Тікелей эфир

Сейсмолог Жолдас Ақжанов: ШҚО, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары сейсмикалық картада бейнеленген

Сейсмолог Жолдас Ақжанов
Сейсмолог Жолдас Ақжанов
Қазақстандық сейсмологтар бір жылда шамамен 12 мың жер сілкінісін тіркейді.

Жолдас Ақжанов 50 жылдан бері сейсмология саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясында радиокилометриялық отрядты басқарады. Тамғалы тас шатқалында өткен "Жер-2021" халықаралық оқу-жаттығуында сейсмологтан жер сілкіністері қалай тіркелетінін, қандай аппараттар қолданылатынын және халыққа қанша уақыт бұрын алдын ала хабарлауға болатынын сұрадық.

– Жер неліктен жер сілкінеді?

– Көктемде көлемі 1-2 метр болатын мұздар қозғала бастайды. Олар өзен бойымен бірін-бірі итеріп қимылдап жүріп өтеді. Сол секілді жер астында көлемі 50 км, 100 км не 200 км болатын тақталар көзге білінбей ақырын жылжып отырады. Жылжығанда қатты қысылады да, шыдамай сынып кетіп жердің астында серпіліс болады. Көлге тас лақтырғанда толқын шығады ғой, сол сияқты жер бетіне толқын келіп, зер бетіндегі заттың бәрін сілкілейді. Олар қозғалып, сына бастайды. Ел дүрлігеді.

– Жыл сайын қанша жер сілкінісі сигналын тіркейсіздер?

– Бір жылда 12 мың сілкініс тіркейміз, бірақ оның көбісі шетелде болады. Тіпті Жапония, Оңтүстік Америкада тіркелген дүмпулерді жазып отырамыз. 

– Қазақстанның қай аймақтарында жер сілкінуі мүмкін?

– Сейсмология картасында төрт облыс бар: Түркістан, Жамбыл, ШҚО және Алматы облыстары. Қазақстан бойынша сейсмикалық толқындарды тіркейтін 63 станция орналасқан. Ең алдымен станцияларды 8-9 балдық зоналарға қоямыз. Түрікменстан шекарасына жақын Каспий теңізінде де болуы мүмкін, мәселен, 1948 жылы Ашхабадта қуатты жер сілкінісі орын алды.  

– Станцияларда толқындар қалай тіркеледі?

– Әр станцияда датчик қондырылған. Корпусы математикадағыдай x, y, z деген үш компоненттен тұрады. Онымен жер сілкінісінің қуатын ғана емес, тереңдікті, азимутты да білуге болады. Датчик мықты болса басқа құрлықтағы толқындарды тіркеуге қауқарлы, ал күші әлсіз болса, жақын маңайдағы дүмпулерді тіркейді. 

– Жер сілкінісі болатынын алдын ала қалай ескертесіздер?

– Жер сілкінісінің бірінші толқыны – секундына 6 км, ең қиратушы екінші толқын секундына 4,5 км жылдамдықпен таралады. Қирататын екінші толқын келгенше, мысалы, Алматыдан 40 км жерде жер сілкінісі болса, оның сигналы бізге 12-14 секундта жетеді. Алға жүру жүйесінің аз болса да, пайдасы бар. Қирататын толқын кешігіп келеді, уақытты пайдаланып елге сілкіністен бұрын хабар беруге болады. Жер сілкінбес бұрын алдын ала келіп түскен сигнал халыққа хабарланса, олар ғимараттан 10-15 секундта сыртқа қашып шығуға болады.

Жер сілкінер болса ұялы телефонға хабарлама жіберіледі немесе мобильді қосымша арқылы сигнал беріліп, ескерту жасалады. 

– Жақын уақытта толқын тіркелді ме?

– Датчиктің бірін осы оқу-жаттығуға әкеліп, "Жер-21" деп ат қойдық. Кеңес заманында шыққан сапалы құрылғы. Аппарат түнде осы жерден шамамен 200 км қашықтағы Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында болған толқынның координатын жазды. Жер сілкінісін ешкім сезген жоқ, осындағы аппарат сезді. 

– Қандай сейсмологиялық бақылау жүйелері бар?

– Сейсмометриядан басқа да түрлері бар. Мысалы, геофизизикалық, гидрогеологиялық, геодезиялық, спутниктің GPS өлшеу, биологиялық, жер қыртысының осы күнгі бақылау жүйесі және тағы басқа. 

– Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясында радиокилометриялық отрядты басқарасыз. Сізбен бірге қанша адам жұмыс істейді?

– Мен аппаратураға, сейсмометрияға жауап беремін. Осындай эпицентрлік топқа шыққанда аппаратты орнатып, тіркелген сигналдарды өзім өңдей беремін. Команда шағын ғана, қарауылдарды қоспағанда – 3-4 адам. Әр нүктеде бір қарауыл бар, олар аппаратты ешкім ұрлап кетпеуін қадағалап тұрады. Станцияларда радио желісі, антенна, радиодатчик, күн панелі тұр. Радио арқылы сигналдар Алматыдағы орталық станциядағы компьютерлерге бірден келіп түседі. Бұл жерде кабельмен келіп тұр. Датчикті біреу қозғап жіберсе, болмаса жанынан машина не трактор өтсе, Алматыда экрандағы жазбадан бәрі көрінеді. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары