Тікелей эфир

Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Алдын ала сақтанамын десеңіз? Дәрігердің кеңесі

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Көзіндегі қысымнан кез келген адам глаукомаға шалдығуы мүмкін. Су қараңғылық дейтін бұл дерттің қалай пайда болып, қалай дамитыны туралы біле жүріңіз.

Қазақстанда көз ауруларының статистикасы көп айтылады. Бірақ, құр статистиканы сапырып, көзі көрмей қалып жатқан балалар мен ересектердің санына бас шайқап отырумен мәселе шешілмейді. Сондықтан, көз дәрігеріне жолығып, алдын алу туралы біліп, ауру белгілерін анықтадық.

Қазақтарда ең көп кездесетін көз ауруы қандай?

Медицина тіліндегі "глаукома" терминін қазақшаласақ, көздегі қысымның салдарынан пайда болатын су қараңғы соқырлық дейді екен.

Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?

Іnformburo.kz тілшісімен әңгілемескен жоғарғы санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақ көз ауруларын зерттейтін ғылыми-зерттеу институты Астана филиалының маманы Руслан Жақыбеков көздегі қысымның ең ауыр салдарларын атады.

– Глаукома аурының екі түрі бар – ашық және жабық. Ең жаманы – ашық глаукома. Бұл кезде адамның көз қысымының көтерілгені білінбейді, ауырмайды, ұзақ уақыт жақсы көріп жүре береді. Яғни, сезілмейтін ауру. Бірақ, көздің ішінде өте жоғары қысым пайда болып жатады, – дейді маман.

Бұл аурудың белгісі көз жанарындағы көру талшықтарының 30 пайызы өлген кезде ғана аздап сезіле бастайды. Содан кейін дерт тез дамиды. "Міне, адамның көбі су қараңғылық ауруының дамып жатқан сатысында және әбден асқынған сатысында қаралады. Ең асқынған сатысында адамның көзі жан-жағындағыны көрмейді. Қарапайым мысалмен айтсам, кішкентай түтікшеден сығалап тұрғандай ғана көру дәлізі қалады. Бұл кезде көру жүйкелеріндегі өлген клеткалар қайта қалпына келмейді. Яғни, адамның көзі көрмей қалады", – дейді көз дәрігері.

Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі

Көздегі қысымның кесірінен туындайтын бұл аурудың осы ауыр түрі азияттықтарда, соның ішінде қазақтарда жиі кездессе, екіншісі, ерте байқалатын түрі еуропа ұлттарында кездеседі.

– Су қараңғылықтың екінші түрінде адам ауруды ерте сезінеді, көзі ауырып, басы айналып, құсқысы келеді. Басы қатты ауруы мүмкін. Ауру ерте білінетін болған соң, су қараңғылықтың бұл түрін уақытында емдеуге болады, – дейді Руслан Жақыбеков.

Ауру сезілмесе, соқырлықтан қалай сақтанамыз?

Көзәйнек кимей, кітап оқып, компьютер мен телефонға неше сағат телмірсек те, көзіміз ауырмаған соң, сіз де, біз де "ертең көрмей қалмаймын ба" деп қорықпай отыра береміз.

Оқи отырыңыз: Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?

Дәрігер айтқандай, глаукоманың ең жаман түрі ұзақ уақыт белгісін білдіртпей, дамитын ауру. Бірақ, солай екен деп бейқам жүруге болмайды. Кез келген адам, әсіресе, жасы отыз-қырықтан асқанда жылына бір рет көз қысымын өлшетіп отыру керек.


Көздің қысымын уақытында анықтамаса, арты соқырлыққа апарады

Көз қысымын уақытында анықтамаса, арты соқырлыққа апарады / abzac.cc сайтынан алынды


– 2015-2016 жылдары "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы бойынша халық жалпы скрингтен өткен кезде, мыңдаған адамның көзінде қысым бары анықталып, алдын ала емдеген болатынбыз. Ерте анықтаған кезде аурудың екі түріне де тамшы тамызып емдеп алуға болады. Көбіне, бұл ауру қырықтан асқан адамдарда көп кездеседі, сондықтан, отыз бен қырықтың арасында скринингтен өткені абзал, – дейді дәрігер.

Көз қысымын өлшету отыз секунд уақытты алады

Көз – әрине өте нәзік орган. Оған қатысты процедуралардан адамдардың қорқатыны да содан шығар. Бірақ, медицинаның дамуымен көз ауруларын оп-оңай анықтайтын аппараттар да пайда болған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек

Мәселен, менің көзімнің қысымын анықтау үшін отыз секунд, алыстан не жақыннан нашар көруімді анықтау үшін бес минуттай уақыт кетті.


Көз қысымын өлшейтін аппараттар еш залалсыз

Көз қысымын өлшейтін аппараттар еш залалсыз / sobitie.com.ua сайтынан алынды


Яғни, көз қысымы еш қолайсыздық тудырмайтын аппаратта өлшенеді. Екі көзіңізге кезек-кезек жел үрлегендей болады. Ал аппараттың келесі жағынан қай көзіңізде қандай деңгейде қысым бар екені қағазға басылып, дайын тұрады. Руслан Жақыбековтің айтуынша, көздегі қысым "22" деңгейінен асса, дабыл қағу керек. Ондай адамдарды әрі қарай тексеріп, су қараңғылық ауруының ашық не жабық түріне шалдыққанын анықтайды.

Су қараңғылық сәбилерде де кездеседі

Глаукома – ересектерде ғана емес, жасөспірімдер мен жаңа туған балаларда да кездесетін ауру. Сәбидегі туа біткен бұл аурудың өз ерекшелігі бар. Туғанда, перзентханада бірден анықтаса, баланың көзін емдеуге болады. Кейбір кезде сау туған баланың 10 жастан асқан соң аяқ асты осы ауруға шалдығуы мүмкін.

"Әрине, қазір су қараңғылық көп анықталып жатқан соң, ауырып жатқан адамдар көбейіп кетті деген түсінік бар. Бірақ, бұрын да көзінің қысымы бар балалар да, ересектер де көп болған, тек олар сол ауруға шалдыққанын білмей жүре беретін. Сондықтан да статистика да аз еді", – дейді Руслан Жақыбеков.

Қант диабеті де соқырлыққа соқтырады

Дәрігердің айтуынша, адамды көз жанарынан айыратын көздегі қысымнан кейінгі қауіпті ауру – қант диабеті.

"Қазақстанда жыл сайын қант диабетіне шалдыққан балалар да, үлкендер де көбейіп кетті. Ал бұл ауру адамды көз жанарынан да айыратын қауіпті дерт екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қант диабеті көз тамырларына әсер етеді. Сондықтан, онымен ауырған адам жылына кемінде бір рет дәрігерге қаралып тұруы керек. Он жылдан астам уақыт бойы қант диабетіне шалдыққан адамның көз түбінде диабет ретинопатиясы пайда болады. Оны да емдемесе, көп проблемалар туындайды".

Стресс және соқырлық

Халық қайғыға душар болған, жақынынан айырылып, қан жұтқан адамды кейде "жылай-жылай көзі ағып кетті" деп жатады. Дегенмен, дәрігер көп жылаған адамның көзі көрмей қалмайды, тек көп уайым кешкен адам шынымен жанарынан айырылып қалуы мүмкін дейді.

– Стресс – көзге әсер ететін факторлардың бірі. Көп жас шығарған адамның көзі ауырмайды. Қиналғаннан, қайғыдан арыла алмаған адам көзінен ғана емес, денсаулығынан айырылуы мүмкін, – дейді Руслан Жақыбеков.

Ата-әжеміздің көзін қалай сақтаймыз?

Бұрын әрине қария әке-шешіміздің, ата-әжеміздің көзәйнегін іздеп, әлекке түсетін едік. Қазір линза мен көзілдірікке тәуелді жастар өте көп. Бірақ дәрігер бұрынғыдай кәрілікпен қоса келетін көз ауруларының қауіпті екенін ескертіп отыр.

– Адамның жасына байланысты макулярлы дистрофия пайда болады. Бұл дегеніміз көздің нағыз көретін қабатындағы ауру. Әдетте, алпыс жастан кейін білінеді. Бұның да екі түрі бар. Ылғалды және құрғақ дистрофия. Құрғақ макулярлы дистрофия – баяу дамып, көзді аса зақымдай алмайтын түрі.

Ал, ылғалды түрінде көз көру бірден төмендеп кетеді. Бұл ауруды емдеу үшін көздің ішіне салынатын дәрілер бар. Бірақ, ол екпе Қазақстанда кепілдендірілген тегін дәрілер тізіміне кірмейді. Бағасы қымбат, бір дәрі 120-150 мың теңге тұрады. Ауруды емдеу үшін жылына кемінде 5-6 екпе салу керек, – дейді дәрігер.

Зағиптар саны көбеймесе, азаймайды

Жыл сайын Қазақстанда зағип адам ретінде мүгедектік алатын адамдар саны екі мыңға көбейіп отырады. Қазір елімізде қос жанарынан айырылған немесе бір көзі көрмейтін адамдардың саны 60 мыңға жуық. Бұл – тек ересектер арасындағы статистика.

Ал, мектепке жаңа барғанда, балалардың тек 4 пайызында ғана көз аурулары анықталса, 11 жыл оқып шыққанша, олардың үлесі 45 пайыздан асады. Жалпы, елімізде көзі соқыр мүгедек балалардың саны 2000 балаға жуықтайды.

Көзі нашар көрсе де бейғамдықпен дәрігерге бармай жүрген адамдар қанша. Сондықтан, бар-жоғы 8 грамм ғана салмақ тартатын көз жанарыңызға ерекше күтім мен көңіл бөлмесеңіз, сіз де аяқ асты осы статистикадан табылуыңыз мүмкін деп дәрігерлер ескертеді.

Серіктестер жаңалықтары