Халықаралық қатынастар саласында зерттеуші Жәнібек Арынов TEDxAstana конференциясында әлемде қандай геосаяси өзгерістер орын алып жатыр, олардың салдары қандай болмақ және туындап отырған қиындықтарға қалай төтеп беруге болады деген тақырыпта ойын бөлісті.
"Алда баршамызды қиындық пен тосқауылға толы марафон күтіп тұрған секілді. Сол ұзақ мерзімді марафонды жүгіруге дайын болуымыз қажет. Біз үшін сыртқы геосаяси және экономикалық қысымдарға төтеп берудің жалғыз жолы – Орталық Азия елдері арасындағы әріптестікті нығайтып, бірыңғай Орталық Азиялық иденттілікті қалыптастыру. Тек бірігіп ғана көптеген мәселені шешуге болады. Бұл аймақтық үкіметтерден де, ең бастысы, қоғам мүшесі ретінде бізден де үлкен жұмысты талап етпек", – деп бастады сөзін ол.
Оның сөзінше, қазір болып жатқан жаһандық геосаяси дағдарыс – негізі екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы негізінде қалыптасқан жүйенің ескіріп, сыр беріп, бүгінгі талаптарға сай келмеуінің нәтижесі. Осы ретте Жәнібек Арынов кейінгі жылдары ерекше белең алған үш негізгі үдеріске тоқталды.
Бірінші – мемлекеттер арасындағы күштер балансының түбегейлі өзгеруі
Жәнібек Арыновтың айтуынша, халықаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттер арасындағы күштер балансы түбегейлі өзгеріп келеді. Кіші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша әлемде екі мемлекет үстемдік танытып, халықаралық қатынастардың даму бағытын айқындап отырды. Олар – АҚШ пен Кеңес Одағы.
1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, әлемде бірполярды жүйе қалыптасып, АҚШ геосаяси, экономикалық, әскери, мәдени, және нормативті тұрғыдан теңдесіз ықпалға ие болып, әлемдегі бірегей шешім қабылдау орталығына айналған болатын. Қазір ол заман артта қалып, есесіне, осыған дейін екінші шепте болған аймақтық күштердің ықпалы артып келеді. Сол аймақтық күштер халықаралық жүйені өз мүдделеріне сәйкес қайта құруды көздейді. Солардың ең белсендісі – Қытай.
"Қытайдың қарқынды әрі жан-жақты дамуымен қатар жаһандық амбициясы да өсіп келеді. Керісінше, ескі жүйенің негізгі бенефициары болып келген АҚШ Қытай бастаған кез келген өзгерістің алдын алуды көздейді. Нәтижесінде екі елдің арасында фундаменталды келіспеушіліктер саны артып келеді", – деді зерттеуші.
Оқи отырыңыз: Джо Байден, Си Цзиньпин және ынтымақтастық эволюциясы
Оның айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы қазіргі текетірес – өте қауіпті құбылыс.
Екінші – жаппай қарулану
Жәнібек Арынов, әлемде жаппай қарулану үдерісі қайта белең алғанын атап өтті. Мысалы, 2022 жылғы жалпы әлемдік әскери шығын 2,24 триллион АҚШ долларын құраған. Ал әлемде 828 миллион адамды қамтитын аштық мәселесін 2030 жылға дейін түбегейлі шешу үшін жылына бар жоғы 37 миллиард АҚШ доллары қажет дейді ол.
"Қазіргі таңда, бұрындары жасалған ядролық қаруды шектеу туралы келісімдердің бірі қалмады. 2023 жылдың ақпанында Ресей тарапы ең соңғы екіжақты ядролық келісімнің күшін тоқтатты. Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің құлдырауы салдарынан, ондаған жылдардан бері бірінші рет бір мемлекет екінші мемлекеттің аумағына өз ядролық қаруын орнату туралы шешім қабылдады. Ресей ядролық қаруы Беларусь аумағына орнатылды. Оған жауап ретінде, Польша өз аумағына америкалық ядролық қаруды орнату туралы ресми ұсыныс жіберді", – деді зерттеуші TEDxAstana конференциясында.
Салдарынан әлемдегі үздік ядролық ғалымдар тарапынан жасалынатын символикалық "Ақырзаман сағатының" тілі 2023 жылы алға жылжытылып, ядролық құрдымға 90 секунд қана қалғанын көрсетіп отыр. Бұл – 1947 жылы сағаттың құрылған кезінен бергі ең қауіпті көрсеткіш.
Оқи отырыңыз: Орталық Азия жаңа білім беру хабына қалай айнала алады? Сарапшылар пікірі
Үшінші – "қауқарсыз БҰҰ"
Зерттеушінің сөзінше, әлемдік халықаралық жүйенің негізі саналатын БҰҰ – терең дағдарыста. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін құрылған ұйым, қазіргі таңда қауқарсыздықтан басқа ешнәрсе көрсете алар емес. Нәтижесінде кейбір мемлекеттер орын алып жатқан шиеленістерді БҰҰ алаңында дипломатиялық жолмен емес, күшке салып шешуді жөн көріп отыр.
БҰҰ құлдарауының бірден-бір себебі – оның құрылымының, әсіресе Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі заманның шындығына сай болмауы дейді Жәнібек Арынов.
"1945 жылдан бері Қауіпсіздік кеңесінің құрылымы неліктен өзгермеді? Қауіпсіздік кеңесіндегі 5 мемлекет қалған 188 мемлекеттің тағдырын неге айқындауы керек? Қайтсек БҰҰ-ын қайта форматтап, инклюзивті, қазіргі заманның талаптарына сай сарында қайта іске қоса аламыз? Осы сұрақтарға шынайы жауап таппай, БҰҰ-ға деген сенімді қайтарып, жаһандық шиеленістердің шешімін табу мүмкін емес", – деді ол.
Дағдарыс жағдайында Қазақстан не істеу керек?
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде орын алып отырған алпауыт елдердің арасындағы текетірестер бейтарап қалғысы келетін елдерге де үлкен қысым тудырады. Жәнібек Арынов қалыптасқан дағдарыс жағдайында Қазақстан не істеуі керек деген сұраққа жауап беруге тырысты.
"Мен үшін сыртқы саясат – анағұрлым күрделі дүние. Бір жақты шешімдер көп жағдайда алысқа апармайды. Ал көпвекторлы саясат – мен үшін жай ғана абстракт концепт емес. Қазақстанның қазіргі жағдайында көпвекторлы саясатты ең тиімді стратегия деп білемін. Алайда осы көптеген вектордың ішінде Орталық Азия – ең негізгі, ең маңызды вектор болып қалыптасуы қажет", – деді зерттеуші.
Оқи отырыңыз: "Жаяу жүру арқылы да қуат өндіреміз". Ғалым Гүлнұр Калимулдина наноматериалдарды қолдану туралы әңгімеледі
Оның сөзінше, Қазақстанға сыртқы елдердің қысымы әрдайым болған да, бола да бермек. Сол қысымға барынша төтеп беру үшін, халықаралық жүйеде Қазақстан өз орны мен маңызын арттыру үшін – Орталық Азия елдері әріптестікті нығайтып, Орталық Азияда шынайы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістік құрғаны жөн. Тек бірлескен күйде ғана Орталық Азия елдері мен қоғамдары сыртқы қысымға төтеп бере алады.
Орталық Азияда қоғам ретінде ынтымақтастықты қалай дамытамыз?
Жәнібек Арынов бұл сұраққа жауап бере келе Қазақстан Орталық Азия елдерінен бөлектенуді қоюы керек екенін айтты. Мемлекет деңгейінде де, қоғам мүшесі ретінде де. "Орталық Азия көшбасшысы, лидері", "жетекші мемлекет", "ең дамыған мемлекет" деген тіркестерден, қазақты өзбекке, қырғызды тәжікке қарсы қоятын сөздерден аулақ болған жөн.
2020 жылы зерттеу жүргізгенде Астана және Алматы қаласындағы университет студенттері арасында бірнеше талқылау өткіздім. Талқыланған мәселелердің бірі "біз кімбіз?" деген сұрақ аясында өрбіді.