Жеңіске 80 жыл: Қазақстандағы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ескерткіштері

Даңқ мемориалы. Фото: Depositphotos.com
Даңқ мемориалы. Фото: Depositphotos.com
Ескерткіштердің басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында орналасқан.

Ұлы Отан соғысында жанын пида етіп, ерлікпен шайқасқан батырлардың есімдері мен ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінгі күнге дейін ұлықталып келеді. Еліміздің әр өңірінде соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлерге арналған ескерткіштер орнатылған. Мысалы, Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға, Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіштер.

Информбюро порталы Жеңістің 80 жылдығына орай сол ескерткіштер туралы мәлімет ұсынады. 

Қазақтың батрыр арулары

Мәншүк, Әлия және Хиуаздың мүсіні / Фото: Оксана Каткова

Оралда қазақтың үш батыр қызы – Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткіші бар. Ескерткіш 2017 жылы ашылды. Бұл композиция мүсінші Нұрлан Долбайдың қолынан шықты. Ортада Мәншүк, екі жағында Әлия мен Хиуаз бейнеленген.

Бұл батыр қыздарға орнатылған тұңғыш ортақ туынды. Бұған дейін Алматы қаласында Әлия мен Мәншүкке арналған композиция бой көтерген еді.

Хиуаз Доспанова

Хиуаз Доспанованың ескерткіші / Фото: Нұрбейбіт Нұғыманов

Атырау қаласында 2019 жылы қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткіші ашылды. Мүсін авторы – Бақытбек Мұхамеджанов. Бұл ескерткіш Атырау халықаралық әуежайының дәл алдына қойылды. Бір жылдан соң 2020 жылы әуежайға Хиуаз Доспанованың аты беріліп, маңдайшасына Халық қаһарманының аты жазылды. 

Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз Доспанова Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, немістердің бекіністерін, соғыс техникаларын, оқ-дәрі қоймаларын бомбалаған. 

Әлия Молдағұлованың мемориал кешені

Әлия Молдағұлованың мемориал кешені

Ақтөбе қаласында 2005 жылы Кеңес Одағының батыры, мерген Әлия Молдағұлованың мемориалды кешені ашылды. Қоладан жасалған Әлияның мүсінінің екі жағынан барельеф орнатылған: сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы бейнеленген, Құрманғазы мен Абылай хан көрсетілген; оң жағында 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер ашық бейнеленген.

Әлия мүсінінің авторы – Бақытжан Әбішев. Барельеф авторы – Ескен Сіргебаев.

Кешеннің Астанадағы көшірмесі / Фото: Ж. Жұмабеков/ҚР парламент мәжілісі

2008 жылы Астана қаласының он жылдық мерейтойына орай мемориалды кешеннің дәлме-дәл көшірмесі Аграрлық университет жанында, Әлия Молдағұлова көшесі мен Жеңіс даңғылы қиылысында орнатылды. Бұл Ақтөбе облысының Астанаға жасаған тартуы болды. 

2021 жылы Ақтөбе қаласындағы халықаралық әуежайға Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Әуежай ғимаратында батыр қыздың биіктігі 247 см болатын
мүсіні ашылды. Мүсін авторы – Жеңіс Жұбанқосов. Биыл Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толды.

Мәншүк Мәметова

Астанадағы Мәншүк Мәметоваға қойылған мүсін / Фото: ruh.kz

2018 жылы Батыс Қазақстан облысы Астананың 20 жылдығына орай елордаға  Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жауынгер Мәншүк Мәметованың ескерткіші мен "Ақжайық" алаңын тарту етті. Ескерткіш авторы – мүсінші Мұрат Мансұров. Мүсін қоладан, ал тұғыры граниттен соғылған. Биіктігі – 6,1 метр.

2022 жылы Орал халықаралық әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді. Ол Батыс Қазақстанның Орда ауданында дүниеге келген. 1942 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші соғыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Әлия мен Мәншүк

Әлия мен Мәншүк ескерткіші / Фото: weproject.media

1997 жылы Алматы қаласында қазіргі Астана алаңында Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылды. Мүсінші Қазыбек Сатыбалдиннің туындысында екі батыр қыздың бейнесі мен бейбітшіліктің символы көгершіндер бейнеленген.

Ескерткіш орнатылған тұғырды қос батырдың "алтын жұлдызы" айшықтап тұр. Ал ақ тастағы бейбітшілік құсын қолынан ұшырған балалар бейнесі Әлия мен Мәншүктің ерлігімен келген бейбіт өмірді баяндайды. 

Рақымжан Қошқарбаев

Рақымжан Қошқарбаевтың мүсіні / Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

2016 жылы Астанада Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш орнатылды. Қоладан құйылған 11 метрлік туындының авторы – мүсінші Асқар Нартов.

Рақымжан Қошқарбаев Екінші дүниежүзілік соғыс майданына 1944 жылы аттанған. 1945 жылы қазақ жауынгері Григорий Булатовпен бірге алғаш Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған.

Бауыржан Момышұлы

Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлына арнап Қазақстанның бірнеше қаласында ескерткіш орнатылған. 

Таразда Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіш / Фото: Евгений Пенчук

Жамбыл облысының өзінде Бауыржан Момышұлына арналған 9 ескерткіштер бар. Соның ең үлкені Тараз қаласындағы "Ерлік" мемориал кешенінде орналасқан. 2000 жылы орнатылған мүсін 2018 жылы басқа орынға ауыстырылған. Мүсіншілер – Д.Әлдеков, Н. Рүстемов, сәулетшілер – С. Дембай, Н. Баекеев. 

Астанада Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіш / Фото: Арман Мухатов

Астанада 2008 жылы қаланың 10 жылдығына орай Бауыржан Момышұлының туған жері Жамбыл облысынан ескерткіш тарту етілді. Туынды авторлары – мүсінші Темірхан Қолжігіт, сәулетші Бақытжан Сыздықов.

Алматыда Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіш / Фото: visitalmaty.kz

Алматыда 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай "28 гвардияшыл-панфиловшылар" саябағында мүсіні бой көтерді. Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан соғылған. Мүсін авторлары – Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев.

Шымкентте Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіш / Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте де Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын даңғыл мен Тәуке хан даңғылы қиылысында батырға арналған ескерткіш орнатылған.

Сағадат Нұрмағамбетов

Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіні / Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

2024 жылы Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай Ақмола облысы Ақкөл ауданында батырдың құрметіне ескерткіш ашылды.

Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылы Солтүстік Кавказ майданында жас офицер ретінде жауға қарсы күресті. Небәрі 20 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. 

Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Ол 1992 жылы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін ел игілігіне жұмыс істеді.

Әди Шәріпов

Әди Шәрипов ескерткіші / Фото: Юрий Б.

2015 жылы Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, ғалым Әди Шәріповке арналған ескеркіш бой көтерді. Ескерткіш авторы – суретші-мүсінші Бақытжан Әбішев. Ескерткіш Әди Шәріпов көшесінде, Бөгенбай батыр көшесімен қиылысқан жерде орнатылды.  

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Әди Шарипов партизан отрядының құрамында болған. Әр жылдары ол Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы, сыртқы істер министрі, жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарған. Әди Шәріпов 350-ден аса ғылыми-публицистикалық жұмыс жазып қалдырған.

28 панфиловшылар

Даңқ мемориалындағы 28 панфиловшының мүсіні / Фото: Depositphotos.com

Даңқ мемориалы – Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында 1975 жылы орнатылған ескерткіш-кешен. Сәулетшілері – Т.Бәсенов, Г.Сейдалин, В.Н. Ким және мүсіншілері – В.В. Андрющенко, Р.Е. Артимович. 

Даңқ мемориалы үш бөліктен тұрады. Алдында мәңгілік алау жанып тұрады. Дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл сайын соғыстан шейіт болған майдандастарын еске алу үшін осы жерге жиналады.

28 панфиловшылар Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғағады. Мәскеу генерал-майоры Иван Панфилов басқарған  316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы жазда Алматыда құрылған. 

Иван Панфиловқа қойылған ескерткіш / Фото: dknews.kz

2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш "Жерұйық" саябағында орналасқан. 

Туынды авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш қоладан құйылған. Мемориалдың бір жақ бетінде Мәскеуді қорғау үшін қан төккен 28 панфиловшы-жауынгердің туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған, табиғи граниттен биік тақталар жасалған. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары