Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін "Алтын-Емел", "Көлсай көлдері" және "Шарын" ұлттық парктерінің учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беруге арналған конкурстардың нәтижелері туралы хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, конкурсқа қатысу үшін әлеуетті инвесторлардан барлығы 6 өтінім берілген. Соның нәтижесінде келесі компаниялар таңдалған:
- "Шарын" мемлекеттік ұлттық табиғи паркін – "Таунтон Плюс" ЖШС құрамындағы консорциум атынан "QazaqGeography" РҚБ;
- "Көлсай" көлдерін – "Атырау-Рент" ЖШС;
- "Алтын-Емел" ұлттық паркін – "Asemtal" ЖШС құрамындағы консорциум атынан "QazaqGeography" РҚБ басқарады.
Оқи отырыңыз: "Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?
Конкурс жеңімпаздары көрікті жерлерді ұзақ жылға жалға алып, тек кәсіптерін дөңгелетпейті. Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, туристік маршруттар мен соқпақтардың дамуына, туристік нысандарды күрделі құрылыссыз орналастыруға міндетті. Сондай-ақ, қазіргі заманғы визит-орталықтарын, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ ауылдары мен керуенге арналған орындарды құрады.
Осылайша, тұжырымдаманы іске асыру үшін үш ұлттық парк бойынша жалпы сомасы – 14,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Оның ішінде:
- 4,5 млрд теңге – "Шарын" ұлттық паркіне;
- 5 млрд теңге – "Көлсай" көлдеріне;
- 5 млрд теңге – "Алтын-Емел" ұлттық паркіне.
Оқи отырыңыз: Қайыңдыға жол түсіп, бөгет салынады. "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде экотуризм қалай дамиды?
Министрліктің мәлімдеуінше, конкурстық құжаттардың жобалары аталған ұлттық парктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылған. Әр ұлттық парк бойынша конкурстарға қатысушылармен алдын ала талқылаулар жүргізілген. Оларды талқылауға және шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін осы ұлттық парктер жанынан құрылған Қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысқан.
"Сонымен бірге қабылданған тұжырымдамаларға сәйкес экотуризм инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан Алматы тобындағы ұлттық парктердің бас жоспарларын түзету бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте, туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктердің учаскелері ұлттық парктерде туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыру ережелеріне сәйкес конкурстық рәсімдер өткізілгеннен кейін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі", – делінген министрлік хабарламасында.