Тікелей эфир

Қазақша минимализм деген не? АҚШ-тағы жазушы Лира Қоныспен сұхбат

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Жақында жазушы Лира Қоныстың "Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар" деген кітабы жарыққа шығады. Соған орай, жазушымен аз-кем әңгімелескен едік.

 

Лира Қоныс – жазушы, журналист.

"Сізге ғашық қыз", "Мәңгілік сағыныш", "Құлпынай қосылған балмұздақ", "Шахарбанудың сыңсуы" жинақтарының авторы.

Қазір АҚШ-та тұрады, лингвистикалық жобалармен айналысады.


– Лира, "Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар" деген кітап жазып жатқаныңызды білеміз. "Инстаграм" парақшаңызда өзіңізді минималист адаммын деп таныстырып жүрсіз. Осы минимализм әлеміне келуіңізге не себеп болды?

– Мен қалай минималист болмайын?! Көптеген қазақ ауылдарындағыдай тышқаншылап ескі-құсқыны жинай беретін отбасында өстім емес пе? Біздің үйде кіріс бар еді де, шығыс жоқ еді ғой. Сарайымыздың ішінде ескі есіктер, бұзылған теледидар мен тоңазытқыштар, тұтқасы сынған еттартқыштар, көне тігін машиналары, шүмегі жоғалған самаурындар, маған сыймай қалған резеңке етіктер… Атам мен әжем оны тастамайтын. "Керек боп қалады", "жас отбасын құрған біреулерге береміз", "майлап жіберсе, жұмыс істеп тұрған нәрсе" деп шаң жуытпайтын. Атам – ашаршылық көрген, Қырғызстанға ауып тірі қалған отбасының ұлы. Әжемнің шешесі сол ашаршылықта қайтқан. Одан кейін соғыс жылдарында да жарымаған. Сөйтіп, "қорек жинау керек" деген түсінік миларына әбден сіңген.

Біз үйдің бір бөлмесін тамақ жинауға бөлгенбіз. Оның ішінде бірнеше үлкен қорапта макарон өнімдері, үлкен ағаш жәшікте шай, сабындар, тай-тай маталар, қап-қап ұн, қант, күріш, қырық литрлік бөшкелерде сұйық май мен бал тұратын. Тіпті сол бөлменің ішінен азық-түлік дүкенінің иісі шығатын. Мен он беске келгенше атам, әжем үшеуміз ғана күнелттік қой, сол тамақтың бәрін кім жей бергенін де білмеймін.

Одан бөлек үйдің ішінде ескі жиһаз көп еді. Ескі болғанда да, әжемнің болыс атасынан қалған алашалар, Ақ патшаның мөрі басылған ауыр кереуеттер сияқты музейлік заттар болатын. Мектеп бітіргенше солардың ішінде өстім. Он төрт, он беске толғанда шын мәнінде "қоқыстың" арасында өмір сүріп жатқанымызды ұқтым. Оған қоса сол жасымда "атам мен әжемнің айтқанының бәрі дұрыс" деген балалық ойымнан айнып, өзімше шешім қабылдай бастағанмын. Төлеқыз деген кіші шешеміз болды, сенбі күні сол апамыздың үйіне барып монша жағатынбыз. Үйде қызыл ағаштан шапқан өліктей ауыр алты адамдық дөңгелек үстел бар еді, соны ешкім жоқта балталап, бұтап, жаңқалап моншаның пешіне өртеп жібердім. Сол күнгі сезген еркіндіктің рахатын айтып жеткізе алмаймын, ап-анық есімде. Мен сол күні әлі өзім не екенін түсінбейтін минимализм деген өмір сүру бағытына қарай қадам басқанымды білмедім.

– "Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар" деген кітабыңызда не туралы жазасыз? Неліктен дәл осы тақырыпқа тұтас кітап арнауға бел будыңыз?

– Студенттік жылдарда, өзім отбасын құрғанда киім, дүние жинамадым. Ең қажетті заттармен ғана күнелттім. Кітап та жинаған емеспін. Есесіне, минимализм мені өзіне тарта берді. Минималистік көзқарас әлемді артық қоқыстан құтқару үшін 1970 жылдары Еуропада пайда болып, одан кейін Жапония арқылы Азияға жетті. Сол екі мыңыншы жылдардың ортасында минимализм пәлсапасы әлемге таралды, мен де бұл жайлы шыққан жаңалықтарды іліп алып оқи бердім. Одан соң бұл пәлсапа рухани байып, сыртқы қоқыспен бірге адамның ішкі қоқысынан арылу деген функциясы қалыптасты.

2012 жылы АҚШ-қа оқуға кеттім. Ағылшынымды дамыту үшін, америкалықтармен араласу үшін Манхэттендегі минималистер клубына жазылдым. Сол кезден бері минимализм тақырыбымен тыныстап келемін. Он жылдай уақыт осы стильде өмір сүрдім. Арагідік минимализмге қатысты мақала, пост түрінде бір нәрсе түртсем, оқырман керемет оқиды. Одан соң қазақ қоғамында дәл осы пәлсапаға деген сұраныс артқанын ұқтым. Себебі, бәріміз – ашаршылық пен соғыс көрген аталар мен әжелердің ұрпағымыз. Сол себепті ұлттық жадымызда "қорек жинау" деген түсінік терең жазылған. Минимализм соны өзгертуге көмектеседі. Ізденісімді, талай жылғы тәжірибемді оқырманыма ұсынайын деп қолымдағы ақпаратты ұлттық танымға негіздеп кітап бастадым.


Оқи отырыңыз: Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Психолог кеңестері


– Осы тақырыпқа қатысты ағылшын тіліндегі біршама ғылыми зерттеуді шолып шыққан едім. Онда "адамның өміріне минимализм келген кезде оның күйзелісі азайып, ақшасы көбейеді" дегендей тұжырымдар айтады. Сіз осы сөзбен келісесіз бе, алып-қосарыңыз бар ма?

– Әлемде минимализм туралы түсінік әлі орныққан жоқ. Көпшілік мұны жалаңаяқ, жалаңбас, сары түсті шыттан киім киіп, еденге төселген сабаннан тоқылған кілемшеде ұйықтайтын будда тақуасынша жұпыны өмір сүру деп қана түсінеді. Ол дұрыс емес.

Минимализм дегеніміз – нәпсіні, ашкөздікті, дүниемен жарысуды шектеу, ішкі өкпе мен реніштен тазару. Минимализмнің басты ұраны – қажетті алу, артығын сатып алмау. Үйіңді артық дүниемен толтырмау, одан кейін оны қоқысқа лақтырып, "әлемді ластамау".

Үйімізді, өзіміз өмір сүретін әлемді таза ұстайық деген жанашыр ұстаным жаман ба? Қоғам бізді сатып алуға үндейді. Бір көшенің бойында жалғыз кітапхана, жалғыз мектеп болуы мүмкін. Ал, одан өзгесінің барлығы – дүкендер. "Жаңа жылдық жеңілдіктер", "жаздық жеңілдіктер", "жабылу алдындағы жеңілдіктер" деп, бір нәрсе алмасымызға қоймайды. Дүкенге кірсеңіз, тұтынушыға зат сатпай шығармау деген маркетинг жұмыс істейді. Олар дүкенге сатып алуға еліктіретін иісті шашады, сатып алуға ынталандыратын музыканы қояды, декорациялармен көзді алдайды. Өйткені, қоғамға ақша айналымы, экономикалық қарқын керек. Сол үшін қымбат брендтер шығарып, халықты астыртын ғана дүниеауи жарыстырып қойды.

1960 жылы АҚШ үкіметі сатып алушылар санын арттыру үшін психологтарды, коучтарды тарту науқанын бастады. Қазіргі қазақ психологтарының "қымбат зат сатып алсаң, бай өмір сүруге ынтаң ашылады", "қымбат зат көңіліңді көтеріп, одан да көп ақша келуіне мүмкіндік береді" дейтін күлкілі кеңестері содан шыққан. Гауһармен көмкерілсе де заттың аты зат, оның "ақша шақыратын, мистикалық" күші жоқ. Біз көп затымызды көрсеқызарлықпен зат сатып аламыз. Жаңа зат сатып алғанда адамның бойында жағымды адреналин гормоны бөлінеді. Бұл гормон арқылы тұлға аз уақытқа күйбең тіршіліктегі мәселесін ұмыта тұрады. Байқадыңыз ба, әлгі мыстан коучсымақ соны біледі. Сондықтан да, "өзіңнен аямай, қалаған затыңды ал" дейді.

Ал, тұтынушы байғұс сол бір сәттік сезім үшін керексіз затты сатып алғанын білмейді. Көп адам сүйкімсіз басшы, сүреңсіз жұмыс, үйдегі ұрыс, шулаған бала, бітпейтін несиеден бір сәтке аулақ болу үшін де сауда жасайды. Бұл – өмірді реттеу үшін күресу механизмі емес, бітпейтін проблемалардан қашу ғана. Ұнап қалған затты сатып алу – өз проблемаларымызды өзімізден жасырудың бір көрінісі. Көптеген жылдар бойы өзін зат сатып алу арқылы "емдеген" адамдар да бар. Ішінде проблемасы бар адам дүкен аралағанда шын мәнінде зат сатып алмайды. Ол ішіндегі олқылықты уақытша басатын эмоция сатып алады.

Зат сатып алуды ауыр эмоциялардан құтылудың жолы ретінде қарастырмайық. Ауыр жағдайлармен күресудің басқа жолын табайық. Минималист болайық. Дүкенге баруды доғару қажет. Біз тіс дәрігеріне тек тісіміз ауырғанда кіреміз, досымыз қонаққа шақырса үйіне барамыз, баламыздың ұстазы шақырса мектепке барамыз. Сол сияқты азық-түліктен басқа дүкендерге нақты бір зат керек болғанда ғана кіру шарт. Жай аралап көре салайын деп кіріп, екі сөмке затпен шықпау керек. Зәрулік болмаса, уақыт пен ақшаны шығындамайық. Эмоцияны қозғайтын, шабыт беретін сөздерге ұрынып қалмайық. "Өмір қысқа, бәрін көру керек" дегендей сөзді "бір басыңда он сөмке, жиырма аяқ киімің болсын, киіп қал, көріп қал" деп түсінбейік. Тәмсіл "оқы, білім ал, спортпен айналыс" дегенді меңзесе керек. Шопинг жасау өмір сүру мәдениетіміздің бір бөлшегіне айналмауы керек. "Өткен сенбіде тойға киген көйлекті келесі тойға кию ыңғайсыз", "Бүгін киген киімді ертең жұмысқа киіп бару ұят" деген ұғымда логика бар ма? Осы түсінікке байланысты қандай да бір ауыз толтырып айтатын себеп бар ма?

Әнші, актрисалар қызыл кілеммен бір жүріп өткенде киген көйлегін қайта кимейді. Онысы түсінікті. Ал, қызыл кілемді өмірінде көрмегендерге көйлек үшін сонша шығындалу не керек? Сонда біз кімнің стандарты бойынша өмір сүріп жүрміз? Біздің әрекетіміз, киіміміз өзгенің емес, өз пікіріміздің аясында іске аспай ма? "Негізі тәуір жалақы аламын, бірақ, айдың аяғында ақшамнан түк қалмағанын көремін" деп шағынатындар көп. Сонда ақша қайда кетеді? Ақша әлгі ішкі эмоцияны толтыру үшін сатып алған затқа кетеді. 

– Сіздің отбасыңыз қоқысты қалай сұрыптайды?

– Біз қоқысты штаттың заңы бойынша жөнелтеміз. Қағаз салатын жәшікке қағазды, шыны салатын жәшікке шыныны саламыз дегендей. Минимализм қағидаларымен өмір сүргендіктен дүниеміз де аз. Жолдасым екеуміз балалардың барлық қалауын орындап өсірдік. Олар "жоқ" дегенді естімеді. Байқауымша, қалауы орындалып, кеңшілікте тойып өскен бала есейгенде көп нәрсеге қызықпайды екен. Оның үстіне қазіргі балалар киімге, заттарға құмар емес. Дүкен аралауды қаламайтын жастар өсіп келеді.

Қазіргі кезде дамыған елдерде халық дүкен аралауды сиретті. Олар қолындағы барды тұтынады. "Артық зат алып, табиғатты ластамайық" дейді. Енді жапон билігі экономикалық қарқынды арттыру үшін халқын шопинг жасауға қалай шығарсақ деп бас қатырып жатыр. Соңғы жылдары Жапонияда "жұма күнін де демалыс қылсақ, халық іші пысып дүкен аралап, сауда жасар ма еді" деген ұсыныстар айтылып жүр.


Оқи отырыңыз: "Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ". Жазушы Бақытгүл Сәрмековамен сұхбат


– Минимализмнің адамның ментал денсаулығына әсері туралы не айтасыз?

– Әлбетте, минимализм дегеніміз тән мен жанның салауаттылығы ғой. Материалдық құндылықтарға деген құмары басылғанда адамның өмір сүруі жеңілдейді. Үш бөлмелі үйі барға төрт бөлмелі пәтерге тырмыспай, биыл шыққан көлікті салоннан аламын деп мақсат қоймай, айфонның он бесінші нұсқасын несиеге алмай, тыныштықта өмір сүруі – ағзаға үлкен психологиялық қолдау. Ең арғысы, үйіңде дүние аз болса, оны тазалау оңай. Одан бөлек, ми кеңістігіндегі сатып алуға қатысты тынымсыз әрекеттерді тоқтатқанда ақша қалтада қалып, жағымды қаржылық қауіпсіздік сезімін береді.

Серіктестер жаңалықтары