Тікелей эфир

"Жүрегіме тыныштық пен бақыт сыйлайды". Шабандоз Аружан Тоқтарбекпен сұхбат

Сурет: Informburo.kz
Сурет: Informburo.kz
Ару ат үстінде трюктер жасауды небәрі бір айда үйренген.

19 жастағы Аружан Тоқтарбек Алматы қаласындағы "Спорт және туризм" академиясының 4-курс студенті. Бала күнінен би өнерін меңгеріп, отандық "Алатау" гандбол құрамасының сапында ойнайды. 2022 жылдың наурыз айында "Сарбаз рухы" кастингінен өтіп, небәрі бір айда ат үстінде түрлі трюк жасауды үйренген. Ару алғаш кастингтің қалай өткенін, ат спортының денсаулыққа пайдасы және өнер көрсететін тұлпармен тіл табысу туралы әңгімеледі. 

– Ат үстіндегі өнермен қашан айналыса бастадыңыз?

– Кәсіби түрде ат спортымен шұғылданбасам да, бала күнімнен атқа қызығып өстім. Ара-тұра атпен серуендегеннің өзі маған жылулық сыйлайтын еді. 2022 жылдың наурыз айында мен білім алатын топтың чатына кастинг туралы сілтеме жіберілді. Сол жерде атпен өнер көрсету деген талапты көріп көзім жанып кетті. Кейін жазылған нөмірге хабарласып, кастингке қатыстым. Түрлі трюкті бір айда жасауды үйреніп, 7 мамырда дебют жасадым. Осылайша "Сарбаз рухы" атпен өнер көрсетушілер қатарына қосылдым. 

– Кастинг қалай өтті? Бірден трюктер жасауға көштіңіздер ме?

– Жүгіріп, түрлі жаттығудан бастап спорттық ағаш нысандардың үстінде кішігірім трюктер жасадық. Бұл денеміздің иілгіштін дәлелдеу үшін қажет болды. Бұдан бөлек, ең басты талаптардың бірі – актерлік қабілет еді. Арасында "ит бол, мысық бол" деген тапсырмалар да берілді. Бірінші күннен бастап қазіргі күнге дейін жаттықтырушымыз Куван Сопубеков. Барлығы үлкен көмек пен қолдаудың арқасында келеді. Көре алмаушылық деген жоқ, керісінше бір-бірімізге бір отбасының адамдарындай мейірімдіміз. 

– Шоу көрсетуге дайындық қалай жүреді?

– Жігіттік өнерді көрсетуге дайындық барысында атты арнайы дайындау маңызды. Адам өзінің денесін қалай бірте-бірте қыздырса, аттарды да дәл солай дайындаймыз: жай жүрістен бастап, қатты шабуға дейін ұласады. Әр аттың өзінің денесіне сай ер-тоқымы болады. Кейін жаттықтырушымыз нақты трюктер бойынша тапсырма береді. Осы трюктерді жасауға мұқият болу қажет. Себебі он шақты ат болса, жаттығушылар саны одан бірнеше есеп көп болуы мүмкін. Яғни сенің екі ғана мүмкіндігің болады. 


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің


– Өнер көрсететін тұлпармен тіл табысуға қанша уақыт керек?

– Жаттықтырушымыз бірінші күннен бастап тұлпар таңдамаңдар деп айтқан болатын. Өйткені, басқа қалаға өнер көрсетуге барған кезде қиналып қалуымыз мүмкін. Дәл қазір тұлпар таңдамайтындай деңгейге жеттік десем де болады. Сондай-ақ, бүгін өнер көрсеткен тұлпарлар ертеңінде демалып, олардың орнына басқалары шығады. Екінші жағынан серігіңді таңдамау мүмкін емес, біз аттармен сырласып, тіпті, еркелетіп тәтті мен сәбіз де береміз. Жалпы өзім жаңа аттармен тез тіл табысамын. 

– "Сарбаздар рухы" бағдарламасына қандай өнер түрлері кіреді? Шоуға дайындық қалай жүреді?

– Көбінесе Алматы қаласы мен Алматы облысында өнер көрсетеміз. Бағдарламаға жігіт өнері, қыз қуу, аударыспақтан бөлек қонақтарды күтіп алып қазақ үйге кіргізу, ән, би, шашу, жүн түту, диірменде ұн дайындау және т.б. кіреді. Осылар көрсетіліп жатқанда бізге рациямен "дайындалыңдар" деген хабар береді. 15-20 минутта аттарды қыздырып дайын тұрамыз. 

– Атты шулы ортаға үйрету үшін не істейсіздер? 

– Басқа қалада қойылмаған атпен өнер көрсету қиын. Өйткені үстіне шығып, түрлі трюк жасап жатқанда қарапайым аттар түсінбей қалып, үрки жөнеледі. Сондықтан алдын ала трюктер мен шуға өзіміз өнер көрсететін музыканы қатты қосып қойып дайындаламыз. Өнер көрсететін күні сол музыка қосылғанда аттартың қаны қайнап, бірден трюктерге дайын тұрады. 

– Қай трюктерді жасағанды ұнатасыз?

– Маған бәрі ұнайды, бірақ ішінде "вышка", "дамская на шее", "пистолет лежа" дегендерді ерекше атап өтетін едім. Кастингке дейін бұл трюктердің ешқайсысын жасап көрмедім, бірінші рет осы "Сарбаздар рухының" қатарында жүріп үйрендім. Бұл трюктерді тез үйренуіме бес жастан бастап биге қатысуым септігін тигізді. Хореографымыз жан-жақты болсын деп ұлттық билерден бастап заманауи түрлеріне дейін үйреткен еді.

Фото Аружан Тоқтарбектің жеке архивінен алынды

– Өнер көрсету кезінде жарақат алатындар бола ма?

– Жігіттік өнер кезінде әркім әртүрлі жарақат алуы мүмкін – ат астында қалу, құлау деген секілді. Құдайға шүкір, ауыр жарақат алған кезім болмады.

– Керісінше ат спортының пайдалы тұстары қандай?

– Пайдалы тұстары өте көп. Көбіне атпен серуендейтін кешендер қала сыртында, тау бөктерінде орналасатындықтан жүйкеңіз кәдімгідей тынышталып, күйзелістен емделесіз. Арқаны тік ұстап, асқазан мен қан айналымының жұмысын жақсартады. Маған бұлардан бөлек аттардың ерекше төзімділік пен сабырлықтың символы іспеттес энергетикасы ұнайды. 


Оқи отырыңыз: 700 мың теңгемен басталған бизнес. Ауыл кәсіпкері қалай агротуризмді дамытып отыр?


– Шабандоз болғысы келетін немесе жай атқа отырып үйренгісі келетін адам неден бастауы керек?

– Бірінші кезекте аттан қорықпай, моральдық тұрғыда дайындалу қажет. Біз де бірден атқа отырып шауып кеткен жоқпыз. Алдымен тіл табысуды, кейін бағындыруды, түрлі команда беруді үйрендік. Яғни практикадан бұрын іштей дайындық маңызды дер едім. Бұдан бөлек атқа алғаш отырғанда киімге аса мән берген жөн: бас киім, денеге жабысып тұратын шалбар, ұзын етік және қол мен мойындағы әшекей бұйымдарды алып тастау. Аттар өте сезімтал келетіндіктен, әтір сеппеген абзал. Бастапқыда осыларды ескерсеңіз, ат спортын жылдам меңгересіз. 

– Бұдан бөлек кәсіби деңгейде айналысатын спорт түрі бар ма?

– Кәсіби түрде ганболмен айналысып жүргеніме 5 жыл толады. Алматыдағы Спорт және туризм академиясына осы спорт түрін меңгеру үшін түстім. Қазір "Алатау" командасының сапында отандық және халықаралық жарыстарға қатысып жүрміз. 

– Халықаралық олимпиадаларға қатысу жоспарыңызда бар ма?

– Дәл қазір "Неге қатыспасқа?!" деген ой келіп тұр. Шынымды айтсам, сіз сұрақ қойғанға дейін бұл туралы ойланып көрмеппін. Әзірге ондай мақсат жоқ, бірақ сәті түсіп жатса, міндетті түрде қатысамын. 


Оқи отырыңыз: Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет


– Елдегі ат спортын қалай бағалайсыз? Инвестор, мүдделестерді табу оңай ма?

– Қазақстанда ат спорты бойынша серіктестер де, инвесторлар да көп. Өйткені, ат спорты – патриоттық сезімді, қазақтық пен рухты көтеретін спорт түрі. Жігіттік өнер ресми түрде ұлттық спорт түрлеріне қосылып жатыр. Қай жағынан алсақ та бұл спорттың біз үшін болашағы зор. 

Фото Аружан Тоқтарбектің жеке архивінен алынды

– Ат спорты сізге не береді?

– Ат спорты жүрегіме тыныштық пен бақыт сыйлайды. Жұмыс істей жүріп демалғандай күйде боласың, өз ісіңнен ләззат аласың. Бұл спорт түрін қаншалықты жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары