Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізетін заңды мақұлдады.
Құжатта мұғалімдер мен мектеп директорларының оқушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма қарастырылған.
Заң бойынша, педагог пен білім беру ұйымының басшысы оқушылармен болған оқиғалар үшін тек кәсіби қызметін атқару кезеңінде және білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болады. Сонымен қатар, білім беру саласындағы уәкілетті органға мектеп оқушыларының ұялы телефон пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі. Бұған дейін Мәжілісте мектептерде телефонға толық тыйым салынбайтыны айтылған болатын.
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың сөзінше, кей мұғалімдер телефонды сабақ барысында оқу мақсатында қолданады. Осыған байланысты барлық мектепке ортақ бірыңғай ереже дайындалады. Құжатта цифрлық сауаттылық пен цифрлық гигиена мәселелері де қамтылады. Жаңа нормаларға сәйкес педагогтер тәуекел тобындағы балаларды сүйемелдеумен де айналысады. Олардың қатарында:
- зорлық-зомбылық немесе қатыгездік туралы хабарлаған кәмелетке толмағандар;
- суицидтік ойы немесе әрекеті болған балалар;
- отбасы және психологиялық қолдау орталықтарының бақылауындағы жасөспірімдер;
- кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қараған балалар;
- тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі анықталған отбасылардағы балалар бар.
Сенаторлар сондай-ақ педагог мәртебесіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді де қабылдады. Оған сәйкес, енді:
- мұғалімнен заңда көзделмеген есеп немесе ақпарат талап ету;
- құжаттарды қағаз және электронды форматта қатар жүргізуге міндеттеу;
- мемлекеттік мектеп мұғалімдерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тарту әрекеттері үшін ескерту түріндегі жауапкершілік қарастырылады.
Қабылданған заңдар енді қол қою үшін президентке жолданды.