Тікелей эфир

Алматыдағы жойқын жер сілкіністері. Қаланың жаңа сейсмикалық картасы зілзаладан қаншалықты қорғайды?

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті
ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті
Алматыда жаңа сейсмикалық аймақтандыру картасы жасалды. Жаңартылған нұсқада қаланың бүкіл аумағы 9-10 балдық аймаққа бөлінген.

Таулы аймақта орналасқан Алматы еліміздегі сейсмикалық ең қауіпті қала. Мегаполисте жылына 400-ден астам жер сілкінісі болып тұрады. Соңғы жылдары қала аумағы екі есе өсіп, ғимараттардың төзімділігін анықтау мүмкін болмай кеткен. Оның үстіне 1983 жылы жасалған шаһардың соңғы сейсмикалық картасы қазіргі заман талаптарына сай келмеді. Сондықтан, Алматының жаңа сейсмикалық аймақтандыру картасы жасалды. Оның артықшылығы неде және Алматы тарихындағы жойқын зілзалалар жылнамасын Informburo.kz ұсынады.

Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?

Алматы қаласының сейсмикалық микро аймақтандыру картасы соңғы рет 1983 жылы жасалған болатын. Онда аймақтардың қауіптілігі 8 балдық төзімділікпен есептелген. 40 жылға тарта мерзімде шаһар аумағы ұлғайып, биік ғимараттар көбейді. Нысандар бұрынғыдай әр түрлі үлгіде салынып, құрылысқа түрлі материалдар қолданыла бастады. Сейсмология институты картаның жаңа нұсқасын қалаға қосылған екі ауданды ескере отырып әзірлеген. Енді жаңа карта бойынша қаланың бүкіл аумағы 9-10 балдық аймақтарға бөлінген.

"Бұрынғы карта қала атауы "Алма-Ата" болған кезде жасалған еді. Ол кезде ғимараттар мен материалдар бір типті болды, ал қазір мүлдем басқаша. Біз жаңа нұсқаны соңғы талаптар мен мәліметтерді ескере отырып жасадық", – деді Сейсмология институтының аймақтық сейсмика зертханасының меңгерушісі Алла Садықова.

Оқи отырыңыз: Жаңа жылда Алматыда жер сілкіне ме?

Аймақтандыру картасымен көпшілік әзірге таныса алмайды. Өйткені институт мамандары картаны тек қызметтік пайдалануға арналған ақпаратқа жатқызып отыр. Картаға қаланың құрылыс нормалары мен ережелері енгізілмек. Сондай-ақ, жер қыртысы, топырақ құрамы жайлы сараптама қорытындылары көрсетіледі. Карта толық дайын болған соң көпшілікке қолжетімді етіледі.

"Қала аумағында жиырмадан астам тектоникалық ойықтар бар, олар барлық аудандарды кесіп өтеді. Қаланың барлық аумағы 9-10 баллдық сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатады", – деді Алла Садықова.

Оқи отырыңыз: Сейсмология институтының ғылыми қызметкері: Қазақстанда жер қозғалысын тіркейтін станциялар жеткіліксіз

Мамандар жаңа карта негізінде тұрғызылған ғимараттар алапат зілзала кезінде сау қалатынына сенімді. Десе де, сейсмологтар таяу жылдары Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайтындығын айтады. Бірақ бұл болжамдар тек 70 пайызға ғана кепілдік береді. Өйткені сейсмикалық аймақта бой көтерген қалаға қауіп қашан да жоғары және шаһардың бірнеше алапат зілзаланы бастан кешкені тарихтан мәлім. Мамандардың сөзінше сан ғасырды бастан өткерген алып шаһар соңғы 130 жылда ғана екі рет толықтай қирап, қайта тұрғызылған.

Оқи отырыңыз: Алматы vs Алма-Ата. Қала бекініс кезінен бері қалай аталды?

Алматы тарихындағы жойқын жер сілкіністері

Алматыдағы жойқын жер сілкінісі алғаш рет 1887 жылы қала Верный аталған тұста 9 маусымда тіркелді. Таңғы 5-тер шамасында, жұрт шырт ұйқыда жатқанда қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезіледі. Эпицентрдегі максималды күші – 9,10 балды құраған. Кіндік тереңдігі 20 шақырым. Ол жылдары шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзаладан 332 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі балалар екен. Кейбір деректер бойынша бұл Вернендік апат деп аталады.


Қираған татар мешіті

Қираған татар мешіті / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Жер асты серпілістері күні бойы жалғасқан. Зілзала кезінде саз балшықтан, тастан және кірпіштен салынған 1798 үй толығымен қирап қалды. Ағаштан тұрғызылған тамдар аздап зардап шекті. Бұл апаттан кейін қалада сәулетші Андрей Зенковтың басшылығымен сейсмикалық және метеорологиялық станция ұйымдастырылды. Әрі ғимараттарды салу кезінде сейсмикалық есепке алу жүйесі әзірленді.


Қалада бүлінген ғимараттар үйіндіге айналды

Қалада бүлінген ғимараттар үйіндіге айналды / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Жер сілкінісінен кейін қала құрылысы үшін негізінен ағаш қолданыла бастады. Осылайша қаланың ірі ғимараттары ағаштан салына бастады. Сол кезеңдегі кейбір құрылыстар әлі күнге дейңін сақталған және мемлекет қорғауындағы ескерткіш болып табылады.


Губернатор үйі

Губернатор үйі / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Сол жылдары Жетісу облысы әскери губернаторы болған Алексей Фриде Дала өлкесі генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийге былай деп шұғыл телеграмма жібереді.

"Таңғы бестен өте күшті жер сілкінісі Верныйдағы көптеген ғимараттарды қиратты. Шіркеулер, гимназиялар, губернаторлық үй, госпиталь толығымен құлап, үлкен зақым келді. Төрт әскериді басып қалған лагерь маңынан қайғырып жылаған адамдардың дауысы естіледі. Әр жерде қаза тапқан адамдар бар. Көптеген зардап шеккен және қорқып қалған тұрғындар көшеде жүр. Қажетті шаралар қолданылуда және қарауылдау үшін әскер шақырылды. Сағат 11-де белгілі болғаны, 112 адам қайтыс болған, олардың көбісі балалар. Мәлімет әлі толық емес. Әлсіз жер сілкіністері тоқтар емес. Қала жоқ. Халықты қоныстандыру және аспен қамтамасыз ету шығындарына қаражат сұраймын..."

Бұл оқиғадан кейін жер сілкіністері жиі болды. 1887 жылдан 1890 жылға дейінгі екі жыл ішінде 600-ден астам жер асты дүмпулері тіркелді.


Үлкен станица ауданында орналасқан (Көк базар артындағы) Никольск шіркеуі

Үлкен станица ауданында орналасқан (Көк базар артындағы) Никольск шіркеуі / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Алматы тарихындағы екінші жойқын жер сілкінісі 1910 жылы 22 желтоқсанда тіркелді. Ол күні магнитудасы – 8,2 баллды құраған 9 балдық жер сілкінісі болды. Апат салдарынан 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ.


Опырылған жер тамдар

Опырылған жер тамдар / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Апаттың күштілігіне орай оған "Кеминдік" деген атау берілген. Себебі жер тербелісінен соң, қала ішіндегі көшелер қақ айырылып, адам бойымен бірдей жырықтар пайда болған. Ошақ тереңдігі – 25 шақырым.


Жер сілкінісінің салдарынан пайда болған жырықтар

Жер сілкінісінің салдарынан пайда болған жырықтар / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Бұл зілзалада 776 үй қирады деген мәлімет бар. Ал үйінді астында қалған 200-ге жуық адам жарақат алған болса, оның 18-і ауыр. Қираған үйлер санын есептей отырып, қалалық дума зардап шеккендер мен көмекке мұқтаждардың жалпы саны 3 500-4 000 адамды құрағанын анықтады. Жер сілкінісінен зардап шеккендерді тамақтандыру үшін тегін асханалар ұйымдастырылып, жағдайы нашар отбасыларға жылы киім және отын тегін таратылды.


Жойқын зілзала адамдардың зәре-құтын қашырды

Жойқын зілзала адамдардың зәре-құтын қашырды / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


1870 жылы Верный басшылары халыққа үй тұрғызуда ағаш емес, қолдан жасалған сазды кірпішті қолдануға рұқсат берген. Ондағы мақсат – қаланың сыртындағы жасыл желектерді зақымдамай, экологияны сақтау еді. Бірақ, сабан мен саз балшықтан тұрғызылған ғимарат, баспаналардың барлығы қос зілзала кезінде жермен-жексен болған. Осыдан соң қалада үйлерді кірпіштен тұрғызуға тыйым салынған.


Саз балшықтан салынған баспана

Саз балшықтан салынған баспана / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Осы жер сілкіністерінен соң алғашқы ғылыми жұмыстар жүргізіле бастаған. Дерек көздеріне сүйенсек, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Верныйда алғашқы сейсмикалық станциялар пайда болған.


Кеминдік зілзала салдары

Кеминдік зілзала салдары / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті


Тарихи деректерге сүйенсек, 1910 жылғы Алматыдағы жер сілкінісінің дүмпулері Екатеринбург, Бомбей және Калькутта сияқты көптеген қалалардың сейсмостансаларында да тіркелген деген мәлімет бар. Екі алапат зілзаладан қирап қалған Алматы қайта тұрғызылып, бүгінде шаһарда 2 миллионнан астам адам тұрып жатыр. Ал биік ғимараттардың санында есеп жоқ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары