Ауа райы
Бүгін +10…+16°
Ертең +3…+10°
Ауа райы Алматы +16°C
Тікелей эфир
+16°C

Ала бұлтты

Сезіледі +16° Жел 3,6 км/сағ
Бүгін
+10…+16°
Ала бұлтты
Ертең
+3…+10°
Қатты жаңбыр

Болжам уақыты 26.11, 13:21

Неге арақты қойған адам уәдесінде тұра алмайды? Психолог алкоголизмнің жасырын себептерін түсіндірді

Ішімдіктен бас тарту кезінде психолог қолдауы қажет. Фото: ЖИ жасап берді
Ішімдіктен бас тарту кезінде психолог қолдауы қажет. Фото: ЖИ жасап берді
Кейде адам алкогольдің өзіне емес, соның әсерінен пайда болатын ішкі күйге тәуелді болып қалады.

Көп жағдайда ішімдікке салыну "жұмыстан кейін сәл босаңсу" немесе "достармен көңіл көтеру" сияқты үйреншікті әдеттерден басталады. Алайда бұл әдеттің қауіпті тәуелділікке айналу шекарасы қай жерде жатыр? Адамдар қиындық барын неге мойындағысы келмейді және жақындары оларға қалай дұрыс көмектесе алады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға психолог Жанаргүл Нұржанқызы жауап берді.

– Ішімдікке тәуелділік көбіне неден басталады?

– Мұнда барлығына ортақ бір ғана сценарий жоқ, әр адамның өз тарихы бар. Сондықтан мәселеге тек "адам неге іше бастады?" деген тұрғыдан емес, "алкоголь оның өмірінде қандай қызмет атқарады?" деген қырынан қараған жөн. Біреу үшін бұл – ауыр жұмыс күнінен кейін босаңсудың амалы, енді бірі үшін – өзін еркін әрі сенімді сезінудің жолы. Ішімдік ішкен соң адамдармен тез тіл табысып, ішкі сезімін ашық айта алатын жандар да бар.

Осы тұста маңызды психологиялық жайт байқалады: кейде адам алкогольдің өзіне емес, соның әсерінен пайда болатын ішкі күйге тәуелді болып қалады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мұның астарында өзін-өзі бағалаудың төмендігі, жалғыздық сезімі және өз болмысын қабылдай алмау сияқты қиындықтар жатады. 

– "Жұмыстан кейін демалу" әдетінің дабыл қағарлық белгіге айналғанын қалай білуге болады?

– Егер адам таңертеңнен бастап кешке ішетінін ойлап жүрсе, демалыс күндері мен кездесулерді достарымен сөйлесу үшін емес, ішімдік ішу сылтауы үшін күтсе – бұл қауіпті белгі. Бірте-бірте демалыстың өзге түрлері қуаныш сыйлаудан қалады, ал спирттік ішімдіксіз босаңсу қиындай түседі.

Тағы бір маңызды көрсеткіш – ішімдікті кез келген эмоцияны басатын әмбебап құралға айналдыру. Ал тәуелділіктің нақты белгілері мыналар:

  • ішімдік мөлшерін бақылаудан айырылу;
  • өзіне берген уәдесіне қарамастан тоқтай алмау;
  • денсаулығына, жұмысына және отбасылық қарым-қатынасына зиян келіп жатса да, ішуді жалғастыру.

Егер адам алкогольсіз жүру барған сайын қиындап бара жатқанын байқаса, бұл – маманнан көмек сұрауға жеткілікті себеп.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны 400-ден асты


– Көптеген адамға мәселені тіпті өз алдында мойындау неліктен қиын? 

– Адамға бұрын өзі бақылауда ұстаймын деп ойлаған жағдайдың уысынан шығып бара жатқанын мойындау өте ауыр. Сондықтан ол өз әрекетін: "Мен жұмыс істеп жүрмін ғой", "Отбасымды асырап отырмын", "Күн сайын ішпеймін, басқалар менен де көп ішеді" деген сөздермен ақтай бастайды. Бұл уәждер оған "мен қалыпты адаммын, бәрі бақылауда" деген үйреншікті бейнесін сақтап қалуға көмектеседі. Тәуелділікті мойындау – өз мүмкіндігінің шектеулі екенін қабылдау деген сөз.

Мәселенің екінші қыры да бар. Егер адам жылдар бойы үрей, жалғыздық немесе өкпе-реніш сияқты сезімдерді ішімдікпен басып келсе, одан бас тарту қорқыныш тудырады. "Енді мұндай ауыр сезімдермен қалай күресемін?" деген сұрақ туады. Себебі алкоголь жағымсыз күйді уақытша ғана өшіреді, бірақ оның түпкі себебін жоймайды. Сол себепті мәселені мойындау – үйреншікті өмір салтынан ғана емес, ұзақ уақыт бойы қашып жүрген ішкі сезімдермен бетпе-бет келуді білдіреді.

– Жақындары адамға көмек қажет екенін қалай түсіне алады және оны ренжітіп алмай, әңгімені неден бастаған дұрыс?

– Әдетте жақындары бүкіл отбасының өмірі біртіндеп ішімдіктің айналасында өтіп жатқанын байқайды: бірі "енді ішпеймін" деп уәде береді, екіншісі оны аңдып, бөтелкелерді жасырып, салдарымен күреседі. Артынша қайтадан ұрыс-керіс, уәде және татуласу басталады.

Алайда көп айтыла бермейтін бір маңызды жайт бар: кейде өзгерістерге тек ішімдік ішетін адам ғана емес, оның туыстары да бейсаналы түрде қарсылық танытады. Мәселен, отбасының бір мүшесі ішсе, екіншісі соның аясында "жауапты, төзімді, бәрін құтқарушы" рөліне енеді. Бүкіл назар ішетін адамға ауғандықтан, екінші адам өз өміріндегі қиындықтарға көз жұмып, өзін "мен болмасам, ол құриды" деп аса маңызды сезіне бастайды. Тәуелді адам емделіп, өзгере бастағанда, "құтқарушы" рөліндегі жақыны да "енді менің өмірімнің мәні не болмақ?" деген сұрақпен бетпе-бет келеді. Әрине, бұл жақындардың тәуелділікке кінәлі екенін білдірмейді, тек отбасы ішіндегі психологиялық байланыстарды ажырата білу маңызды.

– Психолог тәжірибесінде алкоголь мен тәуелділікке қатысты қандай жиі кездесетін мифтер бар?

– Мен бірнеше негізгі мифті атап өтер едім:

  1. "Тәуелді адам міндетті түрде жұмысынан, отбасынан және әлеуметтік мәртебесінен айырылады" деген түсінік. Шын мәнінде, тәуелділік табысты, білімді әрі ауқатты адамдарда да кездеседі. Адам мансап құрып, бизнес жүргізіп, отбасына қамқор бола жүріп те алкогольге тәуелді болуы мүмкін. Сырт көзге оның өмірі мінсіз көрінуі ғажап емес.
  2. "Егер адам отбасын жақсы көрсе, ішуді міндетті түрде қоя алады". Өкінішке қарай, бәрі оңай емес. Адам балаларын, жұбайын, ата-анасын шексіз жақсы көріп, оларға ауыртпалық салғысы келмесе де, ішімдіктен бас тарта алмауы мүмкін. Сезімнің өзі тәуелділікті жоя алмайды.
  3. "Тек өзін-өзі қолға алу жеткілікті". Тәуелділік – жай ғана ерік-жігердің әлсіздігі емес. Мұнда биологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлар қатар жүреді. Сондықтан адамға құр талап қоюдан гөрі, кәсіби маманның көмегі ауадай қажет.
  4. "Егер адам ішуді тоқтатса, мәселе шешілді деген сөз". Ішімдіктен бас тарту – өте маңызды қадам, бірақ бұл адамның күйзеліс, жалғыздық, ашу мен көңіл қалу сияқты сезімдерді алкогольсіз еңсеруді үйренгенін білдірмейді. Сауығу жолында ішімдікті қою – оның соңы емес, тек маңызды кезеңі ғана.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысының 20 ауылы ішімдіктен бас тартты


– Өткір кезең артта қалып, қалыпты өмір ырғағы оралғанда адамға салауатты өмір салтын ұстап қалуға не көмектеседі?

– Бұл – оңалу кезеңінің ең күрделі тұстарының бірі. Бастапқыда барлығының назары тек ішімдікті тоқтатуға ауады, жақындары "енді бәрі жақсы болады" деп қуанады. Алайда уақыт өте келе күнделікті күйбең тіршілік, ескі реніштер, мазасыздық пен жалғыздық сезімі қайта оралады. Адам бұрын ішімдік арқылы қашқан қиындықтармен қайта бетпе-бет келеді.

Бұл жерде көп айтыла бермейтін бір жайтқа тоқталғым келеді: алкоголь өмірінен ғайып болғанда адам қандай күй кешеді? Көп жыл бойы ішімдік арқылы демалып, көпшілікпен тіл табысып, өзін сенімді әрі еркін сезініп үйренген адамды елестетіп көріңізші. Бір күні осы үйреншікті құрал жоқ болып шығады.

Әрине, толық оңалу кешенді тәсілді талап етеді: дәрігердің бақылауы, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу, психотерапия, өзара қолдау топтары және жақындарының демеуі. Психотерапия медициналық емді толықтырады, бірақ оның орнын баса алмайды. Егер ағзада физикалық тәуелділік қалыптасса, ішімдікті дәрігердің кеңесінсіз, күрт тоқтату өмірге қауіпті болуы мүмкін.

Сөзімді мына бір оймен түйіндегім келеді: алкогольден бас тарту – әлі өзіңе толық оралу емес, бұл – өзіңмен нағыз кездесудің бастамасы ғана. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз