Сәпиев кейсі және кеңседегі кикілжіңдер: Қазақстанда Әдеп кодексі қаншалықты жұмыс істейді?

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқы, әріптестерімен қарым-қатынасы Әдеп кодексі бойынша реттеледі.

Қарағанды облысында Олимпиада чемпионы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында жанжал шығып, төбелес болғаны туралы ақпарат қоғам назарын тағы бір өткір мәселеге аударды. 

Серік Сәпиев бұған қатысты мәлімдеме жасап, бұл жанжалды жеке мәселе емес, "қызметтік қақтығыс" деп атады. Оның сөзінше, облыстағы спорт ұйымдарын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, ол бұл процесті тоқтатқан. Соның салдары жанжалға әкеліпті.

"Бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді", – деді Серік Сәпиев.

Бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдіріп, аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын айтты. Оның айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалып, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі.

"Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Алайда бұл оқиға бір ғана тұлғаға қатысты дау емес. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жиі кездесетін, бірақ сирек ашық талқыланатын мәселе – қызмет барысындағы кикілжіңдер мен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің сақталмауын қайта күн тәртібіне шығарды.

Айғай, балағат, төбелес – "қалыпты басқару стилі" ме?

Қазақстанда басшының қол астындағы қызметкерге дөрекі сөйлеуі, ар-намысын таптауы, психологиялық қысым көрсетуі, тіпті қол жұмсауы туралы кейстер аз емес. Көбіне олар "қызу жұмыс үстінде...", "төтенше жағдай кезінде...", "маманның біліксіздігіне ашуланғанда..." деген секілді уәждермен ақталады.

Жиналыстағы балағат сөздер: Рельстен шығып кеткен вагондарды 13 шақырым бойы сүйреп келген машинистерге ашуланып, ұрысқан басшы әлеуметтік желі қолданушыларының есінде. Сол кезде "Қазақстан темір жолы" компаниясының басшыларының бірі Асан Үмбетов онлайн жиналыс кезінде қызметкерлеріне ашулы түрде ескерту жасап, сөз арасында орысша-қазақша аралас бейәдеп сөздер қолданған.

ҚТЖ баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша тек этика нормаларын сақтау жөнінде әңгіме жүргізілгенін хабарлады. 

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың жиналыс барысында қызметкерлерін балағаттаған аудиожазбасы да желіде тараған. Әкім мұны су тасқыны қаупімен байланыстырып, "Сөз таңдап отыратын уақыт болған жоқ", – деп ақталған болатын. 

"Мен проблемалық аймақтарды жеке тексеріп, олардың жойылмағанын көрдім, содан кейін барлығын жинап, жиналыс өткіздім. Иә, мен ашуланып, дөрекі сөздерді қолдандым. Мен түсінемін, заң бойынша бұлай жасауға құқығым жоқ, бірақ сол сәтте су басу қаупінің алдын алу міндеті тұрды, маған "дөрекі сөздерді" қолдануға тура келді. Осы кездесуден кейін ауданда бірде-бір үйді су басқан жоқ. Осы өрескел сөздерім үшін барлығынан кешірім сұраймын", – деген еді Марат Тоғжанов.

Бұл жағдай да қоғамда екіұдай пікір тудырды. Бірі әкімді ақтаса, екіншісі төтенше жағдай да этика сақтау керек екенін айтты. Айта кетейік, ол – бұрынғы вице-премьер Ералы Тоғжановтың інісі.

Жасы мен біліктілігіне сөз келтіру: Ақтөбеде квазимемлекеттік сектор маманы Тұрсынбек Қуанышбаевтың ісі де осы тақырыпқа кейс бола алады. Ол өзінен 10 жас кіші, 12 күн бұрын ғана жұмысқа тұрған, тәжірибесі аз әріптесіне "боқмұрын" деп айтқан. Бұл сөз жасырын түрде диктофонға жазылып, сотқа дәлел ретінде ұсынылған.

Сот сараптамасы бұл сөзді "ар-намысты қорлайтын, әдепсіз сөз" деп таныды. Соның негізінде сот айыптау қаулысын шығарып, шенеунік жұмыстан шығарылды. Алайда шенеунік Әділет министрлігіне шағымданып, тексеру жүргізуін сұраған. 

Хатшыға күн көрсетпеу: Ақмола облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы Қайрат Бақбергеннің мас күйінде жұмысқа келіп, хатшы қызға жұдырық жұмсағаны Үкімет деңгейінде талқыланды.

"Менің ойымша, өздерін ұстай алмайтын шенеуніктерге мүлдем жұмыс істетпеу керек. Мұндай басшылардың пайдасынан зияны көп. Ондайларға  мемлекеттік қызметке емес, рингке шығу керек", – деген еді сол кезде премьер-министрдің бірінші орынбасары болған Бақытжан Сағынтаев.

Осы жағдайдан соң шенеунік қызметтен босатылды. Еске салайық, Қайрат Бақберген – сенаттың бұрынғы депутаты Бақберген Досманбетовтың баласы. Бұл жағдайда әкесі баласының іс-әрекетіне жауапты емес екенін айтқан еді. 

Заң бар, бірақ неге нәтиже жоқ?

Мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқы, әріптестерімен қарым-қатынасы Әдеп кодексі бойынша реттеледі. Онда:

  • ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылауға;
  • қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге;
  • жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға және мәжбүрлеуге;
  • әріптестерін негізсіз айыптауға, дөрекілік тануға, қадір-қасиетін кемсітуге, бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол беруге;
  • қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге қатаң тыйым салынған.

Ал қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға тиіс. Алайда желі қолданушылары кейде басшылардың осындай әрекеттерін ақтап, "бұларға солай айтпасаң, жұмыс жүрмейді" деп ақтап жатса, кейде "Осыларды тоқтататын адам бар ма" деп күйінеді. Кейбірі бұл кодекстердің жұмыс істемеуіне бірнеше себеп бар екенін жазады. Оның қатарында шағымданса, қызметінен айырылып қалу қаупі, қудалауға түсу қаупі бар. 

Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліптің айтуынша, қызметтегі мұндай әрекеттерге көз жұма қарау – қауіпті үрдіс.

"Мемлекеттік қызметкердің қол астындағы қызметкерлерге қорлық көрсетуі, балағаттауы, қол көтеруі де – тек Әдеп кодексін бұзу ғана емес,  Әкімшілік немесе Қылмыстық құқық бұзушылық ретінде де қарастырылады. Негізгі мәселе заңның селективті қолданылуында. Зәбір көрген қызметкер өз құқығын қорғап, дәлелдерімен сотқа жүгінуіне болады. Бірақ біздің мемлекеттік қызметтегі "субординация" түсінігі көбіне "құлдық санамен" алмасып кеткен. Басшы – жұмыс беруші емес, ол да қызметкер. Оның билігі тек қызметтік тапсырма берумен шектелуі тиіс, ал адамның жеке басына қол сұғуға ешқандай құқы жоқ", – дейді заңгер.

Серіктестер жаңалықтары