Тікелей эфир

Экономист Мақсат Халық Ұлттық экономикалық модель құру туралы: Алаш идеясына негізделген бағдарлама керек

Сарапшы Мақсат Халық ел экономикасын нығайтудың жолдарын айтты.

Қор нарығында доллар қымбаттап, теңге құнсызданды. Бұл ел экономикасына ғана емес, халықтың әл-ауқатына да әсер етері сөзсіз. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, Қазақстанда бес жылда инфляция деңгейі 65%-ды құраған. Өкінішке қарай, халықтың табысы өсе қойған жоқ. Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы қандай? Экономика аяққа тұру үшін не істеу қажет? Осы сұрақтарға алғаш рет тек қазақ тілінде өткен Sana бизнес форумында Мақсат Халық жауап берді.

– Тәуелсіздік алған жылдары қиын болды, бәрі құлдырады. Көптеген ірі компания жабылды. Соның салдарынан ЖІӨ минус дәрежеге түсіп кетті. Кейіннен мұнайдың арқасында 2000 жылдан бастап 2008 жылға дейін экономикамыз өсті. Сол кезде Қазақстан экономикасының жаңа моделін құра бастаған едік. Бірақ та бірнәрсе дұрыс болмағандай. Содан бері экономикамыз құлдырай берді. Демек қордаланған мәселе көп, экономикалық моделіміз жоқ. Жалпы жүйеде көптеген дүние дұрыс емес.

Экономикалық модель. Ал енді осы мәселелерді нақты қалай шешеміз? Бізге жаңа бағдарлама керек. Өткенде ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика блогындағы министрлерді сынға алып, экономикалық модель жоқ екенін және жаңасын құру керек екенін айтты. Бізге жаңа экономикалық модель керек, себебі осыған дейін қабылданған ұлттық жобалардың қазір ешқандай мағынасы жоқ. Ұлттық жобалар Қаңтар оқиғасына дейін қабылданған еді. Сол кездегі шындықпен байланысты. Ал Қаңтар оқиғасы еліміздегі көптеген мәселенің бетін ашты. Осы мәселелерді ескере келе Қазақстан экономикасы енді алдағы 15-20 жылдықта қалай дамиды? Әлемдік қауымдастықта Қазақстан экономикасының үлесі несімен ерекшеленеді? Осы сұрақтардың жауабын қазіргі ұлттық экономика министрлігі беруі керек. Бірақ әлі де кешеуілдетіп жатыр. Ал бізде уақыт жоқ. Уақыт жағынан ұтылып жатырмыз.


Оқи отырыңыз: Қазақстан үшін қандай қарыздар қауіпті? Экономист Мақсат Халық жауап берді


Doing Business. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингі бар. Қазақстан 25-орында тұр. Жап-жақсы көрсеткіш. Көп адам "бизнес жақсы дамыған екен ғой" деп ойлап қалады. Әлемде инвесторларды қорғау бойынша 7-орындамыз. Шарттардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша төртінші орындамыз. Осындай жақсы артықшылықтарымыз бар. Көп компанияның төлем қабілеті нашар. Несие пайызы өте жоғары болғандықтан оны алу да, төлеу де қиын.

Қазақстанда бес жылда ашылған шағын бизнестің 18%-ы ғана аман қалады екен. Әлемде компаниялардың 50 пайызы бес жылда өздерін сақтап қалады. Бізде бизнеске әлі де болса дұрыс жағдай жасалмай жатыр. Салық салу бойынша 64-орында тұрмыз. Салық кодексі қабылданып, біраз өзгеріс болып жатыр. Дегенмен әлі де болса түбегейлі өзгеріс керек. Халықаралық сауда бойынша 105-орында тұрмыз. Біздің кәсіпкерлер қандай да бір қызметпен не өндіріспен айналысса, тек қана Қазақстан нарығын ойлайды. Сыртқы нарықты ойлай бермейді. Халықаралық сауда мәселесінде үлкен қиындықтар бар. Қазақстан кәсіпкерлері сыртқа шығып, шетелге тауарларын сатуға ұмтылмай жатыр. Осы мәселелерді шешуге үкімет көмектессе, жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз.


Оқи отырыңыз: Экономикасы Қазақстанға ұқсас Чили инфляцияны қалай ауыздықтады?


Инфляция. Соңғы жылдары инфляция күрт өсіп кетті. Ресми статистика бойынша, бес жылда инфляция 65% болды. Ал халықтың табысы бес жылда 65% өсті ме? Жоқ, керісінше. Былтыр инфляция 20%-дан жоғары болғанымен, сарапшылар жоқ дегенде 40% болды дейді. Демек халқымыздың төлем қабілеті барған сайын нашаралап жатыр. ЖІӨ 240 млрд АҚШ долларына жетеді. Жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларынан асады. Табысы орташа елдердің қатарына кіреміз. Ал шынында мұның артында халықтың кедейлігі жасырын тұрғандай. Ауыл-аймаққа барғанда жағдайы өте нашар азаматтарды көп көреміз. Тапқаны күнделікті тамағынан артылмайды. Әдемі сандардың артында халықтың шынайы жағдайы жасырын тұрғандай.

Импорт. Қытай мен Ресейден көп сатып аламыз. Ресейге тауар жағынан тәуелді болғандықтан рубльге тәуелдіміз. Қазір Ресей рублі қатты құнсызданып жатыр, оның бізге әсері бар. Белгілі бір дәрежеде инфляциялық үдерістер төмендеп жатқан сияқты, көптеген тауар бағасы түсіп жатыр. Екінші жағынан рубльдің қатты құнсыздануы отандық өндіріске зақым келтіруі мүмкін, өйткені арзан тауарлар Ресейден келеді. Ал біздің тауарлар бәсекеге қабілетті бола ала ма? Осындай сын қатерлер тұр.

Экспорт. Шетелге мұнай мен металл секілді шикізат сатамыз. Нақты өндіріс азғантай. Қазақстанға өзінің ұлттық экономикалық моделін құрудың уақыты келіп жетті деп ойлаймын.

Үндістанды қарасаңыз барлығы бар: қызмет көрсету де, ауыл шаруашылығы да өте жақсы. Норвегия үлгісі Қазақстанға ұқсайды, бірақ ол өте дамыған ел. Демек Қазақстан да қатты өндіріске ұмтыла бермей, кей уақыттарда мұнайдан келесі кезеңдегі аралық өнімдерге де үлес қосатын болса, онда ел экономикасын жаңа деңгейге шығарамыз деп ойлаймын.

Ұсыныстарым:

  • Контрциклдік бюджеттік саясатты қабылдау керек;
  • Ақша-несие саясатына түбегейлі өзгерістер қажет;
  • Инфляциялық үдерістерді барынша төмендетуге атсалысу керек. Оған Ұлттық банк қана емес, үкімет те жауапты. Өндірістік саясаттың дұрыс болмауынан инфляция да өсіп жатыр;
  • Қазіргі уақытта бизнес клубтар көп. Осы клубтардың басын қосатын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын үлкен қауымдастық керек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда кедейлердің саны 1 миллионнан асты


Негізгі ұсынысым – Алаш идеясына бағытталған жаңа бағдарлама керек. Неге әлі күнге дейін Қазақстан экономикасының моделі жоқ? Себебі бағдарламаларды мұрнына қазақы құндылықтардың иісі бармаған азаматтар жасайды. Өтірік статистикаға негізделген бағдарламалардың кесірінен ұлттық экономикамыз дамымай отыр. Олай болса Алаш идеясын көтерген Әлихан Бөкейханның өзі экономист болған және де Мэйдзи деген жапон жобасын алып келген. Алаш қайраткерлерінің 25 жыл ішінде Қазақстанды өнеркәсібі дамыған елдердің қатарына қосамыз деген мақсат-мұраттары болған. Уақыттары болғанда оған жететін еді. Еңбек етуге бес-ақ жылдай уақыты болды. Одан кейін барлығы атылып кетті. Мэйдзи жобасы болмаса да, Алаш идеясына, ұлттық идеологияға негізделген ұлттық экономика моделін жасап шықсақ, онда бүкіл қазақ сол идеяға бірігеді. Бірегей мақсат бүкіл қазақ халқын алға қарай жетелейді. Сол кезде ұлттық экономикамыздың жаңа моделін құра аламыз деп ойлаймын. Қазақстанның қазіргі жаңа бағдарламасында ауыл шаруашылығын, туризм, логистика, жасыл энергетика және IT салалары басым бағыттар болуы керек.

Серіктестер жаңалықтары