Ержан Бабақұмаров "2025 жобасы" туралы: АҚШ өзін және бүкіл әлемді қалай өзгерте алады

Фото: Reuters
Фото: Reuters
Сарапшы АҚШ-та ешқашан болмаған билік вертикалін құру процесі туралы әңгімеледі.

Informburo.kz редакциясы саясаттану ғылымдарының кандидаты, ҚР Саяси ғылымдар қоғамдық академиясының академигі, "Ника груп" тәуелсіз талдау орталығының жетекшісі Ержан Бабақұмаровпен сұхбаттар сериясын жалғастырады.  Сұхбаттар АҚШ президенті Дональд Трамп кезеңіндегі жаһандық тәртіптің ықтимал трансформациясы төңірегінде өрбиді. Бұған дейінгі сұхбаттарда ол Америка басшысының мемлекетті корпорация ретінде басқаратыны және оның келіссөз жүргізу стилі туралы баяндаған еді. 

Бүгінгі тақырып – АҚШ-та соңғы жылдары ең көп талқыланып жатқан саяси құжаттардың бірі – "2025 жобасы". Ол елдегі бүкіл атқарушы билікке арналған жол картасына айналуы мүмкін. Бұл жобаның мән-маңызы не? Ондағы ережелер қаншалықты радикалды және оның әлемге тигізуі мүмкін ықпалы қандай?

Жаңа мемлекеттің архитектурасы

– Ержан Жалбақұлы, батыс баспасөзі "2025 жобасын" "жоғарыдан басталған революция" деп атайды. Бұл не құжат және оған кім бастамашы болды?

– Бұл – Америка басшысы Дональд Трампқа жақын қорлар, зерттеу орталықтары және республикалық топтар әзірлеген стратегиялық платформа. Жобаға Америкадағы ең көне консервативтік институттардың бірі – Heritage Foundation жетекшілік етті.  

Құжат өзі – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан либералды мемлекетті бөлшектеудің  нұсқаулығы іспеттес. Ол қорғаныстан бастап білім беруге дейінгі, салықтардан бастап климаттық саясатқа дейінгі салалардың бәрін дерлік қамтиды. Мән-маңызы бойынша ол жай ғана сайлауалды бағдарлама емес, республикашылар жеңіске жеткен жағдайда жүзеге асырылуы тиіс техникалық регламент. 

2025 жобасы – бұл құндылықтар декларациясы емес, америкалық атқарушы биліктің бүкіл архитектурасын реформалаудың жоспары. 


"Түпкі мемлекетті" бөлшектеу

– Құжаттың ең көп талқыға түскен тармақтарының бірі – кадрлық аппаратты жаппай тазалау. Бұл елдің демократиялық тәжірибесіне сай ма?  

– Конституциялық тұрғыда – иә. АҚШ президентінің федералды ведомство басшыларын тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар. Бірақ, ондаған мың мемлекеттік қызметкерді қысқартып, оларды орнына мемлекет басшысына тікелей бағынатын, адал кадрлармен ауыстыру және сол арқылы бюрократияның салыстырмалы егемендігін жою бірінші рет ұсынылып отыр. 

Бұл жерде әңгіме АҚШ-та ешқашан болмаған билік вертикалін құру туралы. Бұл корпоративтік қайта құрылымдауды еске салады: бұрынғы менеджмент жұмыстан кетіп, оның орнын көзқарасы "адал" өз кадрларымен ауыстырады. Басты критерийлердің бірі – кәсібилік емес, адалдық. 

Жоба шектеулер жүйесін Ақ үйден бастап соңғы шенеунікке дейін бағынудың бірыңғай жүйесімен ауыстыруды көздейді. 


Ішкі жұмылдыру – басымдық

– Жоба халықаралық саясатты қалай құруды ұсынады?

– "2025 жобасының" логикасында ішкі шоғырлануға: мемлекеттік аппарат, көші-қон, білім беру, мәдени күн тәртібін бақылауға басымдық беріледі. АҚШ президенті ел ішіндегі күн тәртібін қарсылықсыз жедел жүзеге асыру үшін ресурстарды алуы керек. Халықаралық саясат бұл тәсілде керісінше ішкі функцияға айналады. Сыртқы әрекеттер америкалық өндірістің, қауіпсіздіктің, бірегейліктің мүдделеріне қызмет көрсетуі керек. Бұл – жаңа типтегі оқшаулануға бетбұрыс, ол бойынша АҚШ әлемнен кетпейді, бірақ онымен қатаң есеп бойынша қарым-қатынас құрады. 

2025 жобасы моральдық авторитет емес, саяси және экономикалық тиімділікті қажет ететін Американы құруды ұсынады. 


Жаһандық өзгерістер

– Демек, біз қазір тек АҚШ емес, бүкіл әлемдік геосаясаттағы ықтимал өзгерістер туралы айтып отырмыз ғой?

– Дәл солай. Егер АҚШ "2025 жобасын" жүзеге асыруды бастаса, бұл тізбекті реакцияны іске қосатыны анық. БҰҰ, ДСҰ, Дүниежүзілік банк, НАТО сынды Вашингтон шешуші рөл атқарған халықаралық институттар саяси маңызын әлсіретеді, тіпті жоғалтуы мүмкін. Олар әмбебап ережелері бар алаң ретінде емес, күштік бәсекелестік логикасына толық сәйкес келмейтін ескі құралдар ретінде қабылданатын болады.

Идеологияға негізделген одақтарды мүддеге құрылған екіжақты және аймақтық келісімдер ығыстырады. Еуропалық одақ қиын жағдайға тап болады – егер Вашингтон дербес мемлекет сияқты әрекет етсе, онда трансатлантикалық бірлік саясатын (бұрынғыдай біріктірілген Батысты) жалғастыра алмайды. Қытай технологиялық және валюталық егемендікке бағыт алып, балама институттар, төлем жүйелері мен платформаларын ұсынуы мүмкін. Ал, Ресей үшін АҚШ біртіндеп шегінетін өңірлерде белгілі бір мүмкіндіктер терезесі ашылады.

Жаһандық тәртіп бөлшектенеді. Әрбір ойыншы – Қытай, АҚШ, ЕО, Ресей әмбебап ережелерге емес, өзінің тікелей мүдделеріне сүйене отырып ойын жүргізеді.  


Мозаикалық әлем және одақтардың жаңа бәсекесі

– Біз "әлемдік қоғамдастық" деген терминнің өзі мағынасын жойып жатқан кезеңге еніп жатырмыз. Солай ғой?

– Ең қуатты трендтердің бірі – жаһандық қоғамдастықтың орнына әрбірі өзінің айналасында ойын ережесін айқындайтын стартегиялық орталықтар жиынтығының келуі. Бұл жаңа "темір перде" ғана емес, жергілікті одақтар мен қысқамерзімді келісімдер жаһандық шарттардан маңыздырақ саналатын мозаикалық геосаясат.  

ШЫҰ, БРИКС+, ҰҚШҰ, ОПЕК+ сынды өңірлік альянстар жаңа саяси және экономикалық өзектілікке ие болады. Бірақ олар тұтас блок ретінде емес, жекелеген елдердің ұстанымын күшейтетін құрал ретінде қарастырылады. Теңгерім икемді, тұрақсыз және күрт өзгерістерге бейім болады. 

Әлем үлкен шахмат тақтасына айналады. Тек тақтада екі лагерь емес, өз траекториясы бойынша жүретін ондаған фигура болады. 


Әлемдегі орта державаларда кепілдік жоқ

– Бұл логикаға сүйенсек, ядролық альянстарға кірмейтін елдерге өз жолдарын іздеуге тура келе ме? 

– Әлбетте. Мұндай елдер тек бейімделіп қана қоймай, әрбір аймақтық теңдеуде қажет бола білуді үйренуі тиіс. Геосаяси енжарлық — күн тәртібінен мүлдем жоғалудың жолы. Қазіргі әлемдік тәртіп ешкімге тұрақтылықты да, назарды да кепіл етпейді.

Сондықтан орта деңгейдегі державалар өңірлік субъектілігін күшейтіп, бастамалар ұсынып, тұрақты логистикалық және энергетикалық байланыстарды қамтамасыз етеді. Түркия, ЕО және Парсы шығанағы елдері сынды өңірлік ойыншылармен тікелей қарым-қатынас құрады. Сондай-ақ, "әдепкі одақтар" болмайтын жаңа әлем жағдайында сыртқы саясат стратегияларын жаңарту қажет болады.

Халықаралық қауіпсіздік архитектурасы АҚШ бастамашы болатын және ережелерді өзі белгілейтін екіжақты келісімдермен алмастырылды. Бұл жағдайдан кім ұтады? Халықаралық ойынды кім тез түсініп, оның ережелерін қабылдай алса – соның ұпайы түгел болмақ.

Біз ықпал географиясы өзгеріп жатқан жағдайда епті келіссөз жүргізу, тепе-теңдікті сақтау және жедел әрекет ету қабілеті моральдық беделден гөрі ережелерді анықтайтын дәуірге аяқ бастық.

Жаңа әлемде тұрақты серіктестер болмайды – тұрақты мүдделер ғана бар. Оны түсініп, құндылықтар, инфрақұрылым, логистика тізбегіне кіріге алатындар – аман қалады. Қалғандары өз маңыздылығын жоғалта бастайды.    


Келесі сұхбаттар мына тақырыптарға арналады:

  • Неліктен Дональд Трамп көпжақты дипломатиядан бас тартып, тікелей екіжақты келісімдерге басымдық береді. 
  • БРИКС-тен OПEК+ ұйымына дейінгі аймақтық альянстар қалай трансформацияланып, ықпал ету аймақтары қалай күшейіп келеді
  • Жаңа геосаяси логика жағдайында АҚШ, Еуропа, Қытай және Ресейдің қарым-қатынасы қалай дамуы мүмкін. 

Жаңа сұхбаттар сериясын жіберіп алмаңыздар. 


Оқи отырыңыз: 

Серіктестер жаңалықтары