Тікелей эфир

Қоғамда көпбалалы аналар жәрдемақысын күйеуіне беру керек деген қате пікір бар – Жұлдыз Сүлейменова

depositphotos.com
depositphotos.com
Қазақстан өңірлерінде жұмыссыз әйелдерге қолдау көрсететін 68 орталық жұмыс істейді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық тұрғыда қандай ауыр болса, әйелдің психологиялық-материалдық тұрғыда қысымға ұшырауы да – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Жеке табысы жоқ әйелдердің көбі тиран күйеуімен ажырасқан жағдайда отбасын қалай асырайтынын уайымдап, үй ішіндегі шуды сыртқа шығарудан жасқанады. Бұл отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін ушықтырып тұр. Сәйкесінше, жұмыссыздықты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің біріне жатқызуға болады. 

Ұлттық статистика орталығының ресми статистикасына сәйкес, Қазақстандағы жұмыссыздар саны 450 мыңнан астам болса, олардың тең жартысынан көбі, нақтыласақ, 242 мыңнан астамы – әйелдер. 

Бұл мәселе Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіптің депутаттық сауалына арқау болды. Ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновке: 

"Жұмыссыздардың тең жартысы – әйелдер қауымы. Бұл дерек Үкіметті ойландыра ма? Жақында Сенат төрағасымен бірге Астана қаласындағы әйелдерге білім, ақпараттық консультация беруге арналған "Бақытты отбасы" орталығында болдық. Орталық 2021 жылы көпбалалы, өмірде қиын жағдайға тап болған, жалғызбасты аналарға қолдау көрсету мақсатында құрылған. Осындай үлгідегі орталықтарды өңірлерден, әсіресе облыс орталықтарынан көптеп ашуға қалай қарайсыз?", – деп сұрақ қойды.

Премьер-министр сұраққа жауап ретінде қазіргі таңда Қазақстан бойынша жұмыссыз әйелдерге қолдау көрсететін 68 орталық ашылғанын хабарлады. 


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде қандай мәселелер жатыр? Сарапшылар пікірі


Бұл ретте біз Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүйлейменовадан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептеріне және таяуда қабылданған тұрмыстық зорлық мәселелерін шешуді мақсат тұтатын заң жобаларына қатысты пікірін білдік. 

"Жұмыссыздықтың жұмыссыздық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және әйелдердің абьюзерлердің зорлығына көндігіп шыдауына қаншалықты негізгі себеп болатындығына арнайы зерттеу жүргізу керек деп ойлаймын. Өйткені, бұрын отбасылық зорлық-зомбылық мәселелеріне әртүрлі министрлік жауапты болып келді. Үкіметте бұл мәселе нақты бір мемлекеттік орталық органның құзыретінде болған жоқ. Біздің "Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы" заңның аясында қазір отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапты орган белгіленді. Ол – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Менің ойымша, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселе бойынша кешенді зерттеу жүргізуі керек", – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. 

Депутат Zertteu Research институты жүргізген ғылыми талдаудың негізгі тезистеріне тоқтала отырып, Қазақстан қоғамындағы экономикалық абьюзерлік мәселесіне қатысты мәліметтерді тілге тиек етті. 

"Орталықтың "гендерлік бюджеттеу мәселелеріне" қатысты, яғни гендерлік тұрғыдағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты бірқатар зерттеулерін оқып, мазмұнымен таныстым. Оларда әйелдердің жұмыссызыдығына байланысты көптеген талдаулар бар. Мысалы, көп балалы ана жұмыс істемей, үйде отырса, сол үшін берілетін жәрдемақыны өзі ала алмайтыны туралы деректер бар. Неліктен бұлай? Өкінішке қарай, көптеген өңірлерде, әсіресе, шалғай ауылдық елді мекендерде әйел адам өзінің қандай болмасын табысын еріне, яғни күйеуіне беруі керек деген қате, таптаурын пікір әлі бар. Зерттеуде нақты мәліметтер келтірілген болатын. Жалпы, бұл – өте күрделі де кешенді мәселе. Сондықтан, "жұмыссыздық әйелдердің зорлық-зомбылыққа көндігуінің негізгі себебі ме?" деген сауалға жауап беру үшін мемлекеттік деңгейдегі осындай кешенді зерттеулер керек", – деді Жұлдыз Сүлейменова. 


Оқи отырыңыз: "Бишімбаев синдромы": Жаңа заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шеше ала ма


Мәжіліс депутаты бұл мәселенің бір шешімі ретінде ауылдық елді мекендерде қыз-келіншектердің қаржылық сауатын арттыруды ұсынды. Мұндай оқу шаралары ауыл әйелдерінің жеке кәсіппен айналысуына, экономикалық тәуелсіздіктің негіздерін меңгеруіне бағытталуы қажет.  

"Бұл мәселенің шешімі – сапалы да сауатты білім беруде жатыр. Менің ойымша, қыздарымыз жақсы білім алуы керек. Өкінішке қарай, бізде математика, қаржы, экономика салаларында білім алатын қыздардың үлесі аз. Оны ірі компаниялардың басшылығында, жеке кәсіпкерлер арасында әйелдердің үлесінің аздығынан анық көруге болады. Олардың санын арттыру үшін ауылдағы қыздар мен келіншектерге сапалы білім беруге күш салуымыз қажет", – деді мәжіліс депутаты. 

Серіктестер жаңалықтары