USD: 470.3 / 472.7
  • EUR: 537.0 / 542.0
  • RUB: 5.65 / 5.77
Тікелей эфир
Алматы +33C
Все города

"Жаңа есім әрдайым жаңа саясат дегенді білдірмейді": Сарапшылар Құрылтай сайлауынан не күтеді

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
І шақырылымдағы Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған.

Жақын арада ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл шара мемлекеттің демократиялық бағытын айқындап, қоғам мен билік арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Оқырман қауым үшін сайлаудың қашан, қалай өтетіні және Құрылтайға кімдердің мүше бола алатыны туралы маңызды ақпараттарды жинақтадық.

Сайлау қашан және қалай өтеді?

І шақырылымдағы Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған. Дауыс беру барысында Қазақстан Республикасының заң шығарушы жаңа бір палаталы органы – Құрылтайдың 145 депутаты сайлануы тиіс. Олардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Бұл саяси науқан – Қазақстан тарихында 1991 жылдан бері өткізіліп жатқан оныншы парламенттік сайлау, сонымен бірге 2026 жылғы конституциялық референдумда қабылданған елдің Жаңа Конституциясына сәйкес құрылған Құрылтайға алғашқы сайлау болмақ. Конституциялық өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енгеннен кейін, Құрылтай Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламентінің орнын басады.

"Ақ жол", "Ауыл" және ҚХП партияларындағы басшылықтың ауысуы

2026 жылғы 13 маусымда өткен "Ақ жол" партиясының съезінде Дания Еспаева партия төрайымы болып сайланды. Ол бұл қызметте 2011 жылдан бері партияны басқарып келген және осы съезде өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген Азат Перуашевтың орнына келді. 2026 жылғы 23 маусымда өткен "Ауыл" партиясының кезектен тыс съезінде Серік Егізбаев төрағалық өкілеттігін тапсыратынын жариялады. Партияның жаңа төрағасы болып Қайрат Айтуғанов сайланды. Ал Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі 2026 жылғы 27 маусымда өтті. Жиын барысында Ермұхамет Ертісбаев партия төрағасы өкілеттігін тапсырып, ҚХП-ның жаңа жетекшісі болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды.

Құрылтай тек партиялық тізім бойынша жасақталады, мұнда президенттік квота қаралмаған. Депутаттар арнайы квоталар бойынша тағайындаусыз, тек тікелей сайлау арқылы анықталады. Дегенмен әйелдер, жастар және мүгедектігі бар жандар үшін партиялық квоталар сақталады.


Оқи отырыңыз: Бас прокуратура Құрылтай сайлауына орай ел азаматтарына үндеу жасады


Қанша партия қатысады?

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алатын саяси партиялардың тізімін бекітті. Тиісті қаулылар ОСК отырысында бір ауыздан қабылданды.

Сайлау додасына қатысуға жеті саяси партия жіберілді:

  • "Әділет" партиясы;
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП);
  • Respublica партиясы.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров AMANAT партиясының сайлауға қатысудан бас тартқанын мәлімдеді.

"ОСК-ға AMANAT партиясынан Құрылтай депутаттарының сайлауына қатыспайтыны туралы ресми хат келіп түсті. Өтініш жұмысқа алынды", – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Саяси додада кімдер бақ сынайды?

2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамы бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұратын болады. Дауыс беру Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, біртұтас жалпыұлттық сайлау округі аумағында партиялық тізімдер бойынша өтеді.

Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі.

Жасы 25-ке толған және соңғы он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Құрылтай депутаты болып сайлана алады.

Партиялық тізімдерді жасақтау кезінде азаматтардың жекелеген санаттарының өкілдігіне қойылатын талаптар да ескерілген. Үміткерлер тізіміне енгізілгендердің жалпы санындағы әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар жандардың жиынтық үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Осы орайда саяси партиялар өз тізіміндегі кандидаттарды орналастыру ретін өздігінен айқындайды.


Оқи отырыңыз: Құрылтай өз тарихын бастады – Президент сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды


"Жаңа есім – жаңа саясат емес"

Егер жаңа Мәжілісте бір ғана микрофон мен 144 батырма жеткілікті болса, мемлекет қазынасынан 145 адамды асырап отырудың не қажеті бар? Осы сұрақты алдағы Парламент сайлауы мен саяси реформалар туралы әңгіме өзегіне қойған экономист, сарапшы Ануар Нуртазин заң шығарушы органның бүгінгі сиқы мен болашақ сипатына қатысты өз ойын ортаға салды.

"Меніңше, алдағы Парламент сайлауының басты түйткілі депутаттыққа үміткерлер тізімінен қанша жаңа есім көретінімізде емес. Негізгі мәселе басқада: Қазақстан шынайы мазмұндағы жаңа заң шығарушы органға қол жеткізе ме әлде ескі саяси тәжірибені жаңа институционалдық қалыпқа салып, оны жаңғыру деп қабылдаймыз ба? Институттың атауын өзгертуге болады, рәсімдерін жаңартуға болады, жаңа регламент қабылдауға болады. Бірақ саяси ойлау жүйесі өзгермесе, сыртқы жаңғырудың ішкі мазмұнға ықпалы шамалы болады. Бүгінгі Қазақстанға жоғарыдан келген нұсқауды үнсіз мақұлдайтын заң шығарушы органның сыртқы белгілерін ғана сақтап отырған саяси кеңістік емес, саяси жауапкершілікті арқалай алатын Парламент керек. Сайлау қарсаңында аяқ астынан қоғамшыл болып көрініп, мандат алғаннан кейін қоғамдық кеңістіктен ғайып болатын саясаткерлер дәуірі аяқталуға тиіс. Ең бастысы – заң шығару ісінің деңгейін көтеріп, саяси мінберде салмақты пікірталас мәдениетін қалыптастыра алатын, кем дегенде, он шақты ықпалды, интеллектуалдық әлеуеті жоғары және дербес саяси ұстанымы бар тұлғаның келуі. Парламенттің сапасы оның мүшелерінің орташа жасымен емес, мемлекеттік мәселелерді талқылаудың интеллектуалдық деңгейімен өлшенуге тиіс", – деді Ануар Нуртазин.

Бұдан ары сарапшы ескі жүйенің қалыптасқан дерттері мен бүгінгі қоғамның жаңа талаптарына тоқталып, Парламентке келетін тұлғалардың шынайы болмысы қандай болуы керектігін айтты.

"Жаңа есім әрқашан жаңа саясат дегенді білдірмейді. Әсіресе "жастарға жол ашу" деген ұранның астында қоғамға бұрыннан жақсы таныс саяси және экономикалық элита өкілдерінің балалары мен жас туыстары кезекке тұратын болса, мұны буын алмасуы деп атау қиын. Ондай жағдайда саяси жаңғыру емес, ықпал мен мәртебенің әулет ішіндегі ұқыпты ротациясы ғана жүреді. Кеше әкесінің немесе ағасының атымен ашылған есікке бүгін жас туысы кірсе, бұл жаңа саяси дәуірдің белгісі емес. Мемлекетке жас төлқұжат емес, жаңа ойлау қажет. Сондай-ақ, Парламентегі әрбір ықпалды олигархиялық топ өз адамын тықпалайтын саяси "Нұх кемесіне" айналып кету қаупі де жоқ емес. Бірақ саяси "Нұх кемесінің" міндеті ықпалды әулеттер мен топтардың өкілдерін кезекті саяси топаннан аман алып қалу емес. Парламент элиталық мүдделердің квоталық қоймасына айналған сәтте, халық өкілдігі деген ұғымның өзі мағынасын жоғалтады. Қазақстанға мынадай теңгеріммен жиналған заң шығарушы органның керегі жоқ: біреуі бизнестің, екіншісі аппараттың, үшіншісі аймақтың, төртіншісі ықпалды отбасының мүддесін қорғайтын, ал бесіншісі жай ғана билбордтағы әдемі суреті үшін келген адамдар. Осындай "мінсіз теңгерімнің" ішінде кейде бір ғана тараптың қарапайым азаматтың мүддесіне орын табылмай қалатыны таңғалдырады. Парламенттегі ең үлкен квота халықтың өзіне тиесілі болуы керек", – деді сарапшы.

Ескі дерт: "көзге түспейтін" депутаттар

Ануар Нуртазинның айтуныша, "Ескі жүйенің басты дерті нақты бір депутаттардың нашарлығында емес, Парламентке келген соң тым көп адамның "саяси көрінбейтін жандарға" айналып кететіндігінде. Кейбір депутаттардың саяси белсенділігі сайлауалды науқан кезінде басталып, мандат алған күні аяқталатындай әсер қалдырады.

"Халық үшін қандай бастама көтердіңіз?" немесе "Қандай мәселеге жауаптысыз?" деген қарапайым сұрақтардың өзінен қашады. Бізге мұндай "саяси туристердің" керегі бар ма? Әрине, жоқ. Сайлау алдында халықтың ортасынан табылатын кейбір саясаткерлердің сайлаудан кейін халықтан соншалықты алыстап кететіні қызық: бес жыл ішінде сайлаушы мен депутаттың қайта кездесуі кездейсоқ оқиғаға айналады. Бірақ қазір уақыт та, қоғам да өзгерді: халық талапшыл, бұрынғыдан әлдеқайда сергек. Цифрлық дәуірдің саяси элита үшін бір қолайсыз ерекшелігі бар: интернет ештеңені ұмытпайды. Бүгін айтылған сөз ертең қайта алдыңнан шығады, ал жасанды өмірбаян бірнеше минуттың ішінде-ақ қоғамдық сараптамадан өтеді. Ескі есімдер мен белгілі тектер бұрынғыдай саяси капитал емес, керісінше, қоғам алдындағы үлкен жүкке айналуы мүмкін. Кезінде белгілі фамилия саяси есіктерді ашатын артықшылық болса, енді қоғам сол фамилияның артында қандай нақты қабілет, нәтиже және дербес тұлға тұрғанын сұрайды. Бұл – қоғамның саяси есейгенінің белгісі. Мәжіліс төрағасына келетін болсақ, мен қазірден бастап нақты бір есімді атаудан аулақпын. Себебі спикер мәселесі жеке тұлғаның емес, тұтастай алғанда алдағы уақытта құрылатын билік вертикалі мен оның конструкциясының мәселесі. Егер билік аппаратының ішінен шыққан, тек бұйрық орындайтын тұлға таңдалса, бұл биліктің тек бақылау мен сабақтастықты ғана сақтағысы келетінін білдіреді. Ал егер халыққа танымал, жария саясаткер келсе, бұл Парламенттің дербес, шынайы пікірталас алаңына айнала бастағанының белгісі болады. Мәжіліс төрағасының саяси функциясы сөз беру, микрофонды өшіру және регламентті бақылаумен шектелсе, онда бұл лауазымның мемлекеттік салмағы төмендейді. Бұл билікпен де, бұқарамен де тең дәрежеде тіл табыса алатын, аймақтармен және халықаралық серіктестермен иық тіресе жұмыс істей алатын ұлттық ауқымдағы ірі тұлға болуы шарт. Спикер лауазымының беделі креслоның мәртебесінен емес, сол креслода отырған тұлғаның саяси және интеллектуалдық салмағынан туындауы тиіс. Танымал тұлғаларды жинап, оларды үнсіз отыратын статистикалық мүшеге айналдыру қиындық тудырмайды. Танымалдылық заң шығару құзыретінің баламасы емес. Әнші, спортшы, блогер немесе қоғам қайраткері Парламентке келе алады, бірақ мандат алған сәттен бастап оның негізгі капиталы танымалдығы емес, кәсібилігі мен мемлекеттік ойлау қабілеті болуы тиіс. Парламент атақтыларды жинайтын көрме емес. Іс жүзінде бұған дейін Парламент саяси элита үшін зейнетке шығар алдындағы "күту залы" іспетті болды. Бұл орын бұдан былай бұлайша ыңғайлы әрі жайлы болуын тоқтатуы тиіс", – дейді сарапшы.

Әлем болашақтың экономикасын бөлісіп жатқанда, біз туыстық картаны зерттеп жатырмыз

"Әлем қазір жаһандық сауда соғыстары, технологиялық текетірестер, су мен энергия тапшылығы, инвестиция мен капитал үшін аяусыз күрес жағдайында тұр. Мемлекеттер технология, жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, сирек металдар, көлік дәліздері үшін бәсекеге түсіп жатыр. Әлем болашақтың экономикасын бөлісіп жатқанда, біздің саяси талқылауларымыз кейде әлі де туыстық байланыстар мен бейресми ықпал картасын зерттеуден аса алмай жатады. Бұл мемлекеттің алдында тұрған міндеттердің ауқымы мен саяси дискурстың деңгейі арасындағы қауіпті алшақтық. Жаңа Парламенттің басты қаупі оппозицияның болуы немесе өткір сын айтылуы емес. Басты қауіп оның тым "стерильді", яғни мінсіз таза, жасанды болуында. Саяси институттың өміршеңдігі онда қайшылықтың болмауымен емес, сол қайшылықтарды өркениетті, кәсіби және мемлекеттік мүдде тұрғысынан шеше алу қабілетімен өлшенеді. Тірі қоғамда пікір қайшылығы болады. Күрделі мемлекетте мүдделер қақтығысы болады. Ал олардың бәрін үнсіздікпен бүркемелеу тұрақтылық емес, кейінге қалдырылған дағдарыс болуы мүмкін. Өйткені Парламенттің құндылығы дауыс беру батырмаларының санымен емес, сол дауысқа дейінгі пікірталастың сапасымен өлшенеді. Депутаттық мандат билікке көрсеткен "адалдығы мен лоялдығы" үшін берілетін мемлекеттік сыйлық емес. Бұл қоғам мен билік арасындағы үлкен келісімшарт. Сондықтан мен жаңа Парламенттен билікке "ыңғайлы адамдарды" емес, қоғам атынан "ыңғайсыз сұрақтар" қоя алатын ыңғайсыз тұлғаларды көргім келеді. Нағыз депутаттың міндеті барлық кабинетке бірдей жағымды болу емес. Оның міндеті қоғам үнсіз қалуға мәжбүр болған жерде сұрақ қою, жауап болмаған жерде жауап талап ету және танымал емес шешімнің өзінен мемлекеттік мүддені іздеу. Күшті мемлекет сыннан әлсіремейді сапалы сыннан күшейеді. Күшті Парламент пікірталастан қорықпайды, пікірталас арқылы дұрыс шешімге келеді. Қазақстанға үнсіздікті тұрақтылық деп түсіндіретін саяси мәдениет емес, жауапкершілікті еркін пікірмен ұштастыра алатын жаңа мемлекеттік мәдениет қажет",  – деп мәлімдеді экономист Ануар Нуртазин.

Жаңа конституциялық модель: Тұрақтылық пен демократиялық жаңғыру жолы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық заң академиясының академигі Алуа Ибраева еліміздің жаңа конституциялық моделінің басты ерекшеліктері, Құрылтайдың мемлекеттік жүйедегі рөлі мен алдағы маңызды саяси үдерістерді талдады. Заңгер ғалым еліміздегі бетбұрыстар мен реформалардың мән-маңызына кеңінен тоқталып, өзіндік сараптамалық пайымдауларын бөлісті. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанның саяси жүйесінде қандай түбегейлі өзгерістер болғаны және бұл реформалардың қоғам мен мемлекеттік басқаруға әсәрі қандай деген мәселе сөз болды.

"Жаңа Ата заң – елдің саяси келбетін жаңа арнаға бұрған тарихи құжат. Бұл реформаның нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінде мүлдем жаңа институттар қалыптасты. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық Кеңесі мен Құрылтайдың құрылуы – осының айқын дәлелі. Мұндай ауқымды өзгерістерді құқықтық тұрғыдан бекіту үшін бірқатар маңызды конституциялық заңдар қабылданды. Ең бастысы, бұл қадамдар қоғамда жаңа саяси партиялардың дүниеге келуіне жол ашып, бұқара халықтың саяси белсенділігін оятты. Президент, Құрылтай және Халық Кеңесі туралы заңдар бүгінгі жаңа саяси өмірдің берік құқықтық іргетасына айналып отыр. Жаңа реформалар азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін барынша кеңейтті. Мәселен, Ата заңның 35-бабында әрбір отандасымыздың саяси өмірге қатысу құқығы тайға таңба басқандай жазылып, мемлекет тарапынан оған толық кепілдік берілген", – деді Алуа Ибраева.

Ары қарай сарапшы жаңа конституциялық модельдің маңызды белгісі ретінде құрылған Ұлттық құрылтайдың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне және қоғаммен диалог орнатуға тигізер ықпалы туралы сөз қозғады. Ғалым бұл мәселеге тоқталып, Ұлттық құрылтайдың мәртебесі түбегейлі өзгергенін алға тартты.

"Егер бұрын бұл ұйым тек қоғамдық негізде жұмыс істесе, қазір ол заң шығару билігін жүзеге асыратын, мемлекеттің ең жоғары өкілді органына, яғни толыққанды Парламентке айналды. "Құрылтай" ұғымының қазақ тарихындағы тамыры тереңде жатыр, ежелден ел ағалары мен білікті тұлғалар бас қосып, мемлекет тағдырын шешкен. Бүгінгі Құрылтай да осы ата-баба дәстүрінің заманауи үлгідегі тікелей жалғасы. Мемлекеттік шешімдерге ықпал ету тетіктеріне келетін болсақ, қазіргі басты мақсат – азаматтардың саяси партиялар арқылы бірігіп, ортақ шешімге келуін қамтамасыз ету. Сол себепті, жаңа талаптарға сәйкес, Құрылтай депутаттары тек саяси партиялар атынан сайланады. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен сайлану мүмкіндігі тоқтатылған. Ендігі негізгі қағидат – жеке амбиция емес, бүкіл қоғамның және саяси бірлестіктердің мүддесін білдіру. Бүгінде елде тіркелген жеті саяси партияның әрқайсысының өз ұстанымы мен қолдаушылары бар. Осы партиялар Құрылтайдың 145 мандаты үшін өзара бәсекеге түсіп, халықтың түрлі көзқарасын жоғары деңгейде қорғайтын болады. Сондықтан бұл институт алдағы уақытта саяси жүйенің темірқазығына айналмақ", – деп қосты сарапшы.

Бұдан кейін Алуа Ибраева жаңа Конституция аясында өтетін алдағы сайлаудың бұрынғы науқандардан қандай ерекшелігі бар екеніне және оның шынайы саяси жаңғырудың көрсеткіші бола алатын-алмайтынына назар аударды. Сарапшы жаңа Ата заңның арқасында еліміздегі саяси партиялардың рөлі мен жауапкершілігі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұрын ел арасында "ұйқыдағы ұйымдар" деп аталып келген партиялардың барлығы қазір белсенді іске көшкен.

"Мәселен, экология мәселесін басты орынға қоятын "Байтақ" партиясының жұмысын атап өтуге болады. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі Ата заңымыздың кіріспесі мен негізгі баптарында да арнайы тайға таңба басқандай көрсетілгендіктен, бұл партияның қоғамдағы орны ерекше. Сондай-ақ ауыл халқы мен жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғайтын "Ауыл" партиясының да әлеуеті зор. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған қоғамда азаматтар көбіне саяси партиялардың айналасына топтасады. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы сайлау бәсекеге толы әрі өте тартысты өтпек. Қазақстан бүгінде халықаралық аренада өз орны бар, артықшылықтарымен қоса шешімін күткен күрделі мәселелері де бар мемлекет", – деді сарапшы. 


Оқи отырыңыз: Құрылтай қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет – Тоқаев


Соңында Алуа Саламатқызы алдағы кезеңде жаңа Конституцияның әлеуетін толық іске асыру үшін мемлекет қандай құқықтық немесе саяси қадамдарға басымдық беруі тиіс деген мәселеге тоқталды. Профессордың пайымдауынша, қазіргі конституциялық реформалар өте дұрыс бағытта бара жатыр. Мұндағы ең басты бағыт ретінде ол "Әділетті Қазақстан" бағытын, яғни мемлекет пен қоғам қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруді атады.

"Екіншіден, Ата заңда бекітілген "Заң және тәртіп" қағидаты кез келген салада құқық үстемдігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Үшіншіден, бүгінгі жаһандық ахуалға байланысты экономика мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Ата заңның 27-бабында әрбір адамның еңбек ету құқығы шегелеп көрсетілген. Бұл – мемлекет тарапынан жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамтуға және бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауға ерекше назар аудару қажеттігін білдіреді. Қоғамда жұмыссыздықты жою – ең басты мақсат. Қазіргі уақытта осы мақсатта Еңбек кодексіне және экономикалық заңнамаларға маңызды өзгерістер енгізіліп жатыр. Қорыта айтқанда, уақыт ағымына қарай еліміздің саяси және құқықтық жүйесі де заман талабына сай жаңарып, жетіліп отырады", – деді Алуа Ибраева.

Парламент құрамы 70 пайызға жаңаруы мүмкін

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев алдағы уақытта парламент құрамының кем дегенде 70 пайызға дейін жаңаратынын болжайды. Сарапшының пайымдауынша, бұл серпін әсіресе "Әділет" партиясының қатарынан анық байқалмақ.

"Құрылтай құрамының сөзсіз жаңа сипат алатыны айқын. Меніңше, бұл көрсеткіш кем дегенде 70 пайызды құрауы тиіс. Бұған "Әділет" партиясының сапында жаңа есімдер шоғыры көптігі дәлел. Қазіргі уақытта партиялық тізімдер көпшілікке әлі жариялана қоймаса да, отандық саясаттанушылар мен сарапшылар қауымы жаңа есімдердің басым болатынын айтып отыр", – дейді Ғазиз Әбішев.

Сонымен қатар, саясаттанушы бұл додада бәсекеге қабілеті төмендеу болуы мүмкін өзге саяси ұйымдарға да тоқталып өтті.

"Ал өзге партиялардың жағдайына келсек, олар өз тізімдеріне негізінен бұрыннан таныс, ескі депутаттарды қосқан. Алайда олардың сайлауда қанша пайыз дауыс еншілейтіні әзірге беймәлім. Мәселен, ЖСДП партиясы бұл жолғы додада межеден аса алмайды деген ойдамын. Сондықтан басты болжамым – құрамның 70 пайызға жуығы жаңа тұлғалармен толығады", – дейді сарапшы.


Оқи отырыңыз: "Аманат" пен "Әділет" партиялары не үшін бірікті?


Спикерлік тізгін кімге бұйырады деген мәселеге қатысты саясаттанушы өз ойын былай сабақтады:

"Ортақ мінберді кім басқарады?" деген сауалға келсек, жазылмаған заңдылық бойынша, жеңіске жеткен партияның жетекшісі спикер болады. Мысалы, егер бұл бәсекеде "Әділет" партиясы топ жарса, Айбек Дәдебайдың спикерлік тізгінді ұстауы әбден мүмкін", – дейді Ғазиз Әбішев.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау