Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 840 миллионға жуық адам бүйрек ауруына шалдыққан. Ал Қазақстанда әрбір оныншы тұрғында осы ауру кездеседі. Сондай-ақ 2024 жылғы наурыз айындағы жағдай бойынша, 3600 қазақстандық бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың 80-нен астамы балалар. Осы орайда медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нефрология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласы бойынша нефрологиялық көмек координаторы Абай Шепетов бүйрек ауруының себебі, оны алдын алу жолдары және статистикалық мәліметтер туралы әңгімеледі.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда ағза ауыстыруды күтіп отырған науқастардың 90 пайызы осы бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Ал қалғандарына бауыр, өкпе және жүректі ауыстыру қажет.
– Қандай белгілер байқалғанда бірден дәрігер көмегіне жүгіну қажет?
– Қант диабеті, артериялық гипертензия және жүрек жеткіліксіздігі диагноздары қойылған адамдар міндетті түрде скрининг жасатып, бүйрегін тексерткені артық болмайды. Скрининг барысында креатин, фильтрлеу мөлшерінің жылдамдығы және зәр құрамында ақуыздың бар-жоғын анықтаймыз. Кейін бүйрек ауруының санаттарына сәйкес стратификация жасап, невропротивті жұмыс жасаймыз. Осылайша бүйрек жұмысын қалпына келтіреміз немесе диализге баратын уақытты ары қарай жылжытамыз. Мұнымен қатар бүйрек жеткіліксіздігі анықталған жағдайда науқастың отбасы мүшелері де скринингтен өткені пайдалы. Ауруды ерте анықтау адамның өмір жасын ұзартып қана қоймай, экономикалық жағынан да тиімді болады. Өйткені гемодиализ көп қаражатты талап етеді.
– Статистикалық мәліметтер қандай?
– Жыл сайын гемодиализге баратын науқастар саны 12 пайызға өсіп отыр. Бір ғана Алматы қаласы бойынша бір жарым мыңнан астам адам гемодиализде жүр. Неге науқастар саны мұнша көп? Себебі бұл ауруды бастапқы сатыларында анықтау қиын және адам еш кедергісіз өмір сүре беруі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың сексені – балалар
– Дәл қазіргі сәтте бүйрек жеткіліксіздігі ауруының басты себебі қандай?
– Медицинада бұған дейін аталып жүрген себептері көп. Дегенмен ішінде екеуін ерекше атап өткім келеді – бұл энергетикалық, газды сусындар мен арықтататын биологиялық белсенді қоспалар ішу. Біріншісі жүрек пен бүйректі қатты зақымдайды. Ал екіншісін қазір әсіресе жастар арықтау үшін көп ішеді. Оларды шектен тыс тұтыну бүйрек жеткіліксіздігіне алып келеді.
– Балалардың да бұл ауруға шалдығу себебі осы ма?
– Он жылдан астам уақыт балалар гемодиализ орталығын басқардым. 70% жағдайда үлкендер арасында себеп қант диабеті мен артериалды гипертензия болса, балаларда несеп шығару жүйесінің туабіткен созылмалы аурулары мен бір бүйрекпен туылу. Көбінесе 12-13 жастағы балалар ауырады. Өкінішке орай, олар осы жасқа дейін бір де бір рет бүйректі УДЗ арқылы тексермеген. Балаларға гипоплазия деген диагноз қойылған кезде де бүйректі тексерткен абзал.
– Бұл аурудың емі қандай?
– Бұған дейін бүйрек жеткіліксіздігіне алып келетін аурулар туралы айттық. Осы қант диабеті бар адамдар ағзадағы қант мөлшерін, қан қысымы жоғары адамдар оны дұрыс деңгейде ұстаса, бүйректің қызметі қалпына келеді. Қазір бір ғана дәріні ішіп, таңғажайыптың күшімен жазылып кету мүмкін емес. Тек бүйрек қызметін зақымдайтын факторларды тежейтін дәрі-дәрмектер бар. Осы факторларды толығымен жойғанда ғана бүйрек қызметі қалпына келеді. Күнделікті физикалық жаттығулар жасау мен шылымнан бас тартқан да аса пайдалы.
Оқи отырыңыз: Депутат науқастардың шетелде бүйрек алмастыру отасының ақшасын бюджеттен төлеуді ұсынды
– Қазақстан бойынша гемодиализ процедурасын жасатып жатқандар көп. Мамандар жеткілікті ме?
– Расымен де, қазір 9 мыңға жуық қазақстандық гемодиализ процедурасын жасатып жатыр. Науқастар саны да жыл сайын артып келеді. Ал біздегі 400-ге жуық нефрологтың жеткіліксіз екені сөзсіз. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір Санжар Асфендияров атындағы университет, Астана, Қарағанды, Семей және Ақтөбе қалаларындағы әріптестеріміз денсаулық сақтау саласына қажет практикалық нефрологтар дайындап жатыр. Мұнымен қатар, апта сайын Алматы қаласында нефролог әріптестерге арналған клуб пен әр екінші бейсенбі нефрологтар мектебін өткіземіз. Бұл нефрологтардың санатын көтеріп, заман талабынан қалмауы үшін аса маңызды. Осындай жұмыстардан кейін бұл мәселе қатып тұрған орнынан қозғалады деп сенемін.