Тікелей эфир

Алматыдағы 28 гвардияшы панфиловшылар саябағы: Өткені мен бүгіні

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қолымызға 1983, 1990 жылдары жарық көрген Алматы қаласы бейнелеген кітаптар тиді. Мұрағаттардан 28 гвардияшы панфиловшылар паркінің бұрынғы келбетін көрдік. 

Алматы қаласының қақ ортасындағы Гоголь көшесінің бойында "Отырар" қонақ үйі орналасқан. "Отырардың" құрылысы 1981 жылы аяқталды. Шығыс дәстүрімен салынған құрылыстың ішкі дизайнында қазақ халқының ұлттық шығармашылығы көрініс табады. 

"Отырар" қонақ үйі. Қазақ кеңес энциклопедиясы, 1983 жыл
"Отырар" қонақ үйі, қазіргі келбеті. Сурет: vlast.kz

"Отырар" қонақ үйіне қарама-қарсы жерде "28 гвардияшыл-панфиловшылар паркі" тұр. Бұл – ескі парк. 

Парк XIX ғасырдың жетпісінші жылдары ескі зираттың аумағында құрылды. ХХ ғасырдың алғашқы бөлігінде парк "Пушкин бағы", "Құлаған әскерлер паркі", "Ленин атындағы парк", "Губкомпомарм бағы", "1 мамыр қоғамдық паркі", "Кеңес республикалары федерациясының паркі" секілді атауларға ие болды. Қазіргі атын 1942 жылы иеленді, содан бері "28 гвардияшы панфиловшылар паркі" деп аталады. 

Атауы Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда құрылып, генерал Иван Панфиловтың басқаруымен майданға жіберілген дивизияның құрметіне қойылған. 1941 жылдың қараша айында дивизия Мәскеу түбіндегі шайқаста 28 әскер жаудың 50 танкіне қарсы тұрды. 4 сағатқа созылған ұлы шайқаста 18 брондалған машинаны істен шығарған олардың бірде-бірі тірі қалмады. Соғыста ерлікпен қаза тапқан 28 әскерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

Қазіргі таңда парктің аумағында Вознесендік кафедралды собор, панфиловшыларға қойылған ескерткіш, мәңгілік алау, қазақ ұлттық музыкалық аспаптар музейі, Артишок театры мен бірнеше мейрамхана бар. Күндіз паркте понимен қыдырып, көгершіндерге тамақ беруге болады. Немесе жай ғана таза ауа жұтып, тарихы терең саябақта демалуға болады. 

Парктің ортасында православиелік кафедралды собордың ғимараты (1904-1907) тұр. Ол сәулетші Андрей Зенковтың жобасымен құрылған. 

Кафедралды собор, Иосиф Малярдың 1990 жылы шыққан "Алма-Ата. Жолбағдар" кітабынан
Кафедралды собор, қазіргі кезі. Сурет: КЖА

Собор ағаштан жасалған. 1911 жылы Алматы қаласында болған жойқын жер сілкінісі кезінде Зенков жасаған бірде-бір құрылыс құламаған, соның ішінде аталған собор да бар. 

Аталған ғимарат әлемдегі ағаштан жасалған ең биік ғимараттардың бірі болып саналады. Соборға 1800 адам сыяды. 

Ғимараттың ішінде кеңес үкіметі тұсында орталық мемлекеттік музей орналасқан, ал қоңырауы Қазақстандағы алғашқы радиостанция ретінде қолданылған. 1995 жылы ғимарат Орыс православиелік шіркеуіне қайта берілді. 


Оқи отырыңыз: "Алтын адам" табылған Есік қаласы: Туристер не тамашалай алады?


Даңқ мемориалы – 28 панфиловшылар саябағында 1975 жылы орнатылған ескерткіш-кешен.

"Даңқ мемориалы" Иосиф Малярдың 1990 жылы шыққан "Алма-Ата. Жолбағдар" кітабынан
"Даңқ мемориалы", қазіргі келбеті. Сурет: КЖА

Сәулетшілері – Т.Бәсенов, Г.Сейдалин, В.Н. Ким және мүсіншілері – В.В. Андрющенко, Р.Е. Артимович. 

Даңқ мемориалы үш бөліктен тұрады. Алдында мәңгілік алау жанып тұрады. Дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл сайын соғыстан шейіт болған майдандастарын еске алу үшін осы жерге жиналады.

Бұл жерге Кеңес Одағының екі дүркін Батыры атанған Талғат Бигелдиновтың, Сергей Луганскийдің, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың аттары жазылған. 

Парктің ішінде Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі орналасқан. 

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Иосиф Малярдың 1990 жылы шыққан "Алма-Ата. Жолбағдар" кітабынан
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Қазіргі келбеті. Сурет: КЖА

Музей мәдениет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың ұйымдастыруымен XX ғасырдың 1980 жылы құрылды. Тарихи жәдігердің іші тұнған қазына. Біржан сал, Ықылас, Сейтек, Жамбыл, Дина ойнаған аспаптар осы жерде сақтаулы тұр.

Музей ғимараты өзінің ерекше пішінімен көз тартады. 1908 жылы атақты алматылық сәулетші Андрей Палович Зенковтың жобасымен тұрғызылған ғимарат "Ропетовский" стиліндегі ағаш сәулет өнерінің ерекше үлгісі. 

Музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар түрік халықтары, сондай-ақ әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам экспонат бар. 7 экспозициялық зал жұмыс жасайды. Олар: Халық музыкасының бастауы залы, үрмелі, соқпалы-шулы аспаптар залы, шеберлер залы, мемориалдық қобыз залы, домбыра және қобыз залы, түркі халықтарының музыкалық мұрасы залы, әлем халықтарының аспаптары залы. Музейде экспонаттарды сақтау, насихаттау және музыкалық мұраны дәріптеу, сондай-ақ музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми бөлім мен қор сақтау бөлімдері, көрме залы, мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. 

Одан бөлек, парк аумағында Тоқаш Бокинге арналған ескерткіш (1980 жылы қойылған), Ауғанстанда қаза тапқан қазақстандықтар құрметіне қойылған ескерткіш тұр (2003 жылы қойылған). 

Одан бөлек, қазақ үшін маңызы биік тағы бір тұғырлы тұлға Бауыржан Момышұлына да 2010 жылы ескерткіш тұрғызылды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары