Диктант, шығарма және бақылау жұмысына қайта оралудың оқушыға пайдасы қандай

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің оқушы дәптерін қайтадан өзі тексеріп, дәстүрлі бағалау жүйесіне оралатынын мәлімдеді.

Жасанды интеллект дамыған заманда мектеп оқушыларының өздігінен ойлау, мәтін құрау және сыни талдау дағдылары төмендеп бара жатқаны – бүгінгі білім беру саласының басты мәселелерінің бірі. Осыған байланысты Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы биылдан бастап оқушылардың білімін бағалау форматына өзгерістер енгізіп, дәстүрлі диктант, шығарма және бақылау жұмыстарын қайта қолға алды. Академия ішінен арнайы бөлім құрылып, жаңа бағалау критерийлерін әзірлеу жұмыстары басталып кетті.

Халықаралық зерттеулер де бұл қадамның өзектілігін растайды. ЮНЕСКО-ның "Білім берудегі генеративті ЖИ бойынша нұсқаулығында" мектеп жасындағы балалардың негізгі ойлау және жазу дағдылары қалыптаспай тұрып, чат-боттарға шектен тыс сүйенуі когнитивті дамуды баяулататыны ескертілген. Сонымен қатар, Stanford University зерттеушілері әзірлеген AI Index Report баяндамасында жасанды интеллект құралдарын оқу процесіне бақылаусыз енгізу оқушылардың дербес мәтін жазу қабілетін төмендететіні жазылған.

Бұл бастама балалардың өз ойын сауатты да жүйелі түрде қағазға түсіруін қайта жандандыруды көздейді. Осы орайда, цифрлық дәуірде дәстүрлі бақылау түрлері қалай бағалануы тиіс және оқушының шынайы білімін анықтаудың әділ критерийлері қандай болмақ екенін сарапшылар айтып берді. 

Медиалингвистика маманы Дастан Қастай бұл мәселеге әдеби таным тұрғысынан келген жөн екенін айтады. 

"Ең әуелі – оқушының көркемдік танымын нығайтуға ден қою керек. Көркемдік танымның өзі өзгеше, соны ойдан бастау алады. Ал соны ой дегеніміз не? Мәселен, қазақ әдебиетінде көз жасын моншаққа теңеген ақын-жазушылардың есебіне жету мүмкін емес. Қайталап айтудың да қажеті жоқ. Бәлкім, оқушы өзгеше сипат табар. Осындай сұрақтар арқылы оқушының кең ойлауына жол ашу керек. Кейін оқушының ұлттық санасы қаншалықты жетілген? Осыған да мән берелік. Тағы бір мысал болсын: Обал мен сауап ұғымдарын алайық. Шетел оқушысына бұл хақында түсіндіре алмайсыз. Қазақ оқушысы қаншалықты деңгейде қазақша ойлана алады. Мәтінді судыратып оқыған бір бөлек, сөз ұққан, ұлттық дүниетаным дүрбісінен мына әлемге зер салған мүлдем басқа қисын. Дамыған елдердің білім бағдарламаларында да баланы ең алдымен ұлттық санаға бейімдеу жолға қойылған. Екіншіден, сауат мәселесіне айрықша маңыз берілсе деймін. Мен Журналистика факультетінде болашақ мамандарға дәріс оқимын, семинар жүргіземін. Көбі орашолақ, жүйесіз жазады. Себебі мектеп қабырғасында талдауға, образды ойлауға машықтанбаған. Балаларды бағалауға келгенде сөз қолданысы мен бала танымына нәрі мен құнарын себер ұлттық әдебиет өнегесі негізге алынғаны жөн. Кітапты оқытып, кейін сабақтастары арасында талдату керек, үзіндісін қайта оқып бергені жөн. Мұның бәрі баланың танымын кеңейтеді. Өкінішке қарай, қазіргі балалар поэзия оқымайды", – деді Дастан Қастай. 


Оқи отырыңыз: Енді мектеп формасын кимейтін оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады


Медиалингвистика маманы жүргізіп жүрген зерттеу диссертациясы ми мен шығармашылық үдерістердің байланысына арналған. Осы орайда Дастан Қастай талдауға мән беру қажеттігін айтады. Өйткені дәл осы поэзия, ондағы қос сөздер, тұрақты тіркестер, төл ұйқас пен өзгеше ырғақ, құбылмалы синонимдер, антонимдер баланың ми қатпарын ширатады. 

"Мектеп пен университетті "ми нейрондарын түзуші зауыт" деп тегін айтпаймыз. Баланы өсіретін – жыр. Әсіресе, Абай, Мағжан, Ілиястардың поэзиясын оқушыға сөзбе-сөз талдату керек. Орта мектепті аяқтағаныма он бір жыл болды. Бірақ әдебиет сабағында "Қыз Жібек" жырын талдағанымыз әлі есімде. Негізінен алғанда, оқушы жазған мәтіндегі көзқарасқа, ой-пікірге қатысты "бұрыс" немесе "дұрыс" деп кесіп айтуға асықпаған абзал. Оқушы пікірі қате болса да, ойын жүйелі жазып шығуға дағдылансын. Идеясын жоққа шығаруға болмайды. Ұстаздардың "мынауың қате, бұлай ойлауға болмайды" деп шектеу қоюын азайту керек. Әлбетте, басты назар салар тұс – морфология мен синтаксис. Оқушы қазақы сөйлем құрауға келгенде іркілмеуге тиіс. Мұнда ұстаздың да өз пәні бойынша білім-білігі сыналады. "Жұмыстандым", "жұмыс жасап жатырмын", "маман иесі", "айтатын боламын", "көп адамдар", "баршаларыңызға сәлем", "сәттілік", "жазып, айтып бастадым", "туылған күніңмен"  деп сөйлейтін, жазатын талай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне қарата шерлі базынамызды айтқанбыз. Әсілінде, оқушының жазбасын шамалауға да шама керек, сауаттына, сөйлем жүйесіне, тілді игеру әлеуетіне, мәтін логикасына зер салған жөн. Көбіміз жақсы жазу дегеніміз – қазақ тілінде сирек айтылатын сөздерді тізбелеп жаза беру деп ойлаймыз. Жақсы жазу – сөз ұғу, сана ағынында бұрқ-cарқ қайнаған озық ойыңды нақ білдіретін сөз-cөйлемді қапысыз таңбалау", – деді медиалингвистика маманы. 

Дастан Қастайдың айтуынша, қазір балалардың зейіні "зеңденген". Бір тақырыпқа аял жасап, уақыт арнауы, салқын сана қисынына салып ой өрбітуі қиын. Айтқан дерегіңді жөпелдемеде ұмытып қалады. 

"Былтыр америкалық нейробиологтер оқушылардың қол телефонын уақытша сұрап алып, көпке дейін ұстатпай қойып, тың тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде, талапкерлердің ойы тұнып, санасы серги түскен. Яғни, жасанды интеллектіні шетке ысыра тұрып, деміл-деміл бабалар білімінің өнегесіне оралғанымыз да дұрыс. Ақ қағаз бен ала сияның ми қызметіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз.  Байқайсыз ба, ЖИ пайда болғалы оқушылар ұзақ мәтін жазудан, ұзақ мәтін оқудан қала бастады. Бердібек Соқпақбаев шығармаларын біздің буын неге сүйіп оқыды? Себебі, оның туындылары шынайы суреттеу мен келісті кейіптеу жарасым тапқан. Балаларға суреттеу, кейіптеу, табиғат көрінісін жазу тілінің тезіне сала отырып, көркемдеп кестелеу сияқты тапсырмаларды жиі беру керек. Мысалы, туған жерінде тау жоқ болса, қиялынан тау тұрғызсын, тау баурайына самсаған самырсын қадап, бұлақ ашсын, алуан түрлі гүл ексін. Мұның бәрі, сайып келгенде, баланың  қиялын ұштайды, ой-өрісін кеңейтеді. Мектеп кезінен бастап жиі әрі сапалы жазуға ұмтылу мидың алдыңғы бөлігін ғана емес, оның сыртқы қыртыстарын да ширата түседі. Соңғы нейробиологиялық зерттеулерде ми нейрондарының мекен мен мезгілді жазып отыратын ерекше қызметі бар екені анықталды. Демек, күнделік жүргізу, өлең жаттау, шағын хабарларды қағазға түсіріп отыру оқушының интеллектуалдық дүниетанымына септесін деген сөз", – деді PhD докторант. 


Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылынан бастап мектептің сабақ кестесін құру жеңілдейді 


Дастан Қастайдың пікірінше, жазбаша бақылау жұмыстарының мектептегі білім сапасын қаншалықты көтеретіні туралы белгілі бір тоқтамға келіп, нақты кесіп айту қиын, бірақ ізбасар буынның сауаты түзелері анық. Жазудың өзі – адам интеллектісін дамытудың төте жолы. Тіпті, ұзақ жасауға жол ашатын, торығу мен құлазудан айықтыратын шипалы амал. Жазу тапсырмасының жиі берілуі баланың шығармашылық әлеуетін шыңдайды, әлеуметтік ортаға жұғымды мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етеді. Ондай оқушы болашақта өзгеше ой айтып, тың туынды жасауға келгенде тосылмайды. 

"Қазір ұр да соқ емес, қиялына қанат бітіре отырып жұмыс істейтін мамандардың дәурені жүріп тұр. Техника көркемдік танымды ешқашан басып оза алмайды. Жан бітіре жазу, оқырманын толқыту, көптің сезіміне серпін бере отырып көңіліне ұялау, озық тіркестер тудыру – жаза-жаза жаттыққан жанның ғана қолынан келеді. Демек, егер балаға жазу тапсырмаларын жиі берер болсақ, біз де келешекте құр қызыл сөзге емес, қызу іске бел шеше кірісетін сапалы адами капиталды қалыптастыру жолына түсеміз. ЖИ дегеніміз – белгілі бір алгоритмдердің жиынтығы ғана. Балаларды өзінің ішкі толғанысы мен өткен тәжірибесін жазуға машықтандыру керек. Мысалы, дәрісімде талапкерлерге: "Өзіңнің болмысыңды биіктетіп, мерей-мәртебеңді асқақтатқан ерекше сәтіңді хатқа түсір" деп тапсырма бердім.  Бір талапкер жұмыстан шаршап келген әкесінің алдынан жүгіріп шыққан сәтін, әкесі "қызым, құлыным" деп құшырлана искеп, көтеріп алғанда төбесі көкке бір сүйем жетпей қалатынын жазыпты. Мұндай мәтінді ЖИ ешқашан жазып бере алмайды. Сондықтан оқушыларға шынайы, кіршіксіз адами қарым-қатынасқа, өмір шындығына, мөлтіл сезім мен жеке тәжірибеге негізделген тапсырмаларды көп ұсыну керек. Тағы бір тәсіл – қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың кез келгенін алып, соның бір сөйлемін оқып беру. Оқушы шығарманың жалғасын өз қиялына салып, өрбітіп әкетуге тиіс. Кейін автор туындысымен қиюластыра, салғастыра отырып талдауға болады. Мұның бәрі баланың қарым-қабілетін шыңдай түсетін тапсырмалар", – деді Дастан Қастай.

Педагог-зерттеуші Гүлімжан Мұхамеджанқызы Пазилова оқушының білімін бағалауда эссе, шығарма мен диктантты бірге қолдану тиімді екенін айтады. Себебі олар әртүрлі дағдыларды анықтайды. 

"Эссе, шығармада оқушының өз ойын жүйелі жеткізуі, тақырыпты ашуы, дәлел келтіруі, шығармашылық қабілеті, сөздік қоры және логикалық ойлауы бағаланады. Диктантта орфографиялық және пунктуациялық сауаттылығы, сөздерді дұрыс жазуы, грамматикалық ережелерді меңгеруі анықталады. Бағалау тек қателер санымен шектелмей, оқушының алға ілгерілеуін де ескергені дұрыс. Эссе үшін нақты критерийлер мен дескрипторлар қолдану пайдалы: мазмұны, құрылымы, дәлелі, тіл байлығы, сауаттылығы. Диктантта қателерді жай ғана белгілеп қоймай, оқушыға қатесін түсіндіріп, қайта түзетуге мүмкіндік беру маңызды. Яғни, эссе – "оқушы қалай ойлайды?", ал диктант – "оқушы ойын қаншалықты сауатты жазады?" деген сұрақтарға жауап береді", – деді Гүлімжан Пазилова.

Мұнымен қатар, педагог ЖИ дайын жауапты тез ұсынатындықтан, оқушыны жауапты көшіріп алуға емес, өз бетінше ойлануға және жауапты өңдеуге үйрету қажет екенін тілге тиек етті. 


Оқи отырыңыз: Педагогтарды қағаз және электронды есепті қатар жүргізуге міндеттеуге тыйым салынады


"Есте сақтау үшін: мәтінді оқығаннан кейін кітапты жауып, негізгі ойды өз сөздерімен айтқызу; қысқа тест, сұрақ-жауап, карточка, қайталау әдістерін қолдану; жаңа ақпаратты бұрынғы біліммен байланыстыру. Ой қорыту үшін: "Неліктен?", "Қалай дәлелдейсің?", "Басқаша болуы мүмкін бе?" сияқты сұрақтар қою; бірнеше ақпаратты салыстыру, себеп-салдарын анықтау; ЖИ берген жауаптан қате немесе күмәнді тұстарды тауып, дәлелдеуді тапсырма ретінде беру. Жазбаша сөйлеуді дамыту үшін: алдымен оқушының өз нұсқасын жаздыру; кейін ЖИ-ді идея ұсынатын немесе қателерді тексеретін құрал ретінде пайдалану; дайын ЖИ мәтінін көшірмей, оны оқушының өз сөзімен қайта жазуын талап ету; эсседе жеке пікір, мысал және қорытынды болуын міндеттеу. Ең тиімді тәсіл – "алдымен оқушы ойлайды → жазады → ЖИ көмегін алады → салыстырады → түзетеді → соңғы нұсқасын өзі қорғайды" қағидасы. Осылайша ЖИ оқушының орнына ойлайтын құрал емес, оның ойлауын дамытуға көмектесетін құралға айналады деген ойдамын", – деді Гүлімжан Пазилова. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау