Халықаралық диабет федерациясының деректеріне сәйкес әлемде 537 миллионнан астам адам қант диабетіне шалдыққан. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 400 мыңнан асады. "Қазақстандағы қант диабетінің ауыртпалығы" бас зерттеушісі, "Диабетті зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам" ҚҚ президенті Жанай Ақанов белгілері бірден байқалмайтындықтан, бұл ауруға шалдыққандардың саны әлдеқайда көп екенін айтады. Мұнымен қатар, маман диабеттің емі мен ұлттық орталық құру туралы әңгімеледі.
– Қант диабетінің төрт түрі бар екеніне қарамастан, олардың соңғы екеуі көп ескерілмейді, айтылмайды. Бұл немен байланысты?
– Қант диабетінің жалпы төрт түрі бар. Біріншісі инсулинге тәуелді, яғни инсулин өндірілмейтін диабет. Ол көпшілік айтатындай балалар мен жасөспірімдерде ғана емес, жасы үлкендерде де кездеседі. Екінші типті инсулинге тәуелсіз немесе инсулин бар деп айту қате. Себебі ағзада инсулин болады, бірақ ол бәрібір де жұмыс істемейді. Инсулиннің қызметі қандай? Ол құдды автобус секілді, ал глюкоза жолаушы. Осы автобус глюкозаны бүкіл жасушаға тасымалдайды, бірақ екінші тип кезінде глюкозаны қабылдап алатын аялдама жабық тұрады. Кейін инсулин мөлшері көп болып, жасуша өледі, ағзада энергия болмайды. Үшіншісі жүктілік кезінде көрініс табуы мүмкін гестациялық диабет. Ол ары қарай диабеттің ауыр формасына өтпеуі мүмкін. Ал соңғы төртінші түрі белгілі бір жарақат алғанда немесе ем дұрыс жүргізілмегенде пайда болады. Соңғы түрі өте сирек кездеседі.
– Елімізде ем қаншалықты қолжетімді?
– Бірінші тип үшін бүйректі ауыртып алмау, асқындырып алмау маңызды. Көп жағдайда науқастар бүйрек жеткіліксіздігі себебінен көз жұмады. Екінші түріне шалдыққандар инсульт, инфаркт, ампутация секілді себептермен келеді. Сондай-ақ диабеттің бірінші түріне шалдыққан кезде қант мөлшерін дұрыстаудан артық ешнәрсе жоқ. Мемлекет ай сайын 1104 балаға инсулинді көмек алуға жағдай жасап жатыр. Бұл үлкен жұмыс, әр инсулин помпасы 2 млн теңге тұрады. Ай сайын 90 мың теңгеден төлеуі керек, бұл үлкен ақша. 2011 жылы мемлекет осылай жасау туралы шешім қабылдады, президент те барлық жолдауында "Денсаулық – барлығына" деп айтып келеді. Диабетпен ауыратындар саны 38 мыңға өскендіктен, оған мемлекет тарапынан 33 млрд теңге жұмсалып отыр. Мұндайда диабет ұлттық орталығын құру аса маңызды.
Оқи отырыңыз: №9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері
– Диабет әзірге толық емделмейтіндіктен, оның алдын алу жолдары қандай? Сіз айтқан ұлттық орталықтың маңызы қандай?
– Әлем бойынша алдын алу шарасы әлі ойластырылған жоқ. Былтыр Орталық Азияда диабетке қарсы шаралар ұйымдастыру бойынша марапат алдым. Диабетпен күресу үшін ХҚКО-лар секілді мультиорталық құруды ұсынған болатынмын. Осы тәжірибемізді Оңтүстік Шығыс Азия елдері алды. Ал біз өзіміз ойлап тапсақ та, оны жүзеге асыра алмадық. Мысалы, бүкіл Қазақстан бойынша туберкулезбен 11 мың адам ауырады. Бізде туберкулез институты, әр өңірде диспансер бар. Ал диабетпен 500 мың адам ауырады, бірақ бір де бір орталық жоқ. Жан-жақты жұмыстардың арқасында қазір туберкулез 68 пайыз жағдайда емделеді. Қалған ауыр түрлерінің неге емделмейтіні түсінікті. Ал диабет мәселесіне келгенде соңғы үмітіміз бариатриялық хирургияда болып отыр.
– Осы мультиорталықты құруға не кедергі болды? Мамандар жеткілікті ме?
– Қажет мамандар саны жеткілікті, тек ұйымдастыру жетпей отыр. Экс-министр Біртанов құруға тырысты, бірақ үлгермеді. Экс-министр Алексей Цой қол қоюдың алдында тұрды, ол да үлгермеді. Бар күш жігерді Covid-19 салдарына жұмсау қажет болғандықтан, Ажар Ғиният ханыммен де мұны жүзеге асырып үлгермедік. Енді жаңа министрмен жүзеге асыруға тырысып көреміз. Саяси ерік-жігер қажет.
– Неге саяси?
– Біртанов, Цой, Ғиният – барлығы ұлттық диабетті емдеу орталығының болуы керектігін түсінді. Іс-шара да, құжат та дайын болды. Бізде мұндай орталық құру үшін министрлер президент алдына барады. Олар тек осыны жасап үлгермеді.
– Бұл ауру жүкті әйелдің ішіндегі баласына беріле ме? Осыған қатысты мамандардың пікірі әртүрлі.
– Шетелде диабетке шалдыққан әйелдің босануына норма деп қарайды. Ал бізде бірінші түріне шалдыққан әйел босанғысы келсе, оны есепке алады. Конституцияда ана болу құқығы берілген. Өкінішке орай, осы құқықты шектеп отырмыз.
Оқи отырыңыз: Қант диабетін қандай белгілер арқылы анықтауға болады
– Әрбір қазақстандық естісінші деген басты бір кеңес берсеңіз...
– Диабетте үш басты проблема бар: генетика, психосоматика және салауатты өмір салтын ұстанбау. Алғашқы екеуіне әсер ету қиын болса да, соңғысы өте күшті құрал. Сол себепті әрбір қазақстандықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырғым келеді.