Тікелей эфир

"Бауыржан Момышұлы тұлғасы әлі де зерттеуді қажет етеді". Мұрағаттағы сирек суреттер

Бауыржан Момышұлы. Суретті Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ұсынды
Бауыржан Момышұлы. Суретті Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ұсынды
24-желтоқсанда қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толады.

Осыған орай, Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің Ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің жетекшісі Еңлік Толықбаева батырдың мұрағаттағы сирек суреттерін Informburo.kz оқырмандарына ұсынып отыр.


Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлігімен көзге түскен, бейбіт күнде оқшау пікірлерімен ел жадында қалған батыр туралы көркем шығарма да, ғылыми зерттеу де, деректі фильмдер де, естеліктер де баршылық. Алайда әлі де зерттелмеген жайттар жеткілікті, зерттелсе де оны қоғамға жеткізу, таныту, насихаттау мәселесі – тоқтамайтын процесс.

Осы орайда "бауыржантанушылар Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қорында сақтаулы тұрған деректерді қаншалықты пайдаланып жүр? Бұқаралық ақпарат құралдарынан қаншалықты көрсетіліп жүр?" деген мәселе ойландырады. Әрине, Бауыржан Момышұлы туралы жазғандардың бәрі бірдей архив ақтара бермейтіні түсінікті. Оны біз бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан материалдарды көргенде байқаймыз. Көбіне бұрын жарияланған, жұрт талай көрген деректер мен видеоматериалдарды қайта көрсетіп жатады. Жаңа ұрпақ, жас буынға ол да жаңалық, әрине.

Бауыржан Момышұлы досы Әбділда Тәжібаевпен бірге. 1925 жыл. Суретті Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ұсынды

Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтік желіде Бауыржан Момышұлының сөйлеген сөзі жаппай тарағаны есімде қалыпты. Бұрын сөзін оқып жүргендер батырдың күндей күркіреген зор даусын естігенде таң-тамаша боп, бірінен бірі көшіріп таратып жатты. Бұл жайт батырдың мұрасын насихаттаудың жаңа тәсілі бар екенін көрсетті. "Күнделікті өмірімізге дендеп енген әлеуметтік желіде батыр тұлғасын насихаттаса болады екен" деген ойға жетеледі. Батырды зерттеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдары осы мәселені ескергені жөн болар еді.

Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қорында Бауыржан Момышұлы жайлы көптеген видео-фото мәліметтер бар. Рас, ілеуде бір келетін зерттеушілер бар, бірақ әлі жарияланбаған материалдар да баршылық. Олар да көпшіліктің көзайымына айналса дейміз. Бұл тұста мына нәрсені айта кету керек. Бұл материалдар Бауыржан тұлғасын зерттеушілерге ғана емес, Бауыржан өмір сүрген кезеңнің мәдени-әдеби тарихы жайлы зерттеушілерге де көптеген қосымша деректер болады.  

Архив қорында Бауыржан Момышұлының 1943-1972 жылдар аралығын қамтыған фотоқұжаттары бар. Сол кезде-ақ аты шыға бастаған батыр елден жеткен сыйлықты майдан өтінде жүріп күтіп алғаны бейнеленген киноқұжат та сақтаулы. Бізде Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына байланысты жеке зерттеушілердің аздығын ескерсек бұл да мәлімет. Кеңес өкіметінің соғыс кезіндегі мәдени іс-шараларын қарастыратын зерттеушілерге таптырмас ілік. Әлбетте біз Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова секілді белгілі әншілеріміздің алғы шепке барып, өнер көрсеткенін, майдандағы Рамазан Елебектің атақты "Жас қазақ" әні осылай елге жеткенін білеміз.

Бауыржан Момышұлы портреті. Суретті Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ұсынды

Бауыржан Момышұлының 1944 жылы елге келгені қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі үлкен оқиға болды. Бұл сәттің киноқұжаты да архив қорында тұр. Батырдың соғыс аяқталған соң іле-шала 1948 жылы Мәскеу түбіндегі Волоколамск шайқасына қатысқан панфиловшылар дивизиясы боздақтарының зиратына гүл қойғаны, 1956 жылы Алматыдағы Панфилов ескерткіші алдында сөйлегені сияқты, сонымен қатар, 1975 жылы, 1985 жылы, 1991 жылдары түсірілген деректі фильмдер де сақталған.

Мұнан өзге батырдың дауысы жазылған таспалар бір төбе. 1961-1975 жылдар аралығындағы түрлі іс-шаралардағы сөйлеген сөздері таспаға түскен. Мұндай сөздерді тыңдау бөлек те, сол замандағы әдеби-мәдени және қоғамдық тенденциялармен салыстыра отырып зерттеу бір бөлек. Өткенге жаңа көзқараспен қарай бастаған шақта Бауыржан Момышұлының сөздерін қайта қарап шықса артық етпейді.

Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві өз қорында сақталған батыр туралы материалдарды зерттегісі келгендерге  ұсынуға дайын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары