Қазақстандықтардың таксиге төлеген ақшасының шетелге кетпей, елде қалуын аңсаған атыраулық IT маман Нұрлан Жасұланұлының сұхбаты осы аптада көп көрілім жинаған материалдардың қатарында. Бұдан өзге қазақ балалар киносының дамуы, ресейлік журналист жазған Қаңтар оқиғасы туралы кітап және айыппұл мөлшері туралы материалдар да көптің назарына ілігіп отыр. Олай болса, оларға қысқаша шолу жасап көрелік.
"Үй мен көлігімді саттым". Атыраулық хакер қалай отандық такси қосымшасын әзірледі?
Әлеуметтік желіде "Атыраудан шыққан хакер" деген атпен танылған Нұрлан Жасұланұлы жуырда отандық такси қосымшасын жасап шығарды. 2016 жылы Ресейде жүріп ойға алған идеясын жүзеге асыруға 1,5 жыл уақытын жұмсап, пәтері мен астындағы көлігін сатқан. Бүгінде 17 мың адам қолданатын қосымшаны енді бүкіл Қазақстанның тұрғындары қолданса деген тілегі бар.
Өйткені, салыстырмалы түрде жүргізушіден алынатын жарна мен шақырым үшін төленетін ақы басқа платформаларға қарағанда әлдеқайда арзан. Сондай-ақ, бұл жарнаның бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Осы орайда Нұрлан Жасұланұлы мобильді қосымша жасаудағы мақсаты, идеясын жүзеге асыруда қандай қиындықтарға тап болғаны және осы жолдағы жетістіктері туралы баяндады.
"Қосымша кей өңірде іске қосылды, күн сайын жаңартылып жатыр. Мен жүгінген отандық инвесторлардың барлығы дерлік Қазақстанда такси қосымшасын жасау қымбат және өнімсіз іс екенін айтады. Сол себепті қазір қаражат тауып, қосымшаны бүкіл Қазақстан тұрғыны қолдана алатындай етіп жасау қиын болып отыр. 2023 жылдың қаңтар айында Қырғызстан еліне барамыз. Жергілікті әкімшілігі "қандас бауырлардың қосымшасын дамытуға әзірміз" деп қол ұшын созып отыр", – деді Нұрлан Жасұланұлы.
Балалар жылы балалар фильмі түсірілмеді. Қазақта неге "Қожаның" орнын басатын кино жоқ?
Екінші орында продюсер, "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Серік Әбішевтің отандық фильмдерде ұлттық идеологияның болмауы және қазақ балалар фильмін дамыту мәселесі туралы сұхбаты.
Серік Әбішевтің айтуынша, балалар киносы Қазақстанда көптен бері түсірілмеді. "Off-line демалыс" атты қазіргі шақтағы жасөспірімдердің лагердегі өмірі туралы фильм шықты. Бұл Қырғызстанның режиссер-сценаристері түсірген "Айыл кемп" фильмінің франшизасы.
"Сол кезде олар жұмыс істеп жүрген продюсерлік орталыққа сценарийді алып келді. Қызық идея екен деп, балалар киносын түсіріп көрейік дедік. Эксперимент болды. Өте аз ақшаға түсірілсе де, көрермен ықыласына бөленді. Режиссер Абдолла Қарсақбаев көзқарасы мен ұстанымын балаларға емес, үлкендерге астарлап, эпизод тілімен жеткізеді. Десе де ол балалар режиссері аталып кетті. Балалар киносы арқылы кесек ойларын жеткізген. Ал "Off-line демалыс" фильмін сол кездегі дүниемен салыстыруға келмейді. КСРО-дан кейін режиссерлеріміз бір-екі рет балаларға арналған кино түсіруге талпыныс жасап көрді. Фархат Әбдірайымов түскен "Сиқырлы демеуші" картинасын атауға болады. Кеңес одағы кезінде балалар киносына қаржы бөлінетін, кинотеатрлардан көрсетілетін. Қазір балалар киносын қолға алған ешкім жоқ", – деп бөлісті Серік Әбішев.
2023 жылы Қазақстанда айыппұл мөлшері қалай өзгереді?
Үшінші орында жаңа жылда АЕК мөлшерінің артуына байланысты айыппұл сомасының өсуі туралы жаңалық.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрайды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да артады. Осы орайда Informburo.kz қазақстандықтар жиі бой алдыратын әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдар сомасы қаншаға артқанын есептеді.
Жаңалықта 22 түрлі айыппұл сомасының қаншаға артқаны туралы жазылған.
Қаңтар оқиғасы туралы кітап авторы: Назарбаев үш жыл қайтадан президент болғысы келген
Төртінші орында ресейлік журналист Леонид Млечин жазған "Қаралы Қаңтар. Президент Тоқаев және сабақ алу" атты кітабының шыққаны туралы жаңалық. Кітаптан бұрын көпшілікті Назарбаевтың үш жыл қайтадан президент болғысы келгені туралы жазылған үзінді таңғалдырса керек. Қазақстандықтар әлеуметтік желіде пікірін жарыса жазып жатыр.
Кітап авторы Қазақстан президентінің Қаралы қаңтардан сабақ алғанына сенімді, "мемлекетті жеке диктатурасының режиміне енгізіп, оқшаулап қойған жоқ", дейді. Оның айтуынша, мемлекет басшысы шынайы демократиялық реформаларды жүзеге асыруға кірісті: өзіне берілетін артықшылықтардан бас тарту, парламент пен азаматтық қоғам рөлінің артуы.
Автор өз кітабында Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарын бөлісті, оған сәйкес бірінші президент өз лауазымына үш жылға оралып, кейін орнына өзіне ыңғайлы адамды қоюы керек болатын.
Қазіргі президентті қызметінен босатқаны үшін ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке шексіз өкілеттіктері бар премьер-министр лауазымы уәде етілді, деп жазады Млечин.
"Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Елбасы институты елдегі ең жоғары билік органы екені туралы мақала жариялады. Қазақстандағы мемлекеттік биліктің ирандық моделі – президентке аятолла болу туралы айтылды. Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясының тәжірибесі негізінде монархияны енгізу идеясы пайда болды. Бұл модель билік құрылымдарында талқылана бастады, алайда Тоқаев Елбасыны "Бүкіл әлем бізге қарап күледі" деп бұл идеядан бас тартуға көндірген, – делінген Млечин кітабында.