Тікелей эфир

"Стартап жасау кез келген адамның қолынан келеді". Венчурлық инвестиция қандай пайда әкеледі

Ғани Қасымов / Фото жеке архивінен 
Ғани Қасымов / Фото жеке архивінен 
Қазақстанда 2023 жылы стартаптарға 80 млн АҚШ доллары сомасында инвестиция жасалған.

Ғани Қасымов Назарбаев университетінде "Экономика" мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын KPMG компаниясында қаржы аудиті бөлімінде бастаған. Содан соң Өнеркәсіпті дамыту қорында қазынашы болған.  Qazastan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорында инвестициялық менеджер атанып, мемлекеттік бағдарламаларға жетекшілік еткен. Ол 2022 жылы EA Group холдингінің венчурлық бөліміне қосылып, инвестициялық серіктес қызметін атқарып келеді.

Венчурлық инвестиция деген не? Стараптар не үшін қажет және оларға инвестиция жасау не үшін маңызды? Экономика, қаржы саласында қазақ тілінің орны қандай? Информбюро порталы Ғани Қасымовпен сұхбаттасып, осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеді.

– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Инвестиция саласына қалай келдіңіз?

– Қарағанды қаласындағы БИЛ-ді бітірдім. Мектеп кезінен химия пәнінен олимпиадаға қатыстым. Назарбаев университетіне Химия факультетіне түстім. Екі жыл оқығаннан кейін ғылым менікі емес екенін түсіндім. Есеп шешіп, әлеуметтік тақырыптарды оқып, зерттеуге қызыға бастадым. Сондықтан экономика факультетіне ауыстым. Мансабымды үлкен төрттік компаниясынан бастадым. Аудитор болдым, "Бәйтерек" холдингінің еншілес компаниясында қазынашы болдым, холдинг қорларының бірінде дәстүрлі бизнеске инвестиция жасау бағытында жұмыс істедім. Алматыға көшіп келген соң, EA Group холдингіне орналастым. Венчурлық инвестиция бағытында жұмыс істеймін. Founder, стартаперлермен байланысып, әртүрлі конференцияда компаниямыздың атынан сөз сөйлеп, іс-шараларға қатысамын. Стартаптарға анализ жасап, инвестициялық меморандум жазып, инвестиция жасаймыз ба, жоқ па деген шешім қабылдауға көмектесемін.

– Венчурлық инвестицияның дәстүрлі инвестициядан қандай айырмасы бар?

– Венчурлық капитал деген – стартаптарға жасалатын инвестиция. Стартап дегеніміз ол жоғары технологиямен, инновациямен жасалған жобалар. Олардың тәуекелі өте жоғары, бірақ табысы көбірек. Өндіріске, жаңа зауыт құру жобаларына инвестиция жасаса, онда зауыт салуға көп уақыт кетеді. Ол іске қосылған соң ғана табыс әкеледі. Қайтарылатын ақшаның пайызы да белгіленген болады. Ал венчурлық стартаптарды мысалға алсақ, тамақ жеткізу қосымшалары нарықты айтарлықтай өзгертті. Бұрындары тек мейрамханаға барып тамақтанып жүрдік не сол жерден алып кетуші едік. Кейін қосымша арқылы үйде тапсырыс жасап, оны жеткізу қызметі пайда болды. Бір жас IT маманы код жазып, шешімін тапты. Қосымша болғаннан кейін клиенттері де, табысы да тез өсті. Міне, стартаптың дәстүрлі бизнестен айырмасы – өте жылдам өседі. Инвестордың да көретін пайдасы еселеп артады. Табыс пайызы өте жоғары, соған сай тәуекелі де жоғары. 

Біз он жобаға инвестиция жасайтын болсақ, бір-екеуі ғана табысты болуы мүмкін. Сол екі стартаптың өзі инвестициямызды толықтай қайтара алады. 

– Стартаптарға қалай анализ жасайсыздар?

– Қазірше біз Қазақстанда жасалған, бүкіл әлемге шешімін сата алатын стартаптарға инвестиция жасаймыз. Портфельдегі стартаптың бәрі сондай. Parqour атты стартап БАӘ-ге, Азия елдерінде, АҚШ-қа шықпақ. Сондай стартаптарға көбірек көңіл бөлеміз. Анализ жасағанда мән беретін ең маңызды сұрақ – стартап қандай мәселені шешеді? Ондай мәселе шынымен қоғамда бар ма? Оны шеше ала ма? Қаншалық ол технологиялық инновация жасайды? Шынымен сондай мәселе болса, онда ол нарықтың көлемі қандай? Ақшалай санағанда нарық қаншалық үлкен? Ол нарықта бұл стартап қандай орын ала алады? Басқа қандай бәсекелестері бар? Олар қаншалық ірі? Бұл стартап олармен қаншалық бәсекелесе алады?

Одан басқа стартаптың осы кезге дейін жинаған клиенттерін, тауып жатқан табысын, қаншалық тез өсіп жатқанын ай сайын қараймыз. Стартаптар айына 20-30 пайызға дейін тез өседі. Командаға қараймыз: негізін қалаушылардың саладағы тәжірибесі қандай, бұрын стартап шығарған ба, олар сәтті шыққан ба? Бизнес модельге қараймыз: стратегиясы дұрыс ойластырылған ба, клиенттерді қалай табады, өнімін қалай сатады? Соңғы критерий стартаперлер инвестиция жинайтын кезде инвестициялық раунд жасайды: қанша ақша жинап жатыр, не үшін жинап жатыр, компанияны қандай бағамен жинап жатыр? Кейде стартаперлер компаниясын өте жоғары бағалайды. Ол шындыққа жанаспауы мүмкін. Оларға инвестиция жасаған, енді жасағалы жатқан қандай инвесторлар бар? Осы салада жинаған тәжірибесі оларға қалай көмектесе алады? Стартаптың шығу стратегиясы қандай? IPO-ға шыға ма, әлде екі-үш жыл өсіп, стратегиялық инвесторға сатылғысы келе ме? Инвестор ретінде бізге қызық па дегендей көптеген сұраққа мән береміз.

Ғани Қасымов / Фото жеке архивінен 

– Портфельдегі белгілі стартаптарды айта аласыз ба?

– Әлеуеті жоғары Hero's Journey атты стартапқа былтыр инвестиция жасадық. Hero's Journey деген толықтай автоматтандырылған, цифрланған фитнес-студия бар. Қосымша арқылы жаттығуға тіркелесіз. Киім ауыстыратын бөлме де цифрланған. Бұл стартап шешетін мәселе – адамдарға жаттығу бағдарламасын жазу керек емес, жеке жаттықтырушы керек емес, уақыты нақты белгіленген. Кеңседе жұмыс істейтіндерге өте ыңғайлы. Елу минутта өте жақсы жаттығып, уақытыңызды босқа құртпай, уақытында келіп кете аласыз. Кейіпкерді таңдап, мақсат қойып, ұпай жинап, сол кейіпкерді күшейтесіз. Өте ыңғайлы, өзім де барып жүрмін. Бірнеше зал бар. Жаттығу құрылғыларында планшеттер тұрады. Мына жерден бастап, сосын мынаны істейсің деп көрсетеді. Залдың ішінде жарық толық автоматтандырылған. Мысалы, маған көтеру керек болса, жасыл жанады, ал уақыт біткенде қызыл жанады. Бір ғана жаттықтырушы жүреді. Дұрыс-дұрыс емес екенін айтып отырады. Әлеуеті жоғары стартап. Келесі кезеңде АҚШ-қа шығуды жоспарлап отыр. Бұл стартаптың әлемде баламасы жоқ. Анализ жасағанда оған да қараймыз. Әдетте технологиясында кішкене ғана айырмасы бар  ұқсас стартаптар болады. Ал Hero's Journey-дің баламасы әзірге жоқ. Қосымшалар бар болғанымен, бірақ дәл осындай толық автоматтандырылған, цифрланған фитнес-студия жоқ еш жерде. Осы стартапқа үлкен үміт артып отырмыз.

– Стартаптар сіздерді іздеп таба ма, әлде сіздер оларды іздейсіздер ме? Олармен қалай байланыс орнатасыздар?

– Екеуі де. Компанияның аты шығып, адамдар біле бастағаннан кейін өздері іздеп келетін болды. Жақында сайтымызды іске қостық. Өтінім қалдыратын бөлімге кіріп, презентацияны жүктеп жібере алады. Қазақстанда өтетін форумдарға, конференцияларға барып, стартаперлердің қысқа-нұсқа баяндамасымен танысамыз. Жарыстарда инвесторлар оларды бағалайды. 

Венчурлық капиталда, стартап экожүйесінде networking маңызы өте зор. Басқа инвесторлармен, founder, қорлармен танысып, сөйлесу арқылы байланыс жасаса болады. Біз сондай конференцияларға қатысамыз. Испаниядан да кеңсе ашып, еуропалық стартаптарға да инвестиция жасау жоспарымызда бар. Еуропада өтетін көптеген конференцияға қатысамыз. Стартаптар өздерін көрсету үшін, networking алаңдарында жүруі қажет. Astana Hub секілді акселераторларға қатысып, көзге түсіп, networking алаңын үлкейтуі керек. Инвесторлар да іс-шараларға қатысып, өз акселераторын ашуы мүмкін. Байланыс орнатудың арнасы көп.

–  Стартаперлер сіздерге тікелей шыға ала ма, әлде бәрі ресми түрде болуы керек пе?

– Солай өте көп стартап келеді. Компаниямыздың инвестициялық стратегиясы бар. Стартаптар дамуы бойынша бірнеше сатыға бөлінеді. Ең бірінші олар құр идеядан бастайды. IT маман код жазып, бір шешім табады. Проблеманы шешетін осындай идея бар деп айта бастайды. Осы ең басты кезең. Одан кейін кезеңде бірнеше клиенті бар, шешімін тексеріп көрген стартаптар бар. Біз солармен, яғни табысы бар, шешімді қолдану жолын тапқан, нарықта соған деген сұраныс бар стартаптармен жұмыс істейміз. Кейде ең бастапқы кезеңде жүргендер "менде идея бар" деп келеді. Ол стратегиямызбен сәйкес келмейді. Жеке сөйлесіп, клиент жинап, табысы болғаннан кейін ғана стратегиямызға сәйкес келгенде қарастыра аламыз деймін. Сәйкес келсе алдын ала бағалау кезеңіне шақырамыз. Тек Қазақстан нарығын қарастырса, табысы белгілі бір сомадан аз болса, онда бізге сәйкес келмейді.  Бізге шетелге шығатын, жоспары үлкен жобалар қажет. Бүкіл стратегиямызға сәйкес келсе ғана келесі кезеңге өтеді. Оған толығырақ анализ жасап, инвестициялық меморандум жазып, командаға, акционерлерге, инвестициялық комитетке көрсеткен соң ғана шешім қабылдаймыз. 

–  Қазақстанда стартаптар қалай дамып жатыр?

Наурыз айында венчурлық капиталдың Орталық Азия мен Кавказдағы жағдайы туралы зерттеу жасадық. Қазақстанда 2023 жылы стартаптарға 80 млн АҚШ доллары сомасында инвестиция жасалған. Жалпы 110 млн болса, 70 пайыздан астамы Қазақстанда жасалып жатыр. Бұл аймақтағы өте жақсы нәтиже. Өткен жылдармен салыстырғанда елімізде өсу қарқыны жақсы. Мұны біз де байқап жатырмыз. Стартаперлер өте көп.

– Стартаптардың көбеюіне не әсер етті деп ойлайсыз?

Жалпы технологияның, Қазақстандағы IT инфрақұрылымның да дамуы, стартаптарға, инновацияларға көңіл бөлінуі дер едім. Үкімет деңгейінде инвестицияларға, технологияларға, инновацияларға жасалып жатқан іс-шаралар, жеңілдіктердің бәрі жасқы әсер етеді. Аймақ бойынша өте жақсы нәтижеге жетсек те, дамыған елдермен салыстырғанда арамыз өте алшақ. Дегенмен әлеуетіміз жоғары. Технологиялар қолжетімді, кез келген кәсіпкер, кез келген жас маман стартаппен айналыса алады.

Компаниялар табысын депозитке салады не құнды қағаз сатып алады дедіңіз. Сонда венчурлық капитал қоғамға пайдасын тигізетін стартаптарға инвестиция жасайды ғой…

Дұрыс айтасыз. Стартапқа инвестиция жасап, қоғамға да пайда әкелеміз. Неге десеңіз, стартаптың ең басты мақсаты бір қызметті жеңілдету, қолжетімді қылу, оны автоматтандыру. Олай болса жалпы экономика да дамиды. Мысалы, тамақ жеткізу қызметінің қарапайым халыққа тигізер пайдасы орасан зор. Сerebra секілді стартаптар ауруды ертерек анықтап бере алады. Компаниядағы бизнес процесстерді, жұмысты автоматтандырып, бір тапсырмаға кететін уақытты азайтып, табысты көтеретін стартаптар бар. Стартаптардың экономикаға да, қоғамға да тигізер пайдасы көп. Ақша айналымда жүреді. Компаниялар жылдам дамиды. Ал депозитке салған ақшаның пайдасын тек банк көреді. Сондықтан стартаптарға инвестиция жасау адамдарға да, экономикаға да, технологиялардың дамуына да орасан зор үлес қосады. Барлық бизнестің мақсаты табыс табу екені айдан анық. Дегенмен венчурлық инвестиция әлеуметтік тұрғыдан пайда тигізуді де көздейді.

Ғани Қасымов / Фото жеке архивінен 

Стартаперлер арасында әйелдердің үлесі қандай?

Аз деп айта алмаймын, стартаперлер көп. Founder-дің өзі қыздар болады немесе команданың ішінде co-founder болады. Қазір Еуропада көп жұмыс істеп жатырмыз. Women in tech деген қозғалысқа көп назар аударып жатыр. Қазақастанда стартапта жүрген қыздар Еуропамен салыстырғанда аз болуы мүмкін, бірақ олар көп. IT саласының дамуы, қыздардың осы салада білім алып, қорықпай айналысуының арқасы деп ойлаймын. Кез келген қыз стартапер бола алады. Ең бастысы идея керек. Жалпы стартапер болу үшін IT маманы болу маңызды емес. Идеяңыз болса, кәсіпкерлік дағдыларыңыз болса, команда жинап идеяңызды іске асыра аласыз. Қыздарға ғана емес, жалпы кәсіпкерлерге айтар кеңесім осы.

– Биыл CFO саммитінде қазақша сөйлеген тұңғыш спикерсіз. Онда не туралы айттыңыз? 

Корпоратвитік венчурлық капитал туралы сөйледім. Біздің холдингті мысалға алып, инвестиция жасау арқылы қалай табыс табатынын баяндадым. Құнды қағаздарға, өндіріске инвестиция жасау бар. Ал венчурлық капитал тәуекелі жоғары болса да, табысы көп инвестиция түрі. Үлкен корпорациялар стартаптарға инвестиция жасау арқылы табыс тапқысы келсе, мұны корпоративті венчурлық капитал дейміз. Оған қоса жаңа технологияларды тауып, оны өз саласында енгізе алады. Технологиялар қалай дамып жатқанын, нарық қалай өсіп жатқанын біліп отырады. Стартаперлерді, жас мамандарды, кәсіпкерлерді жұмысқа тартуы да мүмкін. Венчурлық капиталдың осындай пайдасы туралы сөйледім. 

Қазақстанда венчурлық капиталмен айналысатын ірі холдингтер бар. Олар, сондай-ақ, бірнеше компанияны сатып алды. Сол туралы айту, ақпарат жеткізу мақсатым болды. Көп ірі компания, холдинг венчурлық капитал туралы хабарсыз. Тапқан ақшасын құнды қағаздарға немесе депозиттерге салып қояды. Одан түсетін пайда венчурлық инвестициядан азырақ. Осы бағытта көмек керек болса бізбен байланысуға болады дедік. Сұрақтарыңыз болса, серіктес болғыңыз келсе біз көмектесеміз деген ой болды. 

Аудитория қалай қабылады?

– Жақсы қабылдады. Барлығы түсінді ме, жоқ па, оны білмеймін. Аудиторияның басым бөлігі орысша сөйлейді. Жалпы инвестиция, қаржы саласы туралы қазақша ақпарат өте аз. Сөйлеп болған соң адамдар жаныма келіп, "жарайсың, жақсы сөйледің", "қазақша айтқаныңа өте қуаныштымыз" деп қолдады. Бизнес тұрғысынан қызығып, қалай серіктес болуға болатынын сұрады. Әлеуметтік желіде жазып, көптеген пікір алдық. Мұндай іс-шара бар екенін, қазақша сөйлеуге болатынын білмегендер де болды. Қазақша аудиторияға, компанияларға жаңа ұғымды қазақ тілінде жеткізуге болатынын көрсеттік.

Қаржы, инвестиция саласында қазақ тілінің орны қандай? Тіл маңызды ма, маңызды емес пе?

Маңызды, әрине. Венчурлық инвестицияның әлеуеті Қазақстанда өте жоғары. Оның бір бөлігі қазақша сөйлейтін, қазақша жұмыс атқаратын компаниялар, кәсіпкерлер. Көбінесе осындай мүмкіндіктер бар екенін, қазақша сөйлеп те венчурлық инвестициямен айналысуға, стартапер болуға болатынын білмейді. Осындай іс-шаралар жасау, қазақша ақпарат жеткізу өте маңызды. Бұл салада қазақша да жұмыс істеуге болатынын көрсетеміз. Бүгінде қай саланы алсақ та қазақ тілінің маңызы зор. Елімізде қазақ тілін үйреніп жүргендер өте көп.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары