Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 25 мамыр оқиғалары. Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 438 адам тіркелді

Informburo.kz суреті
Informburo.kz суреті
Коронавирус жұқтырғандар саны 8 969-ға жетсе, соңғы тәулікте 163 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 73 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

25 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 8 969

  • Алматы – 2 276;
  • Нұр-Сұлтан – 1 686;
  • Атырау облысы – 923;
  • Шымкент – 675;
  • Қарағанды облысы – 662;
  • Батыс Қазақстан облысы – 452;
  • Түркістан облысы – 332;
  • Жамбыл облысы – 343;
  • Қызылорда облысы – 297;
  • Алматы облысы – 300;
  • Ақтөбе облысы – 278;
  • Павлодар облысы – 187;
  • Маңғыстау облысы – 172;
  • Ақмола облысы – 147;
  • Қостанай облысы – 127;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 66;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 46.

Жазылғандардың жалпы саны – 4 515.

Көз жұмғандар – 35.

Тоқаев індет жұқтырғандар санының артуына алаңдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан індет жұқтырғандар саны артып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Twitter парақшасында үкіметке, облыс және қала әкімдеріне жағдайды реттеуі керектігін тапсырды. Әрі азаматтардың денсаулығын сақтау үшін нақты шешімдер қабылдау қажеттігін алға тартты. Президент көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндетті екенін ескертті.

Қоғамдық орындарда маскасыз жүрген алматылықтарға айыппұл салынады

Алматыда көшеде және жабық мекемелерде бетпердесіз жүргендерге айыппұл салынады. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов мәлімдеді. Дегенмен, шенеуніктер тұрғындарды қай бапқа сүйене отырып жазалайтынын жарияламады.

"Жақын арада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз әкімшілік жазаның басқа да түрлерін: айыппұлдар мен басқа да жазалау шараларын қолданатын боламыз", – деді Ерлан Қожағапанов.

Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин маскалық режимді бұзған алматылықтарға қандай мөлшерде айыппұл салынатынын хабарлады.

"Егер азамат маска тағуға қатысты карантиндік шараларды бұзса, айыппұл сомасы 5 АЕК немесе 13 890 теңгені құрайды. Адамдарды маскасыз жіберген қандай да бір нысанның басшылары 15 АЕК - 41 670 теңге көлемінде әкімшілік жазаға тартылады. Біз барлық нысандарда бетперде киюді талап етеміз. Егер бұл шағын бизнес болса, айыппұл сомасы 100 АЕК – ке жетеді, ал орташа – 200 АЕК-ке жетеді, ал егер бұл ірі бизнес болса, айыппұл көлемі 500 АЕК-ке дейін жетеді", деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Алматыда мас жүргізуші блок бекетке соғылып, екі полицей қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы жансақтау бөлімінде

25 мамырда таңғы сағат 05.30 шамасында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылындағы №4 блок бекетте жантүршігерлік жол апаты болды. BMW маркалы көлікті тізгіндеген 1992 жылғы мас жігіт қатты жылдамдықпен бақылау-өткізу пунктінің бетон қоршауына соғылады. Содан кейін серпінмен ұшып, жолдың арғы бетінде тұрған патрульдік көлікті қиратқан. Салдарынан қызметтік көлік ішінде маңайды бақылап отырған 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза тапты. Ал оның жанындағы полиция сержанты Дастан Әбдіканов есін жимастан ауруханада қайтыс болды.


Блок-бекеттегі жол апаты

Блок бекеттегі жол апаты / Алматы ПД баспасөз қызметінің суреті


Блок бекетте зардап шеккен үшінші полиция қызметкері Ербұлан Сейдазым қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ол планшетпен өтіп жатқан көліктерді тексеріп тұрған. Қанды оқиға жасаған жүргізуші қазір қамауда, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізуіне тыйым салынуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі

Алматылықтар карантин кезінде Көкжайлауда кеш ұйымдастырған

Алматыда 1 шілдеге дейін барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан, Көкжайлау шатқалында демалыс күндері ауқымды кеш өтті. Онда ашық аспан астында кино көрсетілімі ұйымдастырылып, келушілер фильмдер тамашалаған. Адамдар алдын-ала тігілген шатырларда түнеген. Карантиндік шектеуге қарамастан, шатқалға тіпті жол талғамайтын көлікпен келгендер де табылған. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға қарағанда, Көк-Жайлауда сауық кешін Steppe Spirit, Gornomen, Mountainkings.kz, Gladiatr Almaty, Kyran Talapbek турфирмалары ұйымдастырған. Алайда олардың шараға шақырулары бар жарияланымдары жойылған.

Шатқалда сауық құрғандардың бұл әрекеті эко белсенділердің ашуына тиді. Олар болған жайтты әлеуметтік желіде жариялап, тауда демалғандардың маңайды ластап, қоқыстарын шашып кеткенін жазған. Алматы әкімдігі бұл жағдайдан хабарсыз болғандарын айтады.

"Қазір анықтап жатырмыз. Бұл шараны өткізетіні туралы ешкім бізбен келіспеді. Біз бұл іс-шараны білмедік", деді Алматы туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді.

Адам өміріне қауіп төндіріп, санитарлық талаптарды сақтамағандар жауапқа тартылатын болды. Қала әкімінің тапсырмасымен Полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?

Спорт кешені, фитнес-клуб және балалар лагері Covid-19 өсімі 2 пайыздан төмен болғанда іске қосылады

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қазіргі эпидемиологиялық ахуал және халықты жұмыспен қамту мақсатында қызмет салаларын қалпына келтіру мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Соған сәйкес, вирустың минималдық өсім қарқыны аптасына 2%-ға жетпеген өңірлерде:

  • сауда-ойын-сауық орталықтарының (ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар жұмыс істемейді);
  • қоғамдық тамақтану нысандарының (50 адамнан астам орынмен);
  • өндірістік тауарлар дүкендерінің (2 мың м2 астам);
  • фитнес-орталықтары, спорт кешендерінің;
  • SPA орталықтары, моншалар мен сауналардың;
  • балаларға арналған сауықтыру лагерьлерінің;
  • қоғамдық көліктің (шектеусіз) қызметін іске қосуға рұқсат етіледі.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады. Ол үшін не істеу керек?

42 500 теңгеге қайта өтінім беруге болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кіріс жоғалтуына байланысты төленетін 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алмаған қазақстандықтар өз өтініштерін қайта бере алатындығын хабарлады.



Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрестің 4 кезеңі. Қазақстандық стратегия қандай нәтиже берді?

Ерекше жағдайдағы "Соңғы қоңырау", 8 506 түлек "Алтын белгіге" үміткер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түлектерді мектеп бітіруімен құттықтады. Ол биылғы соңғы қоңырау ерекше жағдайда өтіп жатқандығын атап өтіп, ақжарма тілегін Twitter парақшасында жариялады.

"Баршаңызды бүгінгі ерекше жағдайда өтіп жатқан "соңғы қоңырау" күнімен құттықтаймын! Асыл армандарыңыз орындала берсін! Болашақтарыңыз жарқын болады деп сенемін!Жас ұрпақты ғажайып білім әлеміне жетелейтін ұстаздар қауымына қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамын!", – деді Президент.



Серіктестер жаңалықтары