Тікелей эфир

Харассмент немесе жыныстық бопсалау. Агрессорды ауыздықтауға қандай заң керек?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Жыныстық бопсалау бойынша 20 жылда 87 дерек тіркелген. Бірақ, бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айырылмаған.

Азаматтық белсенділер мен адам құқығын қорғаушы заңгерлер Қазақстанда жыныстық қысым жасауға заңды түрде тыйым салуды талап етуде. Олар жыныстық бопсалауға қатаң да нақты жаза бекітпесе, қудалау құрбандары көбейетінін айтады. Мұның салдары зорлыққа, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Мамандардың есебінше, тиісті заңның жоқтығынан жұмыста зәбір көріп, зорлыққа тап болған қыз-келіншектер қатары соңғы жылдары арта түскен. Қызығы, бопсалауға ер адамдар да ұшырайды екен. Бірақ, ол туралы көбісі тіс жармайды. Біріншіден, қызметтегі бастығына қарсы шығудан қорқатын болса, екіншіден "ұят болады". Осылайша, басынушы бастықтың бассыздығы жабулы қазан күйінде қалып жатыр.

Қазақстанда жыныстық қысым жасауға заңды түрде тыйым салуға не кедергі? Төрт жылдан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе әлі күнге неге шешімін таппады? Іnformburo.kz сарапшылар пікірін ұсынады.

20 жылда 25 адам ғана сотталған

Жыныстық бопсалау немесе харассмент жыныстық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Терминді таратсақ, ол адамның намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғып, құқын бұзу және кемсіту дегенді білдіреді. Жиі кездесетіні жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу. Мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша жазаланады. Алайда, іс жүзіне келгенде бұл бап өте сирек қолданылады. Адам құқықтары жөніндегі заңгер Халида Әжіғұлованың мәліметінше, республикада 1998 жылдан 2018 жылға дейін жыныстық зорлық-зомбылықтың 87 дерегі ғана тіркелген. Оның өзінде сотқа тек 30 іс жіберіліп, 25 адам сотталған. Арасында бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына тартылмапты.

"Бұл статистика Қазақстанда жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін жылына орта есеппен 1 агрессор ғана жазаланатынын көрсетті. Шын мәнінде жыныстық қудалау оқиғалары әлдеқайда көп, бірақ, басым көпшілігі тіркелмейді. Өйткені, агрессордың жыныстық қысым көрсеткенін заң жүзінде дәлелдеу өте қиын", – дейді Халида Әжіғұлова.

Қазақстан дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, жыныстық бопсалаушыларды жазалайтын заңның қажеттігі туралы 2017 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ, билік бұл мәселеге құлақ түрер емес.

"2017 жылдан бастап белсенділер тобы, бірқатар қорлар мен кризистік орталықтар болып жыныстық бопсалаушыларды жазалауға Қылмыстық кодексте бөлек бап керек екенін айтып, мәселені бірнеше рет көтердік. Бірқатар ұсынысымызды да дайындадық. Қоғамда жұмыс орынында жыныстық бопсалау бар, бірақ ол заңда айқындалмаған. Сондықтан біз оны Еңбек кодексіне де, Қылмыстық кодекске де қосуды ұсындық. Өйткені, Қылмыстық кодекстің 123-бабы мәселені шешіп отырған жоқ. Бір ғана дәлел – былтыр да, биыл да бұл бап бойынша бірде-бір іс қозғалмады", – дейді Зүлфия Байсақова.

Оқи отырыңыз: Сексуалдық сипаттағы қылмыстарға жаңа бап енгізілуі мүмкін. Заң жобасын талдаймыз.

123-бап неге жұмыс істемейді?

ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы адамға мүлкін алып қою қатерін төндіргені, материалдық немесе өзгедей тәуелдiлiгiн пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттердi жасауға мәжбүр еткені үшін жауапкершілік белгілейді. Бұл бапта:

  • 3 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл не осы мөлшерде түзеу жұмыстары;
  • 3 жылға дейін бостандықты шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Ендеше, мәселе неде? Сарапшылардың пікірінше, бап мәтіні қандай да бір тұспал сөздер арқылы жыныстық қатынас жасауға ишара білдіргендерге емес, тек жыныстық қатынасқа нақты мәжбүрлегендерге ғана жауапкершілік белгілейді. Сол арқылы жәбірленушілердің құқығын қатты шектейді. Яғни, қысым көрсетуші сізге жыныстық қатынасқа түсуге ашық түрде ұсыныс жасаса немесе бопсаласа және бұл ұсыныстан бас тартқан жағдайда сізге қауіп төндірсе оған жаза қолданылады. Ал егер денеңізді сипалап, қолын тигізгенімен, жыныстық қатынас туралы ештеңе айтпаса, бұл ретте 123-бап басшылыққа алынбайды.

Сондықтан да заңгерлер бұл бап арқылы қысым көрсетушіні жазалау мүмкін еместігін айтып отыр. Оның үстіне, жәбірленуші өзі дәлелдер жинап, сотта жыныстық бостандығына қол сұғылғанын дәлелдеуі керек. Тағы бір маңызды мәселе, егер жәбірленуші өзіне тиіскен адамды сотқа беріп, алайда оның айыбын дәлелдей алмаса, өзі жазалануы әбден мүмкін. Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуді дәлелдеудің өте қиын екенін пайдалана отырып, айыпталушы "жала жапты" деп (Қылмыстық кодекстің 130-бабы бойынша) қарсы арыз жазуы ықтимал.

Оқи отырыңыз: Алматыда қыз зорлады деп айыпталған экс-прокурор мен банк қызметкері әлі бостандықта. Олар істі қалай жабуға тырысқан?

Жыныстық қудалау зорлыққа әкеледі

Жыныстық бопсалау кез-келген жерде: таксиде, оқу және қызмет орнында да болады. "Не молчи" қоғамдық қорының жетекшісі Алмат Мұхамеджановтың айтуынша, қазақстандық қыз-келіншектер әсіресе жұмыс барысында жыныстық мәжбүрлеуге жиі ұшырайды.

"Бізге шағымданушылардың арасында мемлекеттік қызметте, ұлттық компаниялар мен оқу орындарында жұмыс істейтін әйелдер де бар. Қызығы, көп мекеме басшылығы әйелдердің шағымына мән бермейді не олардың құқығын қорғауға құлық танытпайды. Осыған ұқсас жағдай былтыр сәуір айында оңтүстік өңірде болды. Облыстық аурухана дәрігері медбикені зорлаған", – деді ол.

Аурухана басшылығы дер кезінде шара қабылдағанда бұл қылмыс мүлдем болмас па еді? Өйткені, медбике бір жыл көлемінде басшылыққа әріптесінің "біртүрлі" ұсыныс жасап жүргенін айтып, өзін басқа бөлімге ауыстыруды сұраған. Бірақ, оның сөзіне ешкім құлақ аспай, ақыры іс зорлықпен аяқталған.

"Жәбірленуші келіншек полицияға арызданды. Сот барысында медбике аурухана басшылығы тарапынан үлкен қысымға ұшырап, қызметі төмендеді. Былтыр 21 қазанда сот зорлаушыны ақтап шыққан соң іске біздің ұйым араласты. 16 аппеляциялық шағым болды. Ақыры биыл шілде айында зорлықшыға үкім кесілді", – дейді Алмат Мұхамеджанов.

Сарапшылардың мәліметінше, жұмыс орнында зорлаудың 70 пайызы қудалаудан басталады. Сондықтан бұл – ауыр қылмыс және ол ҚР Қылмыстық кодексінде бекітілуі керек.

Оқи отырыңыз: Пандемия басталғалы 33 қазақстандық тұрмыстық жанжал барысында көз жұмған

Жыныстық қудалауға қатысты бөлек бап керек пе?

2020 жылғы ақпанда Парламент мәжілісінің бірқатар депутаттары Қазақстанда жыныстық қудалау үшін қылмыстық жаза енгізу туралы бастама көтерді. Бірақ, коронавирус пандемиясына байланысты қолға алынған шаруа аяқсыз қалды. Сондықтан сарапшылардың жұмыс тобына "жыныстық бопсалау" ұғымын кеңірек қолдануға, әрі заңды енгізуге қатысты өз ұсыныстарын жолдауға мүмкіндігі бар. Жұмыс тобы заң жобасы бойынша талқылауды жаңа жылдан бастауды жоспарлап отыр.

"Жыныстық бопсалау көп адамның, әсіресе әйелдердің басынан өткен. Көбін басшылығы бопсалайды, бірақ, жұмысынан айырылып қалудан қорқып, олар бұл жөнінде айтпайды. Кейбірі туыстарына айтып, араға адам салып жанжалды шешеді. Мұндай жағдайда мәселе не шешіледі, не жәбірленушінің жұмыстан кетуіне тура келеді. Құқық қорғау органдарына шағымданатындар өте аз, өйткені олар әрдайым тиісті деңгейде шара қабылдамайды. Біздің полиция қызметкерлері де жасыруға тырысады. Олар алдына келген әйелге "бұны дәлелдеу мүмкін емес" деп шығарып салады", – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Оқи отырыңыз: Түрмеде трансгендер әйелді зорлаған ҰҚК экс-қызметкеріне үкім шықты

"Жыныстық бопсалау орнына харассмент ұғымын қолдану керек"

Белгілі заңгер Жангелді Сүлейменовтың пікірінше, Қазақстанға жаңа заң әлбетте керек. Бірақ, оны жыныстық бопсалау емес, харассмент деп атаған жөн. Сонда ғана жыныстық қудалау жасағандардың әрекетін толық жазалауға болады.

"Былтыр Қылмыстық кодекстің 123-бабына "жыныстық бопсалау" деген бөлек бөлім енгізу туралы ұсыныс жасалды. Ал Үкімет бұл бапта "жыныстық қатынас жасауына мәжбүр ету деген ұғым бар және бұл ұғым жыныстық бопсалау ұғымымен толық қамтылады" деді. Мен бұл пікірмен келісемін. Жыныстық бопсалау деген сөзді алсақ, ол жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу деген мағына береді. Жоғарыда аталған медбикенің оқиғасы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу мысалы. Сондықтан бізде жыныстық бопсалаудың не екеніне қатысты нақты түсінік жоқ. Менің ойымша, бұл өзіміздің қатеміз. Біз ғана емес, ТМД елдерінің барлығы жыныстық бопсалауды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу деп айтады. Бұл дұрыс емес", – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, жыныстық бопсалау мен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің қылмыстық құрамы екі бөлек және оны шатастырмау керек. Жыныстық бопсалау жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеуден мүлде бөлек. Сондықтан екеуін екі бөлек ажыратқан жөн. Ал заңды тек жыныстық бопсалау деп атап, осы күйінде қабылдаса, еш өзгеріс болмайды.

"Құқықта нормаларды түсіндіру деген қағида бар. Норма өзінің мәніне сай келуі тиіс. Мысалы, келісімшарт келісімшарт, салық салық, ұрлық ұрлық. Ал бопсалау бір нәрсені алу мақсатында жасалатын әрекет. Жоғарғы соттың шешімімен алатын болсақ, жыныстық ләззат алу мақсатымен адамды мәжбүрлеу. Бұл харассменттен мүлдем бөлек. Сондықтан жыныстық бопсалау деген күйде норма енгізуге болмайды. Жыныстық бопсалау – өзінің жыныстық қалауын қанағаттандыру. Оның нысаны әйел немесе еркектің жыныстық бостандығы. Яғни, біреуді таңдау және сонымен қарым-қатынасқа түсу. Ал харассменттің мақсаты мен нысаны бөлек. Ол – адамды кемсіту, мұқату, қорлау, жәбірлеу. Оның нысаны адамның ар-намысы. Харасcмент жасайтын адам жыныстық қатынасқа бопсалайын демейді, ол адамның намысын сексуалды не физикалық түрде кемсіткісі келеді. Біз жыныстық бопсалау деген сөзді алып, орнына харассмент дегенді осы күйінде аудармай енгізу керекпіз", – дейді Жангелді Сүлейменов.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?

Жыныстық қудалаумен тек заң арқылы күресу тиімсіз

БҰҰ Әйелдер құрылымы Еуропа және Орталық Азия кеңсесі азаматтық қоғам ақылдастар кеңесі мүшесі, Сүлейман Демирел университеті қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков жыныстық бопсалаумен тек жазалау арқылы күреспей, оқу-ағарту ісі арқылы да тыюға болатынын айтады. Ол қоғамда гендерлік тепе-теңдік ұғымын қалыптастыруға күш салмаса, қыз-келіншектерге қарсы дискриминация үнемі кездесетінін жеткізді.

"Заң қабылдауымыз мүмкін. Бірақ, ол заңның іске асуы үшін қоғамда да гендерлік теңдікке қатысты мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Бұл сала да ғалымдардың, педагогтардың саласы. Сондықтан біз де оқу орындарында гендерлік теңдікке байланысты пәндердің оқытылуына күш салып жатырмыз. Егер Білім және ғылым министрлігі немесе университеттер тарапынан қолдау болмаса, өзіміз дәрістер өткізуге тырысамыз. Студенттеріме үнемі білім беру үдерісімде гендерлік теңдікке байланысты көзқарастарымды айтамын", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары

Жыныстық қысымға қарсы петиция

Қазақстандық белсенділер 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты елдегі жыныстық қудалау мәселесіне назар аударуға шақырып, "Қазақстанда жыныстық бопсалауға заңнамалық тыйым салу туралы" петиция жариялады. Оған қазірге дейін 142 адам қол қойды.

Петиция мәтіні:

"Біз, Қазақстан азаматтары, Сізді елдегі жыныстық қысым мәселесіне назар аударуға шақырамыз! Біз қоғам ретінде бұдан былай азаматтарымыздың өз қауіпсіздігіне қол сұғушылықтан қалай зардап шегетініне, балалар мен ересектер қалайша қудалаудың құрбанына айналатынына және агрессорлар қатаң заңмен жазаланбайтынына бей-жай қарай алмаймыз.

Қазақстандағы жыныстық қудалау – өте күрделі мәселе. Бұл – жыныстық зорлық-зомбылықтың бір түрі, адамның намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық құқығын бұзу және кемсіту түрі. Жыныстық қудалау жұмысшылардың қауіпсіз және жайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Адамның білім, медициналық, мемлекеттік және тіпті коммерциялық қызметтер алу құқығын толыққанды іске асыруға кедергі келтіреді. Қысым көрсету қаупінен адам қоғамдық орындарда және көлікте өзін қауіпсіз сезіне алмайды.

Осындай қудалаудан адамды бас бостандығынан айыратын – қорқыту, ұрып-соғу, зорлау және тіпті кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстар туындайды. Біз солардың алдын алуымыз керек".

Сарапшылар желтоқсан айында аталмыш мәселе бойынша тағы бас қосып, Үкіметке нақты қандай заң ұсынуы керектігін талқыламақ.

Серіктестер жаңалықтары