Біз саясаттанушы, "Ника груп" тәуелсіз талдау орталығының жетекшісі Ержан Бабақұмаровпен жаһандық тәртіп трансформациясы туралы сұхбаттар циклін жалғастырамыз. Бірінші бөлімде ол Дональд Трамп неге СЕО секілді ойлайтынын және неліктен АҚШ-ты корпорацияға айналдырып жатқанын түсіндірді. Екінші бөлімде дипломатия өзгеріп жатқаны: одақтар мен ережелердің орнын келісімдер мен қысым қалай басқаны туралы әңгіме болды. Ал үшінші бөлімде біз "2025 жобасы" және әлемдік тәртіптің ықтимал трансформациясы туралы сұхбаттастық.
Оқи отырыңыз:
- Ержан Бабақұмаров: Америка – Корпорация ретінде немесе Дональд Трамп әлемдік геосаясатты қалай өзгертіп жатыр
- Ержан Бабақұмаров Дональд Трамп стиліндегі ірі келісімдер және қысым жағдайында келіссөз жүргізу туралы
- Ержан Бабақұмаров "2025 жобасы" туралы: АҚШ өзін және бүкіл әлемді қалай өзгерте алады
Енді ең өзекті мәселе: Трамп әкімшілігі Қытай, Еуропалық одақ және Ресей сияқты негізгі халықаралық ойыншылармен қарым-қатынасты қалай құрып жатыр және Вашингтонның ұстанымының өзгеруіне бұл елдер мен өңірлік бірлестіктер қалай жауап беруі мүмкін.
Қытай: ұстамдылық арқылы құрметке қол жеткізу
– Ержан Жалбақұлы, Трамп тұсындағы АҚШ үшін Қытай қандай ел? Серіктес пе, бәсекелес пе, әлде қауіп-қатер ме?
– Қытай Дональд Трамп үшін – жаһандық саясаттағы негізгі акторлардың бірі. Вашингтон бұл елге ерекше мән береді. Басқа бағыттармен салыстырғанда, бұл мәселе бойынша америкалық ұстаным әлдеқайда жүйелі: Қытайды стратегиялық бәсекелес ретінде қарастырады және АҚШ-тағы бірқатар топтардың пікірінше, оны тежеп отыру қажет.
Мұнда ашық қарсы тұру емес, технология, логистика және энергетика салаларындағы тәуелділікті қайта қарау туралы сөз болып отыр. Вашингтонда жеткізу тізбектерін "ажырату" (decoupling) идеясын қолдайтындар саны артып келеді. Мақсат – жаһандық өзара әрекеттестікті бұзу емес, оны неғұрлым бақылауға болатын жағдайларда қайта бейімдеу.
АҚШ үшін Қытай – халықаралық жүйедегі маңызды әрі ықпалды ойыншы. Сол себепті АҚШ бұл елге қатысты экономикалық бәсекелестік элементтері бар жаңа саясат жүргізуді жөн көреді.
Бейжің жауабы: балама бағыттар және стратегиялық байсалдылық
– Қытайдың Ақ үйдің қазіргі саясатына реакциясын қалай сипаттауға болады?
– Бейжің дәйекті әрі стратегиялық тұрғыда әрекет етеді. Ол, шамасы, жаһандық Оңтүстікпен, Оңтүстік-Шығыспен, Еуразия елдерімен өзара әрекеттің балама формаларын құруға маңыз беріп отырған секілді. Мақсат осалдықты әртараптандыру және төмендету.
"Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы жаңа әлемге бейімделіп жатыр. Тұрақсыз аймақтарды айналып өтетін бағыттар ашылды, цифрлық инфрақұрылымға, логистикаға және транспорттық үйлесімге басымдық берілуде. Қытай тәуелсіз алмасу инфрақұрылымын, оның ішінде банк саласында юаньды пайдалану арқылы, доллар аумағынан тыс төлем жүйелерін, инвестициялық банктерді қалыптастырып жатыр.
Бұл ретте Бейжің АҚШ-қа қарсы тікелей қадам жасаудан қашқақтайды, себебі жағдайды ушықтыруға мүдделі емес деуге болады. Оның орнына, Бейжің өңірлік байланысын күшейту, экспорт каналдарын кеңейту, несиелеу, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларға қатысу арқылы Вашингтон үшін текетірес құнын ұлғайтады.
Қытай симметриялық емес, стратегиялық жауап беруде: осалдықты азайтып, өзі басым күшке ие әріптестіктің параллель кеңістіктерін құрып жатыр. Аспан асты ел ең қиын тарихи кезеңдердің өзінде өзінің жаһандық ықпалын ұстап тұру және күшейтудің мыңжылдық тәжірибесіне ие.
ЕО – таңдау арқылы серіктес
– Еуропалық одақ ондаған жылдар бойы трансатлантикалық кеңістіктің тірегі болды. Қазір ол неге перифериядан жиі бас тартып жүр?
– Трамп әкімшілігі жалпы екіжақты форматтарға басымдық береді. Еуропалық одаққа Вашингтон стратегиялық тиімді серіктестен гөрі қиын келіссөз тетігі ретінде қарайтын сияқты.
АҚШ ынтымақтастықтан бас тартпайды, бірақ тез және нақты нәтиже беретін жағдайда ЕО елдерімен тікелей жұмыс істеуді жөн көреді. Бұл, әсіресе, қорғаныс, технологиялар және энергетикалық ресурстарды экспорттау мәселесіне қатысты.
Еуропалық одақ АҚШ-ты трансатлантикалық құрылымның тұрақты тірегі ретінде қарастырмайды, мазмұны мен ретіне қарай таңдау бойынша серіктес ретінде қарастырады.
Еуропаға арналған екі сценарий
– ЕуроОдақ тарапынан қандай жауаптар болуы мүмкін?
– Жағдай екі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Біріншісі – автономияны күшейту: өзіндік қорғаныс саясатын дамыту, өнеркәсіптік егемендікті қолдау, оңтүстік және шығыс бағыттармен байланысты күшейту. Екіншісі – жаңа икемділікке бейімделу: әрбір ел АҚШ, Қытай, Ресей, өзге державалармен қарым-қатынасты жеке-дара жолға қояды.
Қазіргі кезде біртұтас еуропалық ұстаным туралы айту қиын: ішкі динамика, сайлау циклдерінің қысымы, сенім дағдарысы координацияны қиындатады. Бірақ, талқылау деңгейінде Еуропалық одақтың стратегиялық автономиясы тақырыбы күшейіп келеді.
Еуропа кепілдіктер жоқ, бірақ мүдделер сақталған әлемде жаңа рөлін іздеп жатыр. Бұл – оңай емес, бірақ қажет қадам.
Ресей: прагматикалық дипломатия
– АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас әрқашан "сезімтал" тақырып болатын. Трамп әкімшілігі бұл бағытта қандай тәсілді қолданады деп есептейсіз?
– Сарапшылардың пікірінше, АҚШ энергетика, стратегиялық тұрақтылық және киберқауіпсіздік сияқты өз мүддесі бар салаларда шектеулі, прагматикалық ынтымақтастыққа ұмтылады. Идеологиялық риторика жұмсаруы мүмкін. Оның орнына – болжамды саясат, нақты шекаралар және америкалық мүдделерге сай нақты келіссөздер жүргізу мүмкіндігі қарастырылады.
Мәскеу өз тарапынан ұлттық мүдделерін икемді қорғауға ұмтылады. Қытай, ЕО, Таяу Шығыс елдері және Жаһандық Оңтүстікпен арадағы тактикалық маневрлерге ставка жасалуы мүмкін. АҚШ-пен тікелей қақтығыс Ресей үшін тиімді емес, бірақ серіктестік моделіне қайту да әзірге екіталай.
Ресеймен қарым-қатынаста екі жақ та өзара рұқсат етілген шектерді тексеріп отыратын, басқарылатын тепе-теңдік кеңістігіне көшуге тырысуы мүмкін.
Үйлестіру кеңістіктері және жаһандық бейімделу
– АҚШ әрекеттеріне жауап беру үшін елдер бір-бірімен үйлесе бастауы мүмкін бе?
– Кей тақырыптар бойынша өңірлік үйлесім мен тәжірибе алмасу күшеюі мүмкін. Мысалы, БРИКС+, ШЫҰ, ОШАЕҚ, энергетика және технология бойынша форматтар аясында. Әлем бинарлы модельден бас тартып жатыр. Бұл – шешім қабылдау орталықтары көбейетін кезең.
АҚШ таңдап әрекет ететін жағдайда қалған ойыншылар да ұлттық мүдделеріне қарай байланыс пен платформалар құрып, икемді әрекет етуді бастайды.
– Демек, жаһандық саясат орталығы жоқ, белгіленген геометриясы жоқ, бірақ көптеген түйісу нүктелері бар желіге ұқсай түседі ғой?
– Ия, басты қозғалыс дегеніміз осы. Әлем "архитектурадан" бас тартып, "қысым географиясына" ауысып жатыр. Мұнда бәрі траекторияға, импульске және байланыс қуатына тәуелді.
Қорытынды сұхбатта келесі мәселелер талқыланады:
- ықпалды аймақтар, саяси, экономикалық және өркениет шекаралары бойынша жаңа әлемдік бөлініс басталуы мүмкін бе;
- Қазақстанды қоса алғанда, орта және шағын мемлекеттер бүгінгі жағдайда тұрақтылығын және қимыл еркіндігін қалай сақтай алады.
- бірде-бір одақта кепіл жоқ, бірде-бір міндеттеме мәңгілік емес әлемде дипломатия қандай мәнге ие болмақ.
Жаңа сұхбатты жіберіп алмаңыздар.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59
– Қытай Дональд Трамп үшін – жаһандық саясаттағы негізгі акторлардың бірі. Вашингтон бұл елге ерекше мән береді. Басқа бағыттармен салыстырғанда, бұл мәселе бойынша америкалық ұстаным әлдеқайда жүйелі: Қытайды стратегиялық бәсекелес ретінде қарастырады және АҚШ-тағы бірқатар топтардың пікірінше, оны тежеп отыру қажет.