Тікелей эфир

Шизофренияға шалдыққандардың 80 пайызы бақсы-балгерге жүгінеді. Бұған дәрігерлер не дейді?

Мамандар аурудың алғашқы белгілері және қайда жүгіну қажеттігі туралы айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 24 млн немесе әрбір үш жүзінші адам шизофренияға шалдыққан. Бұл аурудың Қазақстанда да көп таралғанына жуырда жүргізілген сауалнама нәтижесі дәлел. Респонденттердің 23 пайызы ресми түрде шизофрения диагнозы қойылған адамдармен етене таныс екенін айтқан. Негізінен, бұл – олардың туысы мен таныстары. Осы орайда психоаналитик, психиатр мамандар өршіп тұрған аурудың алғашқы белгілері және осы белгілер анықталған жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы айтты. 

Қазақстанда шизофрения диагнозы қойылған науқастарды қоғамға қалай бейімдейді? 

2022 жылдың күз айларында Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 12 пайызының ғана осы аурудың белгілері туралы білетіні анықталды. Сол себепті көптеген адам шизофренияның белгісі ретінде бас ауруы, жүрек айну, бас айналу, қан қысымының көтерілуі және треморды көрсеткен. Алайда, бұл белгілердің шизофренияға қатысы жоқ. Негізгі белгілері – галлюцинация, жеке тұлғаның бөлінуі, обсессия, агрессия және көңіл-күйдің өзгеруі. 

Мұнымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігі шизофрениямен ауыратын адамдардың айналасындағылар үшін қауіпті екенін айтқан. 53 пайызы науқастарды дамуында қиындықтар бар десе, 36 пайызы оғаш қылықтар көрсетеді, деп отыр. 

Психоаналитик және психиатр мамандар "шизофрения" диагнозының адамның қоғамның толыққанды мүшесі болуына кедергі келтіре алмайтынын айтады. Керісінше дұрыс жүргізілген ем шаралары қанағаттанарлық өмір сапасына қол жеткізуге көмектеседі. Психоаналитик Светлана Қуаныш Қазақстанда шизофрения диагнозы қойылған адамдарды қоғамға бейімдеуге көмектесетін жоба туралы айтты. 

"2015 жылдан бері ментальды ауытқуы бар азаматтарды қолдау шараларын қолға алып келеміз. Алғашқы жоба аясында "Психикалық денсаулық орталығынан" адамдарды таңертең алып кетіп, кешкісін қайта апарып жүрдік. Күндіз олармен психоаналитик, педагог, тәрбиеші мамандар жұмыс істейтін. Кейін араға үш ай салып бұл жоба тоқтады. Сонда балаларда "Ары қарай не болады?" деген сұрақ туындады. Кейін шетелдік Training café-лердің қалай жұмыс істейтінін зерттей бастадық. Осылайша, 2016 жылы Training café пилоттық жобасын іске қостық. 2017 жылы екінші жобамыз "Қамқор отауды" қолға алып, соңғы 7 жыл көлемінде 23 бенефициармен жұмыс істеп келеміз. Бұдан бөлек тұрғындармен де кездесу, семинар, тренингтер өткізіп жүрміз. Жүргізілген сауалнама қазақстандықтардың бұл аурудың шет-жағасын білетінін көрсетіп отыр, алайда басым бөлігі дәрігер, психологтарға емес, бақсы-балгерлерге жүгінуді жөн көретінін айтқан", – деді психоаналитик Светлана Қуаныш. 


Оқи отырыңыз: Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?


Респонденттердің 82 пайызы шизофренияны өз бетінше емдеу керек деген пікірде

Қазақстандықтардың 55 пайызы қоғамда психикалық денсаулығында кінәрат бар адамдармен қоршалған, сондай-ақ, 27 пайызы олармен жақын араласады. Мұнымен қатар, тұрғындардың 82 пайызының арасында бұл аурудың өз бетінше емдеу жолы танымал екені белгілі болды. Алайда, маман келесі белгілер байқалған жағдайда бей-жай қарамауға кеңес береді. 

Елемеуге болмайтын өзгерістер:

  • тұйықталу;
  • үйде көбірек болу;
  • таныстарымен қарым-қатынасты тоқтату;
  • басқа адамдар өзіне қастандық жасайды деп қорқу. 

Адамның жеке басы мен интеллектінің қауіпсіздігі тікелей уақытылы көмек алумен байланысты. Сондықтан бірден мамандарға жүгінген жөн, дейді Светлана Қуаныш. 


Оқи отырыңыз: "Қазақтың отбасында жасырын матриархат" дейді психолог мамандар


Психикалық ауруы бар адамдарға қоғамда орын бар ма?

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 35 пайызы шизофрения секілді психикалық аурулары бар адамдарды қоғамнан оқшаулау қажет деп есептейді.  

"Әртүрлі елдегі деректерге сүйенсек, дер кезінде дұрыс көрсетілген медициналық көмек толық сауығып кету мүмкіндігін жоғарылатады. Статистика ерекше шабыт сыйласа да, әлем елдерінің бұл ауруды емдеуде нақты қандай әдіс-тәсіл қолданатынын анықтау маңызды. ДДҰ мәліметінше, шизофренияны емдейтін бірқатар тиімді тәсіл бар, осы тәсілдер кемінде әрбір үшінші науқастың толық қалпына келуіне көмектеседі. Дәрі-дәрмекпен емдеу отбасылық терапия, когнитивті мінез-құлық терапиясы және психоәлеуметтік оңалтумен бірге бірінші орында тұр. Көбінесе аталған терапия түрі әр пациент үшін жеке жүргізіледі. Психикалық ауруы бар адамдарға ремиссия жасау үшін қоғамға интеграция да өте маңызды. Бұл жерде осы қоғамның мүшелеріне және тақырыптың тыйым салуын азайтуға бағытталған білім беру жобалары да үлкен маңызға ие. Ақпарат ел тұрғындарын психикалық ауруы бар азаматтардың кеудесінен итермеуге, оларды өз ортасынан оқшауламауына әсер етеді. Сол себепті бұл туралы әртүрлі арнада көбірек жазу қажет. Науқастардың толық емделуі мүмкін екені туралы ақпараттың жетіспейтінін сауалнама нәтижесі растап отыр", – деді Қазақстан-Ресей медициналық университетінің психиатрия, наркология және неврология кафедрасының меңгерушісі медицина ғылымдарының докторы, профессор Саида Ешімбетова. 


Оқи отырыңыз: ҚР Президент сайлауына үміткер болуға тыйым салатын 107 диагноз. Бұл – қандай аурулар?


Кімнен көмек сұрауға болады?

Гедеон Рихтер Қазақстан бас директоры Ремигиюс Нараускас психологиялық қолдау, ауру және терапия туралы қолжетімді ақпарат пациенттерге ғана емес, олардың туыстарына да қажет екенін айтады. 

"Шизофрения науқастар мен олардың отбасының өміріне айтарлықтай әсер етеді. Сол себепті бұл ауру туралы ақпарат науқастардың туыстарына да қажет. Оның үстіне қойылған диагноз отбасының өмірін толықтай өзгертеді. Әртүрлі сұрақ туындап, оларға жауап алғысы келеді", – деді Ремигиюс Нараускас.

"Психикалық денсаулық орталығы" ШЖҚ КМК директоры Сапар Рахменшеев шизофрения белгілері мазалаған азаматтардың қайда жүгіне алатынын түсіндірді. 

"Алматы қаласында 11 172 науқас диспансер бақылауында. Оларға шизофрения, ақыл-есі кем, органика себебінен пайда болған ауытқулар деген диагноз қойылған. Осы бақылауда тұрған науқастардың барлығына тегін дәрі-дәрмек беріліп, мамандар емді тегін жүргізеді. Науқастарға қоғамға бейімделуге көмектесетін тігін және типография цехы бар. Мұнда жалпы 80 адам жұмыс істейді. Егер шизофрения ауруына тән белгілер сіздерді мазаласа, 376-56-60 сенім телефонына хабарласып, тікелей мамандармен байланысқа шыға аласыз. Олар сізден мекенжайыңызды да, тіпті, аты-жөніңізді де сұрамайды. Тек қойған сұрақтарыңызға жауап беріп, көмегін ұсынуға дайын. Психолог, психиатрға намыстанып бармаудың қажеті жоқ", – деді "Психикалық денсаулық орталығы" ШЖҚ КМК директоры Сапар Рахменшеев. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары