Тікелей эфир

Ең оптимист аймақ – Атырау облысы. Қазақстан халқының экономика дамуына көзқарасы қандай?

Сарапшылар экономиканың баяу өсуі адамдардың көңіл-күйіне кері әсерін тигізетінін айтады.

2023 жылдың тамыз айында Орталық Азия елдеріндегі тұтынушылық сенімділік индексіне (CCI) арналған ауқымды ай сайынғы зерттеу басталды. Ол Еуропалық комиссия ұсынған әдістеме бойынша жүргізіледі және инфляциялық және жұмыссыздық деңгейіне қатысты болжам, жинақ пен кредиттерге көзқарас, ірі сатып алуды жоспарлау және "кредиттік мінез-құлық" секілді негізгі экономикалық көрсеткіштерді талдауға бағытталған.

Freedom Finance Global ұсынған зерттеуге Орталық Азия өңірінің басқа елдерімен салыстырғанда барынша жабық болуына байланысты Түрікменстан қатыспайды. 

Қазақстан

Экономикалық жағдай болжамы. Қазақстанда халықтың болжамдары да әлдеқайда оптимистік сарында. Қазақстандықтардың шамамен жартысы (50-55%) экономиканың келешегі мен өзінің материалдық жағдайына оптимистік көзқараспен қарайды. Қалалар мен ауылдар арасында оптимизмдегі айырмашылық аз. Бірақ экономиканың келешегі мәселесінде жас пен аға буын арасындағы айырмашылық күрт төмендеп барады. Ең оптимист аймақ – Атырау облысы, ал ең пессимист өңірлер деп Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарын атауға болады.

Экономиканың қазіргі жағдайы туралы пікірлер. Ағымдағы материалдық жағдай мен экономикалық ахуалды бағалау айтарлықтай төмен болып шықты, яғни халықтың басым  бөлігі пессимизммен қарайтынын көрсетеді. Қазақстандықтардың 17 пайызы ғана экономиканың жақсарғанын айтса, ал 48 пайызы мұнымен түбегейлі келіспейді. Материалдық жағдайды біршама оң бағалаған: халықтың 35 пайызы соңғы жылы оның жақсарғанын атап өтеді. Бұл мәселеде жастар салауатты оптимизм көрсетті. Орыстілді қазақстандықтар барлық мәселе бойынша қазақтілділерге қарағанда әлдеқайда пессимист. Халықтың 31 пайызы ірі сауда жасау үшін қазір жақсы уақыт деп есептейді. Екінші жағынан, 59 пайызы мұнымен үзілді-кесілді келіспеді.


Оқи отырыңыз: Экономист Мақсат Халық Ұлттық экономикалық модель құру туралы: Алаш идеясына негізделген бағдарлама керек


Инфляция адамдардың көңіл-күйіне әсер етеді. Шілдеде қазақстандықтардың инфляциялық болжамдары айтарлықтай жоғары болды. Тұрғындардың 78,5 пайызы соңғы айда баға өсіп кетті деп есептейді. Ал соңғы жылда мұндай пікір иелерінің үлесі 84 пайызды құрады. Келесі айға да, жылға да инфляциялық болжамдар салыстырмалы түрде жоғары деңгейде. Қазақстандықтарды азық-түлік бағасының өсуі де алаңдатады. Сонымен қатар, 10-орынға бензин мен жанар-жағармай жайғасты, ал 11-орынға тұрмыстық химия мен жуу құралдары орналасты.

Кредиттерге теріс көзқарас. Теңгенің келешегіне келер болсақ, тұрғындардың жартысынан астамы ұлттық валюта бір жыл ішінде, ал 29 пайызы – бір ай ішінде әлсірейді деп күтеді. Сондай-ақ қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы жұмыссыздық артуы мүмкін дейді. Тұрғындардың үштен бірі қазір банктерге қаржы салу үшін жақсы уақыт деп есептейді. Бұл ретте қазақстандықтар несиені онша ұнатпайды, тек 16 пайызы ғана қазір несие алатын уақыт деп есептейді.

"Жалпы тұтынушылық сенімділік индексі бойынша Қазақстаннан басқа барлық ел шілде айында жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстанда ЖІӨ-нің орташа өсімі соңғы 5 жылда 2,7 пайызды құрады, ал Тәжікстанда – жылына 7,3%, ал Өзбекстанда – 5,3%. Қырғызстанның орташа нәтижесі ұқсас болса да (2,6%), бұл ел 2020 жылғы пандемиядан кейін едәуір тез қалпына келіп, тиісінше 2021 және 2022 жылдары 6,2% және 7% өсім қарқынын көрсетті", – деп жазылған зерттеуде.

Инфляция 2022 жылы Қазақстанда – 15%, ал Өзбекстанда 11,4% деңгейінде қалыптасты. Қырғызстанда 13,9% құрады, бірақ инфляциялық күтулер Тәжікстан деңгейінде. Онда инфляция 2022 жылы 4,2 пайызға ғана жетті, бірақ 2023 жылы біртіндеп күшейе бастады. 


Оқи отырыңыз: Зерттеуші Жәнібек Арынов: Қазақстанның көпвекторлы саясатында Орталық Азия ең маңыздысы болуға тиіс


Барлық төрт елдің халқын азық-түлік бағасының және жұмыссыздықтың өсуі қатты алаңдатады. Адамдар экономиканың өсуін күтеді, бірақ сонымен қатар жұмыссыздық өседі деп есептейді. Экономиканың баяу өсуі адамдардың көңіл-күйіне кері әсерін тигізетін көрінеді.

"Барлық елде банктік депозиттерге деген сенім байқалады. Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұрғындар көптеген банктің жабылуына, қайта капиталдандырылуына, бірігуіне куә болды. Мұның бәрі де көңіл-күйге әсер етуі мүмкін. Кредиттер бойынша сенім индексі депозиттен біршама төмен. Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Қазақстанда жеке сектордың ЖІӨ-ге қатысты қарыздары мен кредиттері 37 пайызды құрайды, ал Қырғызстанда – 26%, Тәжікстанда бар-жоғы – 9,6%", – деп жазылған зерттеуде. 

Сауалнамаға ұлттық тілде жауап берген тұрғындар, жастар мен ауыл тұрғындары көбінесе оптимист болып шықты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары