Тікелей эфир

"Кәсіпкерлікке бағдар мектеп жасынан берілуі тиіс". Бизнес бастауда кездесетін кедергілер қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Венчурлық қор жас кәсіпкерлер мен стартап белсенділеріне өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов кәсіп бастауда кездесетін кедергілер мен оларды шешу жолдары туралы баяндап берді.

"Бір күндік" компаниялар көбейген


Тоқтар Болысов

Тоқтар Болысов / Сурет ғаламтордан алынды


Өңірлердегі жастардың көбінде тым жақсы бизнес идеясы бар және соны жүзеге асыруға деген ынта мен жігер де бар. Алайда, нақты іске келгенде, алдан шығатын кедергілер де көп. Олардың негізгілері:
  • қажет дағды мен білімнің жоқтығы;
  • тәжірибе мен ақыл-кеңесімен бөлісетін аға буынның болмауы;
  • кәсіпті бастауға алғашқы қаржының табылмауы.
Дегенмен, жастар кәсіпкерлігін дамыту елдің болашағы екенін түсінуіміз керек. Өйткені, олар жаңа жұмыс орындарын ашады. Отандық тауар өндіріп, қызмет көрсетеді. Экспортқа тауар шығару арқылы жалпы ел экономикасының дамуына үлес қосады.
Алайда, жас кәсіпкерлерге жүктелетін жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Қазіргі заман олардан жаңашылдық пен айықша ақыл-ойды талап етеді. Өкініштісі де сол, кәсібін жаңа бастағандардың көбі кәсіпте ақшаны ғана құнды деп біледі. Заңды-заңсыз жолмен жедел ақша тауып, жабылып қалады.
Олар – "бір күндік" компаниялар. Жастар елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға арналған көптеген бағдарлама бар екеніне қарамастан, осындай компания құрып, тез арада көп ақша табуға құмар.
Осыған орай біз саналы кәсіпкерлік арқылы елдің кәсіпкерлік экожүйесін сауықтыруды мақсат етіп отырмыз. Кәсіпкерлік қызметтің болашағы болуы үшін оны дамыта отырып, кәсіпкерлерді стратегиялық ойлау дағдыларына үйрету, халық арасында кәсіпкерлік қызметті танымал ету жолдарын қарастыру қажет.

Жас кәсіпкерлерге қаржылай қолдау қажет

Венчурлық қор мақсаты – жаңа стартаптарды бастапқы кезінен қаржыландыру арқылы үлкейтіп, салынған инвестиция табысын арттыру. Бұл идея бізге алдыңғы жылы жастардың IT бастамаларын қолдауға бағытталған Jastar Sinergiyasy жобасы аясында келген болатын. Аталмыш жобаға сан түрлі стартаптар мен тың идеяларға толы жастар қатысып, олардың бастамаларын қаржылай қолдауға дайын инвесторлардың тым аз екеніне көз жеткіздік. Осылайша, біздің бастамамызбен The venture fund of Kazakhstan венчурлық қоры құрылды.
Бүгінгі таңда қор Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің қолдауына ие болып отыр. Бұл – елімізде қаржылай қолдау таппай жүрген стартап иелеріне жақсы мүмкіндік болмақ.
АҚШ, Сингапур секілді дамыған елдерде мұндай қорлар нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Венчурлық қор арқылы кәсіпкерлік экожүйені жақсарту, жас кәсіпкерлер мен стартап белсенділеріне өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру, тәлімгерлермен байланыс орнату үшін барынша қолдау көрсетуді және кәсіпке қаражат тартуға көмексетуді көздейміз. Венчурлық қорды тіркеп, тәжірибелі мамандар тобын қалыптастырдық.

Мектеп оқушыларына кәсіпкерлік бағдар берілгені жөн

Қазіргі таңда технологиялар мен білім өте жылдам жаңаруда. Оқу жүйесі соған бейімделуі керек. Кәсіпкерлік бағдар беру мектеп қабырғасынан басталған дұрыс. Бұл жастардың кәсіпкерлік ойлау және тұлғалық дағдыларын дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ, педагогикалық білім берудің инновациялық даму стратегиясын қабылдау қажет деп есептеймін. Педагогикалық кадрларды даярлаудың қолданыстағы әдістерін қазіргі заманға сай бейімдеу керек.
Жоғарғы сыныптарда оқушыларға мамандық таңдау бойынша түсіндірме жұмысы дұрыс жүргізілмейді.
"Диплом не жоғары жалақы үшін оқу" – дұрыс жүйе емес. Жастар мұндай формальды білім алуды көбірек бағалайтыны өкінішті.
Соның нәтижесінде жылдан жылға қолында дипломы бар жұмыссыз адамдардың саны артуда. Жұмыс беруші бүгінде кәсіби, білікті, тәжірибелі қызметкерлерге қызығушылық танытады. Ол үшін дипломның болуы екінші рөлге түсіп келеді.
Нарықтағы жас кадрлар сұранысқа ие емес. Бұл мәселе жастардың өзінің қызығушылығы жоқ, дұрыс емес мамандық таңдауынан туындап отыр. Егер мектеп кезінен бастап жүйелі түрде мамандықтар жайлы түсіндірме жұмысы өз деңгейінде жүріп, мектеп түлектері өздері қалап түскен мамандығын игеріп шығатын болса, нақты дағды үйреніп шыққан, нарықта сұранысқа ие жас маман көп болар еді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары