2025 жыл тарихқа жаһандық өзгерістердің кезеңі ретінде енбек. Халықаралық процестердің тым жылдам дамып жатқаны соншалықты, тіпті кәсіби сарапшылардың өздері де оқиғаларға баға беріп үлгермей жатқанын мойындайды. Державалар арасындағы қайшылықтардың шиеленісуі, жаһандық институттардың әлсіреуі, тұрақсыздық толқындары – мұның бәрі әлемдік саясаттан бойын алыс ұстап, оны абстракт дүние санайтындардың да назарын аударып отыр.
Бұл аумалы-төкпелі құбылыстардың негізгі факторы – Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуы, АҚШ-тың 45 және 47-президентінің екінші мерзімі тек саяси факт емес, ол жаһандық трансформацияның жаңа кезеңінің басталуын білдіреді. Трампизм дегеніміз не? Неге Трамптың тұлғасынан біреулер қауіптенеді, ал енді бірі үміттенеді? Орта державаларды әлемнің жаңа конфигурациясында қандай тәуекелдер мен мүмкіндіктер күтіп тұр?
Informburo.kz порталының осы және өзге де сұрақтарына саяси ғылымдар кандидаты, ҚР Саяси ғылымдар қоғамдық академиясының академигі, "Ника груп" тәуелсіз талдау орталығының негізін қалаушы әрі жетекшісі Ержан Бабақұмаров жауап берді. Бұл – сайт редакциясы "әлемдік жаңа бөлініс" және зерттеу мен уақытылы реакцияны талап ететін беймәлім факторлар туралы әзірлеген материалдар цикліндегі тәуелсіз сарапшымен алғашқы сұхбат.
Халықаралық қатынастар жүйесінде не болып жатыр
– Ержан Жалбақұлы, сіз кәсіби саясаттанушысыз, мемлекеттік қызметте көп жыл еңбек еттіңіз, мемлекет деңгейіндегі стратегиялық шешімдерді әзірлеу мен жүзеге асыруға қатыстыңыз. Әлемдік процестерді терең талдаумен айналысып, іргелі геосаясатқа қайта оралуға не түрткі болды?
– Мен кәсіби еңбек жолымды ғалым ретінде бастадым, және 1995 жылы бірқатар пікірлес азаматтармен бірігіп, елімізде алғашқы жеке аналитикалық орталық – Қазақстанның даму институтын құрдық. Бәлкім, осы тәжірибе менің зерттеу жұмыстарына қайта оралуыма, әлемде болып жатқан құбылыстарға тереңірек үңілуіме түрткі болған шығар. 2025 жылдың наурызы шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Болжамдар, талдаулар, сараптамалық бағалаулар – ешбірі де тарихи уақыттың жылдамдығына ілесе алмай қалды. Саясаткерлер жоғары дәрежедегі белгісіздік жағдайында шешімдер қабылдауға мәжбүр. Дегенмен, белгісіздік біреулер үшін – қауіп, ал басқалар үшін – мүмкіндік.
Біз қазіргі жағдайды әлемдік геоэкономикалық дағдарыс деп сипаттаймыз. Оның белгілері көзге ұрып тұр:
- Сауда соғыстары. Қуатты державалардың бәсекесі. Әлемнің саяси картасын қайта пішу;
- Қарулану жарысы мен әскери қақтығыстардың көбеюі;
- БҰҰ, ДСҰ, НАТО, ЕО, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық трансұлттық институттардың дағдарысы;
- Әлемдік экономикада "сұр аумақтардың" күрт дамуы. Әлемдік ЖІӨ-нің 20%-ға жуығы жартылай заңды секторға тиесілі. Көлеңкелі ақша үлесінің көп болуы тұрақсыздық факторына айналып, саяси сахнаға жаңа ойыншылардың келуіне жол ашып отыр;
- Әлеуметтік шығындардың қысқаруы. Салыстырмалы түрде бай елдерде "жаңа кедейлер" класының қалыптасуы;
- Көші-қонның жоғары деңгейі;
- Тұрғындардың басым бөлігінде тұрмыс деңгейінің жаппай төмендеуі. Жалпы, бүкіл әлемде наразылық көңіл-күйдің өршуі.
Дональд Трамп пен оның командасының АҚШ билігіне қайта оралуы әлем бойынша саяси дағдарыстардың тізбекті реакциясын тудырады.
Республикашылар партиясы оқшаулыққа бейім деген танымал түсінікке қарамастан, Американың қазіргі президентінің командасы басқа елдердің саясатына белсенді ықпал етуге ұмтылып отыр.
Әлемдік сарапшылар трампизмді (Ақ үйдің қазіргі басшысының 2016 жылдан бері дамып келе жатқан көзқарастары мен идеологиясының жүйесі) саяси дағдарыстан және неолиберализм истеблишментінен туындаған жаңа оң бетбұрыс деп санайды.
Неолиберализм дағдарысы қоғамда наразылық көңіл-күй тудырды. Сондықтан, трампизм – бірінші кезекте билік пен элитаның жаңаруына деген қоғамдық сұранысқа, жаңа саясат, жаңа экономика және жаңа әлемдік тәртіпке деген сұранысқа берілген жауап болып саналады.
2025 жылғы көктемнен бері АҚШ пен Еуропадағы оқиғалардың динамикасы неолиберализм оңайлықпен жеңілмейтінін көрсетті. Алдағы бірнеше жылда түрлі саяси қақтығыстар трампшыл және оған қарсы күштердің соқтығысуы ретінде сипатталатын болады. Әлемдік аренаны үлкен тәуекелдер, болжап білу қиын оқиғалар мен үлкен белгісіздік күтіп тұр. Бұл бүкіл әлемдік қарым-қатынастар жүйесіне өз ықпалын тигізеді. Әлемдік тәртіптің трансформациясына объективті түрде жағдайлар жасалады.
Ақ үй басшысы – СЕО: елді корпорация секілді басқару
Батыс дереккөздерінің бағасы бір: Дональд Трамп АҚШ-қа бизнес ретінде қарайды. Ол мемлекетті корпорация, ал өзін – оның бас директоры ретінде қабылдайды. Бұл стиль Илон Масктің Twitter немесе DOGE криптовалюта жобасын басқаруымен ұқсас. Ақ үй басшысы классикалық типтегі саясаткер емес, тиімділікті, бақылауды және активтердің өсімін көздейтін стратег.
Мұндай "корпорацияны" тиімді басқару үшін технологиялар, ресурстар, өткізу нарықтары, білікті кадр, қауіпсіз шекара және халықаралық аренадағы монополиялық жағдай болуы керек. Экономикалық қайтарым бермейтін нәрселер – идеология, мәдени нормалар, одақтастық міндеттемелер – екінші орынға ысырылып қалады.
"Америка президенті корпорацияның бас директоры секілді әрекет етеді. Ол шығындарды қысқартады, табысты арттырады және кім пайда әкеле алады – солармен ғана қарым-қатынас орнатады".
Америка бірінші кезекте – Америка ғана
– "Америка бәрінен жоғары" деген ұран сөздің астарында не жатыр?
– Бұл жай ұран емес. Бұл – саяси философия. АҚШ президенті экономикалық ұлтшылдықты, сыртқы саяси шығындарды қысқартуды және одақтастықтарды пайда тұрғысынан қайта қарауға басымдық береді. Ол АҚШ өз азаматтарынан және өз бизнесінен басқа ешкімге ештеңе де міндетті емес екенін алға тартады.
Профессор Хэл Брэндс Дональд Трамптың "Американы елдің өзі құрған жүйе пайдаланып жатыр" деп есептейтін нағыз прагматик адам екенін жазады. Трамп бұл жағдайды өзгертуге ниетті. Оның басқару тәсілінің екінші маңызды элементі – "жаңа меркантилизм": мемлекет экономикаға қайта оралып, протекционизмді күшейтеді, корпорацияны бақылайды және адалдықты талап етеді.
"Трампизм – бұл жаһандық нарықтың абстрактылы идеалдарынан өз мүддесін жоғары қоятын мықты мемлекеттер әлеміне оралу".
Бұл Клинтон, Буш және Обама әкімшілігі жүргізген жаһандану бағытынан бөлек, өзгеше даңғыл.
Серіктестер мен одақтастар – бір ұғым емес
– Бұл халықаралық альянстарға қаншалықты ықпал етеді?
– Ықпал күшті болмақ. АҚШ президенті ешқандай тікелей пайда әкелмейтін одақтардан бас тартып жатыр. Ол АҚШ мүдделеріне сай келетін болса, Ресейге қарсы санкцияларды жоюға және Еуропамен сауда соғысын бастауға дайын. Оның ұстанымы: егер одақ келісім секілді жұмыс істемесе онда оның қажеті шамалы.
Идеологиялық негіздері бар одақтардан бас тарту америкалық көшбасшылықтың 80 жылдық моделінің мәресіне жеткенін білдіреді. Оның орнына "транзакциялық тәсіл" деп аталатын кезең келді. Мұнда мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас ортақ құндылықтарға емес, өзара пайдаға негізделеді.
"Дәстүрлі альянстар келмеске кетіп жатыр. Дональд Трамп әрбір тармағы қайырымдылыққа емес, саудаға негізделген келісімдерге басымдық береді".
Әлем – бұл нарық: кім келіссөз үстелінде, ал кім – тысқары
– Халықаралық қарым-қатынас құрылымында қандай өзгерістер болып жатыр?
– Президент Дональд Трамп әлемді ықпал ету аймақтарына қарай бөлу идеясын қолдайтынын жасырмайды. Ол әмбебап ережелерге сенбейді. Оның орнына логикаға сүйенеді: мықты ойыншылар өзара тікелей келіссөз жүргізуі керек, бұл – басымдық.
Осылайша, Украина мен Еуропа АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерге шақырылған жоқ. Бұл – "егер сіз келіссөз үстелінде жоқ болсаңыз – демек, оның ережесін айқындауға да қатыспайсыз" деген қағиданың жарқын мысалы.
"Америка басшысы әлемді корпорациялардың жиынтығы ретінде қарастырады. Сәйкесінше, ол Владимир Путин, Си Цзиньпин, Режеп Ердоған, Мұхаммед ибн Салман сынды басқа СЕО-лармен ғана келісімге келуге дайын".
Бұл кво-статусын күрт өзгертеді және серіктестің құндылығы одақтың тарихымен емес, пайдалы болу қабілетімен өлшенетін жаңа жүйені құрады.
Қорытынды: иллюзиясыз реализм
– Қазіргі жағдайдан қандай түйін түюге болады?
– АҚШ енді жай ғана "еркін әлемнің көшбасшысы" болып қалғысы келмейді, олар экономикалық жарыста жеңімпаз болуды қалайды. Бұл көпжақты құрылымдардың әлсіреуіне, екіжақты келісімдердің өсуіне және жаңа, бірақ тұрақтылығы әлсіздеу жаһандық құрылымның қалыптасуына әкелері анық.
Орта державалар үшін бұл икемділіктің, айқын позицияның және мүдделер тілінде сөйлесе білу қабілетінің қажеттігін білдіреді. Классикалық дипломатия прагматикалық келіссөздерге орын беріп жатыр. Бұл жағдайда кім дұрыс емес, кім мықты ойыншыларға пайдалы бола білсе – сол аман қалады.
"АҚШ-тың жаңа сыртқы саясаты серіктестерді қатаң іріктеуге негізделеді: нақты дивиденд әкеле алатындар басымдыққа ие болады. Ал қалғандарына диалогтан тыс қалу қаупі төніп тұр".
Таяу уақытта редакция тәуелсіз сарапшы Ержан Бабақұмаровпен тағы бірнеше сұхбатты жариялайды. Олар келесі тақырыптарды арқау етеді:
- Дональд Трамптың келіссөз жүргізу стилі және ол "ақымақ теориясын" не үшін қолданады;
- АҚШ-тың терең трансформациялауға арналған "2025 жобасының" артында не тұр;
- транзакциялар әлемі қалай қалыптасады: жаһандық институттардың орнына – екіжақты келісімдер;
- әлемнің жаңа бөлінісі болуы мүмкін бе және АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және орта державалардың қарым-қатынасы қалай дамуы мүмкін;
- орта державалар жаңа шындыққа қалай шығынсыз бейімделе алады.
Жаңа сұхбаттарды жіберіп алмаңыздар.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59
– Мен кәсіби еңбек жолымды ғалым ретінде бастадым, және 1995 жылы бірқатар пікірлес азаматтармен бірігіп, елімізде алғашқы жеке аналитикалық орталық – Қазақстанның даму институтын құрдық. Бәлкім, осы тәжірибе менің зерттеу жұмыстарына қайта оралуыма, әлемде болып жатқан құбылыстарға тереңірек үңілуіме түрткі болған шығар. 2025 жылдың наурызы шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. Болжамдар, талдаулар, сараптамалық бағалаулар – ешбірі де тарихи уақыттың жылдамдығына ілесе алмай қалды. Саясаткерлер жоғары дәрежедегі белгісіздік жағдайында шешімдер қабылдауға мәжбүр. Дегенмен, белгісіздік біреулер үшін – қауіп, ал басқалар үшін – мүмкіндік.