жүргізілгенін айтты.

Ішкі фактор Ресейдегі ахуалға тәуелді болды

Қаржыгер Дәулет Сембаев кіріс бөлігінің кенеттен қысқаруына байланысты бюджеттік саясатты қолайсыз экономикалық жағдайларға жедел бейімдеу қажет болғандықтан аман қалу стратегиясы іске асырылғанын айтады. Оның үстіне экономикалық реформалардың бірінші кезеңінде Қазақстан рубльдік аймақтан шықпаған еді. Сондықтан ішкі фактор Ресейдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайлардың өзгеруіне тәуелді болды.


Дәулет Сембаев, қаржыгер

Дәулет Сембаев: Жекешелендіру саласындағы кемшіліктерге қарамай, белгілі бір нәтижеге қол жетті / Фото Форбес журналы сайтынан алынды


– 1993-1995 жылдары 15 мыңдай кәсіпорын жекешеленді. Инвестициялық жекешелендіру қорлары (ИЖҚ) ашылып, тұрғындарға чектер бөлініп берілді, – дейді Дәулет Сембаев.

Дәулет Сембаевтың айтуынша, жекешелендірудің бұл формасының экономикалық емес, әлеуметтік-саяси мотивтері болыпты. Қазақстанда меншік инвестициялық купондар арқылы жекешелендіріп, инвестициялық жекешелендіру қорына салынды. Ресейде ваучер, Өзбекстан мен Белорусияда КСРО жүйесінің формасында болды. Ұжымдық келісімнен шыққан адамның меншігі ұжымның пайдасына өтеді.

Экономистер оған Қытайдың экономикалық моделі деп баға беріп жүр.

– Жекешелендіру саласындағы кемшіліктерге қарамай, белгілі бір нәтижеге қол жетті. Бастысы – экономиканы басқаруда мемлекет рөлінің азаюы, нарықтық экономикаға бейімді жаңа шаруашылық субьектілерін құру болды, – дейді Дәулет Сембаев.

Жекешелендірудің төрт кезеңі

Мырзакелді Кемел тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығындағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру үдерісін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болатынын айтады. 1991-1992 жылдардағы жекешелендіру науқаны тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді.

Ал екінші кезең – 1993-1995 жылдар арасы. Бұл кезде 1993 жылғы 5 наурыздағы Президенттің Жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасындағы 1993-1995 жылдардағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің ұлттық бағдарламасына" сәйкес жүзеге асырылды.

Ал үшінші кезең 1996-1998 жылдар арасын қамтыды.


Мырзакелді Кемел, экономист: Тәуелсіздік тарихына №1 болып енген жекешелендіру науқаны туралы ел ішіндегі әңгіменің ақиқаты емес, дақпырты басым

Мырзакелді Кемел / Фото enu.kz сайтынан алынды


– Тәуелсіздік тарихына №1 болып енген жекешелендіру науқаны туралы ел ішіндегі әңгіменің ақиқатынан гөрі дақпырты басым. Соңғы кездері ол тым саясиланып кетті. Ресми билікке сын айтатындардың басым көпшілігі оған алдын-ала дайындықсыз кіріскенімізді айтады. Шетелдік қаржы ұйымдарының ықпалымен жүргізілгені туралы ақпараттар аз емес. Қазір бұл деректерді ашық айту керек, – дейді ол.

Осы тұста Мырзакелді Кемел ЕО мүше елдерде, АҚШ пен Батыс елдерінде тек қана ірілендірілген фермаларға ғана басымдық берілетінін, мемлекеттік субсидияның тек соларға бөлінетінін айтып өтті.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның шаруа қожалықтарында болдым. Онда хуторлық жүйе әлі күнге дейін сақталған. Орталықтан алыс тұратын неміс шаруалары малын ауыл сыртындағы бәріне ортақ үлкен фермаларда – хуторларда ұстайды. Мал күтімімен айналысатын мамандармен қамтамасыз ету мемлекеттің жауапкершілігінде. Субсидия да, табыс та мал басына қарап белгіленеді. Неміс шаруларының "Бүгін бір мал төлдеді. Бұзаудың атын қойып, құлағына ен тағайық" деп ватсап желісімен хабарласып жатқанын талай рет көрдім. Мұндай хутор немістің әрбір елді-мекенінде бар. Неміс сүт өнімдерінің ЕО елдерінде жоғары бағаланатыны және сұранысқа ие болу себебі осы, – дейді Мырзакелді Кемел.

Өзбектер мен белорусьтер басқа жолмен кетті

Саясаттанушы Расул Жұмалы Белорустегі науқанның да өзбек сценарийіне көбірек ұқсайтынын айтады. Билік осы жол арқылы мемлекеттік меншіктің талан-таражға түсіп кетуіне жол бермеген. Тіпті қазір Белорусия жекешелендіру процесін тоқтатып тастаған. 2017 жылдың қортындысы туралы мәлімет жоқ. Елдің қаржы министрлігі ұсынған мәліметте экономикадағы мемлекеттің үлесі 75 пайыз.


Расул Жұмалы: Ауыл 1990 жылдардағы шок-терапиясынан әлі айыққан жоқ

Расул Жұмалы: Ауыл 1990 жылдардағы шок-терапиясынан әлі айыққан жоқ / Фото Фейсбуск әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды


– Белорусьте КСРО-дағы өндіріс кешендерінің 22 пайызы орналасқан-ды. Бұл шетелдік инвесторлардың да, халықаралық қаржы ұйымдарының да қызығушылығын туғызуы тиіс еді. Екі елдің президенттері шетелдік инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарының қысымын қалай айналып өткені бізге жұмбақ. Екі елдің де экономикалық жағынан ұтылған тұстары көп. Бірақ уақыттан ұтты. КСРО-дан қалған зауыттарды сақтап қалды. Жетілдірді. Қазір өзбек пен белорусь экономикасының шикізаттық емес секторына инвестиция салғысы келген инвесторлардың қарасы көп, – дейді Расул Жұмалы.

"Ауылдағы жағдайды нарықтың өзі реттейді" деген нарық заңдылығына мүлдем кереғар пікірден Үкімет әлі арылған жоқ"

Академик Ғани Қалиев сонау 1990 жылдардың тасасында қалған оралымсыздықтар жайлы осылай дейді.


Академик Ғани Қалиев: Халық "Үкімет өлтірмейді" деп сенді

Ғани Қалиев: Халық "Үкімет өлтірмейді" деп сенді / Фото Казинформ


– Жекешелендіру басталып, үлес бөлу кезінде аудан, совхоз, колхоз басшыларының мемлекеттік меншікті өздеріне қаратып алып жатқан кездерінде де халық "Үкімет өлтірмейді" деп сенді. Сенді де, көз алдында өтіп жатқан заңсыздықтарға жайбарақат қарады. Жоғары олимпте отырған тұлғалардың нарықтық сауатсыздын жеке мүдделеріне пайдаланған үркердей топ "Банкроттық туралы" заң арқылы халықтың жері тұрмақ, тесік дөңгелегінде дейін өзіне қаратып алды, – дейді ол.

– 1990 жылдары бір топ ауылшаруашылығы мамандары, экономистер Елбасына "кеңестік ұжымшарларды ұжымдық шаруа шаруашылықтарына айналдырмайынша, мұндай бей-берекетсіздіктің жолын кесу мүмкін емес" деген ұсыныспен шықтық. Бұл мәселе Елбасының назарына жеткенмен, одан төмен тұрған құзырлы орындардың көлеңкесінен аса алмады, – дейді Ғани аға.

"Мүлiктiк, жер үлесiңдi алдың ғой. Ендi саған не керек?!"

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, ауылшаруашылығының маманы Тоқтар Есiркепов ауылдың тоналуын былайша еске алады:

– Ол – малти бiлмейтiн жас баланы суға лақтырып жiбергенмен бiрдей процесс едi. Мен осы реформалардың басынан аяғына дейiн қатыстым. Нарыққа өту дегенiмiздiң өзi алапат, үлкен процесс болғанымен, бiзде көбiнесе жекешелендiруге көңiл бөлiндi. Үкiметтiң ұстанған саясаты: "Мүлiктiк, жер үлесiңдi алдың ғой. Ендi саған не керек?!" деп халыққа бәрін итере салудан әрі аса алмады, – дейді Тоқтар Есіркепов.


Тоқтар Есіркепов: Үкiмет "Мүлiктiк, жер үлесiңдi алдың ғой. Ендi саған не керек?!" дегеннен әрі аса алмады

Тоқтар Есіркепов / Фото azattyq.org


Қалалықтар үшiн ауылдықтардың мүддесi құрбандыққа шалынды

Тоқтар Есіркеповтың пайымдауынша, барлығы мынадан өрбіпті.

– Мемлекет 1994 жылға дейiн астық, ет өндiрушiлерге мемлекеттiк тапсырыс берiп тұрса да бағаны еркiн айналымға жiбермей, қолдан ырықтандырған. Ал техника, жанар-жағар май секiлдi қажеттi нәрселердiң бағасы шарықтап кеткен.

Ауыл шаруашылығы өндiрушiлерiнiң өнiмдерiнің бағасын мемлекеттiң жасанды түрде, қолмен ұстап тұруын сол кездегi премьер С.Терещенко: "Бiз қалалықтардың жағдайына бiрден керi әсер етпесiн деп, ауылдағы өнiм бағасын босатпай отырмыз" деп түсіндірген. Сонда, қалалықтар үшiн ауылдықтардың мүддесiн құрбандыққа шалған саясат болды бұл.

"Бутя-Капиталды" тексерді. Қалған 168 қор неге тексерілмедi?

Ауылдағы қаймана қазақтың маңдайындағы болмашы несібе "Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан" деген қағидамен хан-талапайға салынды.

– Бiрақ, қалтасында ақшасы, алатын несиесi, Үкiметтiң көмегi болмаса, жаңадан құрылған қожалықтың шаруасын дөңгелетiп әкететiн қауқары қайдан болсын? Нәтижесінде түйткілдер құрсауында шырмалған ауыл ақыры өз қасіретінде өзі тұншығып жатты. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Бутя-Капиталды" тексерді. Қалған 168 қорды неге тексермейдi?

Мен қазiргi компания, банктер орналасқан офистердiң кiмге тиесiлi екенiн бiлемiн. Бұлардың барлығы – кезiнде купонға салынған ғимараттар. Сол компаниялар қазiр де ешқайда кете қойған жоқ. Кейбiрi, банкрот болған да шығар, кейбiрiнiң жабылуы да мүмкiн. Бiрақ, Үкiмет сол купондық қорларға қатысты есебiн әне беремiз, мiне беремiз деп ақыры сиырқұйымшақтандырып жiбердi.

Билiктегiлер сол кездегi ахуалды: "Уақыт сондай едi. Капитал алғаш пайда бола бастаған сәтте солай болады. Мәселен, Англия да осыны бастан өткерген. Алғашында жеңiл өнеркәсiп дамыды делiк, сосын оны ұстап тұру үшiн жүн керек болды. Жүндi өндiру үшiн мал басын көбейту қажет едi. Ал мал басын көбейту үшiн шаруаны жерiнен ығыстыру керек болды" деп түсiндiрiп, ақталмақ та болады. Бiрақ, бiзде Англиядағыдай жабайы капитализм болған жоқ қой. Бiзде қанша кәсiпорын бар, соның барлығы да мемлекеттiң меншiгiнде едi. Сондықтан, мемлекеттiң өзiн өзi ақтап алғысы келуi дұрыс емес, – дейді Тоқтар Есіркепов.

Экономистер жер реформасы басталғаннан бері жер құқығы өзгеріп отырғанын айтады. Себебі 1990 жылдардың бас кезінде жер иеленушілер иелігіндегі жер үлесін соңына дейін мұрагерлікке қалдыра алатын. 1995 жылдары жарияланған жарлықтарда жерді тұрақты пайдалану деген баптар пайда болды.

– Осыған орайластыра шыққан Үкімет қаулысында "Жер жекеменшікке кетпейді, тек пайдалану құқығын сатып аласыңдар" делінген. Ал 2003 жылдарға дейін жерді тұрақты пайдалану құқығын сатып алып келген топтарды 2003 жылы қабылданған Жер кодексі туралы заң жер иесі деп заңдастырып берді, – дейді Тоқтар Есіркепов.

Шаруа "шаруа" деген атынан айырылды

Экономистер Үкіметтің айтқаны орындалатынын байқаған соң, жеке меншік институтын енгізген кезде нені еске ұстау қажеттігін айтып, халыққа тиімді деген бес шартты ұсыныпты. Соның ең алғашқысы – колхоз-совхоз жекешеленген кезде өз үлесін алған шаруаларға жердi тегiн берейiк деген ұсыныс болыпты. Бiрақ, Үкiмет бұл ұсынысты қаперге алмаған.

– Бұл жерде Үкіметтің біздің тәжірибеміз болмады деп ақталуы қисынсыз. ТМД елдерінің бәрінде жер шаруаларға бөлiнiп берiлген. Тіпті Ресейде де. Шаруа дегенiмiздiң өзi жерiмен ғана шаруа ғой. Бiзде шаруаны "шаруа" деген атынан айырды. Жердi сатып алуға мiндеттедi. Бiрде бiр ел өз шаруасына жерiн сатқан жоқ. Үкіметтің жер үлесі деп берген құжатының шикі болып шыққанын уақыттың өзі көрсетті. Жердің нарықтық бағасы болмағандықтан, құжат иелері өз акцияларын жарғылық қорларға салды. Колхоз-совхоздар тараған кезде Үкіметтен жер үлесін алған адамдардың саны 2-3 млн болса, солардың тең жартысы жерін жарғылық қорға салып, орнын сыйпап қалды. Тек 20 пайызы ғана шаруа қожалықтарын құра алды, – деп еске алады Тоқтар аға сол кезеңдер жайлы.

Тоқтар Есіркепов ауылшаруашылығы министрлігінің соңғы кездері Жердің құнарлылығы туралы заң жобасын әзірлеп, ауылшаруашылығы жерлерінің жалға беру тетіктері туралы өз зерттеулерін жариялағанын еске түсірді. Үкімет 1990 жылдардағы жекешелендірудің салдарынан берекесі кетіп қалған ауылдың жағдайын көтеруге дайын болмады дейді ол.

– Қазақстандағы ауылшаруашылығындағы жердің 98,7 пайызы жекенің қолында. Жерді жалға беру бойынша бөлек заң қабылдауымыз керек. Министрлік жалға беру құқығын реттеуде қауқарсыз. Жалға беру туралы бөлек, шағын әрі ықшам заң қабылдаған жөн деп ойлаймын. Жердің жағдайы қандай, құнарлылығы кетіп қалмады ма деген мәселе бізде зерттелмеген.

Құлаққа кірмеген ұсыныс Үкімет дәліздерінде қалды

Академик Ғани Қалиев 1990-1993 жылдар аралығында "Жекеменшiкті енгiзбеу керек" деп айта-айта шаршағанын айтады.

– Колхоз-совхоз жекешеленген кезде, 2,3 млн адам өзiнiң жер үлесiн алған. Олардың құжаттары болатын. Экономистер соларға жердi тегiн берейiк" деген ұсыныспен шықты. Бiрақ, Үкiмет ғалымдардың ұсынысын құлаққа да ілмеді. Құлаққа кірмеген ұсыныс Үкімет дәліздерінде қалды, – дейді ол.

– Алысқа бармай-ақ ТМД кеңістігіндегі елдердiң барлығында дерлiк, (Өзбекстан мен Белорусьті айтпағанда), жер шаруаларға бөлiнiп берiлген. Ресейде 1990 жылы жер тегiн берiлдi. Тек бiзде, Қазақстанда ғана өз шаруасына жерi тегiн берiлген жоқ. Шаруа дегенiмiздiң өзi жерiмен ғана шаруа ғой. Бiзде шаруаны "шаруа" деген атынан айырды. Жердi сатып алуға мiндеттедi. Бiрде бiр ел өз шаруасына жерiн сатқан жоқ. Ғаламдастыру процесi жүрiп жатқан кезде ұлттың жойылып кетуi мүмкiн деген мәселе тұр. Әзірге қазақ ұлтының да, қазақ тілінің де Алтын Ордасы – Алматы мен Астана емес, биліктің оң қабағынан қағылып отырған қазақ ауылы. Құндылықтарды бауырына басып отырған қасиетті ордадағылар береке-құтынан айырылып, қалаға қарай бет алды.

Қазақ ауылы: тонаған кім, тоналған кімдер?

Дипломат-экономист Сайлау Батыршаұлы ауылды жекешелендірудің салдарынан жұрттың бәрiнің сауда жасап, көшеге шығып кеткенін еске түсірді.


Дипломат-экономист Сайлау Батыршаұлы: Сол кезде мемлекет iшкi миграция туралы заң қабылдауы керек едi

Сайлау Батыршаұлы / Фото Айтжан Мурзановтың жеке архивінен алынды


– Сол кезде мемлекет iшкi миграция туралы заң қабылдауы керек едi. Сонда ауылдан қалаға жөңкiлген жұрттың әлде ауылда қалатынын, әлде Ресейге, Германияға көшiп кеткендердiң орнын басу үшiн солтүстiкке бағыт түзейтінін, әйтеуір қайда баратынын айқындап алуы керек едi. Солтүстiк жақта жұмыс күшi әлi де жетiспейдi. Оңтүстіктің тұрғындарын солтүстік аймақтарға көшіру өте кеш қолға алынды. Базарға шығып кеткен жұрт әлi де өлместiң күнiн көрiп жүр. Мемлекет жұмыс орнын ашып, оларға жағдай жасауы керек едi. Әу баста жіберген қателіктерінен сабақ алудың орнына әлі де баяғы әуеніне салып, "нарық реттейдi" деп отыр, ауылдың тағдырын қайнап тұрған қара қазанға салып жiберді, – дейді Сайлау Батыршаұлы.

Ауылдан қалаға қарай үлкен көштің басталуы заңды құбылыс. Ғаламдастыру, бүкiләлемдiк еңбек бөлiнiсiне, елдiң Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына (ДСҰ) кiруiне байланысты ауылдардан қалаға миграция процесiнiң жүруi жалғаса бермек.

– Бiрақ, оған бiрден емес, ақырындап жылжуымыз керек. Ішкі миграцияны реттеу жайлы әңгіме Үкімет қабырғасында енді қозғала бастаған сыңайлы. Қазір аталарымыз айтқандай елу жылда емес, бірер жылда ғана ел жаңа, жұрт қазан болып тұр,– дейді Сайлау Батыршаұлы.

Мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті экономика кафедрасының профессоры Ғалымжан Мәдиев жайылымдық жерлердің тапшылығы оңтүстік аймақтарда қатты сезіле бастағанын өзінің "Заң" газетіне берген сұқбатында айтты. Бұдан шығатын жол ұсақ шаруашылықтардың іріленуінде екен. Бұл ауылға да, үкіметке де тиімді көрінеді.

"Ауыл шаруашылығына серпін беру мақсатында біз осы уақытқа дейін бірнеше бағдарлама қабылдап, мемлекеттің қолдауын да сезіндірдік. Ауылда кәсіппен айналысар қауымға жеңілдіктер беру жүйесін де жетілдірдік.

Мамандар Қазақстанда 7002 ауыл бар, оның 4258-нің даму потенциалы орташа, 102 ауылдың келешегі бұлыңғыр деп, ал 32 ауылдың қаңырап бос қалғанын айтып жатыр. "Халықтың 47 пайызы әлі де болса тұратын ауылда тұрғандықтан, мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек" деген пікірдің бәсі басым бола бастады.

Ауылға бағытталған қолдауды сезіну үшін ұсақ шарушалықтарды ірілендіру керек. Себебі мемлекеттен бөлінген субсидияның басым көпшілігі тек ірі шаруашылықтарға бөлінеді де, бес-алты малын қорасына байлап, бағып отырған ұсақ шаруа тағы да шөміштен қағылып қалады", дейді Ғалымжан Мәдиев.

Ғалымжан Мәдиев кооперацияны дамыту мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріле бастағанын айтады. 1990 жылдардың бас кезінде жекешелендіруден ес жия алмай жатқан ауылдың еңсесін кооперация ғана көтере алады екен.

Кооперация, бірігу алдымен ауылдағы ресурстық әлеуетті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Шоғырландырылған өндірісте еңбек өнімділігі жоғары болады. Шаруа­шылықтарды ірілендіру инновациялы технологияны пайдалануға жол ашады. Ұсақ шаруашылықтардың өз алдына техника сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Егер іріленсе, олар қаржыларын біріктіру, сондай-ақ, мемлекеттік қолдауға ие болу арқылы материалдық базасын нығайтып, өндірісте техниканы пайдалануға қол жеткізеді.

Халық біріккісі келеді, бірақ сенбейді

Ғалымжан Мәдиевтың пайымдауынша, бірігуге халық ынталы, мәселе қарқын алып кете алмай отыр. Қолдағы барынан айырылып қалудан қорқады. Ауылдағы ағайын 1990 жылдардың "шок терапиясы" синдромынан әлі айыққан жоқ. Оның ойынша, бүгінде қайта өңдейтін кәсіпорындар өз қуаттарын толық көлемде пайдалана алмай отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаны жоғарылату арқылы ынта қалыптастырсақ, қайта өңдеу кәсіпорны жұмысына жан кіріп, шикізатпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл шетел тәжірибесінде бар. Мем­лекет тарапынан қолдау ретінде біріккен кооперативтерге техника сатып алуға субсидия, сондай-ақ, жеңілдетілген несие бөлу – оның дамуына серпін берер еді. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан жерге, малға берілетін субсидиялар осы проблемаларды шешуге мүмкіндік тудырмай отыр. Субсидия тек ірі шаруашылықтарға ғана беріледі. 1990 жылдары тоналған ауылды құрдымға кетіруге тек кооперация ғана жол бермейді.

Ресейлік экономист Сергей Шахрайдың айтуынша, Қазақстан 1990 жылдардың басында халықаралық ұйымдардың қысымымен өткен №1 жекешелендіруден қорытынды шығаруға тырысу арқылы енді ғана ауыл тұрғындарының мүддесіне бет бұрып жатыр.

Апта басынан бері Ресей басылымдары осыдан 25 жыл бұрын басталған жаппай жекешелендірудің осы күнге дейін жұмбақ болып келген қырларын жіліктеп, сараптап жатыр.

– Біз Қазақстандағы процестерді сырттай бақылап отырамыз. Қазақ Үкіметі шаруашылықтарды ұсақтардың есебінен ірілендіруге талпыныс жасап жатыр. Бұл – ұзақ процесс, – дейді Сергей Шахрай бізге.

Ауылдың еңсесін көтеру үшін бұдан өзге жол жоқ

Саясаттанушы-әлеуметтанушы Расул Жұмалы Үкімет ұсақ шаруашылықтарды субсидиядан қысу арқылы ірі шаруашылықтармен біріктіру ниетін қолдайтынын айтады.

– Қазақстанда жекенің қолына өткен суармалы жер туралы мәлімет аз. Бірі – 5 пайыз, екіншісі – 10 пайыз дейді. Қалғаны ұзақ уақытқа жалға берілген. Ресми дерек елдегі мал басының 80 пайызы жекенің қолында екенін айтады. Жекенің қолында мал болғанмен, технология жоқ, ғылым жоқ. Жекенің қолындағы ірі қара мал немесе ет-сүт өнімдері қара базарлар арқылы көлеңкелі экономиканың көрігін қыздырып жатыр. Қазақстандағы сүт және сүт өнімдерінен түрлі бала тағамдарын жасайтын зауыттар ең алдымен ірілендірілген шаруашылықтардың ұсыныстарына басымдық береді, – дейді ол.

Ауыл 1990 жылдардағы шок-терапиясынан әлі айыққан жоқ

Расул Жұмалы да ауыл әлі 1990 жылдардағы шок-терапиясынан әлі айықпағанын айтады. Колхоз-совхоздардың меншігі болып келген жер, техника бір сәтте басшыларының қолында кеткенін көрген ел ширек ғасырда бауыр басып қалған барынан айрылып қалудан қорқады.

–1990 жылдары 70 сотық жерге ие болып қалған қара бала бүгінде балалы-шағалы жігіт ағасына айналды. 7-8 баласы бар үйге пай үлесі деп берілген техника әлдеқашан тозып бітті. Ауыл ендігі жерде қорадағы малын байлап күн көруге болмайтынын біледі. Сондықтан, ұсақ шаруашықтарды ірілендірместен бұрын жоғарыда айтып өткен шок-терапиясынынан айықтырып, сенімсіздік синдромын сейілту керек. Ауылдағы ағайын қолындағы барынан айырылып қалудан қорқады. Шаруашылықтарды ірілендіруді барынша сақ жүргізу керек. Содан соң ұсақ шаруа қожалықтарымен бірігу арқылы ірілендірілген ферманың әрбір мүшесінің меншік құқы, табысы заңмен белгіленуі керек. Мәселені бірінші басшының біліктілігі шешеді. Мүмкін, жекешелендіру туралы заңға өзгерістер енгізу керек шығар, – дейді Расул Жұмалы.

Ауылдың жүгін қала жеңілдетеді ме?

Экономист Мырзакелді Кемел "балаларды қалаға жіберу керек" деген пікірде.

– Ауылдың баласына ауылда жүру шарт емес. Қалаға барсын, токарь, даяшы, инженер болсын. Мысалы, бір Мақтааралда жыл сайынғы өсім – 11 мың адам, оның жартысы – табиғи өсім болса, жартысы – Өзбекстан, Иран, Ауғанстаннан келіп жатқан оралмандар. Аудандағы халық саны – тіркелгені-тіркелмегіні бар, 300 мыңнан асып жығылады. Жыл сайын осылай қосыла берсе, жақын он-он бес жылда ауданға халық сыймай кетпей ме? Осыны неге айтпаймыз, түсіндірмейміз? Ұрпағының келешегін ойлағандар бір баласын болса да қалаға жіберсін, сол баланы ауылдағы балалармен салыстыра қарап, қалаға қарай ағылудың керектігін аз жылда-ақ түсінеді, – дейді экономист-ғалым.

Рас, кез келген елді мекенді инфрақұрылыммен жабдықтауға бай мемлекеттердің де шамасы жетпейді. Кейбір аймақтарды болашағы бар деп танып, оған басымдық беру нарық заңдылығы. Болашағы жоқ деп табылған елді мекендерді жасанды түрде қолдан сақтап қалуға болмайды. Себебі ауылға жұмсалған қаржы он-он бес жылдан кейін ғана қайтарыла бастайды. Жойылуға жататын елді мекендер дәл қазір шаруашылық жағынан пайда алып келуі, тіпті қазір болашағы жоқ деген елді мекендердің күні ертең шағын қалаларға айналуы әбден мүмкін. Оған уақыт қажет.

– Қазір біз Ресей бастан кешкен кемшілікті қайталап жатырмыз. Ресей бізбен салыстырғанда, есін тез жыйды. Олардың "жаңа орыстары" өздерін "боярлар мен помещиктердің ізбасарымыз" деп санайды. Дәулеті жеткендері өздері тұратын ірі қалаларға 200-300 шақырым қашықтықта орналасқан қараусыз жатқан аймақтардан 500-700 гектар жерді сатып алып, маусым кезінде қаладан шақырылған жалдамалы жұмысшылардың көмегімен шаруашылығын жүргізуді қолға ала бастады. Ерте ме, кеш пе, бұл үрдістен қазақтар да аттап кете алмайды. Бұл ішкі миграцияны эволюциялық жолмен реттейді, осы арқылы қала ауылдың жүгін жеңілдетеді, – дейді Мырзакелді Кемел.

Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешімді екі жақ та күтеді

Қазақстандағы ірі қараның 80 пайызы жекенің қолында болса да ет-сүт өнімдерін дайындайтын зауыттар шикізатты ірілендірілген шаруашылықтардан алады. Себебі олар жекенің қолындағы ет-сүт өнімдерінің сапа сертификатына сай келетініне сенбейді. Алматыдағы Danon сүт өнімдері зауытының эксперті Бауыржан Айсауытов Қазақстандағы сүт зауыттарының көпшілігінде жеке фермасы және мал жайылымдық жері бар екенін айтады. Ал жайылымдық жері мен фермасы жоқтар сүт шикізатын тек ірі шаруашалықтардан алады.

– Ал жекенің қорасындағы малдың ет-сүт өнімдеріне ешкім сапа сертификатын бере алмайды. Ол үшін малдың жем-шөбінің құрамы, жылдың қай уақытында екпе жұмысының жүргізілгені және мал қорасының гигиеналық тазалығы көрсетілуі тиіс. Жекеде ондай мүмкіндік те, технология да жоқ. Біз ондай тәуекелге бара алмаймыз, – дейді Бауыржан Айсауытов.

Сүт зауыты өкілінің осы сөзі мемлекеттің жекеге ықылас танытып отырмау себебін таратып берді. 25 жылдан бері бауыр басып қалған меншігін ортаға қосуға ауыл әрі асығар емес. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешімді екі жақ та күтеді.

– Малын қорасына қамап бағып отырған ауылға да, ірілендірілген шаруашылықтардың қарасын көбейту үшін ұсақ шаруаларды субсидиядан қыса бастаған Үкіметке де кері шегінетін жер жоқ. Алдымызда Дүниежүзілік Сауда Ұйымы, ашық нарық. Онда тек бәсекеге төтеп бере алатындарға ғана орын бар, – дейді Расул Жұмалы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары