Тікелей эфир

Сенатор Асанова: "Қиянатты дәстүрмен бүркемелейді". Отбасындағы зорлық туралы заң жобасында қандай жаңалық бар

Сенат депутаты Жанна Асанова
Сенат депутаты Жанна Асанова
Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте отбасы институтын нығайту маңызды екенін айтты.

Бүгін Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды. Құжатта отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату көзделген.

Осы орайда парламент сенатының депутаты Жанна Асанова заң жобасында тағы қандай өзекті мәселелер қарастырылғанын айтып берді. 

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына нақты қандай өзгерістер енгізу ұсынылды?

– Әзірленген заң жобасы бірқатар күрделі мәселені қамтиды және ол бір күнде пайда болған жоқ, оның үлкен тарихы бар. Оны алдыңғы және қазіргі мәжіліс депутаттары, құқық қорғау органдары өкілдері, бас прокуратура, мемлекеттік және ерікті заңгерлер, бала құқығы бойынша уәкілдермен және тағы басқа азаматтардан құралған жұмыс тобы әзірледі. Бұл мәселенің қоғамда бірінші күн талқыланып келе жатпағанын жақсы білеміз.

Қазір қоғамдағы нөмірі бірінші мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу. Егер бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, заң жобасы мақұлданған соң ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде қарастырылып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Сондай-ақ, осы кінәлі азаматтарды қылмыстық құқық бұзушылар қатарына жатқызу, тараптардың татуласуына жол бермеу және балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық түріне жазаны қатайту ұсынылды. Бұдан өзге отбасыларды қолдау және психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашу, агрессорлармен арнайы жұмыс істейтін қылмыстық кодексте бөлек бағыт ашу қарастырылып отыр. 


Оқи отырыңыз: "Адам саудасының жылдық айналымы 150 млрд долларға тең". Құқық қорғаушы Шахноза Хасановамен сұхбат


– Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің көбіне панасыз қалатыны және денсаулығына байланысты жұмысқа бара алмайтыны белгілі. Бұл мәселе жаңа заң жобасында қалай шешілген?

– Расымен де, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешкен әйелдердің далада қалуы мәселесі өзекті болып тұр. Өйткені мұндай жағдайда әйел үйінен кетіп, панасыз қалады. Бұл әлеуметтік жағынан еш қорғаны жоқ әйелдің жағдайын одан бетер нашарлата түседі. Әрине, мұндайда көмектесетін арнайы дағдарыс орталықтары бар, бірақ олардың саны жеткіліксіз.

Осы орайда ұсынылып отырған заң жобасында бұл мәселені де қарастырып, шарасыз қалған әйелдер паналайтын орталықтар санын көбейту, барды кеңейту мәселелері қарастырылған. Заң жобасы мәжіліске түскенде мәжіліс және сенат депутаттары болып талқылап, бір шешімге келеміз деп үміттенемін. Оны қалай жүзеге асыратынымызды да ойластыруымыз керек. 

– Салыстырмалы түрде дамыған мемлекеттерде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс ретінде қарала ма? Қандай жазалар қарастырылған?

– Кез келген заң жобасы әзірленген кезде мұндай салыстырмалы сараптама жүргізу өте маңызды. Осы заң жобасын әзірлеген уақытта адам құқығын қорғау бойынша озық мемлекеттердің тәжірибесін саралап, ескердік. Мысалы, өткен қараша айында ҚР ІІМ қоғамды алаңдатып жүрген сұрақтар қамтылған сондай құжатты жария етті. Әлеуметтік желіде жарияланған құжатта Қазақстан Республикасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы барлығы жазылған. 


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде қандай мәселелер жатыр? Сарапшылар пікірі


– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ауыл халқының да зиян шегіп отырған жайы бар. Ауылдарда көмек көрсету орталықтары бар ма?

– Ауылдарда мұндай жағдайда көмек көрсететін орталықтардың жеткіліксіз екенімен келісеміз. Бұл мәселе де заң жобасына кіріп отыр. 

– Қазақ қоғамында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қатысты виктимблейминг бар екені жасырын емес. Тіпті, "Қайтып келген қыз жаман", "Бала – белде, қатын – жолда" деген секілді мақалдарымыздан біле берсек болады. Осы бағытта адамдардың сана-сезімін өзгерту үшін жұмыстар жасала ма?

– Бар, оны жасырудың еш қажеті жоқ. Менің ойымша, қазір бұған тойтарыс беру үшін бүкіл қоғам болып бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл тек мемлекеттің немесе депутаттардың міндеті емес. Себебі, зорлық-зомбылықпен күресте қоғам күшінің ықпалы зор. Көбінесе кей адамдар жасаған қиянатын дәстүрмен бүркемелейді.

Яғни, әйелі мен бала-шағасына асқан қатыгездік көрсетіп, қатал тәрбиелеп, мұны дәстүр деп атайды. Біздің халқымызда да, кез келген елдің тамырында да ұрып-соғу болған емес, бұл адамзаттың басты қағидаттарына қарама-қайшы келеді.

Сол себепті, мәдени нормалар мен дәстүрлерді өзгерту өз қолымызда, ол үшін біртұтас күш құруымыз керек. Әр адамның қоғамға өз отбасында көргенін алып келетінін жақсы білеміз, сондықтан отбасы институтын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз өсіп келе жатқан ұрпағымызды дұрыс жолға қойып, үйдің ішінде жайлы атмосфера қалыптастыру.

Еркек болу деген стереотиптерге сүйеніп, әлсіздерге жұдырық жұмсай беру емес. Мұның астарында басқа мән-мағына жатыр. Осы орайда жастар және жасөспірімдермен фильм секілді мәдени құралдар арқылы жұмыс істеп, эмоциоялық интеллект пен салауатты қарым-қатынас құруды үйрететін бағдарламаларды да енгізуіміз керек. Бұл құбылыспен біз қоғам болып күресуіміз керек. 

Серіктестер жаңалықтары