Тікелей эфир

Коронавируспен күрестің жаңа шаралары қандай? Денсаулық сақтау министрінің түсіндірмесі

Фото f.azh.kz сайтынан алынды
Фото f.azh.kz сайтынан алынды
Шектеу шаралары мүлдем енгізілмесе, тамыз соңында күніне коронавирус жұқтырған 27 мың адам анықталады деген болжам бар.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавируспен күресудің жаңа тәсілдерін және эпидемиологиялық жағдайдың ықтимал даму сценарийлерін ұсынды.

Министрдің сөзінше, келесі 10 шараны іске асыру қажет:

  1. амбулаторлық деңгейде инфекцияны емдеу туралы қарапайым әрі түсінікті ескертпелер даярлау;
  2. дәрілік заттарды жеткізу мен сатып алу рәсімдерін жылдамдату. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру;
  3. Covid-19-ды диагностикалауда цифрлық рентген-аппараттарды пайдалануды кеңейту жолымен тексеру шараларының қолжетімдігін арттыру;
  4. тестілеу үшін зертханалар қуатын күшейту, тестілерді уақытылы жеткізу;
  5. шақыртулар кезінде мобильдік бригадалармен тестілерді алуды ұйымдастыру;
  6. үйде науқастар үшін барынша қауіпсіз медициналық көмек көрсету;
  7. амбулаторлық деңгейде консультацияларды қашықтан жүргізуді енгізу;
  8. стационарларды жасанды тыныс алу аппараттарымен жабдықтау;
  9. жерлеу тәртібін өзгерту;
  10. азаматтардың эпидемиологиялық сақтығын жоғарылату.

"Шекарадағы санитарлық қорғау шаралары коронавирустың сырттан әкелінуін тиімді алдын алды. Қазіргі таңда жағдай "инфекцияның үйде таралуы" деңгейіне өтті. Вирус халық арасында таралып жатыр. Өкінішке қарай, әрбір отбасы осы вируспен бетпе-бет келді деп айтуға болады. Covid-19 инфекциясының таралуы күн сайын артып келеді. 30 маусымдағы есеп бойынша, елімізде 40 мыңдай адам вирус жұқтырған", – деді Алексей Цой.

Cоңғы кездері медициналық орталықтар үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Медицина қызметкерлері де науқастармен үнемі байланыста болғандықтан, өздері де ауырып қалуда. Бұл кадр тапшылығына әкеліп соқты. Дегенмен, Алексей Цой ресурстар жеткілікті екенін, соның негізінде жұмыс істеліп жатқанын айтты.

"Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандырады, денсаулық сақтау жүйесі әрдайым елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының барометрі және солай болып қала береді. Елдегі ахуалды зерттегенде науқастар тап болып жатқан негізгі проблемалар анықталды. Енді әрбір сұраққа нүкте қойғым келеді", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Дәрілік заттар тапшылығы

Министрдің айтуынша, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі әртүрлі провокациялық хабарламалар адамдардың дәріхана қорындағы дәрі-дәрмекті сатып алуына әкеп соқтырды. Әсіресе, ыстық түсіретін препараттар.

"Қазақстанда аталған препараттар қажет мөлшерде өндіріледі, өңірлер бойынша жеткізу жолға қойылған. Дүрлігуді ескере отырып, бірден дәрілік заттарды жеткізу және сатып алу туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілер ыстықты түсіретін препараттардың ірі партияларын жеткізді", – деді Алексей Цой.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қатаң карантин қайта енгізілуі мүмкін. Президенттің жаңа 10 тапсырмасы

Министр 70 мың қаптама "Ингавирин" мен 49 мың қаптама "Терафлю" әкелініп, апта соңына дейін көтерме қоймаларға қойылып, одан әрі өңірлерге жіберілетінін мәлімдеді.

Ескеретін жайт: бұл препараттар емдеу хаттамаларына сәйкес амбулаториялық деңгейде COVID-19 емдеу үшін қолданылмайды.

Халыққа түсіндіру үшін амбулаториялық деңгейде емдеу туралы қарапайым ескертпелер әзірленіп жатыр.

Компьютерлік томография үшін кезектің көбеюі

Елде өкпенің компьютерлік томографиясына үлкен кезек байқалады. Бүгінде Қазақстанда 135 томограф жұмыс істейді. Министрдің сөзінше, пневмонияны арзан және қолжетімді цифрлық рентген аппараттарында да анықтауға болады. Бұл диагностика әдісі COVID-19 диагностика және емдеу клиникалық хаттамасына қосылды.

ПТР тестілеу мәселесі

Нарықта отандық және шетелдік өндірушілердің бірнеше диагностикалық тесті бар. Үкімет 1,2 млн тест сатып алуға 1 млрд теңге бөлді. Министр тест қоры ұсталып тұратынын және жақын арада тестілер жеткізілетінін айтты.

Қазақстанда 46 диагностикалық зертхана бар. Нұр-Сұлтандағы қуаттылығы күніне 10 мың тест өткізуге мүмкіндік береді. Зертханалар қуаттылығының жетіспеуінен тамыз соңына дейін қосымша 20 ПТР анализаторларын сатып алу жоспарда бар. Бұл Ұлттық сараптама орталығының қуаттылығын 2,5 есеге арттырып, халықты тестілеумен қамтуды ұлғайтады.

"Қазіргі уақытта 7 жылжымалы медициналық зертхана жұмыс істейді. Шілдеде тағы 8 жылжымалы мобильді зертхана сатып алу көзделген. Олардың барлығы ауылдағы COVID-19 зерттеулерін қажет ететін адамдарға қолданылады. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринарлық және ауруханалық зертханалар COVID-19 зерттеулерін жүргізуге бейімделеді", – деді Алексей Цой.

Халықты тестілеумен қамту үшін жедел жәрдем бриагадаларымен үйге шақыртулар кезінде тест алу ұйымдастырылады. Әр өңірде эпидемиологиялық жағдайға байланысты халықты COVID-19 тестілеумен қамту бойынша талаптарды анықтау жоспарлануда.

Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?

Жедел жәрдемнің кешігуі мен келмеуі

Алексей Цой азаматтардан жедел жәрдемді ұзақ күту мен қызмет көрсетуден бас тарту туралы шағымдар келгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, жедел жәрдем шақырту саны елде – 1,8 есе, Нұр-Сұлтан мен Алматы секілді ірі қалаларда 2-2,5 есе артқан.

"Жедел жәрдем машинасы мен бриагасы тапшы боп тұр. Қазақстанда өндірілетін 807 автомашинаны жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Сонымен бірге медициналық емес ұйымдардың көлігінің көмегімен корона-такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына берілді. Қолдауға ие болады деп үміттенемін", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Министрлік қалыптасқан жағдайларда пациенттерге үйде медициналық көмек көрсетуді барынша қауіпсіз деп санайды. Амбулаториялық-емханалық көмек дистанциялық жұмыс форматына ауыстырылады, учаскелер деңгейінде шамамен 3 мың мобильді бригада құру жоспарланған.

Олар медициналық қызметкерлердің пациенттерге үйге баруын, коронавирусқа тест алуды қамтамасыз етеді. Науқастарға кеңес беріп, ем тағайындайды. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдейді, сондай-ақ, пациенттің жағдайына қашықтан мониторинг жүргізеді.

Төсек орын мен жасанды тыныс алу аппаратының жетіспеуі

Пациенттер коронавирус пандемиясы кезінде жиі стационарлық емдеуді және жасанды тыныс алуды қолдауды қажет етеді.

Қазақстанда стационарлық төсек-орынның 60 пайызы бос емес, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бұл көрсеткіш 90 пайызға жеткен.

Ел бойынша 348 медицина ұйымында коронавирус анықталған пациенттерді емдеу үшін 26 мың төсек жайылған. Тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың төсек орнын дайындау жоспарланып отыр. Олардың құрылымында жабдықталған реанимациялық бөлімшелер мен жасанды тыныс алу аппараттарымен жабдықталған қарқынды терапия палаталары бар.

Жұмыс істейтін жасанды тыныс алу аппараттарының жалпы саны – 3 294. Маусымда 978 аппарат сатып алынған. Қосымша 1 000 аппарат сатып алу жоспарда бар.

Оқи отырыңыз: Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн және үй жағдайында емделген дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Коронавирустан көз жұмғандар кез келген зиратқа жерленеді

Министрдің сөзінше, COVID-19 жұқтырып көз жұмған адамдарды жерлеу тәртібі маңызды болып тұр. Қолданыстағы тәртіпке өзгерістер енгізіліп, оларды санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып, кез келген зираттарда көмуге рұқсат етіледі

Бес ереже

"Біз маска тағу мен қолғап кию, қолды жуу, арақашықтықты сақтау, адамдар жаппай жиналатын орындарда болмау, кездескен кезде қолмен амандаспау, құшақтаспау. секілді санитарлық норманың бес ережесін білеміз. Алайда азаматтардың бұл шараларды сақтай бермейтінін көріп отырмыз. Осы нормаларды қатаң сақтау жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын аман алып қалуы мүмкін", – деді министр.

Жұмыс берушілер қызметкерлерден ПТР қорытындысын талап ете ала ма?

Бас санитар қаулысында мұндай норма жоқ. Министрлік бұл норманы тиімсіз санайды. Адамдарды күн сайын тестілеуден өткізу мүмкін емес. Ұйымдар талап етер болса қызметкерлеріне тестінің қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, жеке зертханалар ашуы керек.

"Құрылыс, өндіріс ұйымдары өз зертханаларын жасап, қызметкрелерге қолжетімділік жасауда. ПТР нәтижесі теріс не оң болғанына қарамастан, тіпті теріс болған күннің өзінде кейін расталған нәтиже алуы мұмкін. Одан да ұйым ішінде вирустың таралуын алдын алу шараларын жасаған дұрыс. Ұйымдарға еңбек жағдайын жақсартуды, дезинфекциялауды, маска тағуды, мобильді қашықтан жұмыс істеуды ұсынамыз", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырғанда не істеу керек? Дәрігерлер кеңесі

Карантин қайта енгізіле ме?

Үкіметке карантин мен қатаң шектеу шараларын енгізудің бірнеше нұсқасы ұсынылған. Қорытынды шешімді жақын уақытта мемлекеттік комиссия қабылдайды.

Эпидемиология саласындағы сарапшылар эпидемиологиялық жағдайды дамытудың негізгі үш сценарийі бойынша коронавирус жұқтыру саны мен қажетті инфрақұрылым көлемінің болжамын жасады.

Бірінші сценарий. Локдаунсыз. Тамыз айының соңына қарай ауруханаға жатқызуды талап ететін коронавирус жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық төсекке деген қажеттілік 300 мың адамға бағаланады.

Екінші сценарий. Екі апталық ұлттық локдаун енгізу. Күніне ауруханаға жатқызуды қажет ететін 7 000 науқас тіркеледі. Тамыз айының соңында төсек орын қажеттілігі 80 мыңды құрайды.

Үшінші сценарий. Төрт апталық локдаун енгізу. Бұл эпидемияның дамуын көрсетеді. Тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне 2 500 науқас тіркеледі және төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі. Бұл жалпы ағымдағы жағдайға сәйкес келеді.

Серіктестер жаңалықтары