Тікелей эфир

Коронавирустан кейінгі оңалу. Ағзаны сауықтыруға арналған 5 пайдалы кеңес

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Коронавирусты инфекцияның басты ерекшелігі – гипоксия, яғни оттегінің жетіспеуі болып табылады. Бұл қорқыныш пен депрессия тудырады.

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирусты инфекцияны жұқтырған адамдарға денсаулығын қалпына келтіру үшін келесі кеңестерді ұсынады.

№1. Тыныс алу гимнастикасы

Дем алу мен дем шығаруды бақылау арқылы қарапайым жаттығулар жасау денсаулықты нығайтуға жақсы көмектеседі. Бұл гимнастиканы отырып, төсекте жатып немесе жартылай жатып та жасауға болады. Аурудан кейін адам ағзасы әлі де әлсіз болатындықтан жаттығуларды шамадан тыс көп жасамаған дұрыс. Жеңіл жаттығудан бастап, бірте-бірте қиындарына көшкен жөн.

Тыныс алу гимнастикасы өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етіп, оны оттегімен қанықтырады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың жеңіл түрінде ем жасау дұрыс па?

№2. Таза ауадағы серуен

Табиғат аясында таза ауа жұтып, жаяу жүру ағзадағы газ алмасуды жақсартады және коронавирусты инфекция жұқтырып, сырқаттану кезінде әбден әлсіреген ағзаның күш-қуат жинауына көмектеседі.

№3. Дұрыс тамақтану

Аурудан айыққан адам ағзасына ақуыз, майлар және көмірсу қажет. Әсіресе, түрлі көкөніс пен жеміс-жидек мол болатын жазғы мезгілде дәруменге мол тағамдарды тұтынған абзал. Сондай-ақ, тәттілерден де бас тартпау керек (әрине, шекті мөлшерде). Олар көңіл-күйді көтереді.

Оқи отырыңыз: "Коронавирусты пневмония". Оның белгілері қандай және қалай емделу керек?

№4. Тыныш ұйқы

Әлсіреген адам ағзасы ұйқы кезінде жақсы оңалады. Сондықтан, күніге кемі 7-8 сағат ұйықтап, демалған дұрыс. Ұйықтар алдында бөлмені міндетті түрде желдету керек және тамақтанғаннан соң бірден ұйқыға жатпауға көңіл бөлу керек. Кешкі астан кейін ұйқыға дейін 2-3 сағат өтуі тиіс. Бұл ағзаның тез қалпына келуіне көмектеседі.

№5. Стресс пен үрейге бой алдырмау

Қазіргі уақытта адамдардың бәрі – ауырғандары да, ауырмағандары да стресс жағдайында өмір сүруде. Өйткені, коронавирусты инфекцияның басты ерекшелігі – гипоксия, яғни оттегінің жетіспеуі болып табылады. Бұл қорқыныш пен депрессия тудырады. Егер өзіңіз қорқынышыңызды жеңе алмайтын болсаңыз, психологтан кеңес алған дұрыс. Сондай-ақ, жақын адамдармен қарым-қатынас, табиғат аясындағы серуен адамның ойын бөліп, өмірге деген құлшынысты арттырады. Адамға күн арқылы берілетін Д витамині оң эмоциялар сыйлайды. Сондықтан, күнге қыздырыну да пайдалы.

Серіктестер жаңалықтары