USD: 467.7 / 470.7
  • EUR: 535.0 / 540.0
  • RUB: 5.85 / 5.97
Тікелей эфир
Алматы +24C
Все города

Бас прокуратура Құрылтай сайлауына орай ел азаматтарына үндеу жасады

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Ведомство сайлаушыларды заңсыз үгіттеуге жол берілмейтініне ерекше назар аударды.

Бас прокуратура биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты үндеу жариялап, сайлау процесіне қатысушыларды қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңі 2-23 шілде аралығында өтеді. Сайлауалды үгіт жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады.

Бас прокуратура Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынатынын еске салды. Бұл талапты бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексnің 102-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Сонымен қатар сайлаушыларды заңсыз үгіттеуге де жол берілмейді. Атап айтқанда, азаматтарға тегін немесе жеңілдікпен тауар тарату, бағалы қағаздар беру, қызмет көрсету, лотереялар өткізу, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, ақша тарату немесе осындай уәделер беру заңсыз сайлауалды үгіт ретінде бағаланады.

Мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 122-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілік көзделген. Ал егер заң бұзушылық сайлаушыларды параға сатып алумен ұштасса, онда Қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

Бас прокуратура сайлау жарияланған күннен бастап кандидаттарға, партиялық тізім ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ оларды қолдайтын жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды қоспағанда, қайырымдылық шараларын өткізуге тыйым салынатынын да ескертті.

Бұл талаптарды бұзу кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.

Ведомство бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды сайлау науқаны кезінде кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жарияламауға шақырды.

Кандидаттар немесе саяси партиялар туралы көрінеу жалған ақпарат тарату, олардың беделіне нұқсан келтіру немесе сайлау нәтижесіне ықпал етуге бағытталған әрекеттер жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 104-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы бойынша, ал заңсыз контент пен жалған ақпаратты интернетте жариялағаны үшін 456-2-бап бойынша жауаптылық көзделген.

Егер көрінеу жалған ақпарат қоғамдық тәртіптің бұзылуына немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудырса, мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялау тәртібіне де ерекше назар аударды. Заңға сәйкес мұндай зерттеулердің нәтижелерін жариялаған кезде сауалды жүргізген ұйым, тапсырыс беруші, зерттеу жүргізілген уақыт, ақпарат жинау әдісі, сұрақтың нақты тұжырымы, респонденттер саны және статистикалық қателік деңгейі міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Қоғамдық пікірге сауал салуды тек Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген және бұл салада кемінде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар ету арқылы жүргізе алады.

Сонымен бірге дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күн ішінде және дауыс беру күні сайлауға қатысты әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелерін, болжамдарды немесе өзге де зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда жариялауға тыйым салынады. Дауыс беру учаскелерінде қоғамдық пікірге сауал жүргізуге де рұқсат етілмейді. Ал жеке тұлғалардың мұндай сауалнама жүргізуі және оның нәтижелерін жариялауы заңмен толықтай тыйым салынған.

Бас прокуратура сайлау науқанының заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында барлық азаматтарды, саяси партияларды, кандидаттарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және өзге де сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау