Тікелей эфир

Бақытжан Бұқарбай: Тарихтағы ащы сәттерді қабылдағың келмеуі – олар болмады деген сөз емес

Фото: instagram.com/bar.korn
Фото: instagram.com/bar.korn
Резонанс тудырған кітап 1734 жылы орыс обер-хатшысы Иван Кирилловтың Анна Иоанновнаның атына дайындаған жобасы.

AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай қоғамда резонанс тудырған "Қазақтарды қалай басқаруға болады?" кітабын шығарудағы мақсатын және оның алдағы тағдыры не болатынын әңгімеледі. 

– Кітап неге қоғамда резонанс тудырды деп ойлайсыз?

– Бұл кітаптың сатылымға түскеніне бір жарым айдай уақыт болды. Сатылымға түсер алдында журналистермен кездесіп, қоғамға осы кітаптың шығып жатқаны туралы хабарладық және блогерлерге де тараттық. Алғашқы оқырмандарымыз өз пікірін желіде жариялады. Осы пікірлер арасында кешегідей реакция болған жоқ. Оған желіден пікірлерді тауып көз жеткізуге болады. Ал 4-5 күн төңірегінде болып жатқан шу екі блогердің түсірген видеосынан кейін көтерілді. Екі блогер кітаптың мұқабасына қатысты өзінің наразылығын білдіріп, эмоцияға толы видео жариялады және қай жерде сатылып жатқанын атап өтті. Осы видеолардан блогерлердің кітап мазмұнына үңілмей, тек мұқабасына қатысты ойын айтқанын көруге болады. Эмоцияға толы видеоларды көрген халық мұқабасына қатысты пікір жазып жатыр. Бұл жерде көп нәрсе ақпаратты қалай бергенімен байланысты. Мұны жекемізге шығып немесе "Жақын уақытта авторларына хабарласып сұраймыз" дегендей сабырмен жеткізуге болатын еді. Эмоцияға толы видео адамның эмоциясын қозғайды. Кітаптың бір жарым айдай сатылымда болғаны факті. Кітап бірнеше күн бұрын шыққан жоқ және оны дүкендерден бірінші болып көріп отырған блогерлер емес. Біз кітап сататын дүкендермен әрдайым кері байланыс жасап отырамыз. Кітабымызды алғашқы оқырмандардың қалай қабылдап жатқаны туралы сұрағанда, ешқандай байбайлам жоқ және жақсы екені туралы ақпарат алдық. 

Кітап мазмұнына қатысты алғаш болып пікір білдіргендер Арман Шораев, Елдос Тоқтарбай, Ардақ Бөкеева және тағы басқалары болды. Барлығы "Мынау қазаққа керек кітап" деген сарында пікір жазды. Кітаптың мұқабасына қатысты кері байланысты қабылдап, қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. 

– Кітап қазаққа не береді? Сіз осы кітаппен нені жеткізгіңіз келді?

– 2021 жылдан бері AmalBooks баспамыздың "Таза тарих" сериясы аясында тарихи дереккөздерге негізделген кітаптар шығарып келеміз. Осы күнге дейін 12 кітап шықты, ал резонанс тудырып жатқан кітап – он біріншісі. Мұның алдында "Кенесары хан мен Сыдық сұлтан", "Великий исход казахов", "Аспантау асқан үркін көш", "Жанқожа батыр толғауы", Мұхамеджан Тынышпаевтың "Қазақ халқының тарихы", Рихард Карутцтың "Қазақтар мен түркмендер арасында" және Нельсон Феллдің "Русия һәм көшпелілер" деген кітаптарын басып шығардық. Осы кітаптардың барлығы өз заманындағы құжаттар немесе куәгерлердің жазбасы. 

Кенесары туралы кітапты алатын болсақ, туған ұлы Ахмет сұлтан әкесі мен ағасының қазақ еркіндігі үшін күресі туралы жазып кеткен. Резонанс тудырған кітапқа келсек, бұл 1734 жылы орыс обер-хатшысы Иван Кирилловтың Анна Иоанновнаның атына дайындаған жобасы. "Қазақтарды орыс бодандығында қалай ұстау керек және оларды қалай басқаруға болады" ("Проект об удержании в русском подданстве киргиз и способах управления ими" ) деп аталады. Біздің заманымыздан 290 жыл бұрын әзірленген жоба, шамамен 300 жылға жуықтады. 1731 жылдан бастап қазақ даласының Ресей бодандығында болғанын мектеп бағдарламасынан білеміз. Барлығымызды солай оқытты, бұл менің ойдан шығарған сөздерім емес. Кейін араға үш жыл салып Ресей билігі осы жобаны қабылдайды. Адам кітаптың мазмұны мен тақырыбына үңіліп барып қорытынды жасауы керек. 


Оқи отырыңыз: Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы


Істің байыбына келетін болсақ, мен қазаққа қарсы жұмыс істеп отырған адам емеспін. Бұған дейін де қаншама кітап шығардық. Бұл кітап – бодандықтың қалай басталғанын, қай жерде осалдық танытып, бізді неге тез арада бағындырып алғанын түсіндіретін, қазақтың көзін ашатын кітап. Әрине, батырларымыз бен көтерілістер болды. Бірақ осыған қарамастан біздің алдымен Ресей империясының, кейін Кеңес Одағының құрамында болғанымыз тарихи факт. Біз осы тарихи фактіден сабақ алып, қорытынды шығарып, оны қайталамау үшін деректерге үңіліп жұмыс істегеніміз абзал емес пе? Біз тек осы ниетпен, мақсатпен шығарып отырмыз. Қазағымызға өз тарихын жеткізгіміз келеді. Өйткені үш жүз жыл бойы қазақтың тарихын өзі жазбады. 300 жыл бойы біз тарихымызға ие бола алмадық. Хайп қуалау табиғатыма жат дүние. Кітап шығару мен хайп мүлдем бөлек ұғымдар. Бұл ауыр ағартушылық саласы. Хайп іздейтін адам ешқашан ағартушылық жобалалармен айналыспайды. 

– Мәлімет жинауға, кітапты басып шығаруға көп уақыт кеткен шығар...

– Кітапта жазылған материалдарға биыл наурызда тап болдық. Барлығы 1734 жылға тиесілі құжаттар. 1900 жылы Ресей империясында Добросмыслов деген кісі құжаттардың барлығын жинақтап, екі том етіп жариялаған. Яғни жаңадан ешнәрсе ойлап тауып отырған жоқпыз. Қазақ осыны білуі қажет. Ал блогерлер "Ашаршылық, репрессия туралы жазып, неге үнемі жылай береміз. Біз тек батырларымызды айтуымыз керек" деген позицияны ұстанып отыр. Әр адамның аузына қақпақ болу мүмкін емес, айта берсін. Бірақ біздің көзқарас бөлек – тарихымызда ерлік, рух, қаһармандықпен қатар ащы оқиғалар болды. Неге қазақ осыны білмей жүруі керек?

– Кітаптың мұқабасына оралсақ...

– Мұқабасына қатысты "Неге ананы жығып бердіңдер, қазақ ешқашан мұндай болмаған, тізесін бүкпеген" деген пікірлер айтылып жатыр. Кітаптың сыртындағы сурет 1980-жылдардан бері қазақ тарихы мен этникасын бейнелеп келе жатқан танымал суретші Нұрлан Қилыбаев ағамызға тиесілі. Бұл картинасын 2-3 жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, мен сол кезде көрдім. Кейін кітап дайын болған соң, Нұрлан ағаға хабарласып, картинасын мұқабаға пайдалануға рұқсат сұрадым. Картина "Аманат" деп аталады, ол құжаттардың да ішінде бар. Біздің сұлтандарымыздың, мысалы, Абылай ханның аманаттықта болғанын тарихтан білеміз. Осының барлығы қазір оқымаған адамның намысына тиіп жатыр. Нұрлан аға картинада баланы аманатқа беру сәтін, ананың өз баласын қимай қоштасып отырғанын салғанын айтады. Сондай-ақ ана, бұл – Отанның символы, Отан-ана. Бұл бейне арқылы халқымыз еркіндігінің бір бөлігінен айырылып жатқанын көрсетіп отыр. Осындай терең мазмұн жатыр. Бұл суретшінің көзқарасы. Әлде біздің елімізде өнерге тыйым салынған ба? Тарихта драмаға толы сәттер көп. Оларды мойындағың келмеуі – ол сәт ешқашан болмады дегенді білдірмейді. Блогер, әсіресе тарихты насихаттайтын блогер осыларды халыққа жеткізуі керек деп ойлаймын. Осыдан кейін "Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп отырмыз ба?" деген сұрақ туындайды. Кез келген аудиториясы қалың блогер әрбір үндеуіне жауапкершілік алуы тиіс. Видеода мекенжайды айтқаннан кейін ертесі "Компасқа" көп адам келді. Таңғы тоғыздан түске дейін сол жерде жүрдім, әр келген адамға түсіндірдім. Ал блогерлердің өзі түстен кейін съемкасы барын айтып келмеді. "Компастың" қызметшілері мен біздің командамыз бір күн бойы ашу-ызамен келіп жатқан азаматтармен жұмыс істеді. Біз әрдайым оқырмандардың кері байланысына құлақ асамыз. Кітаптарды сатылымнан алып тастадық, мұқабасын ауыстырамыз. Бастысы – мұндай эмоциялық видео түсірмес бұрын адам жауапкершілікті сезінуі тиіс деп ойлаймын. 


Оқи отырыңыз: "Уәде берді" деу қате, біз тек болжаймыз". Синоптик ауа райын болжау тәсілдері мен қиындықтары туралы әңгімеледі


– Бұған дейін мұқаба ауыстырған кездеріңіз болды ма?

– Оқырмандарымыздың кері байланысы біз үшін әрдайым маңызды. Осы кері байланыс негізінде бір рет кітап мұқабасын ауыстырған кезіміз болды. Қазір он адамның тоғызында несие бар. Содан бізден көмек болсын деген ниетпен қаржылық сана қалыптастыратын "Қарызсыз қазақ" деген кітап жазып, мешіттерге тараттық. Сол кезде мұқабасына адам бейнелеген болатынбыз. Мешітте шариғат бойынша адам бейнелеуге болмайтынын айтып, мұқабасын өзгертуге қатысты тілек білдірді. Біз тілекті қабыл алып, кітаптың мұқбасын өзгерттік. Кейін мешіттерге таратылды. Бұл кезде ешқандай қоғамды дүрсілкіндіретін мәселелер туған жоқ. "Компасты" барып төңкереміз, өртейміз", "Отбасыңды тауып алып бауыздаймыз" деген секілді сөздер айтылмады. 

– Сізге және отбасыңызға желіде қоқаң-лоқы көрсету жалғасып жатыр ма?

– Алғашқы күндердегідей болмаса да, әлі де жалғасып жатыр. Арагідік қоқаң-лоқы көрсету сипатында жазатындар бар. Ер азамат болғаннан кейін іште болып жатқан алай-дүлейді сыртқа көрсетпеуге тырысамын. Іштегі нәрсе көрініс табатын болса, отбасының барлық мүшесіне әсер ететіні сөзсіз. Балаларымның жайсыз күйде болғанын қаламаймын. Жағдай осылай ушықпағанда Алматы қаласы басшылығы үйіме патруль қоймас еді. Өркениетті қоғамда мұқабаға бола адамды өлтіруге бола ма? Оның үстіне мұқабаға байланысты кері байланысты қабылдадық және өзгертетінімізді айттық. Шалыс басқанымызды мойындадық. Бірақ осымен доғару керек қой?! 

– Кітаптың мазмұнына қызығып, дәл қазір оқығысы келгендер не істейді? Мұқабаны ауыстыру қанша уақытты алуы мүмкін?

– Біріншіден, біз мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмыз. Екіншіден, кітап дәл қазір біздің қолымызда тұрған жоқ. Біз оны басты серіктесіміз "Меломан" дүкендер желісіне бергенбіз. Сондай-ақ басқа да сату нүктелері бар. Қазір Қазақстан бойынша барлығын жинап қайтарып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен шығын. Кейін мұқабаны ауыстыру жұмыстарына кірісеміз. Ал мұның қанша уақытты алатынын нақты айта алмаймын. Әрине, оқығысы келген адамдар ақпаратты заң шеңберінде алуға құқылы, құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Ал біз осы заң аясында жұмыс істейміз. Кітапты сұрап жатқан оқырмандарымыз үшін бұл жұмыстарды ертерек бітіруге тырысамыз. 


Оқи отырыңыз: "Сәбилерге арналған Flip Flap кітаптар шығарғым келеді". Ұлттық нақыштағы альбом авторымен әңгіме


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары