Тікелей эфир

Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың сексені – балалар

Қазақстанның әрбір оныншы азаматы созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан.

Бүгін Дүниежүзілік бүйрек күні. Осы орайда нефрология, эндокринология және терапия салаларындағы жетекші мамандар бүйрек аурулары бойынша сандық ақпарат пен науқастардың өмір сапасын жақсарту мәселелері туралы әңгімеледі. 

Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) – әртүрлі сипаттағы бүйрек ауруларын біріктіретін және осы ағза қызметінің бұзылғанын білдіретін ұғым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, СБА-дан әлемде 840 миллионға жуық адам зардап шегеді. Қазақстанда әрбір оныншы адамға осы ауру кездессе де, тек жеті адамның біреуіне ғана СБА диагнозы қойылады. Сарапшылар мұны СБА белгілерінің бірден байқалмайтынымен байланыстырады. Көп жағдайда адамдар гемодиализ, аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасы немесе бүйрек трансплантациясы қажет болған кезде кәсіби көмекке жүгінеді. 

"Бүгінгі таңда 9 мыңға жуық қазақстандық гемодиализден өтіп жатыр. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте Қазақстанда бейінді мамандардың тапшылығы туралы айтқан жөн. Халық арасында кеселдің таралуы жоғары болып тұрғанымен, елімізде бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы 5 кезеңнен тұрады. СБА-ның еш белгілерсіз өтуіне байланысты пациенттер аурудың кеш кезеңдерінде дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациенттерде СБА-ның диагнозын ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анықтайтын болсақ, гемодиализді уақтылы терапияның көмегімен кейінге шегеруге болады", – деді Алматы қаласы бойынша нефрологиялық көмек координаторы Абай Шепетов.

2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3600 қазақстандық тұр. Олардың 80-нен астамы – балалар. Ағзаларды трансплантациялауды күту тізіміндегі пациенттердің 90 пайызға жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Қалған 10 пайызды – бауыр, өкпе және жүрек ағзалары құрайды. Сарапшылардың пікірінше, өкінішке орай, әркім өз кезегін соңына дейін күте алмайды.


Оқи отырыңыз: Күйік пен теміреткіге шипа. Жантақ пен түйе сүтін қалай емдік мақсатта қолдануға болады


"11-12 жасымда тамақ ауруын асқындырып алдым, бұл – бүйрек аурулары дамуының себептерінің бірі. Сол кезде маған гломерулонефрит диагнозы қойылды, содан тек 30 жасымда диализге түстім. Менің жолым болды деп айта аламын, себебі маған донор табылды. Шынын айтқанда, Қазақстаннан емес, Беларусь Республикасынан. Біздің елден айырмашылығы, ол жерде бүйрек трансплантациясы бойынша операцияны ақылы жасау қажет болды. Бұған кем дегенде, 72 мың доллар қаражат керек екендігін білдім. Мен әлеуметтік желілер арқылы жинақтауды аштым. Туыстарым мен менің жағдайыма бей-жай қарамаған қазақстандықтар қол ұшын созды, менің өмірімді сақтап қалды. Қазақстанда күту тізімінде 4 жыл тұрдым, ал Минскіде небәрі 10 ай күттім", – деді бүйрек трансплантациясын басынан өткерген Анар Шаймергенова.

Мамандардың айтуынша, СБА дамуының қауіп факторы болатын бірқатар ауру бар. Олардың ішінде ең көп тарағандары – артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек-қан тамырлары аурулары, отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста СБА маркерлері бар екенін атап өткен жөн.

"Егер науқаста қант диабеті, артериялық гипертензия, туыстарында СБА болса, креатининге қан анализін тапсырып, шумақтық сүзілу жылдамдығын өлшеу қажет. Бұл – сізде СБА-ның бар-жоғын білудің негізгі жолы. Мұндай талдауды терапевт тағайындайды. Созылмалы бүйрек ауруы бар адамдар денсаулығының нашарлауын және аурудың белгілерін байқамауы мүмкін. Сондықтан жылына бір рет қан анализін тапсыруды ұсынамыз. Егер адам тәуекел тобында болса, онда мұндай талдауды кем дегенде жарты жылда бір рет жасау қажет", – деді Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының доценті Дина Қапсұлтанова.


Оқи отырыңыз: Қалқанша безі ауруы іштегі баланың миына қалай әсер етеді? Дәрігер түсіндірді


2030 жылға қарай Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар саны 800 мыңнан асуы мүмкін

Сондықтан СБА ауыртпалығын төмендету үшін эндокринология, кардиология және нефрология арасындағы пәнаралық көзқарас қажет.

"Қант диабеті кезінде нефропатия дамиды, Қазақстанда бұған қатысты парадоксалды жағдай қалыптасып жатыр – диализдегі пациенттердің 50 пайыздан астамы – қант диабетімен ауыратын науқастар. Қазақстанда бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауыратын 400 мыңнан астам пациент бар, ал аурудың жаңа жағдайлары бойынша жылына өсу үрдісі 18 мыңнан 30 мыңға дейін барады. Әлбетте, асқынуларды емдеу өте қымбат іс-шараларды қажет етеді, өкінішке орай, қазіргі таңда біз осы іспен айналысудамыз. Осы ретте алдын-алу терапиясы ондаған есе арзан болуы мүмкін", – деп түсіндірді "Диабетті зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам" ҚҚ президенті Жанай Ақанов.

Қазақстанда гемодиализ ел азаматтары үшін тегін. Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын осы процедураны қажет ететін адамдардың саны артып келеді, тиісінше мемлекеттік бюджетке жүктеме де өсуде. Гемодиализге кететін уақыт шығындарына байланысты пациенттер көбінесе жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылады. Гемодиализден өткен азаматтарға бірінші дәрежелі мүгедектік беріледі. Сондықтан осы жағдайды өзгерту үшін СБА-ның ерте диагностикасы өте маңызды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары