Тікелей эфир

"Қазақ тілінен" міндетті емтихан: Оқушылар мен ата-аналар не білуі керек

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Өзге тілдерде оқытатын мектеп оқушыларының "Қазақ тілі мен әдебиеті" бойынша білімі тексеріледі.

Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары қорытынды аттестаттау кезінде ғана тапсыратын. Биылдан бастап 5-8, 10-сынып оқушылары да оқу жылы соңында "Қазақ тілінен" емтихан тапсырады. Емтихан қашан және қалай өтеді? Баға қалай есептеледі? Оқушылардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау не үшін қажет? Информбюро осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. Емтихан қашан өтеді?

Биыл емтихан уақыты 27-31 мамыр аралығына белгіленген. Дегенмен емтиханның нақты уақытын әр мектеп өзінше белгілеуге құқылы. Яғни, оны білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі айқындайды.

№2. Емтихан қандай форматта өтеді?

Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша форматта өтеді. Үш сағатқа созылады. Жазбаша емтиханда оқушыларға эссе жазу тапсырылса, ауызша емтиханда оқушының сөйлеу, тыңдау және оқу қабілеттері тексеріледі. 

№3. Тапсырмаларды кім әзірлейді?

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, емтихан оқушылар әр тоқсан сайын тапсыратын бағалау жиынтығына өте ұқсас келеді. Ал тапсырмаларды әр мектептің мұғалімдері өздері әзірлеп, оны білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді. Емтиханды да мектеп мұғалімдері өздері қабылдайды.

№4. Емтихан қалай бағаланады?

Ең жоғарғы нәтиже – 30 балл. Оның ішінде: 

  • 0-11 балл – төмен. Оқушы емтиханды қайта тапсырады;
  • 12-18 балл – орташа көрсеткіш (3 деген бағаға балама);
  • 19-24 балл – жақсы көрсеткіш (4 деген бағаға балама);
  • 25-30 балл – өте жақсы көрсеткіш (5 деген бағаға балама).

№5. Қорытынды баға қалай есептеледі?

Биыл аталған емтиханның тұңғыш рет өткізілуіне байланысты, оқушылардың қорытынды бағасы емтиханның нәтижесіне (30 пайыз) және оқушының жылдық үлгеріміне (70 пайыз) қарай, яғни 30/70 пайыздық қатынасында қойылады. Қорытынды бағалау ең жақын бүтінге қарай дөңгелектеледі.

№6. Өзге тілде оқитын оқушылар да қазақ тілінен емтихан тапсыра ма?

Қазақ тілінде оқитын сынып оқушылары "Қазақ тілі" пәнінен, ал орыс, ұйғыр, тәжік тілдерінде білім алатын сынып оқушылары "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәнінен емтихан тапсырады. 

№7. Қазақ тілінен міндетті емтихан өткізуге не себеп?

Емтихан білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында өткізіледі. Бұл жаңашылдық мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында "Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" үкімет қаулысын орындау үшін енгізілді. Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, бұл емтихан қазақ тілін меңгермеген оқушыларды жазалау емес, тіл үйренуге ынталандыруға көбірек бағытталған.

Серіктестер жаңалықтары