Тікелей эфир

Күйзеліс, үрей, жұмыссыздық. Коронавирус пандемиясы әйелдерге қалай әсер етті?

PaperLab иллюстрациясы
PaperLab иллюстрациясы
Сарапшылардың пікірінше, үй шаруасы көп болуынан әйелдердің көбі ақы төленетін жұмыстан бас тартуға мәжбүр.

Биыл пандемия салдарынан әйелдерге қатысты экономикалық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше назар аударылуда. БҰҰ, ЭЫДҰ секілді халықаралық ұйымдар әйелдер пандемиядан көп зардап шеккенін, коронакризис гендерлік теңсіздікті одан сайын тереңдеткенін айтады. Мысалы, әйелдер арасында жұмыссыздық көбейіп, кіріс деңгейі төмендеген, әлеуметтік оқшаулану мен үй еңбегі артқан. Сарапшылардың пікірінше, осы мәселелер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың артуына әкеп соқтырған. Қазақстанда да бұл тақырып өзекті болғанымен әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың әлеуметтік-экономикалық аспекті сирек қозғалады.

Осы орайда Informburo.kz "Пандемия пақырлары. Әйелдерге коронакризистің салдарымен күресуде қалай көмектесуге болады?" атты PaperLab онлайн-талқылауында айтылған өзекті ойларды ұсынады.

Әйелдердің мұқтаждығын елемеу кедейлікке әкелуі мүмкін



Аида Айдарқұлова, "Сорос-Қазақстан" қорының басқарма төрайымы:

– Ешқандай экономика жұмыс күшінің жартысын құрайтын әйелдердің қатысуынсыз өзінің әлеуетін жүзеге асыра алмайды. Бүкіләлемдік банк бағалауынша, әйелдер мен қыздардың білім алуын шектеу салдарынан жаһандық экономика жыл сайын 15-30 трлн доллар жоғалтады. Әйелдер өнімді еңбек етіп, экономикаға үлес қосайын десе, бірінші кезекте үй шаруашылығымен айналысу, балаларға қамқор болу кедергі болады. Бұл жүктеме әйелдердің экономикалық белсенділігін төмендетіп, әлеуметтік осалдығын жоғарылатады. Әйелдер үшін экономикалық мүмкіндіктерді арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдік беру олардың ЖІӨ-ге қосатын үлесін молайту үшін ғана маңызды емес, балалар ауруы мен жасөспірімдер жүктілігінің азаюы, мектепте оқу үлгерімінің жақсаруы секілді жағымды сыртқы әсерлерге әкеледі. Дағдарыс жағдайында әйелдердің мұқтаждығын елемеу кедейлікке әкелуі мүмкін. Карантиндік шектеулер салдарынан бәрінен бұрын әйелдер жұмыс істейтін экономика секторлары зардап шекті. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, қызмет көрсету, өзін-өзі жұмыспен қамту және тағы басқа. Әйелдер кедейлігі туралы айтқан кезде балалар кедейлігін де ескеру қажет.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйелдер мен қыздардың құқығын қалай қорғаймыз?

Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда аз жалақы алады



Майгүл Нұғманова, Нархоз университеті жанындағы гендерлік экономиканы зерттеу орталығының директоры:

– Экономикалық дағдарыс әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер етеді. Экономика саласында гендерлік теңсіздік еңбек нарығында, үй шаруашылығында, ресурстар мен лайықты еңбектің қолжетімді болмауы, уақыт пен кірісті бөлуде көрініс табады.

Қазақстанда әйелдердің экономикалық белсенділігі басқа елдерге қарағанда жоғары. Әйелдерді жұмыспен қамту көрсеткіші тұрақты өсіп келеді, ал жұмыссыздық көрсеткіші ақырындап төмендеп жатыр. Әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі ерлермен салыстырғанда аз-маз төмен. Әйелдер арасында жұмыссыздық жоғары. Еңбек нарығында әйелдердің жағдайы жаман емес, десе де еңбек нарығында гендерлік кемсітушілік бар. Мысалы, гендерге байланысты жалақының әртүрлі болуы, кәсіби сегрегация, яғни аз төленетін қызмет түрлері мен экономика салаларының феминизациясы.

Қазақстанда еңбекақыдағы гендерлік бөлініс 27%-ды құрайды. Бұл әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда төмен деген сөз. Кәсіби және лауазымды қызметте әйелдер еңбекақысы төмен. Басшылықтағы әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда екі есе аз.

Экономикалық дағдарыс әйелдер көп шоғырланған жұмыс орындарына әсерін тигізді. Әйелдер негізінен жалақы төмен білім беру, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Локдаун кезінде қызмет көрсету саласы қатты зардап шекті. Ал бұл салада жұмыс істейтін әйелдер үлесі 55-60%-ды құрайды.

Пандемия кезінде ақы төленбейтін үй еңбегі мен отбасы мүшелеріне күтім жасау бойынша әйелдердің жұмысы күрт артты. Үй шаруашылығында жүктеменің көп болуынан әйелдер ақы төленетін жұмыстан бас тартуға мәжбүр болғаны анықталды. Олар үй шаруасымен қатар алып жүретін төленетін жұмыспен айналысқанды жөн көреді.

Пандемия кезінде балабақша, мектептің жабылуы әйелдердің жүктемесін көбейтті. Үй шаруасының көбеюі, балаларға күтім жасау, науқастарға қарау олардың өзіне лайық жұмыс істеу мүмкіндігіне әсерін тигізді. Балаларға және отбасындағы науқастарға күтім жасап үйде отырған әйелдерге қолдау көрсету керек деп есептеймін. Мұндай әйелдер әлеуметтік қолдауды қажет етеді.

Билікте әйелдердің ұйымдасқан дауысы естілмейді



Шолпан Әйтенова, Zertteu Research Institute қоғамдық қорының директоры:

– Әйелдер жалақысы аз экономика секторларында жұмыс істейді. Көп ақша төленетін өндіріс секторларында ерлер 74%, әйелдер 26%-ды құрайды. Екіншіден, патриархалды қоғамның болуы. Әйелдердің көп бөлігі жұмыс істемейді, үй шаруасымен айналысады. Әйелді нәзік жынысты деп санау патриархалды қоғамның бір белгісі.

Пандемия кезінде табысынан айырылған 2,9 млн азамат 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды. Оның ішінде қаншасы әйел екенін білмейміз. Бұл көмек жұмысы болса да, табысынан айырылғандарға берілді. Ал үй шаруашылығындағы әйелдер пандемия құрбаны болса да, мемлекеттің бұл көмегін ала алмайды. Қазақстанда 1,3 млн үй шаруашылығы болса, оның 450 мыңын балалы әйелдер құрайды. 78 мыңы – жалғыз басты еркектер. Отбасындағы жалғыз табыс табушы әйелдер пандемия кезінде жұмысынан айырылса, онда балаларды қоса алғанда отбасының барлық мүшесі табысынан айырылды деген сөз.

Гендерлік алшақтықты түсіндіретін алғышарттар мен себептерді алсақ, біріншісі – экономикалық жұмыспен қамту секторы, екіншісі – білімнің қолжетімділігі. Техникалық, жалақысы көп мамандықтарда негізінен ерлер білім алады. Тағы бір себебі, ТМД елдерінің ішінде әйелдерге тыйым салынған мамандықтардың ең ұзақ тізімі Қазақстанда екенін білеміз. Сондай-ақ, мемлекеттің осы теңсіздікті қазыналық-салық саясаты арқылы теңестіру қабілеті әлсіз болып отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық феминизм және қазақ қызының құқығы. Сараптама

Бүгінде үкіметтің басым бөлігі ерлерден тұрады және олар өздері бастан өткермеген соң гендерлік сезімтал шешімдер қабылдай алмайды. Жоғары лауазымдарда әйелдер көп болса, олар қандай шешімдер қабылдау қажет екенін түсініп, соған сай мемлекеттік саясат әзірлейді. Өкінішке қарай, біз парламентте, фракцияларда әйелдердің ұйымдасқан дауысын естімейміз. Үкіметте гендерлік тақырып жоқ. Тек отбасы, демография мәселесі қозғалады. Саясаткерлер парламентте 30 пайызы әйелдер мен жастар болсын, директорлар кеңесінің 15 пайызы әйелдер болсын деп ұсынды. Бұл декларативті шешім, сыртқы әлемге өзіміздің гендерлік теңсіздік мәселесіне бей-жай қарамайтынымызды, әйелдерді шектемейтінімізді көрсеткіміз келеді.

Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласында қызмет кеткендердің 70%-ы – әйелдер. Олар отбасын қалдырып, балаларын тастап күні-түні коронавируспен күрескен әйелдерге мақсатты қолдау болған жоқ. Ұлыбританияда пандемия кезінде мектептер, балабақшалар денсаулық сақтау саласында істейтін ата-аналардың балалары үшін жұмыс істеді. Осылайша мемлекет қолдау қажет ететін белгілі бір топқа көмектесті. Қазақстан әйелдердің жағдайын жақсарту үшін жәрдемақыны көптеп беруді емес, олардың экономикадағы рөлі мен позициясын теңдестіруге бағытталатын саясатты жүргізуі керек.

Жоғары лауазымды әйелдер саны 10-15 пайыздан аспайды



Жанар Темірбекова, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Билікте, жоғары лауазымдарда әйелдердің аз болуының басты себебі – қоғамдағы әлеуметтік стереотиптер, ғасырлар бойы келе жатқан патриархалды құндылықтар. Осы көзқарастардың кесірінен әйелдер қаншалықты білікті болса да, жұмысында алға жылжиын десе, ер әріптестеріне қарағанда көп кедергіге тап болады. Үй жұмысын көбіне әйелдердің мойнына артып қойғанбыз. Еркектер жұмысты жауапкершілігі ретінде сезінбейді. Сарапшылардың есептеуінше, ақша төленбейтін үй жұмысының 75%-ын әйелдер істейді. Тек қана 25%-ы ерлердің жауапкершілігінде. Ал пандемия кезінде әйелдердің жұмысы екі есе көбейді. Үй жұмысын, бала-шаға мен егде жастағы ата-анасына қарауды көбіне әйелдерге жүктеп қоямыз. Арнайы білім алып, кәсіби дамып, мансапта одан әрі жоғарылауына осындай кедергілер туады. Кейбір әйелдер одан өтіп жоғары жаққа шығайын десе, тағы бір басқа кедергіге тап болады. Әйелдер жететін биігін көріп тұрады, бірақ "әйелдер басқара алмайды", "мұндай жауапкершілік бере алмаймыз" деген стереотиптер қарсы келеді.

Қандай саланы алсақ та, жоғары лауазымды әйелдер саны, өкінішке қарай, 10-15 пайыздан артық болмайды. Білім саласында әйелдер көп жұмыс істесе де, жоғары лауазымды орындарда 90%-ы – еркектер. Мемлекет патриархалды принциптен саналы түрде бас тартып, әйелдерге әдейі басымдық бермесе, қиын болады. Әйелдердің көбі гендерлік дискриминацияға ұшырап жатқанын да білмейді.

Кең ауқымды проблеманы шешу үшін қоғамда үстем болып жатқан патриархалды құндылықтар мен әлеуметтік стереотиптерге талдау жасап, олардан арылуымыз қажет. Әрбір әйелді тұлға ретінде танып, олардың карьерасындағы, күнделікті өміріндегі жасанды кедергілерді алып тастап, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік беруіміз керек.

Оқи отырыңыз: Харассмент немесе жыныстық бопсалау. Агрессорды ауыздықтауға қандай заң керек?

Пандемия кезінде әйелдер бірінші кезекте психолог көмегін қажет етті



Айжан Әлжанова, "Мама Про" әлеуметтік әлсіз әйелдерді дамыту және қолдау қоры" қоғамдық қорының басшысы:

– Ерекше баласы бар әйелдердің көп бөлігі баласына күтім жасау үшін декреттік демалыста отырады не толық жұмыс істей алмайды. Дағдылар мен білімнің жетіспеуінен дискриминацияға тап болады. Пандемия басталған соң мұндай әйелдерді қалай қолдаймыз деген сұрақ туындады. "Әйелдерге пандемия қалай әсер етті?" деген сауалнама жүргізгенде бірінші кезекте олардың психологиялық эмоционалды көңіл-күйіне әсер еткенін білдік. Балалар үйде болғандықтан ақы төленбейтін үй жұмыстары екі есе артқан. Әйелдерде күйзеліс, үрей, абыржу сезімі болған. Бірінші кезекте олар кәсіби психологиялық көмекті қажет еткен.

Ата-аналар ерекше баласын оқуға дайындау кезінде күйзеліске ұшыраған. Қазақстанда қашықтан оқуға жүйелі дайындалмаған соң әйелдер мен балалар зардап шекті. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың көбі сөйлескен кезде күйзеліс, үрей, байбаламды бастан кешкен, баласына коронавирусты жұқтыру қаупі, баласынан айырылып қалу үрейі, қолдаудың болмауы, жаңалықтар қарағысы келмеу, жауапкершіліктің жоғары болуы, кедейлік, ақшаның болмауы, несие деген сөздерді көп айтқан.

Даун синдромы бар балалардың иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан олардың оронавирусты жұқтыру қаупі төрт есе, ал одан көз жұму қаупі он есе көп. Жұмыс істейтін аналар қашықтан жұмыс істеуге көшкенде күйзеліс басқаларға қарағанда қатты болған. Өйткені олар бір уақытта төленбейтін үй жұмыстарымен айналысуға, қашықтан жұмыс істеуге, балаларды қашықтан оқытуға тиіс. Сол себепті психолог көмегін қажет еткен.

"Мемлекет қолдау көрсетті ме?" деп сұрағанда 32%-ы азық-түлік себеттері мен 42 500 теңге көмектесті десе, 48%-ы одан басқа психологиялық көмек, балаларды оқыту секілді қолдау керек болды деп жауап берген. Локдаун кезінде жалғызбасты аналар жұмыстан да, қолдаудан да айырылды, ақысыз үй шаруашылығы көбейді. Жұмыссыз қалған әйелдердің 48 пайызы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Әйелдерге қосымша жүктеме түсті, ешбір дайындықсыз балаларына мұғалім болды.

Әйелдерге жағдай жасау үшін ерекше балаларға күтім жасау қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Балабақша, медициналық қызмет көрсету, мектеп сынды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де маңызды. Олар сондай орындарға барса әйелдердің қолы босайды. Отбасындағы адамдарға күтім жасайтын әйелдердің еңбегі қорғалуы керек. Бұл еңбек өтіліне жазылуы тиіс. Зейнет жасына келгенде өмірінде жұмыс істемеген деп саналады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын ғана алады. Бүгінде бұл 16 мың теңге және ол ақша өмір сүруге жетпейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары