Қарағанды облысында карантин кезінде жұмыссыз жандар көбейген

Қарағанды облысында осы жылдың 1 қаңтарында 4 200 адам жұмыссыз болса, карантин кезінде 6 800 адамға жеткен. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек "Saryarqa" телеарнасының тікелей эфирінде хабарлады.

Облыс әкімінің айтуынша, карантин салдарынан жыл басынан бері өңірде жұмыссыздар саны 2 800 адамға артқан. Облыста карантин кезінде көптеген мекемелер жабылған. Алайда, Жеңіс Қасымбек аймақта жыл соңына дейін 40 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады дейді.

"Үкімет Жұмыспен қамту жол картасы бойынша Қарағанды облысына 60 миллиард теңге бөлді. Оның 30 пайызы жаңа нысандарға арналады. Арасында бірнеше мектеп бар. Әр қалада, әр ауданда жаңа нысан салынады. Сонымен қатар, қаражаттың үштен екісі күрделі және орташа жөндеуге жұмсалады. Ол қала, ауылдардың көшелері, үйлердің шатырлары, медицина, білім беру саласындағы нысандардың жөндеуіне арналады. Осы жұмыстардың аясында 16 мың адам еңбекпен қамтылмақшы", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлемге шетелге көшкендер мен түрмедегілер де өтініш берген

Аймақтардағы әкімдіктер карантин шараларын бақылауды күшейтеді

Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен ведомствоаралық комиссияның отырысында елдегі карантин шараларын бақылауды күшейту мәселесі сөз болды.

"Карантин талаптарын дұрыс сақтамай отырған аймақтарда коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын көбеюде. Сол себепті аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау күшейтіліп, тиісті шаралар қабылдануы керек", – деді Тоғжанов.

Аймақтардағы әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға:

  • ұжымдардағы әлеуметтік байланыс деңгейін төмендету (жұмысқа қызметкерлердің көп дегенде 50 пайызын ғана тарту);
  • жұмыс уақытында қызметкерлердің маска тағып, оны уақытылы ауыстыруын қадағалау;
  • әлеуметтік қашықтықты сақтау шарттарын қамтамасыз ету;
  • қоғамдық көліктердің толып кетпеуін қадағалау, автобусқа тек маска таққан жолаушыларды кіргізу;
  • қоғамдық орындарда, кәсіпорындарда, ұйымдар мен нысандарда зарарсыздану жұмыстарын күшейту (қорғаныс, ішкі істер қызметінің қызметкерлерін қатыстыра отырып) тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Карантин режимінде сұлулық салондары қалай жұмыс істейді?

Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова сұлулық салондары елдегі коронавирус жұқтыру көрсеткіші 5 пайыздан аспаған жағдайда ғана жұмыс істейтінін айтты. Дәрігердің сөзінше, сұлулық салондарының жұмысына қатысты қабылданған қаулыда салондардың ішінде көрсетілетін қызмет түрлеріне қандай да бір шектеу қойылмаған.

"Қазір әр аймақтағы коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші әртүрлі болып отыр. Біз жалпы қазақстандықтар үшін ортақ ереже бекітеміз. Алайда, облыстардағы, тіпті, облыс ішіндегі аудандардағы ахуал әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, карантин шараларын жеңілдету мәселесі әр аймақтың жекелеген эпидемиологиялық жағдайына қарай қарастырылады", – деді Айжан Есмағамбетова.