Биыл алғаш рет 5-8, 10-сынып оқушылары "Қазақ тілінен" емтихан тапсырып жатыр. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша форматта өтеді. Жазбаша емтиханда оқушыларға эссе жазу тапсырылса, ауызша емтиханда оқушының сөйлеу, тыңдау және оқу қабілеттері тексеріледі. Тапсырмаларды әр мектептің мұғалімдері өздері әзірлеп, оны білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді. Емтиханды да мектеп мұғалімдері өздері қабылдайды.
Осы орайда Информбюро тілшісі Алматыдағы №19 жалпы білім беретін мектепке барып, емтиханның қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.
Бұл мектеп – аралас мектеп, қазақ және орыс тілінде білім береді. Мұнда барлығы 1400 оқушы білім алады, 105 ұстаз сабақ береді. 56 сыныптың 29-ы – қазақ, 27-сі – орыс сыныбы. 27-28 мамыр күндері барлығы 817 бала қазақ тілінен міндетті емтихан тапсырып жатыр.
Емтихан таңертең 9.00-де басталды. Оқушылар сыныпқа кіріп, олардың телефондары жинап алынды. Мұғалімдер дайындаған билеттерді алып, орындарына жайғасып жауап беруге кірісті.
Қазақша оқитын сынып оқушылары тек жазылым мен айтылым бойынша сынық тапсырса, орысша білім алатын сынып оқушылары жазылым, айтылым, оқылым, тыңдалым бойынша білімін сынады. №19 мектеп әкімшілігі емтиханға дайындықты сәуір айында бастап кеткен. Мектеп директоры Айымгүл Иманғалиева ата-аналар мен оқушылардың жауапкершілігі жоғары екенін, емтиханға бей-жай қарамағанын атап өтті.
"Тапсырмалардың барлығын білім мазмұны негізінде мұғалімдер өзі дайындады. Балаларда ешқандай қорқыныш не үрей жоқ. Аралас мектеп болғандықтан бір-бірімізбен қазақша амандасуға, сөйлесуге тырысамыз. Қазақстан азаматы ретінде, мектеп басшысы ретінде өз елімізде мемлекеттік тілімізді білуіміз керек деп есептеймін. Емтихан балалардың қазақ тілін құрметтеп қана қоймай, онымен қоса білім мазмұнын меңгеруге деген жауапкершілігін арттырады. Емтиханда алған бағасы күнделікке қойылады", – деді мектеп директоры Айымгүл Иманғалиева.
Аралас мектеп болғандықтан емтихан сапалы өтуі үшін әрі комиссия оқушылардың жұмысын толық қарап шығуы үшін екі күнге бөлген.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнұр Нуриддин кейінгі екі жылда орысша білім алатын оқушылар қазақ тілін үйренуге талпынып жүргенін айтты.
"Өзім сабақ беретін алтыншы және сегізінші сынып оқушыларына сұрақтарды дайындадым. Орыс сыныптары өздері өткен тақырыптар төңірегіндегі тапсырмаларға жауап берді. Оқу материалдарына сәйкес болғандықтан оқушыларға қиынға соқпады. Олар сынақ тапсырмалары ұнағанын, емтихан әр оқу жылында өтіп тұрғанын қалайтынын айтты. Кейінгі екі жылда оқушылардың қазақ тіліне деген ойы айтарлықтай өзгерді. Бұрындары бұл пәнге аса қатты қызықпаса, қазір қазақ тілі өзекті екенін әрі қазақша сөйлеу сәнде екенін жақсы біледі. "Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін құрметтейді екен" деп айтады. Қазақша контент көп, парақшаларын қазақша жүргізетін блогерлер көп. Олар да балаларға әсер етіп жатыр", – деді мұғалім.
Балаларға "Ғаламтор дүкендерінде сауда жасау", "Су тіршілік – көзі", "Отбасындағы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу", "Табиғатқа, құстарға, жануарларға адамның қастандық жасауы" секілді тақырыпта эссе жазу тапсырмасы берілген.
Сынақ тапсырып шыққан оқушылардың ойын білдік. 6-сыныпты аяқтап жатқан Аружан Серікбайқызы емтиханды жақсы тапсырғанына сенімді.
"Оқылым және жазылым тапсырмаларын орындадым. Қазақ күресі туралы эссе жаздым. Бұрыннан келе жатқан ұлттық спорт түрі болғандықтан өз ойымды сол тақырыпта қозғауды жөн санадым. Бұл емтихан маған қиын болған жоқ. Осы жыл басталғалы дайындалып жүрдім. Ережелерді қайталадым және де қосымша үйде эссе жазып машықтандым. Сыныптастарым да жақсы тапсырып шықты деп ойлаймын. Қазақ тілі пәні қатты ұнайды. Басқа пәндерге қарағанда үй тапсырмаларын тез орындап тастаймын. Өз елінде тұрып өз тілін білмеу ұят нәрсе, сондықтан да бұл емтихан әр оқушының тіл байлығы мен тіл білімі үшін өте маңызды деп ойлаймын", – деді қазақ сыныбында оқитын Аружан Серікбайқызы.
Орысша білім алатын 7-сынып оқушысы Айерке Абиден "Ғаламтордың пайдасына қарағанда зияны көп" деген тақырыпта қазақша эссе жазғанын, емтихан тапсырмалары қиын болмағанын айтты. Ал орыс сыныбында оқитын 6-сынып оқушысы Кәусар Сейтқасым "Астана – біздің бас қаламыз тақырыбында" эссе жазған. "Қазақпын, қазақ тілін жақсы білемін. Үйде біз өткен тақырыптарды оқып дайындалдым. Қиын болған жоқ" – дейді ол.
"Бүгін біз қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырдық. Емтихан өте оңай болды, себебі біз өткен тақырыптар келді. Дайындалуға көп уақытым кеткен жоқ. Ұлтым қазақ болмаса да, қазақ тілін мақтан тұтамын. Қазақ сыныбында оқимын. "Театр – мәдениет ошағы" тақырыбында эссе жаздым. Оқушылардың білімін тексеру үшін, қазақ тілін дамыту үшін бұл емтихан қажет деп ойлаймын", – деді Оузхан Келлер.
7-сынып оқушысы Аяна Нұрмағамбет бұл емтихан қазақ тілін құрметтеу, басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне талпындыру мақсатында өтіп жатыр деп есептейді. Ал 6-сыныпта орысша білім алатын Анель Шарманова емтиханнан жақсы баға алатынына сенімді.
"Орыс сыныбында оқығаныммен, ана тілім – қазақ тілі. Қазақ тілі ана тілім екенін мақтан тұтамын. Өз ана тілімді қатты сүйемін, құрметтеймін. Қазақ тілін жақсы білген соң емтихан қиын болмады. Ойымды еркін жаздым. Жақсы баға алдым деп ойлаймын", – деді Анель.
Осы мектепте оқитын 5-сынып оқушысының ата-анасы Света Құлымбетова баласы үшін уайымдағанын айтты.
"Биылғы оқу жылында балаларымыз қазақ тілінен аралық емтихан тапсырып жатыр. Ата-ана ретіне бұл емтиханның өтуін қолдаймын, себебі балаларымыз қазақ тілін білуі қажет. Біліп қана қоймай бір-бірімен сөйлесе алуы керек. Емтихан жылда өтсе екен деймін. Ата-ана ретінде балам қалай тапсырып шығады екен деп қобалжыдым, десе де қызыма сендім", – деді Света Құлымбетова.
Оқи отырыңыз: 27-31 мамырда 5-8, 10 сынып оқушылары "Қазақ тілінен" емтихан тапсырады. Баға қалай есептеледі
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, емтихан оқушылар әр тоқсан сайын тапсыратын бағалау жиынтығына өте ұқсас. Биыл аталған емтиханның тұңғыш рет өткізілуіне байланысты, оқушылардың қорытынды бағасы емтиханның нәтижесіне (30 пайыз) және оқушының жылдық үлгеріміне (70 пайыз) қарай, яғни 30/70 пайыздық қатынасында қойылады. Қорытынды бағалау ең жақын бүтінге қарай дөңгелектеледі.