Тікелей эфир

Жатыр мойны ісігіне қарсы вакцина. Ол бедеулікке әкелетіні рас па

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Қыркүйектен бастап қазақстандық ата-аналардың рұқсатымен оқушы қыздарға адам папилломасы вирусынан қорғайтын вакцина салынады.

Адам папилломасы вирусы – бүкіл әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 200-ге жуық түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. Ал аса қауіпті 16, 18 АПВ типтері негізінен жатыр мойны қатерлі ісігін тудырады.  

Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында ІІ орында тұр. АПВ инфекциясының жатыр мойны обырына алып келетіні ғылыммен дәлелденген. Вирус қауіпті, өйткені ол тез таралады, жасушалардың обырын туындату қоздырғышына айналады және нәтижесінде қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. Осы орайда отандық дәрігерлер бұл вирустың ағзада қайдан пайда болатынын және вакцина салдырудың қаншалықты тиімді екенін түсіндірді. 

Қазақстанда әр алтыншы жасөспірім бала көтеріп, олардың 62 пайызы баласын босанған. Ерте жыныстық белсенділік пен қатерлі ісік арасында қандай байланыс бар?

Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚазОРҒЗИ дәрігері, "Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті КеАҚ онкология кафедрасының доценті Толқын Садықова жасөспірімдердің ерте жыныстық өмірі мен жатыр мойны обыры арасында қандай байланыс барын түсіндірді. 

"ДДСҰ мәліметіне сәйкес, жасөспірім деп 14-19 жастағы адамдарды айтады. Осы жасөспірім шақта денсаулыққа төнген қауіп-қатер ересек шақта қауіпті ауруларға алып келуі мүмкін. Әсіресе репродуктивті денсаулықты назарда ұстау маңызды. Бұл балалар мен ересектер ортасындағы бірегей демографиялық топ денсаулығының өзіндік қажеттіліктері бар. Олардың денсаулығына медицина қызметкерлері, отбасы, мектеп және қоғам әсер ете алады", – деді дәрігер. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға оралған қандас дәрігерлер неге ота жасаудан шеттетіледі?


Мұнымен қатар Толқын Садықова репродуктивті жүйені бұзатын факторларды атады:

  • дұрыс тамақтанбау артық салмақ, семіздік немесе керісінше дене массасы жеткіліксіздігіне алып келеді; 
  • энергетикалық сусындар, тұрмыстық химия заттары және пластик ыдыс секілді химиялық заттардың кері әсері; 
  • қатты шаршау күйзелістің себебі болуы мүмкін;
  • спирттік ішімдік, темекі, есірткі ұрпақ жалғастыруға керісінше әсер етеді;
  • компьютер мен гаджеттерді ұзақ қолдану қан айналым жүйесін бұзады. 

Аса маңызды:

  • етеккірдің ай сайын тұрақты келмеуіне, мүлдем келмеуіне және денедегі ауырсыну сезіміне мән беру;
  • ерте жыныстық қатынасқа түсуден сақтану;
  • урогенитальды жүйенің инфекциялық-қабынуын жақсылап емдеу. 

"Қазақстан жастарының репродуктивті әрекетінің ерекшелігіне тоқталатын болсақ, олар жыныстық қатынасқа орташа 16,5 жаста түседі. Жасөспірімдердің 44 пайызының жыныстық серіктесі біреуден көп болған. Қыздарға қарағанда ұлдар осы серіктерін жиі ауыстырады. 29 пайызы, яғни жастардың үштен бір бөлігі жыныстық белсенді. Ішінде 21 пайызы 18 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түсіп көрген. 15-24 жастағы жасөспірімдердің 31 пайызы, 15-18 жастағылардың 8 пайызы контрацепция тәсілін ұстанады. 17 пайызы, яғни әр алтыншы жасөспірім бала көтеріп, олардың 62 пайызы баласын босанған. Тағы бір айта кететін мәселе – жастар мен жасөспірімдер денсаулық сақтау жүйесінде контрацепция заттарымен тегін қамтамасыз етілу тобына жатпайды", – деп түсіндірді Толқын Садықова. 

2022 жылы 15-19 жастағы қаладағы қыздар – 5967 бала, ауылдағы қыздар – 7264 бала босанды

Мұнымен қатар маман жасөспірімдік белсенділік нәтижесі қандай болатынына тоқталды:

  • қыз баласының өз қалауынан тыс жүкті болуы;
  • түсік тастау қаупі;
  • АИВ мен т.б. жыныстық жолмен берілетін инфекциялар;
  • ерте жаста ана болу;
  • ерте тұрмысқа шығу;
  • баладан бас тарту;
  • ана мен бала өлімі. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың сексені – балалар


"Тіпті қыз бала ерте жүкті болып, оған отбасы үлкен қолдау көрсетті десек те, мұның оған оңай тимесі анық. Өйткені бұл жерде баланың өзі балалы болып отыр. Тоқталатын тағы бір мәселе – жыныстық сауаттың төмендігі. 2022 жылы 15-17 жас аралығындағы әрбір мың адамның алтыншысы жүкті болды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 13% көп. 2022 жылы 15-19 жастағы қыздар 13 мың бала босанды. Қаладағы қыздар – 5967 бала, ауылдағы қыздар – 7264 бала босанды. Қала тұрғындарының ішінде әр бесінші жасөспірімнің жүктілігі түсік жасатумен аяқталады. Ал ауылда әрбір 8 жүктілік абортпен аяқталады. Мұнымен қатар Қазақстан АИВ көп тіркеліп отырған мемлекеттердің бірі. 2010-2021 жылғы мәліметтер анализі өсу тенденциясын көрсетті. Дәлірек, 14-18 жастағылар арасында АИВ 10 есе, 19-24 жастағылар арасында 155 есе, 25-28 жастағылар арасында 70 есе өскен. Осының барлығы жатыр мойны обырына алып келеді. Жатыр мойны обыры әйелдер онкопатологиясында екінші орында тұр. Жалпы рак 88,5 пайыз жағдайда қатерлі болып келеді. Ал 11,5 пайыз жағдайда емделеді. 2022 жылы 25-43 жас аралығындағы 24 жүкті қазақстандықтан жатыр мойын обыры анықталды. Олардың 21-і ерте босанды, медициналық көрсеткіштер бойынша 5-еуі түсік тастады және екеуі өзі аборт жасатты", – деп түсіндірді дәрігер. 

Әлемде және Қазақстанда жатыр мойны обырын емдеу қанша тұрады және осы ісікке әкелетін вирус қалай таралады?

Шетелде:

  • орташа есеппен ауруды анықтау және емдеу – 6347 АҚШ доллары;
  • жатыр мойны обырының І сатысы – 32 225 АҚШ доллары;
  • жатыр мойны обырының асқынған түрі – 83 494 АҚШ доллары. 

Қазақстанда:

  • орташа есеппен ауруды анықтау және емдеу – 116 641,69 теңге;
  • С1 типтегі радикал гистерэктомия мен жамбас лимфодиссекциясы – 350 454, 47 теңге;
  • FIGOІІB-ІІІA деңгейіндегі ЖМО – сәулелік терапия + БРДХИТЕРАПИЯ – 3 851 587, 56 теңге. 

Алматы онкологиялық диспансерінің онкология бөлімінің меңгерушісі, онкогинеколог Райхан Болатбекова вирустың қалай таралатыны мен Қазақстандағы статистикалық мәліметтерге тоқталды. 

"Қазақстанда 2008 жылдан бастап 30-70 жастағы әйелдер әр 4 жыл сайын скринингтен өтеді. Жыл сайын 30-70 жастағы 800 мың әйел тексеріледі. Олардан жатыр мойны қатерлі ісігінің 350 жағдайы тіркеледі. Бұл 30-70 жастағы әйелдердегі қатерлі ісіктің бірінші рет анықталуының 25 пайызы. АПВ геномының құрылымы алғаш рет1965 жылы сипатталды. Оны жұқтырып алған көптеген адамда белгілері бірден байқалмайды. Көбінесе 25 жасқа дейінгі адамдар жұқтырады. 50 жасқа дейінгі әйелдердің 80 пайызы өмірінде АПВ жұқтырады. Вирус жыныстық жолмен және тері бір-бірімен үйкелген кезде жұғады. Мүшеқаптар вирустан қорғамайды. Адамдардың 70 пайызы вирусты жұқтырған соң бір жыл ішінде өз бетінше емделеді. 90 пайызы екі жыл ішінде емдеп жазады. Бұл үшін иммунитет мықты болуы қажет. Жөнсіз жыныстық өмір вирусты жұқтыру мүмкіндігін жоғарылатады. Сол себепті серікті таңдағанда аса мұқият болу маңызды", – деп түсіндірді Райхан Болатбекова. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда диабетке шалдыққандар саны 38 мыңға өскен. Ұлттық орталық құру қажет пе?


Мұнымен қатар ол ұлттық вакциналау бағдарламасының сәтті жүзеге асуы қандай нәтиже беретініне тоқталды. 

"100-ден астам мемлекет АПВ вакцинасын иммунизациялау күнтізбесіне енгізген. Әлем бойынша мақсатты топтың 15 пайызы қамтылған. ТМД елдерінде АПВ вакцинасы Армения, Грузия, Молдова, Түркменістан, Қырғызстан және Өзбекстанда енгізілген. Вакцина тиімділігіне келетін болсақ, Аустралияда вакциналау бағдарламасын енгізген соң, араға 9 жыл салып 18-35 жас арасындағы әйелдер ішінде АПВ төрт типі 90 пайыз аз анықталған. Ал АҚШ-та 2015-2018 жылдары АПВ төрт типі 88 пайыз аз тіркелген. АПВ-ны вакцина арқылы алдын алу Қазақстанда ЖМО-ның таралуын 74,2 пайызға дейін төмендетеді", – деді Райхан Болатбекова. 

Жатыр мойны ісігінен Қазақстанда күн сайын 2-3 әйел қайтыс болады. Мұндайды болдырмау үшін елде қандай вакцина қолданылады? 

ҚР ДСМ ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Манар Смағұл аурудың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. 

"Иммундау – халық денсаулығын сақтау саласы мен ұлттық саясаттың құрамдас бөлігі. Дәл қазір жатыр мойны обырын алдын алудың тиімді құралы – АПВ вакцинасы. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папилломасы вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуын төмендетеді. Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5-6 жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан күн сайын 2-3 әйел қайтыс болады. Вакцинаны 2006-2007 жылдары енгізген елдердің тәжірибесі 10 жылдан кейін АПВ-ның онкогендік типтері айналымының 80 пайыздан астам төмендегенін көрсетеді", – деп атап өтті Манар Смағұл. 

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Қазақстанда қай вакцина түрлері салынатынын және әлем тәжірибесінің қандай екенін айтып берді. 

"АПВ инфекциясы әлемдегі барлық онкологиялық аурудың шамамен 5 пайызын тудырады. Болжам мәліметтерге сәйкес, АПВ-ға байланысты обыр жыл сайын 625 600 әйел мен 69 400 ер адамда анықталады. АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау жатыр мойны обырының дамуының алдын алады. Адам папилломавирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанда қолданылады. Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Латын Америкасы елдерінің көпшілігін қоса алғанда, әлемнің 117 елі адам папилломавирусына қарсы вакциналарды өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде АПВ вакциналарының 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырған жоқ", – деді Манар Смағұл.


Оқи отырыңыз: Жастар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар көбейген. Диагностиканы ерте жасату не үшін маңызды?


2013 жылы вакцина салдырған қазақстандық қыздардың жағдайы қазір қалай? Gardasil вакцинасы бедеулікке әкелуі мүмкін бе?

Біздің елімізде АПВ-ға қарсы вакцинациялау 2024 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. ДДҰ ұсынымына сәйкес, АПВ вакцинациясының қажетті тобы – 9-14 жас аралығындағы қыздар.

"Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес ДДҰ ұстанымын және елдегі халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізу жоспарланып отыр. Әлемде АПВ вакцинасын фармацевтикалық компаниялардың шектеулі саны шығарады. Қазақстанда вирустың аса онкогенді түрлерінен қорғанысы бар АПВ-ға қарсы вакциналардың 4 түрі тіркелген. Merck Sharp & Dohme компаниясы шығарған Gardasil вакцинасы 2006 жылы қолдануға лицензия алды. Ол Голландияда шығарылады және 70-тен астам елде қолданылады. Олардың арасында АҚШ, Канада, Аустралия, Израиль, Ресей, Грузия, Молдова, Оңтүстік Африка және басқалары бар", – деп түсіндірді маман.

Гардасил вакцинасы төрт валентті вакцина, яғни ол АПВ – 6, 11, 16 және 18 – ең қауіпті және кең таралған төрт типінен қорғайды.

Қазақстанда үкімет қаулысымен 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулардың алдын алу кешенді бағдарламасы бекітілген. Жұмыс бес бағыт бойынша жүргізіледі. Ал мұның алдында 2013 жылы Қазақстанның төрт өңірі – Атырау, Павлодар облыстары және Алматы, Астана қалаларында үш дозалы вакцинамен иммундау бағдарламасы енгізілді. Мектептерде вакциналау ата-ана рұқсатымен жүргізілді. Жалпы 17 295 қыз бала ЖМО-ның алдын алатын вакцина салдырды. 11-26 жас аралығындағы 11 648 жасөспірім екі дозалы вакцина салдырды. Осы пилоттық бағдарламаның нәтижесін анықтау барысында жобаға 1129 вакцина салдырған және 841 вакцина салдырмаған әйел қатысты. Нәтижесінде вакцина салдырмаған топтағы әйелдердің 18,2 пайызында, ал вакцина салдырғандардың 0,12 пайызында адам папилломасы вирусы табылған. 

Серіктестер жаңалықтары